Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
Вице-премьер Дариға Нұрсұлтанқызы алдымен Ақкөл қаласында болып, осында жаңадан салынған 250 орындық емхананың ашылу салтанатына қатысты. Осында дәрігерлер ұжымымен кездесіп, елімізде медицина саласын дамыту бағытында қолға алынған жұмыстар туралы айтып берді.
Сондай-ақ, №1 Ақкөл балалар үйіндегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен де кездесті. Мекеме директоры Рауза Қанатова вице-премьерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлығы үшін алғысын білдіріп, қазіргі жағдай жайында баяндап берді. Балалар үйі 1969 жылы құрылған болатын. Мұнда былтырғы жазда күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Ғимаратты жаңғыртуға 279 миллион теңге қаржы қарастырылған. Осының арқасында мекемеде оқу-тәрбие ісінің сапасы анағұрлым артып отыр. Кездесуде тәрбиеленушілер Вице-премьерге өздерінің шығармашылық жұмыстарын ұсынып, өнерлерін көрсетті.
Сонымен қатар, Дариға Назарбаева Еңбекшілдер ауданының Қоғам ауылындағы Шаймерден Қосшығұлов атындағы орта мектептің, Бурабай ауданындағы көпсалалы ауданаралық аурухананың және «Мерей» балабақшасының жұмысымен танысты. Аталған балабақшада мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту жөнінде дөңгелек үстел өткізілді. Облыстың әр өңірінен келген педагогтардың басын қосқан жиында мектепке дейінгі білім беру мәселелері талқыланды. Дариға Назарбаева болашақ ұрпақты тәрбиелеу қоғамның ортақ әрі абыройлы борышы екендігін атап көрсетті. Бұл орайда, Гаухар Хамзина жетекшілік ететін жекеменшіктік «Мерей» балалар бақшасы кешені қызмет өрісін кеңітіп отырғаны жақсы қырынан аталып, мемлекет-жекеменшік әріптестігін қолдаудың түпкі қайтарымына маңыз артылды.
Премьер-Министрдің орынбасары Көкшетау қаласындағы «Бурабай» спорт сарайында, жекеменшік «Авиценна» медицина орталығындағы жұмыстармен танысу барысында әлеуметтік саладағы бәсекелестік ортаны дамытудың тиімділігін атап көрсетті. Дариға Назарбаеваның айтуынша, қазақстандықтар Ұлт Жоспарын жүзеге асырудан туындайтын мүмкіншіліктерді білуі және оны пайдалана білуі қажет. Мұның алғашқы қадамдары жасалып жатыр. Ұлт Жоспарының табысты жүзеге асыры-
луы Қазақстанға дамудың жаңа деңгейіне көтерілуге, экономикалық өсім үшін лайықты жағдай жасауға және барша қазақстандықтардың өмірін жақсартуға мүмкіндік береді.
Үкімет басшысының орынбасары «Достық» үйінде этномәдени орталықтар мен бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел мәжілісін өткізді. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев салтанатты жағдайда ашқан ғимараттың өн-бойы достық пен татулық ауанымен тербеліп тұрғандай әсер қалдырады. Осыдан болса керек, әңгіме желісі де еркін арқау тартты. Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы төрағасының орынбасары, чуваш этномәдени орталығының төрайымы Елена Мащинская, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, облыстық поляк қауымдастығының төрағасы Александр Суховецкий, Шахмет Құсайынов атындағы қазақ драма театрының актері Жарас Қалдаров облыс аумағында тұратын жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілінің тату-тәтті тіршілігінен таратып тәлімді әңгіме өрбітті.
Премьер-Министрдің орынбасары Д.Назарбаева Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтары негізінде қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасын іске асыруда жетекші рөл Қазақстан халқы Ассамблеясына берілетіндігін атап көрсетті. Осыған байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы бірқатар қағидатты міндеттерді шешуді жүзеге асыруда. Айқын мақсаты, жасампаз жарастығы бар еліміз биік белестерден көріне беретіні айқын. Өйткені, ел бірлігі барлық ізгі ниеттеріміздің тірегі болып табылады.
Үкімет басшысының орынбасары бұдан кейін №2 орта мектепте, Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап кітапханада, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде болды. Болашақ – білімді ұрпақтың қолында. Дариға Назарбаеваның аталған университеттің оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттермен кездесуі осы тақырыпты тереңдетуге арналды. Үкімет тарапынан жасалып жатқан жаңа қадамдардың мазмұны ашып көрсетілді. Бүгінгі күні білім және ғылым саласында функциялық сауаттылық корпусы қалыптасуда. Оны байыптылықпен жетілдіре түсу қажет. Осы мақсатта 2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының мемлекеттік білім және ғылымды дамыту бағдарламасы қабылданды, деді ол өз сөзінде.
Вице-премьер Дариға Назарбаеваның жұмыс сапары барысында облыс әкімі Сергей Кулагин бірге болды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.