08 Сәуір, 2016

Дарынды балалардың даму мектебі

748 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Дарынды тұлға – халқымыздың ең қымбат байлығы»

Н.Ә.Назарбаев.

Астана қаласындағы Қазақ ұлттық хореография академиясыЕліміздің Еуразия жүрегінде жаңа Қазақстанды өркендетудің Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асыруда қабілетті, өнер­лі, ізденімпаз жасөспірімдерді даяр­лау қашанда ұлтымыз үшін мақтаныш, еліміз үшін абырой. Осындай ауыр жүк арқалап, өмір көшіне ілесіп Қазақ ұлттық хореография академиясы алғы қадамдарын басуда. 2016-2017 оқу жылында Астанада тағы бір көрнекті білім ордасы – Қазақ ұлттық хореография академиясының есігі ашылып жатыр. Елбасы білім беру мен оның сапасына аса мән бере отырып, білім беру ошақтарының алдына да: «...Біздің бүкіл елімізде әлемдік стандарттар дең­гейіне сапалы білім беру қызметін жолға қою­ға тиістіміз...», – деп үлкен міндет жүктеп отыр. Елдің дамуы, мә­дениет пен өнердің барлық саласында жаңа шешімдер іздеу басты мемлекеттік тапсырмалардың бірі болып табылады. Әлемдік кеңістіктегі барлық сала бойынша, соның ішінде әлеуметтік-білім беру және рухани бағыттағы нақты қа­дам өмірлік әрекет пен жаңа буынның гүлденуінде маңызды рөл атқарады. Бұл қарқынды үдерістің басында жастардың білім мәдениеті нақтыланады. Аталған жайт бір реттік дүмпу емес. Оған тек аз-аздап және кезең-кезеңімен жүр­гізілетін даму бағдарламасын жасау арқылы қоғамның алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізуіне көмектесуге болады. Осы ретте бұл міндеттің оңайға соқпайтынын атап өткен жөн. Астана қаласындағы Қазақ ұлттық хореография академиясының ашылуы – ұлттық би мектебінің қарқынды дамуы мен қалыптасуы жолындағы батыл қадамдардың бірі. Қазақстанда «хореография» термині ХХ ғасырдың 30-шы жылдары қолданыла бастады. Хореографиялық мектептердегі ең басты сабақ – ол клас­си­калық би, би сөзін латын тілінен ау­дарғанда, «үлгілі» деген мағынаны біл­діреді екен. Классикалық биді біз балет деп атаймыз. Балет дегеніміз итальян тілінен аударғанда, «билеймін» деген ұғымды береді. Балет, би, хореографиялық кө­ріністердің авторын «балетмейстер» дей келе, би өнерінің мәні классикалық биде деп толығымен айта аламыз. Би шығармашылығы – әлемді көркемдік тұрғыдан танудағы көркем өнердің көне пішіні. Әрбір халықтың биі сол ұлттың мәдениетіне, салт-дәстүріне тікелей байланысты. Би сол халыққа тән болмыстан пайда болады. Заман талабына сай, бәсекелестік мамандарды даярлау барысында да­­­рын­­ды тұлғаны дамыту мектеп табал­дырығынан басталатыны белгілі жайт. Жаңа білім ордасы, балет театры, ба­лет залдары, оқу корпустары, уа­қыт талабына сай құрал-жабдықтар ел­ордамыздың сол жағалауында ор­наласқан. Арнайы дайындалған, бірегей сәулет жобалары әлем бойынша бой түзейтін эталонға айналады. Мұнда балет залдары периметр бойынша ор­наласқан. Оның ішінде, ашық аспан астында сәнді тірі бақ жайқалып тұр. Сондай-ақ, киім шешетін және жуынатын орындар, тігін костюм цехы және білім алушылар үшін жайлы тұрғын үй кешені де ескерілген. Қазақ ұлттық хореография академия­сында балаларды қабылдау шы­ғар­машылық бағыттағы бастауыш мек­тептің 1, 2, 3 және 4-сыныптарында жүзеге асырылады. Ал орта кәсіби білім беретін 5-сыныпқа 10-11 жастан бас­тап оқушы қабылданады. Бұдан басқа, жоғары білім беретін бакалавриат пен жоғары оқу орнынан кейінгі қайта даяр­лау бағыты бойынша білім берудегі жүйе – магистратурада ашылуда. Ака­демияға түсу үшін қабылдау емтихандарынан өткендер мемлекеттік бюджет және ақылы негізде білім алу жолдары да қа­рас­тырылған. Болашақта академия әлемдегі барлық дарынды балалар мен жеткіншектерге есігін айқара ашатын болады. Дарындылық – адамның өз бейімділігі арқылы, шығармашылықпен жұмыс істеу арқылы қалыптасатын қасиет. Дарындылық – ол жоғары әлеуеті бар, шығармашыл тұлға. Білім беру жолымызда алғашқы қадам­дарда республикамыздың түрлі, тіпті ең шалғай аймақтарындағы қабі­летті балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бірегей мүмкіндікті кез-келген адам пайдалана алады. Демек, егер сіздің балаңыз талантты, кәсіби талаптар мен өлшемдерге сәйкес келетін балет және дене бітімі жағынан қажетті табиғи сипаттарға ие болса, оған жарқын бо­ла­шақ сыйлайтын мүмкінділік пен сәт­тілікті жіберіп алмағанымыз жөн. Академияда Қазақстанның ең үздік кәсіби мамандарымен қатар, Ресей, Гер­мания, Қытай және Францияның және өзге де алыс-жақын шетелдердің білікті хореографтары жас мамандарды даярлауда өздерінің кәсіби шеберліктерімен бөлісетін болады. Қазақ ұлттық хореография академиясының арнайы көшпелі комиссиясының насихаттауы Қазақстан Республикасының барлық облыстарымен аймақтарында жүргізілетін болады. Қазақстан Республикасында хорео­графиялық білім беру жүйесіндегі бас­ты өзгеріс мамандарды дайындауда көп деңгейлі модельге көшу болып са­налады. Осы арқылы үздіксіз білім беру, сапаға қол жеткізу және кәсіби мамандарды дайындау тиімділігіне қол жеткізіледі. Академияның білім мекемесі ретіндегі басты міндеті үздік өнер дәстүрінің сабақтастығын сақтау, отандық хореографиялық білім беру саласындағы білім сапасын арттыру және оларды әлемдік кеңістікте біріктіру болып табылады. Білім алушыларды мамандықты саналы түрде таңдауға дайындау және бастапқы мектепте қалыптасқан әлемді музыкалық-шығармашылық қызмет арқылы эстетикалық қабылдау – оны ал­дағы уақытта да шығармашылық пен талапқа ұмтылуға ынталандыру. Шығар­ма­шылықтың ұзақтығы мен нәти­желігі мамандардың шеберлігі мен тәжірибиелігіне байланысты. Дамыған шығар­машылық тұлғаны жан-жақты тәрбиелеу үшін Қазақ ұлттық хореография академиясына балаларды қабылдау 1-сыныпқа 6-7 жастан бастап жүргізіледі. Шығармашылық бағыттағы бастапқы мектеп білім бағ­дарламасының мақсаты би сала­сындағы білім мен біліктілікті қа­лыптастыру, түрлі бағыттағы би материалдарын орындауға қозғалыс аппараттарын дайындау, түрлі деңгейдегі техникалық кедергілердің негізін игеру болып саналады. Осының не­гі­зінде шығармашыл, жан-жақты дамыған кәсіби мамандар, заманауи және креативті тұлғалар тәр­биелеп шығарулары тиіс. Сол себепті де академияға дарынды балаларды қабыл­дау 6-7 жастан басталады. Олар 9 жасқа дейін бірінші саты, 9-18 жастарда екінші саты бойынша білім алады. Одан ары қарай бакалавриат жалғастыруға мүм­кіндігі бар. Білім беру оқыту мен тәрбиелеу үздіксіз процесс. Біздің көзқарасымша, 6-7 жастағы ба­ла­­ларға негізгі жалпы білім беру пән­дері­мен бірге, төмендегі сабақтар өткізілуі ти­іс: – музыкалық би; – гимнастика; – дем алу гимнастикасы; – акробатика; – сольфеджио. Джаз-ән салу; – өнер әлемі. Бұлардың соңғысында балалар қор­шаған ортаны зерттейді, көреді, танып-біледі және осының барлығын кадрға өздері түсіреді (фотоаппарат, камера), түрлі музыкаларды тыңдайды және т.б. Би өнері салауатты өмірге бейімдеуі қажет. Сондай-ақ оқушылар 9 жас­тан бастап хореографиялық училище бағ­дарламасына ауысады. Бұл жерде жоғары курстарда негізгі пәндерге училищелердің оқу тәжірибесінде болмаған «Мимика» пәнін қосу қажет. Сол сияқты бакалавриат үшін бұрын­нан бар «Хореография педагогикасы» және «Хореография-балетмейстер» ма­мандықтарына қажетті, сондай-ақ, «Орын­дау шеберлігі» мамандығын енгізу керек деп есептейміз. Қазақтың дәс­түрлі би өнерінің байырғы боя­уын бұзбай, оны осы заманғы би өне­рінің жаңаша тәсілдерімен ұтымды ұштастырып сақтау керек. Қазақстанды қарқынды дамып ке­ле жатқан, тамыры тереңге жіберген және бірегей дәстүрі бар, әлеуеті зор мәдени мемлекет ретінде көрсету. Қа­зіргі таңда білім берудегі мақсат – жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім, өзіндік ой толғамы бар, адамгершілігі жоғары, қабілетті, өнерлі жеке тұл­ғаны қалыптастыру. Зерделі, дарынды, талантты адамды қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі мемлекеті­міздің бас­ты назарында. Тәуелсіз еліміздің келешегі – бүгінгі ұрпақ. Гауһар АЛДАМБЕРГЕНОВА, профессор. АСТАНА.