Ресей астанасы – Мәскеу қаласында өзінің шешуші кезеңіне жеткен «Алтын маска» фестивалі осы заманғы ең озық спектакльдердің үздіктерін көрермен назарына ұсынып жатыр. «Алтын маска» - осы саптағы ең үздік қойылымдармен танысудың ең қолайлы мүмкіндігі. «Алтын маска» - қазіргі заманғы театрдың бағыты мен бағдарын көрсетіп беретін өзіндік бір құбылнама. «Алтын маска» - театрдың бүгініне берілетін бағаның безбені. Аталмыш өнер мерекесі осыған бізді иландырып отыр.
Бұл туралы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының докторанты, театртанушы Жаңагүл Сұлтанова Мәскеуден хабарлайды:
- Фестивальдің бағдарламасына енген спектакльдердің арасында бізге бұрыннан белгілі әдеби шығармалар мен кино туындыларға арқау болған желілерді қайта тарқатушылық немесе баяғыдан бері қойылып келе жатқан пьесаларды бүгінгі күннің талабы тұрғысынан жаңаша жасаушылық өте көптеп кездеседі. Осы жағынан келгенде, бұл өнер фестивалі тың трактовкалар жасаушы режиссерлер арасындағы өзіндік бір сайысқа ұқсап кетеді. Айналып келгенде, мұның бәрі қазіргі көтеріліп соғатын ала құйындай күнде өзгеріп жатқан уақыт талабының үдесінен табылуға ұмтылушылықтан, соның жолындаға үздіксіз ізденістерден туындап жатыр.
Сондай жаңалықтың бірін біз Мәскеудегі Дмитрий Крымовтың «Драма өнерінің мектебі» зертханасы актерлері дайындаған «Өз сөзімізбен. А. Пушкин. «Евгений Онегин» атты қойылымнан көрдік. Осы зертхана сахнасында қойылған бұл спектакль өз бастақырыбы арқылы анық байқатып тұрғандай, орыстың ұлы ақынының өлеңмен жазған атақты романының негізінен шығарылған. Бірақ спектакль Пушкин туындысының таза сюжетінен құралмайды. Тіпті онда мұндай желілік құрылым да жоқ. Қойылымда түпнұсқалық мәтін тек оның финалдық сахнасында Татьянаның монологынан ғана көрініс береді. Ал сол сәттерге дейін өлеңмен жазылған роман сюжеті актерлердің ауызша айтылған сөздері арқылы ғана жеткізіледі. Сол әңгімелердің барысында бірқатар шегіністер жасалып өтеді. Олардың сарынынан көрермендер, мысалы, театрдың қалай құрылғаны жайында түсінік алып қалады. Немесе «жарықты өшіріңіздер» деген тіркестің қайдан шыққаны белгілі болады. Болмаса Пушкиннің неге балетті жақсы көргені сөз етіледі.
Спектакльді қойған режиссер Дмитрий Крымов бұл жолы театр суретшілерінің еңбегі мен сторителлингті өзара синтездеуге, яғни біріктіруге ұмтылыс жасаған. Ал сторителлинг дегеніміз – өмірде болған немесе ойдан шығарылған кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен бастан кешкен оқиғаларын рет-ретімен баяндап, көрсетіп шығатын әлдеқандай бір тарихи оқиғалардың желісі. Қоюшы өзінің негізге алған ойын жеткізу үшін көптеген белгілі әдеби сюжеттер жайында әңгімелеп беретін тұтас бір сахналық көріністерді ойлап тапқан. Бұлардың арасында тіпті Карл Маркстің «Капиталы» да кездеседі. Бұдан басқа, Антон Чеховтың «Сахалин аралы», Николай Гогольдің «Өлі жандар» секілді туындылары қамтылып өтеді. Пушкиннің «Онегині» оқиғасының желісі қуыршақ түрінде көрініс беретін балаларға неміс және француз әйелдері, фин және чех жігіттері тұрқындағы белгілі пушкинтанушыларға бір баланың әңгімелеп беруі арқылы жеткізіледі. Бұдан кейін өнерге немқұрайлы қарамайтын төрт ата-ана отырып алып, Театр деген не, Пушкин, Онегин, Татьяна дегендер кімдер еді, деген мазмұнда өзара әңгіме бастап кетеді...
Крымовтың «Онегині» - өмірде кездесетін күрделі оқиғалар жайын қарапайым ғана сөздермен айтып беретін, ал мәңгілік турасында кекесінмен әңгіме ететін өте бір сирек кездесетін спектакль. Осының негізінде былайынша «көңілді ақын Пушкин» шын мәнінде өмірдегі көп нәрседен көңілі қалған ауыр ойлы, мұңды тұлға болып шыққан. Ақын өз арманында қанат жоқ екенін, идеал деп жүргендерінің бәрінің қирап қалғанын, ал махаббаттың сары уайымға салдырар дерт екенін ұғынғаннан кейін бәрінен түңілгендей кейіп кешеді. Мұны былай қойғанда, жаратылыстың өзінің адам баласына жаны ашып бара жатқаны шамалы. Табиғат адамның азабы мен зардабына құлақ аспайды, өмірдің соңы тек өліммен аяқталады. Ал өзіне жақын және сүйікті адамдарын тек сол жақын және сүйікті адамдары ғана жадтарына сақтап қалмақ. Сол адамдар тірі тұрғанда, сондай адамдар бар кезде бұл дүниеде ештеңе де бостан босқа құрдымға кете салмақ емес. Қойылымның түпкі идеялық ойы осындай.
Келесі кезекті орыс әдебиетінің тағы бір классигі – Николай Гогольдің қаламынан туған «Ойыншылар» пьесасы алды. ГИТИС-тің режиссерлік факультетінде 2015 жылы Е. Каменькович пен Д. Крымовтың, 2016 жылы Л. Хейфицтің шеберханаларында дайындалған бұл спектакльде осы институттың студенттері ойнайды. Режиссер әрі басты рольде ойнаушы Александр Кузнецов классикалық пьесаның қойылымына өте батыл және стильді сезіне білушілік тұрғысынан келген екен. Тап соның бойындағы буырқанған жігер-күш сахнаға қарай бағытталып, қозғалысқа серпін береді. Ондағылардың бәрі соның заңымен өмір сүреді. Сәт сайын қылаң беріп тұратын талғам мен сезімталдық өлшемі жарық, музыка, пластика секілді элементтер арқылы көрініп, бір-бірімен ғажайып үйлесімін тауып жатады. Ал сахнада декорация мен бутафория атаулыдан ештеңе жоқ. Сосын тарихи кезеңдегі киімдердің көрінбеуі де сахнаны жұтаңдандыра қоймайды. Керісінше байыта түседі. Себебі, осыдан кейін жұрт назары сахнадағы бір ғана қараға – актерлерге қарай ауады.
Спектакльде режиссерлік қызықты тапқыр іс-қимылдар жеткілікті. Мұндағы актерлердің орындауындағы әрбір сыбдыр жұртты елең еткізіп отырады. Қойылым сонымен қатар өзінің жандылығымен, заманауи тәсілдерімен еліктіреді. Қозғалыс үстінде әлдене әйтеуір бір өзгеріске түсіп тұрады. Осындағы әрбір көрсетілім – өзіндік бір ойын. Онда классикалық сюжет, М. Макдонахтың «қара» қалжыңдары, «Жауынгерлік клуб» пен «Үлкен көндегі» қанды стилистика бір-бірлерімен мидай араласып кетеді. Осының бәрі және бір мақсатқа бағындырылып, өте жинақы түрде көрсетіледі. Осылайша Гогольдің жылпостар туралы пьесасынан режиссер тіршілік етудің құралы, ой ойлаудың бір көзі ретіндегі достық пен ойын тарихы туралы ойшыл дүние жасап шығарған.
Келесі күні біз Санкт-Петербургтің Александр театрының Жаңа сахнасы әзірлеген «Жер» эксперименттік спектаклін қызықтадық. Ол украинның белгілі кинорежиссері Александр Довженко түсірген осы аттас фильмнің мотиві бойынша түзілген. Режиссер Максим Диденко қойған спектакль Вс. Мейерхольд атындағы орталықта көрсетілді. 1930 жылы түсірілген картинаның колхоздастыруды Тәураттың тарихындай етіп көрсетіп шыққаны белгілі. Онда колхоз белсендісі Василь бастаған топ пен кулактар арасында ұдайы текетірес күрес жүріп жатады. Мұндай шайқас қазіргі Максим Диденкода да бар. Бірақ ондағы тірестен комсомолдар мен кулактар алынып тасталған. Мұның орнын спорт ойыны басқан. Спектакльдің өзі де ойыннан басталады. Онда да сахнада баскетбол ойыны жүріп жатады, ара-тұра боксқа да кезек беріліп қояды. Кенет... олардың астарындағы ағаш тұғыр опырылып сынып кетеді. Оның арғы жағындағы ойықтан нағыз жер көрінеді. Өркениет тақтасының арғы жағынан жарқырап шыға келетін жер – адамдар бір-бірлерін өлтіретін, өздері өліп жататын, сосын олардың көміліп тасталып, орнына жаңа өскін шығып тұратын кәдімгі қара топырақ. Қазір кейде тіпті университеттік білімдері бар адамдардың өздерінің астарындағы табан ойылып кетіп, күтпеген жерден инстинкт іске қосылып кетіп тұрады. Міне, осы болып жатқан оқиғаның ішіне араласпай, сырттай ғана бақылап қала алатындар нағыз бақытты жандар болмақ. Сонау 1930 жылғы «Жер» мен 2015 жылғы «Жердің» араларын біріктіріп тұрған нәрсе – осы тұстардағы уақыттың эпикалық мәні бар екенінде. Авторлар осыны жақсы түсінген.
Диденко дененің тілімен картина жасап беретін қойылым жасауды алдына мақсат етіп қойған. Ол мұны денешынықтыру тәсілі арқылы жүзеге асыруға шешім қабылдапты. Сондықтан сахнадағы артистер спортшылар кейпінде көрінсе, сахна спорт алаңы секілденіп безендірілген. Қойылымға қатысушылар, жоғарыда айтылған баскетбол мен бокстан бөлек, гимнастиканы да қолға алады, доппен де біраз шапқылайды. Басты кейіпкерлердің жекпе-жектері ринг келбетіндегі алаңда өтеді. Ал таптық күрес спорт жарысы тұрғысында өз шешімін табады. Режиссер олардың бірін «көктер» етіп алса, екіншілерін «қызылдар» деп белгілепті. Бір қызығы, ондағы «қызылдар» колхозшылар емес, керісінше кулактар болып шыққан. Осымен-ақ Диденко жаттанды ассоциацияларға ұрынғысы келмейтінін көрсеткен. Тағы бір айта кететін жайт, Довженконың «Жерін» көрмеген көрермен спектакльдің соңындағы жалаңаш натураларды радикалды театрдың өз қолтаңбасына тән нәрсе ғана емес, сонымен қатар аты аталған фильмнен алынған тағы бір көрініс екенін біле қоймайды. Ал мұндай жалаңаш тәндердің өзіндік мәні де бар еді. Әлбетте, дайындығы жоқ адам оның әлеуметтік жаулық пен зорлықтың сипатын көрсету мақсатында жасалып отырғанын аңғара қоймас еді.
Спектакль мәңгілік құндылықтар жөнінде сыр шертеді. Бұл мәңгіліктің жайын адам күн сайын дерлік сезініп тұрады. Адамның әрбір арайлап атқан таңы осы мәңгіліктің актуальдылығын танытады. Себебі, адам төрт аяғын тең басқан жерлерінің өзінде кейде жоқ жерден сүрініп кетіп, ақыл-ойдың, парасат-пайымның, адамгершіліктің, қайырымдылықтың нәзік жібін үзіп алып жатады. Мұның астынан зұлымдық, үстемдік, өктемдік, өштік, топас зомбылық сумаңдап шыға келеді. Бұлардың бәрі адамды өз аналары – өлімге қарай сүйрей жөнеледі. Ендеше, табаныңның астында жер тұрғанда, алға қойған мақсаттарыңның бәріне жетіп қалуға тырыс. Қойылымның соңғы түйінін біз осылай қабылдадық.
Біздің тағы үш спектакль жайында қысқаша ғана баяндап шыққан шолуымыздың мазмұны осындай.
Ал фестивальдің соңғы күні өтіп, оның басты аталымдары бойынша марапат иелері анықталатын шақ жақындап келеді.