09 Сәуір, 2016

Қаршығаның қанаты

858 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
DSC_4754Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде белгілі ақын Артығали Ыбыраевты еске алуға ар­налған «Намыстың жебесі» атты әде­би кеш өтті. Мынау фәни дүниеде бар болғаны 21 жыл ғана өмір сүріп, поэзия аспанында құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан талантты ақынның есімі жыр құмар жұртшылыққа жақсы таныс. Қазақ әдебиетінде 23 жасында «Менің құрдастарымды» жазып қалдырған Саттар Ерубаев, 24 жасында махаббаты үшін жанын қиған Бернияз Күлеев, 30 жасында бар қазақтың өзегін өртеп кеткен Төлеген Айбергенов тарихқа таңбаланса, 21 жас ғұмырында Алашқа аты кеткен Артығали Ыбыраев та сөз өнерінде өз өрнегін қалдырды. Аз жазса да саз жазған Артығали мұрасынан намыс пен рухқа малынбаған, пәк сезімсіз күй кешкен өлең таппайсыз. «Езге атыл­дым жебесі боп намыстың» деп жыр­лаған өр ақынның әр өлеңінен ішкі сарайындағы биік парасат пен көңіл дария­сындағы нәзіктік менмұндалап тұрады. Жазушылар одағының мұрындық болуымен өткен кеште Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер акаде­миясының студенттері «Тағдыр» атты композициялық көрініс қойды. Сахналық қойылымның көркемдік жетекшісі – белгілі ұстаз, профессор,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дариға Тұранқұлова «...Сірә, мен аспан жаққа шығамын-ау, Соқпақ жол көкжиекке сіңеді екен!» – деп өз өмірін болжаған Артығали өлеңдерінен драматургия құрып, ақындық болмыс пен тылсым әлемін көрсетті. Жас өнерпаздар қыршын кеткен арда ақынның ащы шері мен арманын терең түйсініп, көрермен көңілін ерекше күйге бөледі. Көріністің екінші бөлімінде жиыр­маның ауылына атбасын байлап, атан шөгере алмай арманда кеткен, қаскөйлердің қолынан мерт болып, қыршынынан қиылған ақын тағдыры жұртты қамықтырды. Дарабоз ақын, Қазақстан Жазу­шылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы әдеби кештің шымылдығын түріп, «Артығали – жастар поэзиясының жиынтық символы» деп баға берді. Көзі тірісінде ақынмен аралас-құралас болған ақындар Ұлықбек Есдәулет, Зәмзәгүл Қоңырова, белгілі публицист, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, курстас­тары Заманбек Әбдешов, Тұрысбек Сәукетаев, Гүлмария Барманбекова мәңгі жас бейнеде қалған Артығали турасында мазмұнды естеліктерімен бөлісті. Ақын Бақыт Беделхан Ар­тығали рухына арнаған жырын жет­кізді. «Ақиқат» журналының бас редакторы, ақын Аманхан Әлім: «Жи­ырма жасында-ақ «сөнген» жандар болады, тек оларды сексен жасқа жеткенде бір-ақ жерлейді». Бұл әдебиетке қаратылып айтылар болса – өлең өлкесіндегі өлермендерге керемет анықтамаға жарап-ақ тұр. «Сексен жасап, сегіз сөз қалдырмаған» деген сөз ғой. Ең сорақысы осы болса керек. Ал Артығалидың абақтыда жатып жазған «Қаршығасы» М.Лермонтовтың 1837 жылы жазылған «Тұтқын» өлеңімен сарындас, көксеуі бір көркем дүние. Мәселен, «Я красавицу младую Прежде сладко поцелую, На коня потом вскачу, В степь, как ветер, улечу», – деп төгілген М.Лермонтов жыры мен «Аспанда, бәлкім, бір бейне болып қалады, Жүрегін, мүмкін, жұлдызға соғып жарады? Арманы үшін азапқа түскен осы құс Саған да ұқсап, маған да ұқсап барады», – деп аяқталатын Артығали өлеңінің берілу формалары әртүрлі болғанымен, мұндағы қос ақынның өмірге деген махаббаты, аңсар-үміт­тің ұшқыны, кеңдікке деген құш­тарлық шын мәнінде олардың рухтас екеніне нандырады», – деп пікір білдіріп, ақынға арнаған өлеңін оқыды. Артығали Ыбыраевтың «Соқпақ соңы», «Бақыт», «Ұмытпа» сынды бірнеше өлеңдерін орыс тіліне тәр­жімалаған белгілі аудармашы Қайрат Бақбергенов: «Артығалидың өлеңдері жұп-жұмыр, эпикалық сарында құрылған соң өзге тілге аудару өте қиын. Сонда да талпынып біршама өлеңін аударып, 2013 жылы «Юность» альманағында жарияладық. Енді Артығали жырлары «Қазақ поэзиясының антологиясы» кітабының орыс тіліндегі нұсқасына Абай, Мағжан, Қасыммен қатар бірге енетін болды», – деп тәржімаланған ақын өлеңдерін оқыды. Кеште көзін көрген замандастары: «Ол жанып тұрған от еді. Сөз бағасын, өз бағасын білетін салмақты еді», – деп еске алған Артығали ақын «Тамшылар» деген өлеңінде: Қарап тұрмын үңіле, Күлімдейді жаз алдан. О, армысың, Дүние, Тамшылармен тазарған!.. – деп жырлайды. Мұндағы тамшы – жал­қының жалпыға әсері. Түнекті жарық қылуға бір күннің жететіні секілді, дүниені тазартуға тамшы­лар да же­теді. Пасықтық пен надандық, тоғы­шарлықтан тазарту деген астарлы ойын тамшы арқылы толғайды. Теңіздің дәмі тамшысынан білінетіні секілді, Артығалидың отызға жуық жырларынан сырлы сезімге, өрнекті ойға бай ақын екенін байқау қиын емес. Әсіресе, ақын өлеңдері әнге сұранып тұрады. «Далам менің», «Орамал», «Тамшылар», «Қаршыға», «Үміт», «Соқпақ соңы» өлеңдеріне Ерсайын Нарынбаев, Қалия Сейітқалыққызы, Азамат Әлімқұлов ән жазған. «На­мыстың жебесі» аталған әдеби кеште осы әндер орындалды. Артығали Ыбыраев – боямасыз суреттеу шебері. «Күту» атты өлеңінде жасы үлкен қызға ынтық болған сезімін кіршіксіз баяндайды. Түйінін де ерекше құрады. Шыңырауымнан шықпай қалса дүрбелең, Кішіліктің кесірі деп білген ем. Сен тұрмысқа шыққан күні өрістен, Қозы-лақты қайыра алмай жүрген ем.   Айдалада алған едім жылап та, Сонда сені теңеген ем лаққа. Қайырым бермей кеткеніңді кешірдім, Өрісіңе соқпай жүрсің бірақ та... Бұл өлеңде бәрі бар. Уақыт, суреттеу, шынайылық, тәтті сезім, езуге еріксіз күлкі үйіретін юмор бар. Мал жайып жүрген ақын алапат күй кешкен, еңкілдеп жылаған. Соны шынайы жеткізген. «Қамықпа, досым, қамықпа, Келер күн көктем сыйлайды. Адамдар сияр табытқа, Ақындар бірақ сыймайды», – деп аяқталатын атақты өлеңі ақынның құлпытасына жазылған. Рас, жиыр­маның жотасынан қылаң беріп көтеріле бергенінде қанаты қырқылған қыршын қаршыға тағдырды басқаша бейнелеу мүмкін емес. Дей келе, осы шағын толғамды Артығалидың курстас досы, қазіргі белгілі ақын Қорғанбек Аманжолдың осы кеште оқылған «Көк қаршыға» атты өлеңінің жұлдызға соғылған жүректі аңсаған шумақтарымен түйіндегім келеді.   Ақтық әлди, ақтық әлди... Артығали, Артығали... Қаршыға жыр қанатында Кештің талай шалқыма күй.   Сарысуды сылқым деуші ең, Сағынышқа іркілмеуші ең. Асау ағыс толқынында Арман болып бүлкілдеуші ең.   Бұлықсыған жан-жүрегің, Буырқанған ән-жыр едің. Бүйіріңде бүлкілдеген Арманыңдай таң гүлі едің.   Бұла күшпен бұлқына алған, Сәуір-самал сылқым арман, Аңқа кебе аңсаттырып, Тұрып алды-ау, шіркін, алдан!   Салқар дүние сәулелерін, Сағымданған әурелерін Тал бойыңа толтырғандай Керемет бір дәурен едің.   Жарқылдады жаныңда жыр, Жайнап тұрды бағыңда гүл. Абайламай қалдық па біз, Айналдың ба сағымға бір?   Жүрегіңнің шалқымасы – Еді-ау нағыз ар тұмасы. Жетпей қалды-ау жер шетіне Жырдың ұшқыр қаршығасы!   Қайран бар ма қақпаншыға, Тағдыр атты көкпаршыға... Тас боп жерге құлдилаған Көз алдымда – көк қаршыға...   Қайран бар ма қақпаншыға, Тағдыр атты көкпаршыға?! Көз алдымда – Артығали, Көз алдымда – көк қаршыға... Дәурен ДАРИЯБЕК, «Қазақстан» РТРК» АҚ Алматы филиалының атқарушы продюсері.  АЛМАТЫ.