Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі дүниежүзілік IV саммитке Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, адамзат алдындағы жаhандық мәселелерді шешу жөнінде ұтқыр ойын, тұщымды пікірін ашық айтып, ұғындыра білді. Құнды сөзді әлем жұртшылығы жақсы бағалап, сол заматында-ақ ақпарат көздері арқылы төрткіл дүниеге таратқаны мәлім.
Күллі адамзат айтулы форумнан күткен еларалық ынтымақтастық, ғасыр кесапаты – ядролық қаруды жою, беймарал өмір тыныштығын бұзатын терроризмге қарсы күрес секілді өмірлік мәні зор Елбасы сөзінен бастау алатын жайттар жайлы танымал ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, саясаткер Тынышбай ДОСЫМБЕКОВПЕН жүргізген әңгімемізді ұсынамыз.
– Тынышбай Досымбекұлы, жаһандық ынтымақтастық туралы айтулы форумда Елбасы өрбіткен ойды сабақтастыратын қазақстандық жол туралы айтып берсеңіз.
– Елбасының әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелерді көтере сөйлеген сөзінің бір мәйегі бүгінгі ұрпақ алдындағы міндет – адами құндылықты сақтауға үндеп тұр деп санаймын. Себебі, дөңгеленген дүние алты құрлыққа бөлініп, онда сан мыңдаған адам сан мыңдаған жылдардан бері тіршілік етіп келеді ғой. Сол адамзаттың алдындағы басты парыз өз кезегінде табаны тиген жерді, сол топыраққа нәр беретін суды, тіршіліктің тағы бір көзі – ауаны ластамай, бүлдірмей дұрыс пайдаланып, келер ұрпақ өкіліне өткізу емес пе.
Десек те, әлемдік биік мінбер түгілі, екі адамның алдында сөз сөйлейтін әр адам әуелі өзі үлгі тұтарлық ісімен танылуы керек. Бұл ретте, біздің Елбасының маңдайы жарық. Сондықтан ынтымақтастық дегенде бірінші айтарым, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты бір жүйеге келтіріп, тату-тәтті тірлік ету болып саналады. Ол үшін бір мемлекеттің ішкі дүниесіне екінші ел араласпауы керек. Нақтылай түссем, жері кең, елі көп деп бөлмей, кез келген тәуелсіз мемлекеттің ішкі саясатына өзге мемлекет араласпауы, қолында бар мүмкіндіктерін ұтымды-ұтымсыз пайдаланып түрлі жолмен ел тыныштығын бұзып, ықпал етпеуі тиіс.
Бүгінде әуе жолы, теміржол және автокөлік жолымен қаншама адам бір елден екінші ел аумағына өтуде. Сол халықтың тыныштығы сақталып, қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, еш алаңсыз заңнама шеңберінде арнайы ат терлетіп барған жұмыстарын бітіріп, үйлеріне оралып жатса, жаһандық ынтымақтастықтың жарқын жолы ашылатыны анық.
– XXI ғасырдың бір індетіне айналған ядролық қару жайлы ой өрбітсеңіз.
– Шыны керек, жаппай қырып -жоятын осынау алапат қарудан Қазақстан әлемде бірінші болып бас тартты. Сөйтіп, дүниежүзінде бейбіт өмірді сақтауда өзіндік үлгі көрсете білді. Елбасының осынау игі қадамын бүгінде төрткіл дүниенің саясаткерлері құп көріп, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында ашық айтып, жазуда. Біле білсек бұл әлемде Елбасының бейбіт өмірді сақтау арқылы адами құндылықтың дара үлгісін көрсетуі болып табылады. Міне, біздің Мемлекет басшысының әлем халқы алдындағы маңдайы жарқын әрі үлгі тұтарлық мақтанышымыз деп осыны айтуға болады. Сондықтан қазақстандықтар жасаған игі қадамды өзге мемлекеттер жасап, сол ядролық қаруды пайдалану, тәжірибеден өткізуді ойламағаны ләзім. Сонда ғана адамзат еш алаңсыз бейқұт тірлігін жалғастырары анық.
Ғылым жолын таңдап, әлемдік ғалымдар тұжырымдарына назар аударып жүргендіктен, бір оқығаным осыдан 10 млн. жыл бұрын пайдаланылған ядролық қарулардың қалдықтары жер бетінен табылған екен. Бұл мәліметті ой елегінен өткізіп көрсеңіз, бағзы замандарда да ядролық қару болып, соның салдарынан Жер шарындағы тіршілік жойылып кеткен шығар.
Әңгімелескен
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.