Олардан қандай пайда бар?
Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында кеңінен қолға алынып жатқан жылыжайлардың басты мақсаты не? Әрине, жұртты өз көкөнісімізбен қамтамасыз етіп, бұл салада бағаның шарықтап кетпеуіне әсер ету, жаңа технологияны енгізе отырып үнем мен сапа мәселесіне мейлінше көңіл бөлу болса керек. Көкөніс бағасы қай кезде қымбаттайды?
Әрине, қыстың күндері. Ал Жамбыл облысында жұмыс істеп тұрған жылыжайлардың ешбірі қосымша жарықтандыру құралдарымен жабдықталмағандықтан желтоқсан айының соңынан наурыз айының ортасына дейін ешқандай өнім жинамайды екен. Яғни, алқаптағы көкөністер қазан болып, енді жылыжайлардың өнімдері сөреге шығатын кезде жамбылдық шаруалар жым-жырт жатып алады деген сөз.
Бұл мәселеден хабардар болған Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев «Қыстың күндері жылыжайлар жұмыс істемесе олардан не пайда? Сонда қалайша көкөністің бағасын төмендетіп, елдің сұранысын қамтамасыз ете аламыз? Жылыжайлардың о бастағы мақсаты да осы емес пе?» деп бұл олқылыққа аң-таң болды. Бүгінгі күні Жамбыл облысында жалпы аумағы 24,2 гектарды құрайтын 28 жылыжай өнім беріп тұр. Екі ауысымда жылыжайлардан барлығы 1920,5 тонна көкөніс өнімдері алынып, Астана, Алматы қалаларында және облыстың базарлары мен дүкендерінде төмен бағамен сатылды. Сонымен қатар, «Қорғалған топырақ жағдайындағы көкөністі субсидиялау» бағдарламасы бойынша 96,6 млн. теңге қаржы субсидияланды. Әйтсе де, кейбір жылыжай құжаттарының толық заңдастырылмауы салдарынан бұл бағдарлама бойынша субсидияға қол жеткізе алмағандар да бар.
– Облыстағы жұмыс істеп тұрған жылыжайлардың 76,0 пайызы фермерлік жылыжайлар, – дейді бұл жөнінде Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов. – Фермерлік жылыжайлардың құрылысы ондағы өсірілетін көкөніс өнімдерінің өз деңгейінде пісіп-жетілуіне сәйкес құрылмағандықтан жылыжайлардан алынатын өнім көлемі төмен болып, бұл өзіндік құнының жоғары болуына әкелуде. Ал субсидия төленбейтін болған соң олардың өнімі бәсекелестікке тіптен қабілетсіз болып қалады. Сондықтан, алдағы уақытта заманауи өнеркәсіптік жылыжайлар салуға, оларды қосымша жарықтандыру құралдарымен жабдықтап, өнімділікті арттыруға, жаңадан салынатын жылыжайларда жарықтандыру құралдарын орнатуға күш салуымыз қажет.
Ауыл шаруашылығы басқармасы биылдан бастап гектарлы субсидиялар тоқтатылуына байланысты жылыжай кешендері мемлекет тарапынан берілетін қолдаулардан тыс қалып отырғанын ескеріп, жылыжайларды минералды тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасы тізіміне қосыпты. Бұл арқылы жылыжай шаруашылықтарының тыңайтқышқа кеткен шығындарының 30 пайызын субсидиялайтын мүмкіншілік бар екен.
Биыл Қордай ауданында «Грин Вилл» ЖШС 2 гектарға, Жамбыл ауданындағы «Шоқай» шаруа қожалығы 1 гектарға жаңадан жылыжай салуды жоспарлауда.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.