19 Қаңтар, 2011

Қағазбастылықтан арылу жұмыс сапасын арттырады

665 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
2011 жылы құқық қорғау және сот жүйесін реформалау жұмысын жалғастыру міндеті алда тұр. Бұл жөнінде Әділет министрлігінде өткен алқа мәжілісінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов атап көрсетті. Сондай-ақ, Үкімет басшысы мен Әділет министрлігі арасында сала алдына қойылатын 2011 жылдың мақсатты индикаторлары мен көрсеткіштердің орындалуына міндеттейтін меморандумға қол қойылды. Бұдан соң сөз алған Әділет министрі Рашид Түсіпбеков Үкі­­мет басшысына министрлік алдына қойылған Құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес мем­лекет қызметін құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі мін­дет­тердің толық орындалғанын атап өтті.  “Құқық қорғау қыз­меті мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы” Президент Жарлығы­ның негізгі ережелерін заңнама­лық қамтамасыз етуде жүр­гі­зілген ауқымды жұмыстар ат­қарылды, атап айтсақ, 17 заң жобасы іске асырылды, деді ол. Қабылданған барлық заңнама­лық шаралар құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, азаматтарымыздың құқ­тары­ның әділ және нақты қор­ғалуын қамтамасыз етеді. 2010 жылы елдің барлық аумағында “Электронды нотариат жүйесі” енгізілді, ол нотариустарға мемлекеттік деректер қорынан шы­найы және өзекті ақпарат алуға мүмкіндік беріп, нотариалдық мәмілелер жасау кезінде алаяқ­тыққа және өзге де заң бұзушы­лықтарға жол бермеуге кепілдік береді. Адвокаттық қызметті рет­теу саласындағы проблема­ларды шешу үшін министрлік ағымдағы жылы тиісті заң жо­басын әзірлеуді жоспарлауда кө­рінеді, оның негізгі басымдық­тары адвокаттық қызметтің қол­жетімділігі және сапалылығы бол­мақ, деді министр. Өткен жылы Әділет министрлігі бизнес құру рәсімін оңай­лату және әкімшілік кедергілерді жою жөнінде ауқымды жұ­мыс атқарды. Атап айтқанда, ша­ғын кәсіпкерлік субъекті­ле­рін тіркеу мерзімі 1 күнге дейін қысқартылды. Шағын кәсіпкер­лік субъектілерін тіркеу кезінде құрылтай құжаттарын нота­риал­­ды куәландыру қажеттігі жо­йыл­ды, құрылтай құжат­тары­на заңды тұлғаның орналасқан жері, сон­дай-ақ жарғылық қыз­мет түрлері өзгерген жағдайда құрылтай құ­жат­тарына енгізілген түзетулерді тіркеу рәсімі жо­йылды. Бұл шара­лардың бар­лы­ғы Қазақстанның “Doіng Busі­ness” рейтингінде жет­кен жетістігіне тікелей оң әсе­рін тигізді. Сондай-ақ 2010 жыл­дың жел­тоқсан айынан заңды тұлға­ны онлайн режімінде тіркеу мүм­кін­дігі іске асырылуда. Ендігі жерде азаматтар кәсіпорынды тіркеу үшін ХҚКО-ға бармай-ақ, элек­тронды өтініш берсе жеткілікті. Рашид Түсіпбековтің айтуын­ша, жылжымайтын мүлік сала­сын­да да жақсы өзгерістер орын алған көрінеді. Жылжымайтын мү­лікті тіркеу мерзімі 15-тен 5 жұмыс күні­не дейін қысқарты­лып­ты. Елі­міздің барлық өңір­лерінде жыл­­­жымайтын мүліктің бар-жоғы ту­ралы анықтамаларды электрон­ды форматта беру жүйесі енгізілді. Бұрын олар қағаз ар­қылы 3 жұмыс күні ішінде берілсе, ендігі жерде анықтамаларды алу ұзақтығы 30 минөттен аспайды. Электронды сандық қолтаң­баға ие азаматтарға жылжымай­тын мүлік жөніндегі анықтаманы “Электронды үкімет” порталында дербес интернет арқылы алуға бо­лады. Бұл қызмет өтініш беру­шінің ХҚКО немесе тіркеуші орган қызметкерлерімен тікелей байланысын болдырмайды, нәти­жесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы анағұрлым тиімді шара бо­лып отыр. Министрліктің баста­ма­сы бойынша жылжымайтын мүлікті жеделдетіп тіркегені үшін алынатын алым мөлшері 5 есеге дейін төмендетіліпті. “Бизнестің жол картасы -2020” бағдарламасын іске асыру шең­берінде жылжымайтын мүлікке кепіл шарттарын беру мерзімі де 5-тен 3 жұмыс күніне дейін қыс­қартылды. Айта кетер бір жәйт, азаматтар мен заңды тұлғалардың қаржылық шы­ғындарын қысқарту мақсатында жыл­жымайтын мүлік­ті мемлекеттік техни­калық тексеру қызметіне баға­лар төмендетілді. 2011 жылдың бірінші тоқсаны ішінде жылжымай­тын мүлікті тех­никалық тексеруде әр шаршы метрге жаңа бағалар әзірлеуді аяқтау жоспарлануда. Халықты құжаттандыру сала­сында төлқұжаттардың уақытылы шығарылмауына байланысты мә­се­лелер өз шешімін табуда. Төл­құжаттар мен жеке куәліктерді жасау бойынша жаңа құрал сатып алынып, іске қосылды. Нәтиже­сінде дайындалмаған құжаттар­дың қалғаны 2 есеге, яғни 300 мыңға дейін азайыпты. 2010 жылы министрліктің құ­қық­тық насихатты ведомствоара­лық үйлестіру және заңнаманы тү­сіндіруге қатысу мәселелері бо­йын­ша жұмысы айтарлықтай жан­­данды. Құқықтық-ақпараттық қыз­меттің құзыреті кеңейтіліп, 2010 жылы 245 мың азаматқа әртүрлі құқықтық мәселелер бойынша кеңес берілген.  Ал биыл бұл қыз­метке Қазақстанның кез келген елді мекенінен бірыңғай 119 нө­мірі бойынша тегін қоңырау шалуға болады. Өткен жылы Сот-сараптама ор­талығының аумақтық бөлім­шелері шамамен 74 мың сараптама жүргізген, бұл 2009 жылғы көрсеткіштен 2,8 %-ға көп көрі­неді. Сонымен бірге, салада білікті мамандардың жетіспеушілігі орын алып отыр. Р.Түсіпбеков мәселені  шешу үшін  ҚАЖК ака­­де­миясы негізінде сот сарап­тама­сы кафедрасын құруды нақ­ты­лап жатқандығын жеткізді. Бұдан соң Премьер-Министр сөз алды. Ішкі істер министр­лігі­нің кеңейтілген алқа отыры­сында салада жүргізілген құқық қорғау органдарына және сот жүйесін реформалауға байла­ныс­ты жауап­ты органдардың Ел­ба­сының оң бағасына ие бол­ған­дығын жеткізді. Оның ай­туын­ша, Президент 2010 жылы ат­қарылған жұмыс­тар­ды оң баға­лап, олар рефор­ма­лаудың ал­ғаш­қы қадамдары бо­лып отыр­ғанын, болашақта жал­ға­сын та­ба­тын іс екенін айтқанын жеткізді. Осы орайда Премьер-Министр Ел­басы берген бір­қатар тапсырма­ларды айтып өтті. Кәрім Мәсімов өзін толған­дыр­ған мәселелерге де тоқ­тал­ды. Салада атқарылар істің ба­сым бағыттары 2020 жылға дейінгі Құқықтық  саясат тұжы­рым­да­ма­сында белгіленген. Ал олар өз кезегінде еліміздің 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму жос­па­рын негізге алады. Осыған қоса, елімізде болып жатқан барлық іс-шаралардың құқықтық-заңна­ма­лық тұрғыдан қуатталып оты­руы өте маңызды. Елбасы және Үкі­мет қол­дауымен заң жобалау инс­титуты құрылды. Оның әлеует­­тік күші мен құзіреті жоғары. Сон­дықтан ендігі жерде институт қабыл­данатын заң жо­баларын өте дұ­рыс, сауатты әке­лу­ге тырысуы керек, деді Премьер-Министр. Сондай-ақ ХҚКО-ны жергілікті әкімдіктер құзы­ретіне беруі олар­дың жұ­мысына теріс әсерін тигізгендігін атап көрсетті. Өкі­нішке қарай, менің пікірім бо­йынша ХҚКО-ны Әділет министрлігі құ­зы­ретінен алып, ай­мақ­тық әкім­­­діктерге беру ХҚКО жұ­мысына теріс әсер етті.   Адамдар ХҚКО-ға келгенде олар үшін оның кімге қарайтыны маңызды емес, ма­ңыз­дысы оған сапалы әрі тез қыз­мет көрсет­кені, деді ол. Премьер-Министр­дің пікірінше, ХҚКО-ның жұ­мысын тиімді ұйымдас­тыруды ендігі жерде электронды үкімет мүмкін­дік­терін барынша қол­дана оты­рып шешу керек. Бай­ланыс жә­не ақпарат министрлігіне осын­дай тапсырма бергендігін атап өткен ол бұл тақы­рыпқа қайта соғу қажеттігін айтты. Сондай-ақ 2012 жылдан бас­тап, қыз­мет­ке кірісетін Бір­тұтас эко­номи­ка­лық кеңіс­тік жұ­мы­сына жан-жақ­ты дайын болу керектігін атап өтті. Беларусь мемлекеті БЭК-ке байла­ныс­ты келісімдерді қабылдап қой­са, Ресей Фе­дерациясы бұл шара­ларға енді кірісіп жатыр. Бізге де осы мәселелерді уақы­тында жүзеге асыруымыз керек, деп қадап айтты Премьер-Министр. Соны­мен қатар, кәсіпкер­лікті дамыту­ға байланысты ат­қа­рылған жұ­мыс­тарға оң баға­сын беріп, ЕурАзЭҚ-қа байла­нысты қол қойылған көптеген құжат­ тарды ратифика­циялауға күш салу керектігін ескертті. Жалпы ал­ған­да, Әділет министрлігі өт­кен жылды жақсы аяқтады, деп сөзін қорытты Үкі­мет басшысы. Венера ТҮГЕЛБАЙ.