Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға сапары барысында түркиялық холдингтер және компаниялар басшыларымен кездесті
Түркия Қазақстанның ең маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасыр ішіндегі қарым-қатынас соның айғағы. Қос мемлекет арасындағы сауда айналымына қатысты деректер де осыны нақтылай түседі. Екі жақты тауар айналымының динамикасына тоқталар болсақ, оның көлемі 2014 жылы 3,29 миллиард долларды (экспорт – 2,27 миллион доллар, импорт – 1,02 миллион доллар) құраса, 2015 жылдың бірінші жартысында 1,2 миллиард доллар (экспорт – 727,5 миллион доллар, импорт – 4,739 миллион доллар) болды.
Екі елдің арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтудің тиімді тетігі Қазақстан-Түркия үкіметаралық экономикалық комиссия арқылы жан-жақты жүзеге асырылуда.
Былтыр, тура осыдан бір жыл бұрын Түркия Президенті Реджеп Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында Астанада екі ел кәсіпкерлерінің бизнес-форумы өткен болатын. Сол форумда сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы іскерлік байланысты ерекше атап өткен-ді.
– Түркия біздің стратегиялық сауда-экономикалық серіктесіміз болып саналады. Соңғы 10 жылда елімізге салынған түрік инвестициясының көлемі 1,8 миллиард доллардан асты. Біздің нарықта түрік капиталының қатысы бар мың жарымнан аса кәсіпорын жұмыс істейді. Түркия бұл көрсеткіш бойынша Ресейден кейінгі екінші орында тұр. Қазақстанда 15 мыңнан астам түрік азаматы тұрақты еңбек етіп жүр. Олар біздің жаңа елордамыздың құрылысына белсене қатысты. Астана халықаралық әуежайы, «Хан-Шатыр» кешені, «Рамада Плаза Астана» қонақ үйі және басқа айшықты нысандар – соның жарқын айғағы, – деген еді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сол кездің өзінде екі ел арасында жалпы құны 3,4 миллиард доллардан асатын 35 инвестициялық жобаны бірлесе жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Соның ішінде Жамбыл облысындағы құны 560 миллион доллар болатын «Жаңатас» және «Шоқпар» жел электр стансаларының құрылысы, Ақтөбе облысындағы құны 500 миллион доллар болатын хром кенін байыту жөніндегі жоба, 200 миллион доллар тұратын алкогольсіз сусындар зауытының құрылысы бар.
Сол форумда сөйлеген сөзінде Түркия Президенті Реджеп Ердоған да қазақ-түрік бизнес форумы екі ел халықтарының игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.
– Біз Қазақстанда өзімізді ата-бабаларымыздың отанында жүргендей сезінетінімізді атап өткен жөн. Бұл біздің халықтарымыздың қарым-қатынасына айрықша маңыз береді. Сондықтан елдеріміз үшін кез келген саладағы бірлескен жұмыс маңызды. Біздің ынтымақтастығымызды саяси, экономикалық және мәдени салаларда әртараптандыру қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтуға және дамытуға септігін тигізетіні даусыз, – деген болатын Түркия Президенті.
Енді міне, бір жылдан кейін Ыстанбұл төрінде екі ел іскер топтарының өзара байланысын, қол қойылған келісімдердің орындалуын тағы да таразылауына тура келді. Жаңа инвестициялық жобалардың тұсауы кесіліп, алдағы атқарылатын ауқымды шаруа жөнінде пікір алысылды.
Кеше Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Ердоғанның кездесуінде Түркия Президентінің Қазақстанға өткен жылғы сәуір айындағы сапары барысындағы қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асу барысы жан-жақты қарастырылды.
Екі ел басшылары сауда-эконо-
микалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы және мәдени-гуманитарлық саладағы мәселелерді талқылады. Аталған бағытта екі елдің шағын және орта бизнес өкілдерінің болашақта бірлескен жобаларға қатысуы атап көрсетілді.
Екі жақты қарым-қатынас мәселелеріне тоқтала келіп, Нұрсұлтан Назарбаев түріктің ірі компаниялары мен холдингтері «Нұрлы Жол» және индустриялық-инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуына болатындығына назар аударды.
Өз кезегінде Реджеп Ердоған бірқатар бағыттар бойынша алдыға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін екі жақты ынтымақтастықты әрі қарай нығайтудың қажеттілігін атап өтті.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркиялық холдингтер және компаниялар басшыларымен кездесуі барысында да екі жақты ынтымақтастықты тереңдету мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Түркия Қазақстанның негізгі экономикалық серіктесі болып саналады. Тәуелсіздігіміздің ең алғашқы жылдары түрік компаниялары, кәсіпкерлері елімізге инвестиция салып, өз пайдасын тигізді. Елорда құрылысына түрік компанияларының салған үлесі өте зор. Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 1600-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы қазіргі сыртқы экономикалық ахуалдың қиындығына қарамастан екі елдің арасындағы сауда айналымының қарқыны жоғары екендігін атап өтті. Сауда айналымы бүгінде 2 миллиард доллардан асып отыр. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта 10 миллиард долларға жеткізілмек.
Соңғы он жылда біздің экономикадағы түрік бизнесінің инвестициясы да 2 миллиард долларға жетті. Өткен жылы Қазақстандағы үздік 10 шетелдік компанияның ішінде түріктің үш компаниясы болды. Қазақстан мен Түркияның бірлескен 91 жобасы іске асып отыр. Оның жалпы құны 3 миллиард долларға жақын, деді Қазақстан Президенті.
Елбасы екі ел арасында жасалған келісімдер Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне және Қытай нарығына шығуға жағдай жасайтындығын жеткізді. Қазақстан инвесторларға салық жағынан болсын, виза жағынан болсын қолайлы жағдай жасап отыр. Дүниежүзілік экономикалық форумының жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша Қазақстан 42-орында. Қазақстан осы рейтинг бойынша жыл сайын 8-10 орынға көтеріліп келеді.
Басқа жеңілдіктермен қатар, экономикалық ынтымақтастықтың жаңа стандарттарын қарастырдық. Салық салудан босату, инвестициялық шығындарды он пайызға қайтару, жер беру, инфрақұрылым жағынан жеңілдіктерді қолға алып отыр.
Бәрімізге белгілі Ұлы Жібек жолында елдеріміз сауда-саттық жасап, қатынасып келді. Біз «Нұрлы Жол» бағдарламасы арқылы сол экономикалық саясатты қайта қолға алдық. Соның бір тиімді жері Қытай Халық Республикасының Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуіне біздің «Нұрлы Жол» бағдарламасы қатысып отыр. Осы бағдарлама арқылы Қазақстанның ішінде 7 мың шақырым автокөлік жолдарын, Қытай мен Каспий арқылы 1500 шақырым теміржолды салып бітірдік. Осының барлығы бизнес жасауға, жол қатынастарын жеңілдетудегі тиімділік, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы елде жүргізіліп жатқан индустрияландыру бағдарламасына да тоқталып өтті. Аталған бағдарлама шеңберінде Қазақстанда бес жылдың ішінде 900 өндіріс орны салынды. Биыл тағы да 120 өндіріс іске қосылады. Осы индустрияландыру бағдарламасына түркиялық кәсіпкерлерді шақыратынын жеткізді. Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде тау-кен, металлургия, мұнай өндіру, энергетика, көлік және байланыс салалары кәсіпорындары, инфрақұрылым нысандары бар.
Астанада келесі жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтеді. Онда Түркияның арнайы павильоны болады. Соның ішінде бүкіл озық технологияның жаңалықтарын көрсетуге мүмкіндік туады. Оның үстіне сол көрменің орнында кейін Халықаралық қаржы орталығы жұмыс істемекші. Ол Дубайдағы қаржы орталығымен бірдей болады. Ағылшын тілінде қарым-қатынас жасайды. Ағылшын заң жүйесі іске қосылады. Дүниежүзілік банк, Еуропалық банк, Азия банкі, Ислам банкі бұл ұсынысты қолдап отыр, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президентінің мағыналы, толымды ақпаратына қаныққаннан кейін түркиялық кәсіпкерлер өз пікірлерін ортаға салды. Yildiz Holding компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мехмед Тотенжу мырза холдингтің қызметінен хабардар етті. Әлемнің түкпір-түкпірінде еншілес компаниялары бар ірі холдинг әртүрлі салада қызмет етеді. Холдингтің Қазақстандағы еншілес «Улкер» кәсіпорны печенье шығарады. Түркияның өзінде, шетелдерде жалпы 50 мың адам қызмет етеді. Компанияның жылдық айналымы 12 миллиард долларды құрайды. Бас бірлестіктің бір бөлігі болып табылатын қазақстандық компания өнімдерін Орталық Азияға да шығарады. Соңғы уақытта экономиканың қиындығына қарамастан, Қазақстандағы компания қызметкерлері 600-700 адамға ұлғайған. Алдағы уақытта 20 миллион доллар инвестиция салып, оны Қазақстанға жаңа технология әкелуге жұмсамақ.
Сондай-ақ, компанияның Қазақстандағы екінші бір жобасы маргарин шығаратын зауыт салуға бағытталған. Экономикалық көрсеткіш техникасы әзірлену үстінде. Зауытты салуға 15 миллион доллардың шамасында инвестиция бөлінеді. «Қазақстанда жасалған» деген тауар белгісімен 10 миллион доллар шамасында өнім экспортқа шығарылған.
Aselcan Elektronic компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мурат Шекер де қазақстандық бизнесінің көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Оптикалық және электронды модульдер шығарумен айналысатын Астанадағы өндіріс орнында жергілікті қызметкерлер еңбек етеді. Шығарылатын әскери технологиялардың барлығы ғылыми-зерттеу жұмысының негізінде дүниеге келеді. Ол үшін ғылыми-зерттеу орталығын құру қажет. Компания бұл істі де қазақстандық жоғары оқу орнымен бірігіп қолға алып жатыр. Өндірістен шыққан алдыңғы қатарлы технология Қазақстанмен көршілес елдерге де, тіпті, Түркияға да шығарылмақ. Сондықтан брондалған машина, авиабақылау жүйесі жетілдіріле түседі.
Кездесу барысында сөз алған түркиялық компаниялар басшыларының қай-қайсысы да өз мүмкіндіктерінің молдығы, әлеуеті төңірегінде кеңінен әңгімелеп, Қазақстан нарығына инвестиция салуға мүдделі екендіктерін білдірді.
Өз кезегінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов шетелдік кәсіпкерлерге қатысты мағлұматтың барлығы Ұлттық палатаның сайтына шоғырланғанын жеткізді. Кез келген шетелдік ағылшын тілінде жинақталған қазақстандық бизнеске, заңнамаға, салық жүйесіне, компанияларға қатысты ақпараттармен жақын таныса алады. Сондай-ақ, Елбасының түркиялық кәсіпкерлермен болған кездесуде ірі-ірі компаниялар Қазақстанға үлкен қызығушылық танытқандығына тоқталды. Көптеген түрік кәсіпкерлері жекешелендіруге де қатысуға ықыласын танытып отыр. Әсіресе, энергетика, логистика саласына қызығушылық білдірді. Елбасының Түркияға сапары Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының жоғары нәтижесін көрсетті.
Елбасы түркиялық кәсіпкер-
лермен кездесуінің соңында оларға өзінің ризашылығын білдіріп, кәсіпкерлердің айтқан ұсыныс-пікірлеріне өзінің нақты пікірін жеткізді.
Тағы бір атап өтерлік жайт, Елбасының Түркияға сапары барысында Қазақстан мен Түркия кәсіпкерлері арасында 20-ға жуық іскерлік келісімге қол қойылды. Келісімнің жалпы сомасы 500 миллион доллардан асып жығылады. Бұл туралы Ыстанбұлда өткен Қазақстан-Түркия кәсіпкерлерінің бизнес -форумы барысында белгілі болды.
Форум кезінде түрік кәсіпкерлері Қазақстанда өздерінің кәсіпорындарын ашуға ықыласты екендігін білдірді. Ал дайын өнімді олар Еуразия экономикалық одағы, Орталық Азия елдеріне шығармақшы. Инвестициялар және даму министрлігінің деректеріне сүйенсек, осы кезге дейін екі ел арасында 90 инвестициялық жоба қабылданып, оның жалпы сомасы 860 миллиард теңгені құраған. Түрік капиталының қатысуымен 30 жоба жүзеге асырылған. Соның арқасында Қазақстанда 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.
Инвестициялар және даму министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Хаировтың айтуынша, бүгінде екі ел басшыларының бастамаларын жүзеге асыру бойынша ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Соның бірі – өткен бизнес-форум аясында 20-дан астам құжатқа қол қойылып, оның жалпы сомасы 180 миллиард теңгені құраған. Бұдан басқа, түрік бизнесмендері Қазақстан нарығында жұмыс істеуге үлкен ықылас танытып отыр. Елге инвестициялар тарту бағытында, түрік бизнесімен ынтымақтастықты орнықтыруда Инвестициялар және даму министрлігі ауқымды жұмыс атқаруда. Министрлік Түркияның Эксимбанкімен 300 миллион доллар сомасындағы келісімге қол қойды. Бұл дегеніңіз, түрік кәсіпкерлері бастамаларының Қазақстанда жүзеге асуына мол мүмкіндік туады деген сөз.
Ал Қазақстан-Түркия іскерлік кеңесінің төрағасы Мерт Сарының айтуынша, қол қойылған келісімдер шеңберінде түрік кәсіпкерлері Қазақстанға қомақты инвестиция құятын болады. Екі ел кәсіпкерлері арасындағы ынтымақтастық өзінің тиімді нәтижесін көрсетті. Қазақстан мен Түркияның іскерлік әлеуеті күшті. Сол себепті әрі қарай да сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға күш-жігерін жұмсайтын болады.
Елбасы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының бас хатшысы Ияд Маданимен кездесті.
Кездесуде Қазақстан мен Ұйым арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері, соның ішінде ИЫҰ аясында жарияланған біздің еліміздің бастамаларының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Сондай-ақ, тараптар Ұйымның алдағы саммитінің негізгі аспектілерін қарастырды.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Ияд Мадани халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге тоқталып, Ұйымға мүше мемлекеттердің исламофобияны жою және бүкіл әлем бойынша терроризм құбылыстарына қарсы тұру ісіне қатысу мүмкіндіктерін қарастырды.
Қазақстан Президенті алдағы саммитке қатысушыларды мұсылман мемлекеттерінің бірлігін сақтауға, әлемдегі қазіргі сын-қатерлерге қарсы тұру жолдарын табуға шақырудың маңыздылығы мен мәселенің дер кезінде көтерілгенін атап өтті.
Қазақстан саммит аясында қабылдау жоспарланып отырған барлық шешімдерге қосылады. Біз Түркия Президентімен бірге арнайы үндеу жариялап, онда ислам әлемін бірлікке шақырдық. Оның ережелері саммиттің қорытынды құжатына енгізілгені үшін ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев проблеманы жай ғана талқылаудан нақты шешім қабылдауға көшуге байланысты Ұйым дамуының жаңа кезеңіне шығуы қажеттігіне назар аударды.
Мемлекет басшысы өзінің Иранға сапары барысында ол елді Сауд Арабиясымен қарым-қатынасын жақсартуға шақырғанын да айтты.
Бұлай бөліну ортақ бірлікке теріс әсерін тигізеді. Ислам мен прогресс әрдайым қатарлас жүреді, сондықтан мұсылман елдеріндегі ғылым мен техниканың дамуы үшін бірлесе жұмыс істеу керек. Тағы бір мәселе – терроризмді исламнан ажырату. Бізге мұндай түсінікті жойған жөн, «Ислам терроризмге қарсы» үндеуін қабылдап, сол арқылы үмбет деңгейін көтеру керек. Бұл бағытта сіздің елеулі үлесіңіз бар, – деді Қазақстан Президенті.
И.Мадани Нұрсұлтан Назарбаевтың саммитке қатысуы оның маңызын арттыра түсетінін айтты.
Сіздің бастамаларыңыз ислам әлемін жақындастыра түсу жолында аса маңызды және бұдан әрі ілгерілеуге мүмкіндіктер тудырады. Бізге оларды әрі қарай жүзеге асыру үшін жұмыс істеу қажет, – деді бас хатшы.
Сол сияқты, осы күні Елбасы Түркия Республикасының он бірінші Президенті Абдулла Гүлмен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Түркияның өзара іс-қимылының негізгі бағыттары, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі мейлінше өзекті мәселелер талқыланды.
Қазақ-түрік ынтымақтастығы жаңа бір кезеңге қадам басты деп айтуға болады. Ыстанбұлда өткен жоғары деңгейдегі кездесулер нәтижесі осыны айғақтайды.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан» –
Ыстанбұлдан (Түркия)
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ