Кеше Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Этносаралық қатынастар және этносаясат саласында жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижелері бойынша ұсынымдар әзірлеу технологиясы» тақырыбында әдістемелік семинар-тренинг өз жұмысын бастады.
Онда аталған зерттеу жұмыстарын әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік және кадрлық жағынан қамтамасыз етуді жетілдіру мәселелері сөз болды. Жиынды ашқан Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірәсілов осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған семинардың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ғылыми зерттеулердің міндеттері мен тәжірибелік нәтижелері талқыланатын мұндай басқосудың берері мол. Сондай-ақ, ол іс-шараның өтуіне Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті тікелей мұрындық болғанын жеткізді.
Өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов «Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу: міндеттердің қойылуы және жаңа шешімдер» тақырыбында баяндама жасап, ұлтаралық саясат және этносаралық қатынас мәселесінде ғылыми зерттеулердің бағыт-бағдары қандай болуы керектігіне тоқталды. Бұл жөнінде ол: «Қазірдің өзінде ұлтаралық саясатқа қатысты кейбір мәселелердің бар екені белгілі. Ондай жағдайларды ғылыми тұрғыда зерттеп, оңтайлы деген нәтижені тәжірибеге енгізуіміз керек. Осылайша кез келген түйткілді оң бағытта шешуге болады. Жалпы, ұлтаралық келісім мәселесінде өмірдің шындығын, нақты саясатты ескеру керек. Сондықтан, осы тақырыпта жазылған ғылыми жұмыста елді біріктіруші фактордың болуы тиіс», – деді.
Сонымен қатар, Е.Тоғжанов «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын тілге тиек етті. «Елдің бірлігі мен біртұтастығын нығайтатын ұстын ретінде «Мәңгілік Ел» идеясының маңызы зор. Себебі, тәуелсіздіктің тұғыры да, негізі де, бағыт-бағдары да осы идеямен тікелей байланысты. Сондықтан, Елбасының осыған қатысты берген нақты тапсырмаларын жүзеге асырып, оны халыққа түсіндіру жолында күш жұмсауымыз керек», – деген ҚХА Төрағасының орынбасары Жаңа Қазақстандық Патриотизмді қалыптастыруда бұл жұмыстардың рөлі ерекше екенін атап өтті.
Одан бөлек, семинарға қатысушы ғалымдар дәрістер мен тренингтер өткізу арқылы Елбасының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында еліміздің мемлекеттік этносаясатының жаңа міндеттерін түсіндіру, аталған саладағы зерттеу жұмыстарының басым бағыттарын айқындау, олардың қазіргі жай-күйіне талдау жасау мәселелері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, шара шеңберінде ғылыми зерттеу әдіснамасы, тәжірибелік ұсынымдарды әзірлеу, алынған теориялық білімді қолданысқа енгізу, полиэтностық қоғамдағы бірегейлік мәселелерін зерттеу, осы саладағы жаңа технологияларды меңгеру мәселелері қарастырылды.
Айта кетейік, семинар-тренинг бүгін аяқталады. Бағдарлама бойынша екінші күні зерттеуші ғалымдар «Этностық және діни бірегейлікті зерттеу факторларының ерекшеліктері» тақырыбында онлайн-дәріске қатысады. Сондай-ақ, бүгін «Этносаралық қатынас саласындағы зерттеу жобалары: тәжірибе және аралық нәтижелер» атты дөңгелек үстел өткізілмек.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан»