*Әлихан Бөкейхан – 150
Алаш қайраткері, Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының төрағасы, ұлт-азаттық күресінің саяси ұйымдастырушы-жетекшісі Әлихан Нұрмұхамедұлының арғы атасы Бөкейханды 14 жасында Абылайдың ақылшысы, даланың данагөй абызы Қазыбек би мен шекшек Нұралы би 1748 жылы Самарқанның билеушісі Көкжал Барақтан болашақта Орта жүзге хан сайлау үшін қаракесек еліне алып келген.
Осылайша қазақ жерінің жазиралы өңірі Қарқаралының құйқалы пұшпағы төре тұқымдарының құт-берекелі қонысы болған. Сарыарқада өмір сүрген Бөкейханды 1815 жылы Нұра бойында билердің қолдауымен хан сайлайды. Хан Бөкейден өрбіген ұрпақтары Тәуке, Рүстем, Ысмайылхан, Жамантай болыс, ал Құсбек аға сұлтан болып ел билеген. Тәттімбеттің «Бес төре» күйі осы Тәукенің бес баласына арналған.
Бөкейханның 5 әйелінен тоғыз ұл туған деседі. Соның бірі – Сұлтанғазы (шын аты – Ғазы). Сол дәуірде арғынның әрбір табының өздеріне тән төрелері болған екен. «Төресі бар елдің төбесі бар» деген сөз содан қалса керек. Әлтеке – Сарымның төресі атанған Сұлтанғазы оқыған, беделді, патша армиясының полковнигі шенін алып, әскери тұлғаға айналған, Қарқаралы өңіріне ықпалды адам болыпты. Сұлтанғазы Тоқырауын бойындағы бас Сарытеректі және бүгінгі Ақтоғай ауылы орналасқан Шатырша мен Жосалы аңғарын, осы жерлерге Сарытеректегі күміс теректер мен Ақтоғайдағы ақ қайыңдарды тұқымынан қолдан отырғыздырып, өзінің үлкен баласы Дайыр төреге еншіге берген деген аңызға айналған ақпар да сақталған ел аузында. Осы өңір байларының бірі болған сол Дайыр төренің зираты Тоқырауын өзенінің Жайдақ аталатын тұсында тұрғандығы да көнекөз қарттардан сабақталып жеткен дерек. Аудан орталығындағы ішкі істер бөлімінің бұрынғы кеңсесі Дайырдың балалары Мұхаметқали мен Кейкінің және немерелері Садық пен Қайдардың зираты болған. 1930 жылы аудан орталығы Дуаншиден Қарамойынға ауысып, сол жердегі Ақатай мен Құсайын төрелердің үйлерін «Қызыл үй» деп атап, аудан басшылығының орталық кеңсесі ретінде пайдаланғандығы, ал «Басшы» деп аталған Шатырша баурайындағы бүгінгі мекенге көшірілгенде төре ұрпақтарының бейіті НКВД-ның кеңсесіне айналғандығы тарихтың қасіретті таңбасы болып сақталған. Қазір ол жерде қуғын-сүргін құрбандары болып жазықсыз жазаланған ақтоғайлық 231 адамның рухына арналған азалы ескерткіш тақта орнатылған. Сол тақтадағы қара тасқа Әлекеңнің есімі де қашалып жазылған. Бөкейханның тоғыз ұлының бірі Батырдың үлкен баласы Рүстем Қарқаралы округіндегі Жалықпас деген елге болыс болған. Алайда 1830 жылдары орысқа қарамаймын деп болыстығын тастап, Алатау жаққа қоныс аударған. 1838 жылы Мерке мен Шудың арасындағы Қоскөл деген жерде Алаш ардақтысы Әлиханның әкесі Нұрмұхамед туған. Қорғаштының Қоскөлі деп аталатын бұл жер Керей мен Жәнібектің алғаш Қазақ хандығын құрып тарих таңбасына айналдырған әйгілі Қозыбасымен жапсарлас орналасқан. Сөйтіп, хандар әулетінің тағы бір ұрпағының кіндік қаны қазақ хандығының туын тіккен киелі топыраққа тамған деуге негіз бар.
Бөкейхан ұрпақтарының Қарқаралыдан Тоқырауынға келуінің де өзіндік себептері бар. Сарым елінің беделді, әділ, дуалы биі Шоңбай Балапанұлы Тоқырауын болыстығының сайлауында жеңіске жету үшін төре тұқымдарының үстемдіктеріне жүгінген. Яғни, болыс сайлауында төренің жаңа туған баласына дейін тас салатын мәртебесін пайдаланып, Тоқырауын болысының жетінші ауылына қарайтын Желтау, Жіңішке, Ақтұмсық пен Тоқырауын өзенінің төменгі арнасын, Қызыларайдың оңтүстік беткейінің шұрайлы жерлерін төрелердің ұрпақтарына мұралыққа тарту етіп, сыйлаған. Осылайша Тоқырауын бойына Рүстем мен Мырзатай 1858 жылы көшіп келіп қоныстанған.
«Тоқырауынның шығыс жағындағы алқаптағы табиғаттың өзі түгін тартса майы шығады дегендей шөбі шүйгін, аңғарлары толы бұлақ, жазығы түгілі тауының өзі жайылым, етегінде Жіңішке өзені аққан биіктігі 1169 мың метр Желтаудың батыс бетіндегі Қараүңгірге Батыр баласы Рүстем төре, теріскейіндегі Қаражалға інісі Мырзатай төре, осы екеуінің орта тұсындағы Беғазыға қараған Жекежалға кейіндеу Мырзатай баласы Нұрмұхамед қыстау салып қоныстанған. Бұл жер бертінге дейін Мұқан Нұрмұхамед қорасы деп аталып келген» деп жазған Қасымхан Қаленов ақсақал. Осы Жекежалдағы Мұқан қыстауында 1866 жылы Алаш қозғалысының қайраткері, тәуелсіздік күрескері, дария білімді ғұлама ғалым Әлихан дүние есігін ашқан. Әлекеңнің анасы Бекжан (Бегім) – тобықты Мамай батырдың інісі Дулаттың қызы.
Әлекеңнің туған жылы 1870 деп айтылып келген жаңсақ деректі өз қолымен Мәскеудегі Бутырка түрмесінде отырғанда толтырған анкетасындағы «1866 жылы 5 мартта туғанмын» деген жазуы ақиқатқа айналдырды.
Рүстем мен Мұқан Желтаудың Ақтұмсыққа қараған жазығының Тоқырауынмен шектесетін жағалауына өзеннен су шығарып егін салған. Бұл жерлердегі қолмен қазылған арықтар күні бүгінге дейін «Рүстемнің кәрі тоғаны» немесе «Төре тоғаны» деп аталып, сақталып қалған. Осы Ақтұмсықтың төменгі жағындағы аяқ Сарытерекке Мұқан төре әкесінің ағасы Рүстемге үй салып береді. Рүстем 84 жасында қайтыс болып, осы аяқ Сарытерекке жерленген деп Смақан төре дерек қалдырған. Әлекең жас кезінде осы Рүстем төренің тәрбиесінде болғанға ұқсайды.
Әлиханды әкесі Нұрмұхамед болашағынан зор үміт күтіп, 7 жасында Қарқаралыдағы ноғай Зариф молдаға мұсылманша оқуға берген. Алайда Әлекең діни оқуға құлықсыз болып, өз бетімен сондағы үш сатылы қазақ-орыс интернатына ауысып алады. Сонда оқып жүргенде Қарқаралыға келіп интернатқа бас сұққан генерал-губернатор Г.А.Колпаковский: «Омбымен Қарқаралы арасы 760 шақырым, осы екі араны жүріп өткенше мен мінген арбаның дөңгелегі қанша рет айналады?», – деп оқушыларға сұрақ қояды. Көп ойланбастан зерек Әлекең бәрінен бұрын дұрыс жауабын беріп, генерал-губернатордың назарына ілінеді. Соның нәтижесінде 1886 жылы 20-ға толған Әлекең Омбының техникалық училищесіне қабылданып, білімін жалғастырған.
Әлекең Қарқаралыда 7 жылдай оқыған дейді. Егер ол шындыққа жанасса, кейіпкеріміз Қарқаралыға 7 жасында емес сәл есейіп барған болуы мүмкін. Р.Каренов те Қарқаралыдағы үш сатылы мектепке 1879 жылы барған деп жазған. Ал Ө.Сұлтанов Әлекең Қарқаралыда үш кластық мектеп пен қалалық үш жылдық училищеде 1879 жылдың 16 қыркүйегінен 1886 жылдың 16 маусымына дейін оқыған деп көрсеткен. Әлекең жазғы демалыстарында ауылға келгенде төрт түліктің төлдерін бағуға айрықша ықылас танытады екен. Тоқырауында қозы бағып жүріп Әлекеңнің Жанбай балуанның бейітін, басына қойған жеті қарыс саптаяғын көргендігін Смекең еске салған. Жанбай балуанның зираты Тоқырауынның қазіргі Сәуле ауылының жоғарғы тұсында. Олай болса Мұқан төренің жазғы жайлауы аталас туысы Дайыр төренің қонысына дейін созылып, онымен жапсарлас болғанға ұқсайды. Әлекең балалық шағының өзінде туған жерінің тарихы мен табиғатын білуге айрықша құштарлық танытқан. 1848 жылы Арқадағы Қоянды жәрмеңкесі ашылғаннан кейін Ташкенттен шыққан саудагерлердің керуен жолы Балқаш көлінен асып, Әлихан туған Желтауды басып өтіп, Қарқаралыны қақ жарып Қояндыға жетіп, Омбыға барып тоқтаған. Сол кездегі адамдардың қажетіне айрықша қызмет жасаған бұл керуен жолында Әлихан Нұрмұхаммедұлы да талай ат құлағын қайшылатқан.
1894 жылдан бастап Батыс Сібір өлкесінің орталығы Омбыда педагогтық, шенеуніктік және журналистік қызметтер атқара жүріп, Әлекең ғылыми зерттеулермен шұғылданады. Әлеуметтік бағыттағы «Степной край» деген газетте мақалалары жарық көреді. Қыран құс қанша биікке көтерілсе де, көлеңкесі жерге түседі дегендей, Әлекең шалғайда жүрсе де, атамекенін ешқашан есінен шығармаған, оның айғағы Әлекеңнің алғашқы мақаласы Омбыда оқып жүрген 1889 жылы Қарқаралы уезінің өзі туған Тоқырауын, Қотан-Бұлақ және Батыс Балқаш болыстарындағы жер шаруашылығы туралы жазылғандығы.
1900 жылы Мәскеу Императорлық ауыл шаруашылығы қоғамының Омбыда ашылған бөлімшесіне мүше болып, оның жұмысына белсене араласады. Осы бөлімшенің 1903 жылы өткен кезекті мәжілісінде Қарқаралы уезіндегі Тоқырауын өзенінің сағасындағы егіншілікпен айналысатын қазақтарды жоңышқа тұқымдарымен тегін қамтамасыз етуді сұраған. Тағы да туған елінің тағдырына ара түскен. 1901 жылдың 1 сәуірінде Әлекеңнің әкесі Нұрмұхамед 62 жасында қайтыс болады. Бұл кезде Омбыда қызметте жүрген Әлихан жаз айында келіп, Жіңішке өзенінің жағасынан әкесінің мазарын тұрғыздыртады. Оны сол өңірдегі тарихи ескерткіштердің қатарына енгізілген 40-тан астам күмбезді зираттардың бірде-біреуіне ұқсаттырмай, алты қырлы етіп соқтырған. Осы Омбыда Сібірге қоныс аударғандардың ұрпағы, журналист Яков Севостьяновпен танысып, оның қызы Еленамен шаңырақ құрғысы келетіндігін анасы Бегім ханымға айтады. Анасы: «Қарағым, мойнында кресі бар келінімнің маңдайынан қалай сүйемін, маған көрсетпеші», деп жауап бергеніне қарағанда анасымен арадағы бұл әңгіме әкесі дүние салғаннан кейін болғанға ұқсайды. Сол 1901 жылы олар үйленеді. 1903 жылы жас отауда тұңғыштары Елизавета (Зейнеп) дүниеге келеді. 1903 жылы Әлекең Сібір теміржолы бойындағы Челябі мен Том қалалары аралығындағы С.П.Швецов жетекшілік жасаған экономикалық экспедицияға да экономист-статист ретінде қатысады. Бұл экспедицияның мақсаты осы өңірлерді мекендеген қазақтардың мал шаруашылығын экономикалық тұрғыда зерттеу болғандығы белгілі. Сәтімен аяқталған саяхат Әлекеңнің экономикалық көзқарасын қалыптастырып, «Далалық аймақтағы қой шаруашылығы атты» әйгілі монографиясын жазуға жол ашады. Осы екі экспедицияда да ол аса білімді сарапшы ретінде танылып, Қазақ даласында экономика ғылымының қалыптасуына негіз салып, бүгінгі күннің басты бағдарына айналып отырған ауыл кооперациясын құруды «Степной поселоктар» (аграрлық қалашықтар) ашуды сол кезеңнің өзінде басты проблема ретінде көрсетіп берген. Қазақ даласынан май өндіретін артельдер ашу туралы ұсыныстар жасаған.
1905 жылы үлкен үміт артқан орысша оқыған інісі Тәтіхан 25 жасында қайтыс болады. Сол жылы Әлекең әкесі жерленген Мұқанның зираты атанған мазарға Бразилияда өсетін сәмбі деген қарағаштың 2 тұқымын әкеліп отырғызады. Біреуін әкесіне, екіншісін бауыры Тәтіханға арнаса керек. Бұл төрелер қорымы кейіннен ел аузында «Талды бейіт» деген атауға ие болады. Әлекеңнің өзі мен кенже інісі Базылханнан басқа ата-аналары мен бауырлары осында жерленген. Бұл қорым жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштердің тізіміне енгізіліп, қорғауға алынған.
Арқа өңірінде ел билігіне араласып, беделімен тұғырлы тұлғаларға айналған 3 адам, Бекпенбеттің Ахметжаны, Талпақтың Ахметжаны, Сармантайдың Ахметжаны деген азаматтар өмір сүрген. Талпақтың Ахметжаны Алаш қозғалысына қатысқан. Сармантайдың Ахметжаны халық жауы болып жазаланған. Бекпенбеттің Ахметжаны 1905 жылы Әлекеңе күмістелген ертоқымды әбзелдерімен сыйға тартқан. Бұл ертоқымды Әлекең кейіннен Эрмитажға тапсырған деген дерек ел аузында сақталған.
Ұлы Абайдың өмірбаянын, ақындығын жазған да, Абай өлеңдерін жинақтап баспадан шығарттырған да, Абай өмірден өткенде «Семипалатинский листок» газетінде қазанама жариялаған да Әлекең болған. 1906 жылы Павлодар түрмесіне жабылғанда Әлекеңді тінтіп тәркілеген жандармдардың қолындағы портфелінде қалған Абай өлеңдерінің қолжазбасын түрме әкімшілігі бес мың рубльге бағалағандығы, оны Әлиханның өтініш жазып сұратып алғандығы, абақтыда отырып баспаға әзірлегендігі мәлім. 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Илья Бороганскийдің баспасынан шығартуға жетекшілік жасаған. Әлекең Самарада жүріп қазақтың азаттық күрескері Кенесарының серігі һәм батыр қолбасшыларының бірі болған өзінің жерлесі Ағыбай Қоңырбайұлы туралы «Қызыл қайрат тек тұрмас» деген кітапты 1914 жылы Қазақ баспасынан шығарттырған деген дерек те бар.
1917 жылдың 6-13 желтоқсанында Орынбор қаласында өткен II жалпы қазақ съезінде Алашорда ұлттық-территориялық автономиясы құрылды. Ұлттық автономия үкіметінің төрағасын сайлауды Әлекең балама кандидатуралар арқылы өткізуді жақтаған. Сөйтіп, ұсынылған үш адамның ішінен ең жоғарғы қолдауға ие болып, үкімет төрағалығына сайланған.
Бір ғажабы 15 адамнан тұратын Алашорда үкіметінің үш бірдей мүшесі (Ә.Бөкейхан, Ә.Ермеков, Ж.Ақбаев) осы біздің Ақтоғайдың төл перзенттері болуы Арқа елінің тектілігі мен топырағының қасиет тұнған киелілігінің айғағы шығар. 1917 жылдың ақпанынан кейінгі Қазан революциясы жаңадан құрылған автономиялық Алашорда үкіметіне Кеңес өкіметін толық мойындауды ұсынды. Алайда алаштықтар ұлттық демократиялық егемендік үшін күресе беру жолын таңдайды. Бұл азаттық күресі 1920 жылдын 5 наурызында Кирревкомның қаулысымен Алашорданың біржолата таратылуымен тынды. 1918 жылдың 27 қыркүйегінде Әлекеңнің анасы Бегім ханым қайтыс болды. Әлекең анасын жерлеуге қатыса алмады.
1917-1920 жылдары Әлекең Семейде болғанда Тоқырауын болысының тумалары Бажай мен Рамазан Әлекеңнің атқосшысы болған. 1921 жылы жан жары Елена Семейде қаза болғаннан кейін Әлекең туған жері Желтауға келіп, 1922 жылдың күзіне дейін сонда болған. Әлекеңді Семейден қос ат жеккен күймелі арбамен Бажай Жақыпов алып келгенде, Жіңішке өзенінің жағасындағы көгалға шымқай ақ жеті киіз үй тігіліпті. Ортадағы алты қанат ақ үй Әлекеңнің жан-жақтан сәлемдесуге келген ел ағаларын, ру ақсақалдарын қабылдайтын төрелік орны болған. Қазақтың қанатты сөздеріндегі: «Төрде тұрған бесікке, төре де басын иеді», дегендей, Әлекең кездесулерден қолы босаған уақыттарында ауыл балаларын күрестіріп, асық атқызып, тіпті қаланың городки деген ойынын үйретеді екен. Жекежал қыстағының Желтауға жалғасқан аңғарындағы мұзжарғыш алып кеменің тұмсығына ұқсаған құз-жақпар «қарауыл қаратастың» төбесіне шығып, кең жазиралы алқапқа, алыстан мұнартқан Ақсораң мен Бегазыға көз салып, терең ойға шомып жалғыз отыратын сәттері көп болған. 1922 жылдың күзінде (қазан айы болуы керек) Қарқаралы уезінің НКВД бастығы Тәкіш Бекбасов жанындағы үш милициясымен Желтауға келіп, Әлекеңе өкіметтің шақырып жатқанын хабарлаған. Жағдайдың күрделенгендігін әріден сезген Әлекең елдің игі жақсыларын, ауыл ақсақалдарын және өз туғандарын жинаттырып, төніп келе жатқан қауіп-қатерден, аумалы-төкпелі кезеңдерден сақтанудың амалдарын айтып, болашақта не істеу керектігін дүйім жұрттың назарына салады.Әлекеңнің ақыл-кеңестерін бірден қабыл алған бауырлары Тоқырауын өзенінің бойына егін егіп, өзен арнасына су диірмен орнатуды, Жекежалдағы Әзіханның 2 бөлмелі үйінен мектеп ашуды, тіпті Қарқаралыдан тауар әкеліп сауда-саттықпен, ұсталықпен және кәсіпкерлікпен шұғылдануды қолға ала бастаған. Әзіхан ашқан ол мектепте алғашқыда Орта Азия мемлекеттік университетінде оқитын студент Райымжан сабақ берген. Бұл мектеп кейіннен асты тақтайланған Қасымның үйіне көшіріліп, «Қасым мектебі» болып аталған. Жаңадан ашылған бұл оқу орнына Қарқаралы уезіне қарасты Қотан-Бұлақ болысының білімдар азаматы Бижанның Хасені өзінің бұрыннан ашылған мектебінен оқу құралдары мен оқулықтар бергізген. Бұл мектеп 1939 жылға дейін бала оқытқан.Оны бітірген Мүсілім Құлымжанов мен Қабыкей Баймағанбетов кейіннен мұғалім болып, сабақ берген. Смақан төре Тоқырауын жағасынан май зауытын ашқан, ол 1925-1930 жылдар аралығында жұмыс істеп тұрған. Ал Базылхан тері өңдеу цехын іске қосып, оған пайдалану үшін Бегазы тауының етегінен (Монша деген жердегі) утас (известь) өндіретін тас пеш салған. Қасымхан ағаштан есік, терезе жасайтын шағын шеберхана ашып, кооператив құрған. Әлихан өзінің туған жеріне ең соңғы рет 1925 жылы келгенде сол өңірде аграрлық кешендердің жұмыс істей бастағандығын өз көзімен көріп, жерлестеріне тағы да бағыт-бағдар беріп кеткен. Әлекеңнің көрегендігі арқасында нарықтық қатынастарға бейімделген бұл шұғыл бетбұрыстар 1928 жылғы кеңестік тәркілеуге дейін жалғасты. Одан кейінгі аласапыран, алмағайып заман Әлекеңнің бауырларын да қуғын-сүргінді зобалаңдарға ұшыратқан. Кооператив ашқан немере інісі Қасымхан Алматы маңында қайтыс болған. Кәсіпкерлікпен шұғылданған ең кенже інісі Базылхан Новокузнецкіге жер аударылып, сол жақта опат болған. Ортаншы інісі Смақан 1933-1953 жылға дейін Алматы жақта бой тасалаған. 1967 жылы 86 жасында қайтыс болған. Ал Әлекеңнің өзіне тете інісі Әзіханды қызылдар билігі түңлік иесісің деп ешқайда жібермей ұстаған. Ол 1932 жылы өзінің қыстауы Жекежалда дүниеден озған.
Әлихан Нұрмұхаммедұлының туған жеріне жасаған айрықша бір еңбегі – 1928 жылы Петербургте жүргенінде болашақ ғұлама ғалым Әлкей Марғұланды өз тәрбиесіне алғандығы. Әлекеңнің қыстауы Жекежалдан қозыкөш жерде әйгілі қола дәуірінің Бегазы қорымы жатыр. Өзі туып-өскен Жіңішке өзенінің сол жағалауынан басталып, Қарқаралының Аппаз төре мекеніне дейін созылып жатқан 40-тан астам түркі дәуірінің мүсін тастары бар. Әлекеңнің бұларды білмеуі мүмкін емес. Тіпті, Әлекеңнің атамекені болған Желтаудың өн бойындағы 500-ден астам қола дәуірінің таңбалы тастарын да Әлекеңнің көріп, зердесінде сақтағаны анық. Ендеше, балалық шағынан бастап-ақ тарихи ескерткіштерге зейіні ауған зердесі терең Әлекең өзі туған өлкенің археологиялық ескерткіштерін зерттеу туралы өзінің шәкірті Әлкей Марғұланға жан-жақты мағұлматтар беруі ғажап емес. Соның нәтижесінде Әлкейдің жетекшілігімен 1947 жылдары ОҚАЭ-ның ең алғашқы зерттеулерін Желтаумен жапсарлас Бегазыдан бастауына Әлиханның да бағыт-бағдар беріп ақыл-кеңес айтқандығы көңілге сенім ұялатады. Өкініштісі сол, Ә.Марғұлан Әлихан ақталғанға жетпей, жақ ашпастан өмірден өтіп кетті.
Тағы бір дерек, Әлкей Марғұлан Арқадағы Бегазыны зерттеп жүрген 1953-1967 жылдары Балқаш қаласында тұрған Әлиханның туған інісі Смақан төремен өте тығыз байланыста болған. Смақан төре дүниеден озғанда жерлеуіне 2000 сом қаржылай көмек жібергендігін қарт зейнеткер Қайырбек Байсеркин айғақтайды. Ақтоғайлықтар Алаштың біртуар тұлғалары Әлиханның, Жақып пен Әлімханның ұлы рухтарын құрметтеп 1992 жылы республика бойынша ең алғаш болып әйгілі ғалымдар Кеңес Нұрпейісовтің, Тұрсынбек Кәкішевтің, Мұхтар Құл-Мұхаммедтің, жазушы Жайық Бектұровтың қатысуымен ғылыми-танымдық конференция өткізіп, өлгенде шығарылмаған жаназа намазының сауабы үшін Әлекеңнің рухына бағыштап құран оқытып, ас берді. Осы тарихи шараның үстінде аудан орталығындағы Максим Горький атындағы орта мектепке Әлихан Бөкейхан есімі беріліп, Ақтоғай ауылындағы Ленин даңғылы Әлихан Бөкейхан даңғылы болып өзгертілді. Бұл игі шараға арнайы Мәскеуден шақырылған Әлекеңнің немересі Евгенийге ақтоғайлық жерлестері ақбоз ат мінгізді. 1998 жылы пролетариат көсемі В.И.Ленин ескерткішінің орнына Алаштың үш арысы Әлихан, Жақып, Әлімханға аудан әкімі Төлеужан Ахметбековтің бастамасымен зәулім ескерткіш орнатылды.
2013 жылы аудан әкімі Салтанат Әбеуованың ұсынысымен, археолог ғалым Арман Бейсеновтің қатысуымен Әлекеңнің Жекежалдағы қыстауының орны топырақтан аршылып, іргетасы ретке келтірілді. Ендігі мақсат Әлекеңнің қыстауындағы үйін, өзі ашқызған мектепті аудан жастарының бастамасымен қалпына келтіру болып отыр.
Біздің Ақтоғай – осындай дүниежүзін тәуелсіздік үшін күресудің соғыссыз саяси жолдарымен мойындатқан ғасыр қазағының туған жері, атамекені. Әлемде Әлихан Нұрмұхамедұлының саяси күрескерлігін, дария білімді ғалымдығын мойындаған, бағалаған саяси қозғалыстар да, қоғамдық ұйымдар да өте көп. Әлекеңнің есімі берілетін ғимараттар мен мекенжайлар да мол болары анық. Алайда, қазақтың Әлиханының туған жері біреу-ақ, ол – Арқадағы Ақтоғай.
Тұңғышбай МҰҚАН,
халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтоғай аудандық
бөлімшесінің төрағасы, өлкетанушы
Қарағанды облысы