Жақында Швеция мен Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі, «Kazakh Invest» акционерлік қоғамы, «АстраЗенека» биофармацевтикалық компаниясы мен «Roche» өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді. Қонақтар инновациялық препараттар, инвестиция тақырыбын қаузады. Спикерлер шетелден инвестиция тарту мен жергілікті фармацевтика саласын одан әрі дамытуда зияткерлік меншік құқықтарын қатаң сақтаудың маңызын айтты. «АстраЗенека» компаниясы отандық алаңдарда келісімшарттық өндіріске трансұлттық фармацевтикалық компанияларды тарту жөніндегі инвестициялық жобаның аралық нәтижелерін ұсынды. Аталған компанияның басшылығы келер жылы елдегі келісімшарттық өндіріске 7 млрд теңге көлемінде инвестиция салу жоспарлағанын растады. Баспасөз мәслихатында Швецияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ева Пулано, Ұлыбритания елшілігінің Сауда және инвестициялар мәселелері жөніндегі директоры Бэт Маккендрик, «Kazakh Invest» АҚ жобаларының жетекшісі Динара Исабекова, «АстраЗенека» компаниясының директоры Мария Шипулева баяндама жасады.
Швеция елшісі Ева Пулано медицина саласындағы ынтымақтастық туралы әңгімеледі. Биыл маусым айында екі елдің медициналық қоғамдастығы арасында тәжірибе алмасу мақсатында елімізде денсаулық сақтау жөніндегі Швед альянсы ашылғанын хабарлады. Ал Ұлыбритания елшілігінің Сауда және инвестициялар мәселелері жөніндегі директоры Бэт Маккендрик ел аумағындағы инновациялық фармацевтикалық өнімді келісімшарт негізінде өндіру жөніндегі «АстраЗенека» жобасы еліміз бен Ұлыбритания арасындағы инвестициялық қатынастарды айқын суреттейтінін атап өтті. Ұлыбритания – елдегі ең ірі инвесторлардың бірі. Осы ынтымақтастықты іске асыру шеңберінде 2022 жылы 7 ақпанда Лондонда Денсаулық сақтау министрлігі мен «АстраЗенека» арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған. Ал биыл Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновпен бірге Үкімет жанындағы инвестициялық штабтың бақылауындағы инвестициялық жобаға қол қою рәсіміне қатысты. Елде фармацевтикалық өнімдерді келісімшарт негізінде өндіру жөніндегі инвестициялық жоба 2020 жылдың қазан айында басталды. Сол кезде Үкімет фармацевтика мен медицина өнеркәсібін дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіткен еді.
Конференцияда «Kazakh Invest» акционерлік қоғамының жобалар жөніндегі жетекшісі Динара Исабекова елдің фармацевтика саласын дамытудағы стратегиясын, инвесторларды қолдау бағытындағы жұмыстың ретін баяндады.
«Әлемде фармацевтика нарығының өсуіне байланысты еліміз алпауыт фармацевтикалық компаниялардың сенімді серіктесі болуға ұмтылады. Бұл ретте Сыртқы істер министрлігінің ірі жобаларды үйлестіруге ықпалдасып келе жатқанын атап өткіміз келеді. Біз алпауыт фармацевтика компанияларынан жаңа нарыққа келіп, нөлден бастап толық циклді үлкен зауыт салуды талап етсек, олар қызыға қоймайтынын білеміз. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, мұндай компаниялар жаңа нарыққа келісімшарт негізінде өндірісті дамыту жобаларымен кіреді. Бұл – шетелдік компаниялармен ұзақмерзімді шарт жасауға кепіл болады. Әрі компанияның бірте-бірте кеңеюіне, өндірістік қуатын арттыруға жол ашады. Бұл бағытта еліміздің ұзақ жыл бойы іске асырып келе жатқан жобалары жемісін беріп отыр. Ірі фармацевтикалық компаниялар еліміздің нарығына енді. Олар тек дәрі-дәрмекті тасымалдаушы болып қана қоймай, отандық өндірістің болашағы ретінде орнын бекітіп жатыр. Біз мұндай ірі жобалардың жүзеге асуына барынша ықпал етіп, жобаны үйлестіру барысында туындаған мәселелерді реттеуге көңіл бөлеміз», деді «Kazakh Invest» АҚ жобалар жөніндегі жетекшісі.
Д.Исабекова «Pfizer», «Roche», «АстраЗенека» қатарына кіретін әлемдегі алып үш фармацевтикалық компания серіктестік жөнінде келісімге қол қойғанын хабарлады. Келешекте еліміздің Орталық Азиядағы фармацевтикалық өндірістің орталығына айналуға ұмтылатынын айтты.
«АстраЗенека» компаниясының елдегі басшысы Мария Шипулева келісімшарттық өндірісті дамытуға елге 7 миллиард теңгеден астам инвестиция салу көзделгенін жеткізді.
«Біз Қазақстанда төрт препараттың өндірісін оқшаулауды жоспарлап отырмыз. Ең алдымен созылмалы бүйрек ауруын, жүрек жеткіліксіздігін, екінші типті қант диабетін емдеуге арналған дапаглифлозин инновациялық препаратын шығарамыз. Бұл препарат «Нобель Алматы фармацевтикалық фабрикасының» базасында өндіріледі. Бүгінде осы алаңда аудит жүргізілді. Қажетті жабдықтар сатып алынды. Жаңа жұмыс орындары ашылды. 2025 жылы ел нарығына түпнұсқа препараттың бірінші партиясын жеткізу мақсатында өндірісті жақын арада іске қосуды жоспарлап отырмыз. Одан әрі жоспарымызда онкологиялық ауруларды емдеуге арналған үш препарат өндірісін бастау міндеті тұр. Осылайша, біздің компания елімізде келісімшарттық өндірісті дамытуға 7 миллиард теңгеден астам инвестиция салады», деді М.Шипулева.
Баспасөз мәслихатына қатысушылар Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімді қолдаған барлық елге «Зияткерлік меншік туралы» заңды сақтаудың маңыздылығы туралы түсініктеме берді. Себебі дәл осы зияткерлік меншік құқығы инвесторларды тартудың негізгі шарттарының бірі саналады.