15 Сәуір, 2016

Ұйып отырмыз

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_0183Жетісу жерінде 6,5 мыңнан астам чешен-ингуш тұрамыз. Құдайға шүкір, жергілікті халықпен бірлесе еңбек етіп, ынтымағымыз жарасып, сүттей ұйып отырған жағдайымыз бар. 2005 жылдан бастап чешен-ингуш этномәдени бірлестігі Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Достық үйі Қоғамдық келісім орталығы» мекемесімен тығыз қарым-қатынас орна­тып, былтыр «Қайырымдылық керуені» және «Қазақстан халқы Ассамблеясының – 20 ізгі ісі» эстафетасы аясында түрлі мейірімділік шараларын өткіздік. Нақтылай түссем, Талдықорған қала­сындағы «Қамқор» мүгедек балалар үйіне көмек көрсеттік. Балалардың қуанышында шек болмады. Мейірімділіктің не екенін әрбір бала жанарымен ұғындырып та тұрды. Бүгінгі таңда балалар үйінде 4-18 жас аралығындағы ақыл-есі кем 135 мүгедек бала тұрады. Оларды уақтылы емдеп, денсаулықтарын күтіп, сақтауға мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетілген. Балалар үйінде тәрбиеленушілердің бейім­діліктеріне орай аяқ киім жөндеу шебер­ханасына, қысқы бақ жылыжайына жұмысқа тартып, еңбекке араластырылуы қуанарлық жайт. Шыны керек, сол жұмысты жан-тән­дерімен беріле атқарып жүрген балалар қимылынан ерекше бір ширақтық бай­қалады. Балалар үйіне жасаған игі шара­ның тамаша бір концерт қойып берді. Ән салып, би билеп, өз таланттарын ашуға тал­пынғандары қалай жақсы. Балаларды біздің «Вайнах» ансамблінің сүйемелдеуімен бірге чешен тілінде бір­неше ән де орындап берді. Концерт соңын­да балаларға арнап асханада «Тәтті тағам» атты мерекелік дастарқан ұйым­дастырдық. Сонымен қатар, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласының орта мектебіне 45 000 теңге қаражатқа керекті кітаптар мен сыйлық­тар табысталды. Облысымыздың мұқтаж отбасыларындағы балаларға 300 000 теңгенің сыйлықтары да берілді. Ұлы Отан соғысының ардагері Ш.Исмаиловқа арнайы сыйлықтар, азық-түліктерімен себет тапсырылды. Этномәдени бірлестік қатерлі ісікке шалдыққан Кербұлақ және Сарқан аудандарының азаматтарына қаржылай көмек берді. Қорыта айтқанда, осы аптада «Қайы­рымдылық керуені» аясында жыл бойы атқарған жұмысымыздың нәтижесі түйінделді. Асият ИБРАГИМОВА, Алматы облыстық «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары ТАЛДЫҚОРҒАН