Науқастың алғысынан менің қуанышым басым
– дейді анестезиолог-реаниматолог дәрігер Ирина ШАПКО
Ол өз мамандығын ақжал толқынды теңіздегі кеменің жауапкершілік, білімділік, біліктілік, тәжірибелілік, сенімділік, тіпті, желдің бағытын тамыршыдай дөп басатын ішкі түйсіктің күштілігі секілді алуан да алуан қасиет пен алапат сезімдер бір басынан табылатын капитанына теңейді. Облыстық аурухананың анестезиология және реаниматология бөлімшесінде күн, сағат сайын өмір үшін майдан жүріп жатады. Дәрігерлердің шалт қимылы мен көзді ашып-жұмғанша қабылдайтын шешімі, оның дәлдікпен машықты орындалуы әр науқастың мына дүниеде қалу-қалмауының негізі болып табылады. Дәрігерге қателесуге болмайды. Қателеспес үшін қаншама білім, тәжірибе, осы іске деген ынта-ықылас, төзімділік керек екенін анестезиолог-реаниматолог мамандығының ыстық-суығын 26 жыл бойы көріп келе жатқан Ирина Павловна Шапко біледі. – Жан сақтау бөліміне адамдар әртүрлі жағдаймен түседі. Кейде сол адамның тағдырына жазылып тұрған оқыс жағдайлардан болған ауыр жарақат, улану, өзге аурулардың асқынуы кезінде дәрігерлер жаңа технологияларды, дәрі-дәрмектерді білімділікпен қолданғанмен ажал, шіркін, дес бермейді. Ондайда дәрігердің ішкі жан дүниесінің күйзелісін түсіну, сезіну оңай емес. Ауыр халде түсетін ауруларды ажалдан арашалап, олар үшін өмірдің үміт отын жағып қойғаныңда қалай қуанбайсың? Мұндай сәттер бізді рухтандырады, күш береді. Есін жиған науқастың алғыс сезімінен де біздің қуанышымыз басым түсіп жатады, – дейді Ирина Павловна. Ол жалпы медицинаның қай саласындағы да дәрігерлердің еңбегін жоғары бағалайды. Әдетте, медицинаның өзге саласындағы терапевт, кардиолог, окулист, эндокринолог секілді барлық дәрігер науқаспен тілдеседі, оны тыңдайды, диагнозын қойып, тиісті емін белгілейді. Бұл жұмыс дәрігердің де, науқастың да көп дегенде жарты сағаттық уақытын алуы ықтимал. Ал, анестезиология-реаниматология бөлімшесіне түскен аурулар негізінен есін білмейді, өмір мен өлімнің арасында жатқан адаммен тілдесу мүмкін емес. Науқасты дәрігерлер командасының бір шешімі әрі, бір шешімі бері етуі мүмкін. Дұрыс шешім қабылдау үшін дәрігерлер командасы қаншалықты білімді, білікті болуы керек екені тағы белгілі. Осындай арпалысқан жұмыстың арасында аудандардан, алыс ауылдардан жедел жәрдем керек еткен дабылдар да түсіп жатады. Ондайда кезегімен Ирина Павловна да жеңіл көлікке немесе тікұшаққа отырып, шұғыл аттанады. Ирина Павловнаның 26 жылда бір рет те қателесіп, аузын арандай ашып тұратын ажалдан жеңіліс тапқан сәті болмапты. Мұны ол өзінің ғана емес, жансақтау бөлімшесі дәрігерлер командасының маңдай тері, өзін осы салаға үйреткен, баулыған ұстаздарының арқасы деп түсінеді. Бөлімшедегі аға буын анестезиолог-реаниматолог дәрігерлердің барлығы да институтты «қызыл» дипломмен бітірген, барлығының дерлік ғылыми дәрежесі бар. Өзі осы кезге дейін 25 ғылыми мақала жазды, өткен жылы Екатеринбург қаласына барып, біліктілігін тағы да көтеріп келді. Жансақтау бөліміндегі аса ауыр науқастарды «тамақтандыру» технологиясын енгізуге мұрындық болды. Мұны облыстың бас анестезиолог-реаниматолог дәрігері Юрий Моисеев бастаған әріптестері құп алды, нәтижесі де жаман емес. Бірде ол жұмыстан кейін дүкенге барды. Көпшіліктің ішінде жас әйелдің көйлек таңдап жатқан сәтін сырттай бақылап тұрды, бірақ бар назары әйелде емес, көйлекте болатын. Кенет мұны байқаған әйел оған жалт қарады да, «Сіздің атыңыз Ирина Павловна емес пе?» деп сұрады. – Өзінің айтуымен мен де оны есіме түсірдім. Осыдан 12 жыл бұрын есіктің алдында тұрған газ балоны жарылып, үсті-басы, бетінің сау тамтығы қалмай күйіп қалған әйел ауыр халде түскен болатын. Бет терісі тұтас күйгенмен жарақат онша тереңдемеген, сондықтан, оны жақсы емдесе барлығы да дұрысталатынын білгенбіз. Бірақ уыздай жас келіншек өзінің бетін көргенде өмірден түңілді, тіпті, жарық дүниемен қоштасқысы келетінін де айтып жатты. Беті бері қарағаннан кейін оған психологиялық көмек көрсеттім. Осының барлығы да келіншектің өмірге құштарлығын, төзімділігін қайта оятқан болуы керек, көрген бейнетін ұмыта бастапты. Бетінде тыртық та қалмаған. Әрине, оның айтқан алғысы менің де жанымды жадыратты, – дейді Ирина Павловна. Ал, операция кезінде анестезиологтар театрдағы перденің сыртында қалатын режиссер секілді. Науқас хирургті көреді. Бірақ анестезиологсыз операция жасалмайды, реаниматологтар ауруды сын сағаттардан, минуттардан аман алып шығады. Жан сақтау бөліміндегі жұмыстың нәтижесі дәрігерлердің білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты. Өйткені, анестезиолог пен реаниматологтің медицинаның барлық саласынан қордалы білімі болуы тиіс. Бұл саланың ерекшелігі де, қиындығы да осы. Қарағанды институтының емдеу факультетін үздік бітіріп, терапевт дәрігер болып, туған қаласы Қостанайға оралған жас Иринаны облыстық ауруханадағы алдыңғы буын дәрігерлер бірден осы жансақтау бөліміне алып қалды. – Анестезиолог-реаниматолог боламын деп ойламаған едім. Бірақ ұстаздарыма қарсылық та көрсеткен жоқпын, жұмыстың жауапкершілігіне төздім. Мен де Гиппократқа берген антты аса жоғары сезінетін буыннан едім, ауыр ауруларды тастап кету күнәмен бірдей болатын. Әр науқасты ажалдан аман алып қалып, емдеу палатасына ауыстырғанда ерекше қанағаттанғандық сезімді бастан кешемін. Дәрігер бақыты осы шығар деп ойлаймын, – дейді Ирина Павловна әңгімесін жалғай түсіп. Ол көп жылдардан бері Қостанай қаласындағы медицина колледжінде студенттерге дәріс оқиды. Ұстаздықты өзінің жұмысынан тыс жақсы көретін ісіне санайды. Медицинадағы ұрпақ байланысының үзілмеуін ойлайды. – Біз америкалық, еуропалық технологияға ұмтыламыз. Сөз жоқ, оларда техникалық жағынан озық үрдістер бар. Бірақ біздің медицинадағы дәстүр болып қалыптасқан құндылықтарды жеткілікті бағалауға тиіспіз. Ол, ең алдымен, дәрігердің науқасқа адамгершілікпен, мейірімділікпен қарауы дер едім. Уақыт барлығын да өзгертеді, әдет-ғұрып, технологиялар, хаттамалар, дәрі-дәрмек те өзгереді, жетілдіріледі. Өзгермейтін үш нәрсе бар. Дәрігердің ішкі білім байлығы, мейірімді жүрегі және алдына келген науқас ғасырдан ғасырға жылжи береді, – дегенде жоғары білікті дәрігер Ирина Шапконың жүзінен бір кемелдік, зиялылық байқалып тұрды. Сөзіне ісі сай. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ