Соғыс өрті тұтанбаса екен
Соғыс. Құлаққа түрпідей тиетін атың қандай жаман еді сенің. Талайдың өмірін қиятын, талайды бауыры мен жақын-жуығынан мәңгіге ажырататын тажалсың ғой сен, атың өшкір соғыс. Сенің зардабыңды талайлар бастан өткерді. Өкініші мен өксігі жүректен мәңгі өшпейтінін талайлар жақсы біледі. Әлем әлі де соғыс өртіне шарпылып тұр. Әлем жұрты соғыс өрті ешқашан тұтанбағанын қалайды. Алайда, Нұрсұлтан Назарбаевтай соғыссыз әлемнің қажеттігін көтеріп жүрген саясаткерлер де, мемлекет басшылары да кездесе бермейді. Тіпті, әлемдік саясат сахнасында жүрген кейбір тұлғалар адамзаттың бейбіт өмірі үшін бас қатырмайтындай көрінеді. Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте ХХІ ғасырдың тыныштығын тілеген, бүгінгі қақтығыстар мен жанжалдардың, экономикалық санкциялардың көбеюі әлемдегі бейбіт өмірдің сиығын кетіретінін айтқан Нұрсұлтан Назарбаев баршаны ойлануға шақырды. Әрине, келешек ұрпақтың үрей мен қорқынышқа бой алдырмай, бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуді мықтап ойлауға шақырды. Шындығында, адам өміріне қауіп-қатер тудыратын жауыздықтың бәрі де қара ниеттілердің қолдауымен жасалады ғой. Әйтпесе, теріс ағымдағы діни секталар да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай бой көтермес еді. Адамдар бір-біріне жауықпас еді. Тіпті, желкілдеген жастар туған елін, отбасы мен ата-анасын, бауырларын тастап, қасиетсіз соғыс ісіне араласпаған болар еді. Көп жылдар бойы айрандай ұйыған Араб әлеміндегі кей елдер іші ала тайдай бүлінбес еді. Сол елдердегі бейбіт тұрғындар жат жерге босқын боп үдере жөңкілмеген болар еді. Тілін де, дінін де түсінбейтін өзге ұлттың мүсіркеуіне ұшырамаған болар еді. Апыр-ай, осының бәрін ой елегінен өткізгенде, әлемдегі тыныштыққа іріткі салып, халықтарды бір-бірімен қырқыстырып қойғандар қандай ұшпаққа шығар екен дейсің. Дүние дидарын алатопалаң қылған қара ниеттілер Алланың қаһарына ұшырайтынын білмегені ме сонда? Білсе де осындай опасыз тірлікке қалайша қадам жасайды? Өздерін қойшы, соңынан ерген ұрпағының болашағын ойламайтын неғылған қаныпезерлер еді бұлар? Өзгенің бейбіт өміріне қол сұғып, талай жанды еңіреткен, талай жанды қыршынынан қиғандар қалайша жер басып жүреді? Сананы сан-саққа жүгірткен, жауабы қиын осындай сауалдар бейбітшілікті сүйетін, өзгеге болсын дегеннен басқаны тілемейтін адал жандардың бәрін ойлантады. Біздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жер шарын мекен еткен барша халықтың мамыра-жай тірлік кешкенін, әлем аспанын қара түнек торламағанын қалайды. Өзінің ақ-адал ниетін әлемдік саммит мінберінен жария етті. Планетадағы барлық елдерге, барлық халықтарға тек жақсылық тілеп, соғыссыз әлем құрып, тіні бұзылмас тыныштықтың орнауы үшін алаңдаған Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын жаһан жұрты қолдайтынына сенімім шексіз. Иә, соғыс өрті ешқашан тұтанбаса екен. Әлем елдері арасында тек бірлік пен ынтымақ орнаса екен. Нұрым ЕРҒАЛИЕВ, Махамбет аудандық мәслихатының депутаты Атырау облысы, Махамбет ауданыБолашақты қорғаудың оң шешімі
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммит жұмысына қатысуы барысында ядросыз әлемді сақтау бойынша жаһандық стратегиясын ұсынды. Еуразия құрлығындағы аса жылдам дамып келе жатқан мемлекеттердің бірінің басшысы ретінде ол тек өз халқы үшін ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлемдегі тұрақсыздық туралы толғанатынын айқын аңғартты. «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі жағдайға нақты талдау жасап қана қоймай, әлемдік қоғамдастыққа бүкіл планетаны демилитаризациялау стратегиясын көлденең тартты. Мемлекет басшысы тарапынан ұсынылған бұл бағдарламалық құжат Елбасын әлемдік ауқымдағы саясаткер деп атауға болатынын тағы бір мәрте анық көрсетіп отыр. Әлемдік қоғамдастық Қазақстан басшысының бүкіл дүниенің қауіпсіздігі үшін шын мәнінде алаңдайтынын тек естіп қана қоймай, дұрыс қабылдады деуіміз керек. Сондықтан да манифеске БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты деген мәртебе берілді. Қазақстан ядролық қарудан алғашқы болып бас тартқан ел және 1991 жылдан бастап көптеген жылдар бойы бүкіл адамзатқа ядросыз саясат жүргізу бүкіл дүниежүзінде тұрақтылықты сақтаудың ең дұрыс жолы болып табылатынын дәлелдеп келеді. Бүкіл дүниежүзінде бейбітшілік орнату ісі бір күннің ғана шаруасы емес екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, Қазақстан Президенті өзінің манифесінде БҰҰ туы астында мемлекеттердің Бейбітшілік, тұрақтылық, сенім және қауіпсіздік деп аталатын жаһандық коалициясын құруды ұсынды. Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы ретінде жеке өз басым үшін Отанымыздың болашағы мәселесі қашанда көкейкесті мәселе болып табылады. Себебі, бізге, жас ұрпаққа бейбітшілікті, бірлік пен тұрақтылықты сақтау үшін өмір сүріп, жұмыс істеуге тура келеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттер әлемдік саясатта үлкен маңызға ие екені айтпаса да түсінікті. Халықаралық қоғамдастыққа бүкіл әлемде ядросыз әлем құру туралы үндеудің дәл біздің елімізден жарияланып келе жатқаны үшін кеудемді әркез мақтаныш сезімі билейді. Асхат ОРАЛОВ, қалалық мәслихаттың депутаты, Астана қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Астана