21 Қаңтар, 2011

Дүбірге толы дүние

445 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ҚАУҒА ТИГЕН ОТТАЙ ЛАП ЕТТІ Алыстағы Африка құрлығындағы Тунистегі жағ­дай соңғы біраз уақыттан бері әлемдегі ең маңызды оқиғаға айналды. Телеарналар хабарларын содан бастап қана қоймай, негізінен соған арнап жатты. Кө­шеге көтеріліп шыққан халық, оған қарсы жазалау әрекеттері, ұрып-соғу, атыс-жарылыстар, өртенген үй-жай... күн сайын қайталанды. Жұрт революциялық от-жалынға оранған елді көрді. Бұл елде бір ұшқын тисе, лап етуге шақ тұр­ған қаудай, мұн­­да ішкі қай­шы­лықтар ши­ыр­шық атып, әб­ден пісіп-жетілген еді. Ондай шыр­пы да жа­ғылды. Университетте оқып, дип­лом алған Мұхаммед Буазизи деген жас жігіт жұмыс таппай біраз жүреді де, ақыры базардан көкөніс сатушы­лық­қа орнала­сады. Бірақ, көп ұза­май одан да қуылады. Сонда ол шағым айтып, әкімдікке бар­са, онда­ғы бір әйел оны тың­дау ор­нына, шапалақтап қарсы ала­ды. Бұған шыда­ма­ған Мұхам­мед үстіне бензин құйып, шырпы тұтатады да өзіне от қояды. Арада үш апта салып жігіт ауруханада қайтыс болады. Бұл қауға тиген шырпы еді. Дәл осындай жағдай талай жас­тың басында бар. Сол жастар мұны өз тағдырындай кө­ріп, көшеге шықты. Оған жұ­мыссыз жүргендер, азық-түлік өнімдері бағасының күн санап өсуінен қиналған бұқара ха­лық қосылды. Алдымен олар бағаны төмендетуді, жұмыс ор­нын ашуды, жемқорлықты ау­ыздықтауды талап етсе, он­ың аяғы саяси талапқа ұласты. Ал­дымен елде 20 жылдан астам билік құрған «Бен Әли кетсін» деген ұран тасталса, ақы­рында «Бен Әлиге өлім келсін!» деген ұрандар белең алды. Жұрт қазір Ту­нистегі жағ­дайды Қыр­ғыз­с­тандағы рево­лю­цияға ұқсас­ты­ра­ды. Қыр­ғыз­­станда «Қыз­ғал­дақ револю­ция­сы» болса, мұн­дағыны «Ақ жұ­пар рево­лю­ция­сы» атап отыр. Қырғызстан Ор­талық Азия елдеріндегі ал­ғаш­­қы революция­ның отаны бол­са, Тунис араб елдеріндегі рево­люцияның ота­нына айналды. Ал Тунистің араб дүние­сін­дегі орны және ерекшелігі қандай? Ол – араб елдері ішінде теңіз арқылы болса да, Еу­ропаға ең жақын орналасқан және етене араласқан елдің бірі. Сонымен қатар, бұл нағыз араб елі (98 пайыз), нағыз ислам елі (95 пайыз). Соған қарамай, бұл елде сот жүйесі зайырлық сипатта, басқару құ­ры­лымы да еуропалық үлгіні ұстанады. Елде білім беру ісі де айтарлықтай жоғары дәре­жеде – балалардың 98 пайызы оқумен қамтылған. Мұндай көрсеткіш біраз араб елдерінде кездесе қоймайды. Ұлттық интеллигенция араб тілінде білім алғанымен, француз тілін де меңгерген. Халықтық тілмен айтқанда, көзі ашық. Тунистегі жағдайдың басты ерекшелігі – мұндай оқиғаның әскери төңкеріс сияқты жолмен емес, халықтың қолдауы арқылы революциялық жолмен араб елінде жүзеге асуы. Президент қашып кетті, оның міндетін атқаруда, жаңа үкімет жасақтауда проблемалар бой көрсетіп отыр... ПАРТИЯ ТІЗГІНІН ҚЫЗЫ ҰСТАДЫ Францияда әсіреұлтшыл «Ұлттық майдан» пар­тия­сының басшылығы ауысты – партияның көсемі ғана емес, оның негізін осыдан қырық жыл бұрын қалаған 82 жастағы Жан-Мари Ле Пен өз орнын 42 жастағы қызы Марин Ле Пенге ұсынды. Мұны әкім­шілік биліктегі мұрагерлікпен шатастыруға әс­те де болмайды. Таңдау Марин Ле Пенге түс­кен­де, ол Жан-Мари­дің қызы болғандықтан емес, осынау қызметке бірден-бір лай­ықты қайраткер болғандық­тан ұйғарым соған тоқтаған. Әкесі қызының өз жолын қууын жастайынан-ақ ойлас­тыр­ған. Партиялық жұмысты отбасында жүріп үйренді десе де болады. 18 жасынан-ақ Марин партияға кірсе, осыдан он жыл бұрын оның Орталық комитетіне сайланды. Ал был­тырдан бері ұлтшылдар қозға­лысының атқарушы вице-тө­р­а­йымы. Әсіресе, соңғы жыл­дарда жасы жеткен әкесінің сенімді де мықты тірегіне ай­налды. Тіпті «Ұлттық май­дан­ның» қазіргі кездегі табы­сында оның ерекше үлесі бар десе жөн. Үлкен дәстүрлі ел болған соң да, Франциядағы саяси партиялар жұртқа кеңінен белгілі. Әсіресе, оның ұлтшыл­дары туралы, оның көсемі Ле Пен жайында әңгіме көп. Халықаралық ортада, әсіресе, демократиялық қауым, халық­тардың ынтымағын қалайтын күштер француз ұлтшылдарын сынайды. Оларды бір ұлтты екінші ұлттан жоғары қоятын, сондай-ақ басқа ұлттарды кемсітушілікті жақтайтын, түптеп келгенде, фашистік идеяны қоз­дырушылар ретінде айып­тай­тындар қай жерден де табылады. Қашанда ақжарқын, кең қол­тық француз халқының бас­қа халықтарға жатырқай қарауы оғаштау кө­рін­се де, ұлтшыл­дық идеясын құп­тайтындар бұл елден де та­былады. Сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдары отар өңірде со­ғысқа қатысқан Жан-Мари Ле Пен сондай адам­дардың басын қосып, пар­тияға біріктірген. Содан бері оның партиясы елдегі беделді саяси күштердің қатарында. Әсіресе, елдің басына қиын­дық түскен кезде, осының бә­рін басқалардың кесірінен кө­ретін ұлтшылдардың қатары біршама көбейетіні бар. Со­ның арқасында президенттік сайлауда Жан-Мари Ле Пен бір жолы президенттік сайлауда екінші турға да өтіп, Жак Ширакпен тартысқа да түскен. Сайлауда жеңбегенмен, екінші турда болашақ президентпен жекпе-жекке шығу Ле Пен үшін үлкен бедел, табыс бол­ды. Сол табысты партияның жаңа жетекшісі жалғастыра ала ма? Жалғастырып қана қоймай, Марин әкесінен озуы да мүмкін, дейді сарапшылар. Бір беделді басылымның са­уал­д­амасына қарағанда, прези­­денттікке қазір түссе, сайлау­шылардың 28 пайызы Николя Саркозиге, 22 пайызы социалист Мартин Обриге, ал 20 пайызы Марин Ле Пенге дау­ыс беретін көрінеді. Жоғары көрсеткіш. Әкесі 13 пайыздан аспаған еді. Сонымен, үлкен саясат аре­насына жаңа ойыншы шықты. Халық арасындағы беделі жө­нінен Франциядағы саяси пар­тиялардың ішінде үшінші ор­ынға ие «Ұлт майданы» пар­тия­сының жаңа басшысы ал­да­ғы президент сайлауында мық­тылармен тіресетін түрі бар. Мамадияр ЖАҚЫП.