22 Қаңтар, 2011

Бас прокуратура бақылауға алды

405 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
«Егеменнің» үстіміздегі жылғы 8 қаңтардағы «Парламент» арнаулы бетінде Мәжіліс депутаты Гүлнәр Сейіт­мағамбетованың «КаспийБанк» АҚ Ақтау филиалының қызметкері Н.Аб­доллаеваның заңсыз әрекеттерге ба­рып, азамат М.Маханованың сыртынан жалған құжат жасау арқылы оның атынан 3 млн. теңге несие алғаны туралы, мұндай оқиға бір бұл емес екені туралы дабылы жарық көрген болатын. М.Маханованың арызы бойынша қозғалған қылмысты істің барысында Экономикалық және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес департаменті банк қызметкерлері тарапынан шын мәнінде жалғыз Маханова емес, одан басқа да 40-қа жуық адамның сыртынан осындай жалған несиелік шарт жасау жолымен қаражат қымқырылғанын анықтаған. Сөйтіп, Н.Абдоллаева Ақтау қалалық сотының санкциясы бойынша қамауға алынған екен. Алайда оның «қашып кетуіне» байланысты қылмыс­тық істі жүргізу тоқтатылған, ал қым­қырылған қаржыны банк қызметкерлері М.Махановадан өндіру ниетінен қайт­пай, оған әлі күнге ескертпелер мен хаттар жазуларын қояр емес көрінеді. Осы жәйттерді айта келіп, депутат Бас прокуратурадан «Каспий Банктің» Ақтау филиалы қызметкерлерінен зардап ше­гушілердің құқығын қорғау қажеттігін сұраған еді. Жуырда осы дабылға байланысты  «Егеменге» Бас прокуратураның аппарат басшысы Ж.Шәмшиевтен жауап келіп, онда Г.Сейітмағамбетованың көтер­ген мәселесі бойынша шаралар қолдану үшін тексеріс жұмыстарының бастал­ғаны және ол Бас Прокурордың бақы­лауына алынғаны хабарланыпты. «Егемен ақпарат».