26 Сәуір, 2016

Қар барысы

946 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қар барысыОны Қазақстанда сақтау жобасы жалғасады Халықаралық Қызыл кітапқа енген қар барысының Қазақстан аумағында сақталуына мүмкіндік беріп, санын арттыруды көздейтін «Ирбис» жобасы 2015 жылы Carlsberg Kazakhstan компаниясы мен Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының (ҚБСА) атсалысуымен іске қосылған еді. Егер жер бетінде қар барысы ме­кендейтін 20 аймақ болса, соның екеуі Қазақстанда. Бұлар – Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауы. Бастапқыда жобаны қолға алып отырған серіктестер бұл аумақтарда қар барысының қалғанына да күмән келтіргендерін жасырмайды. Оның үстіне соңғы жылдары қар барысын зерттеуге Зоология институтының қаржысы да болмаған. – 2015 жылы жоба Жоңғар Алатауы аумағында жүзеге асырылып, жылдың әр мезгіліндегі 3 дала экспедициясы жолға шығып, жоба аясында 50 фотоқақпан сатып алынып, орнатылды. Бұл аумақта фотоқақпандар 6 қар барысын анықтады (аланы бар аналық және 4 жалғыз ересек еркек бас). Зерттелген аумақ көлемі 1300 шаршы шақырымды құрады. Зерттеу нәтижелері Жоңғар Алатауындағы ілбіс санының 2015 жылы 50-60 бас (аландарымен қоса алғанда) екендігі жайлы болжам жасауға мүмкіндік берді. Ал 2014 жылы Жоңғар Ала­тауындағы қар барысының саны 40-50 бас деп белгіленген-ді. Кейінгі көрсеткіштің өскеніне қуаныштымыз, – деді ҚБСА директорының ғылым жөніндегі орынбасары, қолданбалы биология орталығының директоры Сергей Скляренко. Биыл Carlsberg Kazakhstan компа­ниясының жоба аясындағы серіктестігі ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Зоология институтымен ынтымақтасу есебінен арта түскен. Енді бұл мекеме 2016 жылы Іле Алатауы мен Алматы қа­­ласы маңындағы қар барысына ке­шенді зерттеу жүргізбекші. Оған қо­са Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы Жоңғар Ала­тауы аумағындағы жұмыстарды жал­ғас­тырады. – Біз «Ирбис» жобасы ұзақ мерзімді жоба болатындығын мәлімдегенбіз. Өйткені, қар барысының Қазақ­стандағы санын көбейту ісі бір жыл­дың аясында біте салатын шаруа емес. Сондықтан, 2016 жылы біз жоба жағрапиясы мен серіктестер шеңберін ұлғайттық. Ертең балаларымыз бен немерелеріміз қар барысын кітаптан немесе хайуанаттар бағынан ғана тамашалап қалмауы үшін және оның тұмса табиғатта, табиғи ортасында тіршілік етуі үшін www.saveirbis.kz порталын әзірлеп іске қосу арқылы біз ілбістің тағдырына енжар қарамайтын кез келген адамға осынау ғажайып аңды сақтау жұмысынан қалыс қалмауына мүмкіндік бердік, – дейді «Carlsberg Kazakhstan» ЖШС президенті Виктор Семак. Баспасөз мәслихатында журналис­тер 2012-2015 жылдар аралағында Алматы хайуанаттар бағында әр мез­гілде біртіндеп өлген 6 қар бары­сының да мәселесін айналып өткен жоқ. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ