26 Сәуір, 2016

«Өмір, менің ең басты ұтысым ең...»

1016 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Е Артыкбаев-2Зымырандай зымырап өтіп жатқан өмір-ай десеңші! Бәрі де қас пен көздің арасындай-ау. Бала кезімізде тым «қанағатсыз» көрінген «шалдардың» өмір туралы пәлсәпаларына да енді иланғандаймыз ба, қалай? Осы бертінге дейін мәнәйі бір себептермен жасамыс ақындар қатарында ұзағырақ жүріп алған шың дүлдүл ақындардың алды да бүгінде 60-қа келе бастапты. Солардың бірі – Ертай Ашықбаев. Мадақтауға да, мазақтауға асықпайық...» деп өзін мақтауға кәдімгідей «тыйым салып» келген ақтөбелік Ертай да асқаралы 60 жасқа толды. Мықты ақын інісі Маралтай: «Ертай ағам әбден мойындалған ақын ғой...» деп бағасын бергені бар еді. Сол Ерекең бұған дейін талайды мойындатқан. «Ертай Ашықбаевты өзге ақындардан ерекшелеп тұрған екі нәрсе бар: ол еркін тыныс және жылы юмор» деп алғаш рет тап басып Марфуға Айтхожина апамыз ағынан жарылып айтқан еді. Жас ақын түгіл жасамыс ақын үшін де бұл зор баға. Ерекеңнің осы жылы юморына бір мысал жетерлік. «Мұғалім» атты өлеңінде ақын: «... Педсоветте сұрақ көп: «Неге?.. Қалай?..». Жас мұғалім сөйлесе, енеді арай. Әлденеге таңданып отырады «Осы ұл адам болса, мен... » деген ағай». Өз мектебіне кейін мұғалім болып оралған қияңқы қылықты бір сыныптасын жырға осылай қосады ақын. Бірде облыстық «Ақтөбе» газетіне Ерекеңнің топтама өлеңдері шықты. Ішінен «Ақыл» атты бір өлеңі көзіме ерекше шалынғаны бар. Өлеңде әке ақылымен өзінің комсомолға хатшылықтан қалай бас тартқаны айтылады екен. («Үмітін баласынан жойды ма анық, Ойланып тағы да әкем қойды налып: Жаза бер өлеңіңді сол жеңіл ғой, Қайтесің ауыр істі мойныңа алып»). Сөйтіп, өлең жазудың оңай іс екенін де ақын алғаш рет әкесінен білгенге ұқсайды. «Мен өлең жазып кеттім, әкем сонда «Жыр жазу – жеңіл жұмыс» дегесін де». Бұл енді ақылға құлақ асқан бала кесімі. Әдемі өлеңді оқыған соң, Ертайды облыстық газет редакциясына өзім іздеп бардым. Таныстық соңы аудан орталығындағы сол кездері өзім еңбек еткен мектепте жалғасып, ол Ерекеңмен сан мәрте кездесулерге ұласты. «Мешін жылы Бабатайда туғалы» деген тақырыптық атаумен ақынның 40-50 жылдық мерейтойларын өзімізше атап өткеніміз бар. Бабатай демекші, сол Бабатай ауылы «Темір» деген аудандағы бір кеңшардың шағын ғана бөлімшесі екен. «... Бабатайдың тауы жоқ, қыраты бар, Ауыл емес ешқашан бұл аh ұрар, Аздаған мақсаты мен мұраты бар, Кезек келмей жатқаны ескертілсе, Оған да жармаспай-ақ тұра тұрар. Шалғындарға қонатын тозаңы жоқ. Жүректерде қиық жоқ күнә тұнар... Әй, әкімдер, Уайымсыз жүргің келсе, Осы біздің қоғамды сұратып ал!». Өлеңнен жылы юмор сезіле ме, сезілгенде қандай! Осыдан бірер жыл бұрын Ерекеңнің «Адасу» атты толғау-өлеңіне Астана қаласының бүгінде өзім қызмет ететін №53 мектеп-лицейі оқырмандар конференциясын аса сәтті өткізгені бар. Ертайдың «50 жас» атты өлеңін айтпай кетуге болмас. Ол өлең «... Елу деген кос­тюмнің жуылғаны сияқты, Әйел­дердің майсыз ет қуырғаны сияқты», деп келеді. Задында, қайбір мінезді hәм қағидат­шыл мықты ақындарымыз сияқты Ере­кең де бұрқыратып жаза беруді кө­ңілі қаламайтындай. «Бір дұрыс кітап – сол жарап жатыр өзі... Өзіңнен кейін тәуір бір кітап қалса... » дегенді жиі айтатын болған. Бұған дейін осы пайымды Есен­ғали Раушановтан оқып, «Мына­ларға не бол­ған өздері, қанша жазылады, сонша жаза бермей ме?» деп жүре­тінмін іштей. Әлі де осы ойдың аздап жетегіндемін. Бәл­кім, бұл ақындық ауылынан алыс қонған біз сияқтылардың жай ғана қома­ғай hәм «экстенсивті» аңсары ма екен?. . Не десек те, тайталасар жайымыз жоқ, керісінше, осы уақыт ішінде Ерекеңнің бойынан шынында да нағыз ақындарға тән талай қадір-қасиет аңғарғандаймын. Ол адамгершілік, жан жұмсақтығы, тал­ғампаздық, турашылдық сынды категориялармен ерекше бір мозаикалық түзілім құрғандай. Әсіресе, әріптестері мен жас ақындар хақында сұрай қалсаң, ең алдымен осы асыл қасиеттерге куә боласың. Ұнатқанын: «Ой, ол мықты ғой!» десе, қайбіреулерін «...Білмедім... Өзім оқи алмаймын», деп қысқалау қайыра салатыны бар. Ерекеңнің бұл талғампаздығы тек өлеңдерді бағалауда ғана емес, өз кітаптарын сыйға тарат­қан­да шын оқырманның қолына тиюін қатты құнттайды. Обалы нешік, ақын өзінің «Қос мең» атты алғашқы жыр жи­нағынан бастап, соңғы кездері шыққан 5-6 кітабына дейін сыйлық ретінде маған да ұсынып келеді. «Сен түсінесің ғой, ұқпайтын адам мұны не істейді? Мынау саған», деп ілтипатпен тапсырады. Онысы да тү­сініс­тік. Менен басқалар алып оқи­ды, үйге келген қонақтарға өзім оқып беремін. Кіділік, талғампаздық дегеннен шы­ғады-ау, Ерекең өзін ешқашан «мық­ты­мын» демейді, «жақсы өлеңдерім бар» дейді. 1956 жылы туғандар мықты болса да кеуде ұрмайды. Академик Асқар Жұмаділдаев та «Мені мақтаудың қажеті жоқ. Өз деңгейімді өзім білем. Ешкімнен артық та емеспін, кем де емеспін», дегеннен жазбайды. Бірде Ерекеңнің қолынан көңілі толған «Қобыландының қонысы» атты кітабын алып тұрып: «Ай, Ереке, осындай енді бір кітап жазсаң, мемсыйлық та болып қалмас па екен, ә? Тіпті, жалғыз өлең үшін де беріледі деп жатады ғой», деген қалжыңыма: «Әй, неғылған... » деп қоя салған еді. Жалпы, арнау hәм тапсырысты өлең­дерге зауқы жоқ болса да, Ерекеңді бір-екі мәрте оған да көндіргенім бар-тын. Ем­бідегі өзім қызмет еткен №7 орта мектеп ұжымы тың игерудің 50 жылдығына арналған көркемөнерпаздардың аудандық конкурсына қатысатын болдық. Ойым бірден концерттік бағдарламамыздың ашылу сәтінің жүргізуші тарапынан қара сөзбен емес, өлеңмен әдіптелуіне кетті. Сондағы Ерекеңнің, ұмытпасам, телефонмен жеткізгені мынау еді: «1954. Қазақстан көктемі. Жер жібіді, Адамдар, Тың далаға беттеді. Қазақ, орыс, украин, қалмады ешкім шеткері, Жарты ғасыр өтіпті-ау, сондай сапар шеккелі. Сол ке­зең­нің бейнесін ұсынады сіздерге, Ем­бідегі жетінші қазақ орта мектебі». Шеберлік пе? Шеберлік! Құдды біз өзіміз шығарғандай, залдағы 300-дей адам тегіс тұрып қол соққаны бар еді сонда. Қазіргі ақын інілерін «ақырзаманның ақындары» деп қалжыңдап қоятын Ере­кең ұйқасы қасақана қиын тың тә­сілдерге соңғы кездері өзі де арагідік барғыштап қоятындай әсер қалдырады. «Әскерден келген студент» атты соңғы жинағындағы, «Бейтаныс мына гүлдер де, тіпті су басқа. Күн бұлт бүркенді. Ұялды. Жолдас солдаттар, уәде етіңдер – қумасқа. Ұстатпайтын қиялды», деген жолдар осының айғағы. Тағы бір өлеңі былай өрілмеуші ме еді: «Болсаңдағы мимырт жол, мүкі сүрең, Өмір, менің ең басты ұтысым ең, Су ішемін тағдырдың құтысымен. Көтерілгім келеді, Уай-шір­кін, Қаймақ болып кей кезде сүт ішінен. Өзбек айтса: Онсыз да тар бөлмеге, Қазақ кіріп келеді күпісімен. Мен де кірдім, оқа емес кетіп қалам, Мына бір өмір-фильм бітісімен!..». Біз бүгін өзіне бар жақсылық, ұзақ ғұмыр тілеп отырған қаламгер үшін бұл да бір ақындық қиялдың тұс-тұстан бір шар­пысуы болар. «Жә, тоқтайын, бұл не өкпе, бұл не сын...» деп ақынның өзі жырлағандай, мен де енді Ерекеңді замандасы ретінде мерейтойымен құттықтайын. Ұстаз тілегі осы. Молдабай ЕРЖАНОВ, мұғалім АСТАНА