26 Сәуір, 2016

Сәтбаев па, Сәтпаев па?

736 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Капитализм орнап, демократия салтанат құрғалы әркім өзінің ойын ашық айтып, байлам-пайымдарын жасқанбай ортаға салатын «әдет» қалыптасты. Бұл басқаны қойып қасиетті тілімізге әр қырынан әсерін тигізуде. Өзі түсінетін, есті­ген сөзді мән-мағынасына қарамай оңды-солды қолдану үрдісі етек алып барады. Ұлылар қалыптастырған заңдылықты ысырып, кей кезде, көрініп қалу үшін бе, болсын-болмасын көтеріңкі ест­ілетін ұғымды бас әріппен жазатын болдық. Бұл банк жүйесінде «орнығып» барады. Жақында бір әріптесіміз Қа­батов­тың әзілін экраннан көр­сетіп, қазақ тілінде диалект бар дегенді айтып қалды. Шындығына келгенде, қазақ тілінде диалект жоқ. Оны ғалымдар баяғыда дәлелдеген. Егер бола қалса, сол диалектінің «авторлары» тіл қадірін білмейтін, заңдылықты елемейтін тіл бұзарлар деп біле­міз. Соңғы айтар түйініміз, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, болмысы бөлек нағыз тұғырлы тұлғасы Қаныштай ұлы ғалымның тегін бірде Сәтбаев, бірде Сәтпаев деп жазып жүрміз. Бұған тіл заңдарын қадағалап отырған тиісті мекемелер, тіл құді­ретін зерттеп-зерделеп жүрген ғалымдар не дер екен? Елдік істе, ұлттық қызметте елеу­сіз ешнәрсе болмайды. Иненің жасуындай қате кездесе қалса, әр қазақ иіліп тұрып халықтық қалыпқа салуы қажет. Еркіндікті еркелік деп ұқпаған жөн. Сонымен, бір әріпті жөнге салудың өзі сын болып тұрғандай. Мұндай әттегенайлар әр жерде кездесіп қалады. Бұл үлкендерге жоғына елеусіздеу көрінген бір әріп, бір сөз ұл мен қызды (әсіресе, Ұлттық бірыңғай тестте) шатастыратыны ақиқат. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»