26 Сәуір, 2016

Сенім мен сергектіктің іргетасы

287 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мишель ПетермансПрезидент Н.Ә.Назарбаевтың Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте «Әлем. XXI ғасыр» манифесін ұсынуы халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тапты. Оны шетелдік сарапшылар да қуаттап отыр. Бұл ретте біз Бельгияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Митчел ПЕТЕРМАНСТЫ сөзге тартып, манифест туралы пікірін білген едік. – Елші мырза, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесінің рөлін қалай бағалар едіңіз? – Мен Қазақстанның қару­сыздану, соның ішінде ядро­лық қаруды таратпау жөніндегі, жалпы бейбітшілікті нығайтуға қос­қан үлесін жоғары бағалай­мын. Сондықтан да Президент Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен манифест жалпының назарына лайық және халықаралық инс­титуттар тарапынан жан-жақты қарастырылуы тиіс құжат деп есептеймін. Бельгияның да Қазақстан сияқ­ты ядролық қарусыз әлем құру мақсатын ұстанған ел екеніне сендіргім келеді. Әрине, бұл мақ­­сатқа қол жеткізу үде­рісінде ядроны бақылау арқылы біртіндеп қысқартуға мүмкін боларын айта кетсем деймін. Екі ел де ядролық қаруды қол­дану салдарынан туындайтын гума­ни­тарлық апатқа алаңдайды. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақ­стан лидер-елдердің бірі ретінде ядро­лық қарусыздануға бар күш-жігерін салып келеді. Ядролық қаруды жою адам­заттың ең маңызды мәселелерінің бірі екені күмәнсіз. Сондықтан да Бельгия қашанда тиімді қару­сыздануға бағытталған нақты ұсыныстар жағында. Бұл орайда біз ядролық қаруы бар барлық мемлекеттерді өздерінің ядро­лық арсеналдары көлемін азайту­ға, саяси қауіпсіздік пен әскери доктриналарындағы ядролық қарудың рөлін кемітуге, сон­дай-ақ, ядролық қару жүйесі­нің жедел әзірлігін төмендетуге шақырамыз. Ядролық қаруы бар барлық елдер өз арсеналдары жөніндегі ашықтықты арттыруы қажет. Сон­дықтан да біз Қазақстан­ның ядролық қарусыздану жөнін­дегі бастамаларын қош көреміз. Оның үстіне, ядросыз аймақ мәртебесін алған, ядролық қару­дан бас тарт­қан ел ретіндегі Қазақ­станның ерекше жағдайы оған ядролық қарусыздану пайдасына үн қосуға мүмкіндік береді. Ядролық сынақ­тарды өткізуге тыйым салуды мін­деттеу ұсынысы да үлкен құр­­метке лайық. Өкініштісі сол, Семей жеріндегі ядролық сы­нақтардан Қазақстан көп зардап шекті. Сынақтардан кейін араға отыз жыл салса да жағдайды жақсы деуден аулақпын. – Әрине, біз де сіздің пікі­ріңізбен келісе отырып, Қазақ­станның осы бағыттағы бастамалары қаншалықты маңызды екенін білгіміз келеді. Тәуелсіз ел болғаннан ке­йін Қазақстан халықаралық әріп­тестерімен қатынастар­дың үде­мелі дамуы саясатын таң­дап алды. Оның сыртқы саясаты әрқашан бейбітшілік пен эко­номикалық тұрақтылық­ты қамтамасыз ету мақсатында халық­­аралық ынтымақтастықты нығайтуға негізделген. Қазақ­станның осындай келісімді саясат жүргізуі халықаралық қо­ғам­дастық тарапынан дұрыс қабылданып отыр. Қазақстанның 25 жыл бойы халықаралық сахнада конструктивті рөл атқаруға тырысуы, осы елге әлемдік сах­надағы ынтымақтастық пен бейбітшілікті қорғауда жаңашыл ұсыныстарды алға жылжытуға қомақты мүм­кіндіктер беріп келеді.  – Қарусыздану бағытында жағдай қалай қалыптасып отыр дей аласыз? – Бельгия Қару-жарақты тарат­пау жөніндегі шарт ядро­лық қарусыздану мәсе­ле­сінің іргетасы болып қала бере­тін­дігіне сенім артады. Шарт өткен кезеңде біз­дің ісімізге жараса, болашақта да кәдемізге жарайды деген ой­­­дамын. Ол әлемді ядро­лық қар­у­­сыздандыру үшін қажетті құры­лымдалған құрал болып табылады. Ең бастысы, Ядролық қаруды таратпау туралы шарт әмбе­бап әрі барша мүше-мем­ле­кет­тер ұстанатын құ­жат болуы тиіс. Ядролық қарусыздануға то­лық­­тай қол жеткізу үшін әлі де талай жұмыстар атқарылуы керек, әйтсе де біз қуанарлықтай кейбір нәтижелер де жоқ емес, мысалы, Иран мен «алтылық» (АҚШ, Фран­ция, Ұлыбритания, Германия, Қытай және Ресей) арасындағы Ира­н­ның ядролық бағдарламасы жөнін­дегі келісімге келуі. – Біз де осындай бейбіт келі­сімдер көп бола берсін деген ниет­пен әңгімеңізге рахмет айтамыз. Әңгімелескен Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»