Астанадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында Кеңес Одағының халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Бибігүл Төлегенованың Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Гауһартас» атты шығармашылық кеші өтті.
Есімі аңызға айналған әнші өзінің шығармашылық кешінде “Қазақ вальсі”, “Бұлбұл”, “Қараторғай”, “Гауһартас”, “Алқоңыр” сияқты тамаша әндерді шырқады. Сондай-ақ ол Дж. Пуччинидің «Жанни Скикки» операсынан Лауреттың, Ғ.Жұбанованың «Еңлік-Кебек» операсынан Еңліктің арияларын нақышына келтіре орындады.
Қазақ сахнасының жарық жұлдызы атанған өнер саңлағының кешінде Бибігүл Төлегеновамен қоса бір топ ізбасарлары да өнер көрсетті. Атап айтқанда, Гүлжанат Сапақова, Маржан Төреханова, Елена Низамутдинова мен Елена Ярославцева, сондай-ақ, Толқын Забирова орындаған әндерді елорда халқы зор ықыласпен тыңдап, қошемет көрсетті. Сонымен қатар, кеште Астана қаласы мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрі бас дирижері Абзал Мұхитдинов пен Астана қаласы мемлекеттік филармониясының қазақ ұлт аспаптар оркестрі бас дирижері Айтқали Жайымов өз өнерлерімен бөлісті.
Үлкен-кіші қашанда сүйіп тыңдайтын, әрдайым жүзінен нұры төгіліп тұратын Бибігүл Ахметқызы бұл кеште де халқының ерекше ілтипатына бөленді.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.