27 Сәуір, 2016

Жайсаң

799 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Tolibaev_KurmanbayАқын, жазушы, қазақ совет балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, этнограф, аудармашы Құрманбай Толыбаев! Иә, бұл есіммен өткен ғасырдың 60-шы, 70-ші, 80-ші жылдарының балалары мен жастары жақсы таныс деп сенімді түрде айта аламыз. Өйткені, осы жылдардағы «Қазақстан пионері» газеті (қазіргі «Ұлан») мен «Балдырған» журналының әр нөмірінен балалар өздерінің сүйікті қаламгерінің қызықты да тағылымды дүниелерін оқып, көкейіне тоқып өсті. Алайда, өкініштісі сол, балалар да, былайғы жұрт та Қ.Толыбаевтың кім екенін толық біле бермейтін. Өзінің өмір жолы, тағдыр соқпақтары отаршылдардың қызыл идеологиясына ұнай бермейтінін білгендіктен бе, жоқ әлде, жалпы жаратылысы атаққұмарлықтан алыс жатқандықтан ба, аса жақын араласқан дос-жарандары болмаса, Құрағаң өзін көбінде «жабық» ұстайтын, «саяқ» жүретін. Ал, шынтуайтына келгенде, ол тұтас ғұмыры қызыл сызықпен қақ екіге жарылып жатқан күрделі тағдырдың иесі еді. 1928 жылдың сәуір айында қазіргі Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Асы жайлауының Жалғызқарағай дейтін жерінде, көк бастаудың жағасында отырған Толыбайдың ұлы Игіліктің шаңырағында ше­кесі торсықтай ұл өмірге келді. Сол күні «Құрбан айт» мейрамы еді. Хан-Тәңірі атырабындағы жұрт «Құрбан айт» дегенді «Құр­­ман айт» деп сөйлейді. Сол дағдымен азан шақырып ша­қа­лаққа «Құрманбай» деп ат қоя­ды. 1930 жылға келгенде Кеңес үкі­ме­ті қазақтың бұрынғы сайран өмірі мен мейрам тірлігінің шырқын бұзды. Осы тұста Ма­тай тауы мен Күреңбел өңірін­дегі халық кеңестік қызыл қыр­ғынға қарсы наразылық біл­діріп, бас көтереді. Сол арпалыс­та Шаңқанайдың атақты байы Асубайдың немерелері, Игілік­тің балдыздары Алмабай мен Жидебай, інісі Игісін оққа ұшады. Сөйтіп, босқындық басталады да, ел қуғын-сүргінге ұшырайды. Содан Игілік 1930 жылдың қы­раулы күзінде Қытай асып кетуге мәжбүр болады. Туыс­тарынан Иген­бай бастаған оннан астам үй ереді. 1934 жылғы қыстың ортасында Құрманбайдың шешесі Кенжебала дүние салады. Әкесі қабырғасы қатпаған баласын жүдетпеу үшін Құлжа қаласында тұратын нағашы әжесі Тәжидің қолына апарып қояды. Сол жылдың күзінде Құр­манбай Құлжа қаласындағы «Шә­риқ» (Шығыс) деп аталатын ұйғыр мектебінің табалдырығын аттайды. Бала Құрманбай оқуға ынталы болады. Жылдан жылға санасы өсіп, көңіл көзі ашылып, тез есейеді. 1937 жылдан бас­­тап Шығыс Түркістанда да қазақ-ұйғыр зиялыларын жаппай тұтқындау науқаны жүреді. Өлке­нің билеушісі Шың Шицай Сталинмен астыртын астаса отырып ондағы жергілікті халықтың алқымын қыса түседі. Ел басына келген осынау нәубеттің сырын Құрманбай үй іші ар­қылы терең сезінеді. «Шәриқ» мектебінде жетінші сыныпты бітірген соң, Құлжа қаласындағы гим­назияның орта білім беретін ұйғыр сыныбына түседі. Оны 1944 жылы бітіреді. Осылайша оқуының арқасында ұйғыр, өзбек, татар тілдерін еркін меңгереді. Осы тілдердегі әдебиеттерді шұқ­шия оқиды. Әсіресе, татар әде­биетінің қайраткерлері Қаюм Насыри, Фатих Әмірхан, Ғабдолла Тоқай, Ғалымжан Ыбырайымов, Мәжит Ғафури, Һаджи Тақташ шығармашылығымен, сонымен бірге, татар тілі арқылы Пушкин, Толстой, Лермонтов, Гоголь, Горь­­­кий шығармаларымен таны­сады. Ол заманда Құлжада татар тілінде кітаптар өте көп еді. Мұ­ның сыртында өзінің үй­ін­де әкесі жинаған Абай, Ах­мет Бай­тұрсынов, Міржақып Ду­ла­тов, Мағ­жан Жұмабаев, Ілияс Жан­сүгіров шығармаларын хат та­ны­ғаннан бастап болашақ ақын бас кө­термей, жаттап оқиды. Ұза­май өзі де өлең құрай бастайды. Татар мектебінде білім алып шығып, мәдениет саласында қыз­мет істеп жүрген ағасы Аманбай 1942 жылдың жазында Лұқман деген татар жолдасы екеуі қамауға алынады да, түрмеде кескіленіп өлтіріледі. Сүйегі де берілмейді. Соның күйігінен әкесі Игілік 1942 жылдың қыраулы күзінде кенеттен қайтыс болады. Құрманбай туған әпкесі Нұрбүбінің және на­ға­шы ағалары Айтжан мен Кен­жебайдың қамқорлығы арқасында оқуын тоқтаусыз жалғастырып, ойдағыдай аяқтайды. 1944 жылдың тамыз айында тұтас Іле аймағында зорлық-зом­былыққа қарсы ұлт-азаттық қарулы қозғалыс басталады. Бұл тұста қатты науқасқа шалдыққан Құрманбай алыс ауылға барып, тәуіпке емделеді. Ала келген кі­тап­­тарын бас алмай оқиды. Со­дан науқасынан әбден айыққан соң, 1945 жылдың күзінде Құлжа қаласына оралады. Ұлт-азаттық көтерілісі жеңіске жеткеннен кейін құрылған ұлттық армияның бас қолбасшысы Ыс­қақбек Мононовқа барып, өзін әскери қызметке алуды өтінеді. Ол Құрманбайдың қа­заға ұшы­раған ағасын және оның қазіргі денсаулық жағдайын білетін болғандықтан: «Жалғыз баласың, оның үстіне әлі жассың, соғыс саған қол емес», – деп әс­керге алдырт­пайды. Артынша ге­нерал-лейтенант Ысқақбек оны ден­саулық сақтау министрлігіне қызметке жібереді. Бұл қызметке көңілі соқпаған жас жігіт бір-екі ай істейді де, ауылына қай­тып кетеді. Сол жылдың кү­зінде Рахат­­тың Қарасуы деген жер­дегі бастауыш мектепте бала оқытады. 1946 жылдың жазында Құлжа қаласына оралып, қайтадан ашылған театрдың қазақ бөлімінде әдебиет ісін қараушы болып істейді. Бұл кезде жалпы театр жұмысын ұйғыр жазушысы Зия Сәмеди басқаратын. Театрда Дәнеш Рақышев, Темірғали, Қайып­­­бек секілді талантты ән­шілер өнер ұйытқысы болады. Дра­­малық шығармалар ойнала бастайды. «Боз жігіт», «Шұға» се­­кілді пьесалар зиялылардың қаты­суымен жиі қойылып тұрады. Құрманбай суфлерлік міндет атқарды. Содан сол күзде қалалық оқу бөлімінің бастығы Сұлтан Өс­кенбаев шақырып алады да, Құр­манбайды жаңадан ашылған қазақ мектебіне мұғалімдікке жібереді. Құрманбайдың өлеңдері осы тұста Құлжада шығатын қа­зақ газеттерінде жиі жарияла­нып тұ­ра­ды. Ең алғаш жас ұрпақ­ты оқып, білім алуға шақырған «Мек­теп» деген өлеңі 1946 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Төңкеріс таңы» газетінде басылды. Содан әрі шы­ғармашылық өрісі кеңейе берді. 1947 жылдың тамыз айында өзі де осы газетке қызметке шақырылады. Жас, тәуелсіз республиканың аяғынан тік тұрып кетуі жолында болашақ жазушы барын, жанын салады. Құрманбай өмірінің осы кезеңін марқұм Жағда Бабалықов: «1940 жылдан 1949 жылға дейін Құрманбай екеуміз Шығыс Түркіс­танда етене араластық... Тоғыз жылдай өзімізше ел болдық. Міне, осыған Құрманбай Толыбаев жас та болса айырықша үлес қосты. Ұлт-азаттық күрестің бел орта­сын­да жүрді», – деп еске алған екен. 1948 жылдың тамыз айында ұйғыр және қазақ тілінде жаңадан ұйымдасқан «Одақ» журналының әдебиет бөлімін басқарады. Сонда Ахметжан Қасыми, Ұйғыр Сайрани, Зұнұн Қадыри, Бұқара Тышқанбаев қатарлы қоғам қайраткерлерімен, әйгілі жазушылармен қызметтес болады. Бұл журнал өлкеде ты­ныштық пен демократияны орнатуды мұрат еткен өркениетті қоғамның органы еді. Алғашқы редакторы А.Қасыми, одан кейін Ұ.Сайрани болатын. Аспанасты елінде 1949 жылы Қытай Халық Республикасы құрылған соң 1945 жылы ұйымдасқан Шығыс Түр­кістан республикасы «тарайды» да, жаңа үкіметтің билігіне бағынады. Шыңжаңда тыныштық пен демократияны қорғау қоғамы өлке орталығы Үрімжіге қоныс аударады. Бірақ «Одақ» журналы 1950 жылдың көкек айына дейін Құлжа қаласында шығып тұрады. 200 беттік көлеммен ай сайын шығатын журнал 1950 жылдың көкек айында Үрімжіге көшеді. Құрманбай ілеспей Құл­жада қалады да, жаңа шыға бастаған «Халық хабаршысы» газетіне ауысады. Одан кейін 1951 жылдың қазанынан 1952 жылдың қаңтарына дейін «Жаңа жол» газетінде істейді. Қаңтарда «Жаңа жол» газетінің аты «Іле газеті» бо­лып өзгереді де, Құрманбай сол га­зеттің бас редакторы болып та­ғайын­далады. Құрманбай Толыбаев төсел­ген журналистке айналады. Мақа­лалары мен очерктері, әңгімелері мен өлеңдері қазақ тілінде барлық газеттерде үзбей жарияланып тұр­ды. 1950 жылдан кейін өлкелік «Шыңжаң газетінде» де, 1953 жыл­­дан шыға бастаған әдеби журнал «Шыңжаң әдебиет-исскус­твосында» да (қазіргі «Шұғыла») үздіксіз жарияланды. Қысқасы, талантты жас қаламгер ретінде жұрт­қа кеңінен танылды. Құрманбай Толыбаев 1955 жылдың тамыз айында әпкесі Нұр­­бүбімен бірге іргелі Қазақ еліне, атамекеніне оралады. Сол жыл­дың қараша айында Ал­маты қаласына келеді де, баспа­ханада, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында корректор болып жұмыс істейді. Білімін жетілдіру мақсатымен 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, журналист мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады. 1963-1968 жылдары «Қазақстан пионері» газетінде әдеби қыз­меттер, бөлім меңгерушісі болды. 1968 жылы «Балдырған» журналына ауысып, 1989 жылға дейін табан аудармай 21 жыл қызмет етті. Содан кейін 1989 жылдың қазан айынан 1996 жылдың көкегіне дейін «Шалқар» газетінде редактордың бірінші орынбасары болып іс­тейді. Әсіресе, қаламгердің осы «Шалқар» газетінде істеген кезеңі КСРО-ның ыдырап, Қазақ жұр­тының сан ғасырлық арманы – тәуелсіздікке қолы жеткен жыл­­дарға тұспа-тұс келді де, Құ­ре­кең кәдімгі бөгеуі алын­ған да­рия­дай ақтарылды. Бұл туралы жазушының сол жыл­дардағы бас­­шысы әрі әріптесі, публицист-жазушы, аудармашы Уахап Қы­­дырханов былай еске алады: «Шалқар» Құр­ман­байдың шаттығы еді… «Жариялылық» деген жылы сөз шыға сала, ұлт тағдырын тай­сал­май жазды. «Ақтаңдақтар» ақиқатын айтты. Қабанбайдан Хангелдіге дейінгі батырларды, Төледен Төбетке дейінгі билерді, Керейден Кенеге дейінгі хандарды тәуелсіздікке дейін-ақ жазып тастады. Жоңғариядағы, Моңғолия, Түркия, Түрікмен­стан­дағы қазақ­тардың шежіресін жасады. Ны­ғымет Мыңжанидың, Су Бэй­хайдың тарихи кітаптарын түгел жариялады. «Құранның» алғашқы аудармасы мұсылманға осы газет арқылы жетті. Көне мұралар кө­терілді. Әдет-ғұрыптың бәрі Құ­рекеңнің қолымен жазылды. Қа­зір ол «Атадан қалған бар бай­лық» болып, әр үйдің төрінде тұр». 1996 жылы бірыңғай демалыс­қа шығып, өмір бойғы жоспар күйінше қалып келе жатқан дү­ние­лерін бұрқыратып жазып, жаз­ғанын халқының игілігіне ұсынып, содан ғазиз жанына рахат тауып жүрген жазушының жай­саң жү­регі 2004 жылдың 20 тамызында соғуын тоқтатты. Қазақстанда алғаш рет Қ.Толы­баевтың «Іле шалқып ағады» атты өлеңі 1956 жылы «Қазақ әдебиеті» газе­тінде жарияланды. Содан бастап оның қаламы бір тыныс тапқан жоқ. «Ай күледі» өлең кітабы (1969), «Қайдасың, досым» повесі (1970), «Шынар» әңгімелер мен дастандар жинағы (1976), «Өжеттер» повесть және ертегілер жинағы (1977), «Балбөбек» өлең­дер жинағы (1979), «Күн тө­бе­сі» ертегілер жинағы (1981), «Ша­пақ» әңгімелер жинағы (1984), «Алматым менің» публи­цисти­калық әңгімелер (1985), «Там­шылар» әңгімелер мен ерте­гілер жи­нағы (1987), «Айдың жүзі дөңгелек» повесть, ертегілер жинағы (1989), т.б. кітаптары жас оқырманға кеңінен таныс. 1986 жылы шығармаларының бір парасы «Смельчаки» деген ат­пен орыс тілінде жарық көрді. 1990 жылы шыққан «Кел, ойна­лық» кітабы әлем балалары мен қазақ балаларының ойындарынан құралды. 1993 жылғы «Нар идірген» кітабы халқымыздың күй аңыздарын әңгімелейді. 1995 жылы жарық көрген «Әсет» атты роман-новелласы әйгілі ақын, әнші Әсет Найманбайұлының өмір белестерінің соңғы кезеңін ой арқауы етті. Онда Қытайдағы қазақтар өмірінен де мол суреттер жасады. «Бабадан қалған бар байлық» кітабы әдеби этно­графиялық танымдық еңбек, «Қас батыр – бас батыр» повесі әйгілі қолбасы, асқан қаһарман Қа­банбай батырдың, «Бала Қаныш» кіта­бы академик Сәтбаевтың бала­лық шағына арналған көр­кем дүниелер. Қаламгердің мұра­ғатын­да әлі жарық көрмеген дү­ние­лер де өте мол. «Өрімтал» бал­ғын оқушыларға сый. «Өмір бесіктегі ырғақтар» өлеңдер жи­нағы, «Бел-белестер» дастандар жинағы толассыз толғаныс пен тынымсыз ізденістің жемісі. Соның ішінде «Хан Абылай», «Қыз өлген құз», «Ежелгі қала Қарашық», «Манас мұңы», «Түркістан – атамекен» секілді дастандарына қазақ тари­хы­ның сан қилы белестері арқау болған. Қ.Толыбаев әлем халықтары ертегілері мен ақын-жазушыларын аудару ісінде де елеулі еңбек етті. Мұның сыртында қазақ бала­ла­рының сүйікті кітабына айнал­ған «Жыл – он екі ай» деп аталатын күнтізбелік жинақтың қа­лыптасуына да аса мол үлес қос­қаны жұртқа аян. Қ.Толыбаев қолына қалам ұстап, әдеби қызметке араласа бас­таған кезде Шығыс Түр­кіс­тандағы Алтай-Сауыр, Тарба­ғатай-Шәуешек, Іле-Құлжа өңі­рінде Әсет ақынды көзімен көр­­гендер де, ән-өлеңдері мен қис­са-дастандарын жатқа айтып, көп­шілікке таратушылар да көп болған. Ол ел ішіндегі белгілі ақын-әншілер мен жыршы-ше­жіреші қариялардан Әсеттің көп шығармаларын жазып алып, ел игілігіне жаратты. Құлын-тайдай тебісіп, бала кезінен бірге өскен сырлас досы Дәнеш Рақышевқа Әсет әндерін жаттатып, сол қалпынша ел ішіне таратуға көп жәрдемдесті. Дәнештің Әсет әндерінің әуен-әуезін жинақтап, бір ізге, түпнұсқалық қалпына түсіруіне де Қ.Толыбаевтың көп еңбегі сіңгенін Қазақстанның халық әртісі Д.Рақышев кезінде баспасөзде де, басқа сөзде де айтып кеткенін білеміз. Қ.Толыбаев «Әсет» романында XX ғасыр басындағы Шы­ғыс Түр­кістан жеріндегі қазақ ауылдарының ішкі-сыртқы өмірі­нен алынған, әрқайсысы бө­лек-бөлек шығармаға өзек болар­лықтай он шақты оқиға қам­тылады. Осы оқиғалардың туып, өрбуімен байланысты романда елуге жуық адамның аттары аталады да, жиырмаға тарта кейіпкердің іс-әрекеті нақтылы баяндалады, көпшілігіне айқын мінездеме беріледі, дара, жанды портреттер жасалады. Қысқасы, Қ.Толыбаевтың «Әсет» атты романы қазақ про­за­­сын­ың өсу жолындағы көрнекті та­быстарының бірі және оның бү­гінгі биігіне айғақ боларлықтай құнды дүние. Бірақ жазушының көзі тірісінде аталған шығармасы лайықты бағасын ала алмады. Тағы да сол, жақсыны өлтіріп алып «әттең-айлайтын» қазақы өкініш! Ал жазушының «Бабадан қалған бар байлық» атты этнографиялық-танымдық әңгімелер жинағы – әдеби-этнографиялық әдіспен жазылған тәрбиелік те, білімдік те құны ерекше дүние. Осылайша шығармашылық ізденістен, еңбек етуден бір күн де қол үзбеген Құрманбай Толыбаев тіршілігінде өзінің білімі мен қабі­летін жас ұрпаққа, туған халқына арнаудан еш аянған емес. Әрі, ол «ақын болу еркіңде, азамат болу борышың» деген қағиданы өзінің тұтас өмірінің тұғырнамасы еткен ұлтымыздың ұғымындағы нағыз жайсаңның өзі еді. Оның біз айтып отырған кісі­лік сапасы туралы бірге оқы­ған курстас досы, академик марқұм Рымғали Нұрғали: «Құр­манбай табиғатынан дарынды, аса еңбекқор адам еді. Оның бүкіл өмірі оқу-ізденумен, жазу-сызу­мен өтті. Біреудің алдына түсу, дүние жинау, байлық қуу, кісі­нің сыртынан ғайбат айту, әлде­кіммен ұстасу, кектесу, өш алу дегендерден құлан-таза болатын. Адал­дық, тазалық, еркіндік, туған халқына махаббат – оның бас­ты қасиеттері еді», – деп еске алған еді. Құрекеңнің ұлтжандылығы тұтас ұлт тағдырына қатысты аса ауқымды, мемлекеттік мәсе­лелер­ден бастап, тұрмыстық де­талдарға дейін қамтып жататын. Сә­лемдесудің ұлттық қалыбы, телеарналардағы қазақ тілді хабарлардың көлемі, кісі аттары, жер-су, көше аттары, көші-қон түйткілдері… бәрі бәріне Құрекең бейтарап қарай алмайтын. Курстас досы, қаламгер Әміржан Қали өз естелігінде «1958 жыл. Абитуриентпіз. Бір жігіт алдымнан шығып сәлем берді. Содан басқа сөзге келместен: «Алматыда қазақ иісі бар, әйгілі қазақтар есімі берілген көше­лер өте аз ғой, неге олай?» деді. Бұл кеше ғана арғы беттен кел­ген абитуриент Құрманбайдың сұрағы. Танымайтын адамға бұл сұрақты төтесінен қойғызып тұр­ған ішкі қыжыл, наразылық екені белгілі. Құрекеңнің тағы бір қасиеті жалпы жұртқа, әсіресе, өз ортасына ерекше сыйлылығы еді. Оның осы қасиеті туралы да біз айтқаннан гөрі, жастайынан бірге өскен, өле-өлгенше тату дос боп өткен академик Рымғали ағамыз сөз алсын. «Құрманбай алды-артына бірдей мейірмен қарайтын, адамды кісілігіне қарай сыйлап, құрметтейтін көшелі кісі еді. Тағ­дырлары ұқсас Зия Сәмеди, Жағда Бабалықов, Қабдеш Жұмаділов, бірге қызметтес болған Мұзафар Әлімбаев, Әнуарбек Дүйсенбиев, баласы қатарлас Тұрсын Жұрт­баевпен сырлас дос, ниеттес болатын. Курстастарының бәрі Құреке деп түгел төбесіне көтеруші еді. Әсет мектебін қайта тірілткен, қа­зақтың қобыз үнді ғажайып ән­шісі, ішкі сарайы тап-таза періште мінез Дәнеш екеуінің шығарда жандары ғана бөлек еді»… Егер Құрағаң өз ортасына сондай сыйлы, үлкенге жақсы іні, кішіге қамқор аға бола білмесе, Мұза­фар Әлімбаев, Қоғабай Сәр­секеев, Рымғали Нұрғали, Есен­бай Дүйсенбай, Оразақын Асқар, Қастек Баянбай, Марфуға Айт­қожа бастаған қазақтың қабырғалы ақын-жа­зушылары аһ ұрып жоқтар ма еді?! Есенбай ақын: Биікке дәйім өрлеген, Билік те қумай, бұлданбай. Алыстап көңілі көрмеген, Жақыным өтті – Құрманбай!   Еске алам енді егіле, Ұлы адам еді нұр маңдай. Кеудесі тарих, шежіре, Ғұламам өтті – Құрманбай! – деп егіліп еді. Көзі тірі болғанда Құрекең қар­қарадай болып, тоқсанға толып ортамызда отырар еді… Алай­да, тоқсан емес, сексенін де көрмей кеткен қаламгердің екінші өмірі – рухани тынысы басталып кеткелі де ондаған жылдардың жүзі болды. Елі аман, жұрты тыныш. Балалары мен немере-шөберелері өсіп жатыр. Қарашаңырағының түті­нін сөндірмей Роза апамыз ұс­тап отыр. Мектеп оқулықтарына енген шығармалары неше буын жеткіншектеріміздің бойына нәр құйып келеді. Ара-тұра болса да кітаптары қайта басылып шығып жатыр. Уақыт озған сайын Құрманбай есімінің жарқырап, Толыбаев әлемі толыса түсеріне еш күмән жоқ. Несіпбек АЙТҰЛЫ ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері АСТАНА