Мәңгілік Елге» апаратын басты құндылықтар, міне, осылар
Оған еліміздің барлық өңірінен Ассамблея мүшелері қатысты. Қоғам және мемлекет қайраткерлері, түрлі этностардың ұлттық киімдерін киген этномәдени бірлестіктер өкілдері, орден-медальдарын жарқыратып тағып алған ардагерлер, еліміздің саяси - экономикалық, мәдени, спорттық өміріндегі танымал тұлғалар сарайдың ішін жайнатып жібергендей болды. Сессияға, оның жұмысына шақырылған қонақтарды қоса алғанда, 1500-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шетелдердің дипломатиялық миссиялары, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері болды. Сағат тура 11.00 болғанда залға Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев келіп кірді. Сессияның жұмысын бастауға бірден кіріскен Мемлекет басшысы 446 Ассамблея мүшесінің 427-сі қатысып отырғанын жеткізіп, қажетті кворум бар болғандықтан ХХІV сессияның жұмысын ашық деп жариялады. Мемлекеттік Әнұран орындалып болған соң, төралқада отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов баяндама жасау үшін сөзді Н.Назарбаевқа берді. Жиналғандар алдында сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің Тәуелсіздігіміздің ұлы құндылықтарының бірі екенін атап өтті. Біз достықты қазақстандықтардың барлық буынының басты игілігі ретінде сақтай білдік. Біздің бірегей жолымыз – тең құқықтылық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімі халықтың тілек-қалауымен таңдалды. Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздік жемісі. Ассамблея кез келген сын-қатер төнген кезде және Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде әрдайым биіктен табылды. Оның тарихында біздің ұлттың өрлеу дәуірінің кезеңдері мен нақты нәтижелері көрініс тапқан, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың алғашқы қорытындылары туралы айтты. Бірнеше айда 59 заң әзірленіп, қабылданды және күшіне енді. 400 нормативтік құқықтық акт бекітілді. Біздегі өзгерістерге қатысты тағы бір тәуелсіз баға жөнінде айта кетейін. Бүкіл әлем мемлекеттеріндегі реформаларға мониторинг жүргізетін Дүниежүзілік банк Қазақстанды 2015 жылы өзге елдермен салыстырғанда мейлінше көп реформа жасады деп есептейді. Олардың әдістемесіне сәйкес, бұл – 7 бағыт бойынша 19 реформа. Басқаша айтқанда, біз бес емес, жиырмаға жуық маңызды өзгеріс жасадық, деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мемлекеттік қызметшілер корпусында Қазақстанның 45 этносының өкілдері бар екенін айтты. Біз мемлекеттік аппаратта әрдайым этностық әралуандық болуы үшін бұл жұмысты жалғастыра беретін боламыз, деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін тілдер туралы заңның толық сақталуы маңызды екенін атап өтті. Мемлекеттік органдарға арызданушының хат жолдаған тілінде ақпарат алу мәселесіне қатысты бұған дейін ескерту жасаған болатынмын. Менің тапсырмам бойынша Бас прокуратура барлық орталық және жергілікті органдарға тексеру жүргізді. «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» жаңа Заң күшіне енген алғашқы үш айда мемлекеттік органдардың азаматтар сауалына олар таңдаған тілді ескере отырып жауап беру тұрғысында 79 рет заң бұзылған. Соның ішінде 29 факт түрлі деңгейдегі әкімдіктерде, 50-і министрліктер мен ведомстволардың аумақтық бөлімшелерінде болған. Бас прокуратура барлық анықталған деректер бойынша заң бұзуды әшкерелеу және кінәлі мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыным енгізді. Бұл мәселені барлық мемлекеттік орган басшылары ұдайы жеке бақылауында ұстауға тиіс, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу мәселесін ескере отырып, елорданың, Алматы қаласы мен облыстардың әкімдеріне көрнекті ақпараттың жариялануын үш тілде – мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде қамтамасыз етуді тапсырды. Азаматтардың теңдігі мен этносаралық қатынастар тұрақтылығы мәселесіне қатысты ұсақ-түйек деген болмайды, болуы да мүмкін емес. Бұл жерде науқаншылдыққа орын жоқ, күнделікті қажырлы жұмыс қажет, деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру жұмысын жүргізу және экономикалық өсімді қамтамасыз ету тіпті әлемдік дағдарыстың күшті ықпалына қарамастан бизнестің дамуына кеңінен жол ашатынына назар аударды. Мұны әлемнің мейлінше перспективалы 60 елінде жүргізілетін Жаһандық бизнес мониторингі мәліметтері көрсетіп отыр. Оған сәйкес, Қазақстан азаматтардың кәсіпкерлік белсенділік деңгейі жөнінен 29-орынды иеленді. Жұмыс орындарын ашу перспективасы бойынша 6-орында. Жалпы, еңбек нарығының тиімділігі рейтингінде біздің республика 140 елдің ішінде 18-орынға жайғасқан. Бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасаудың жаһандық рейтингінде біз 189 елдің ішінде 41-орынды иелендік. 2016 жылға арналған экономикалық еркіндік индексінде Қазақстан 178 мемлекеттің ішінде 68-орында тұр. Біз «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын, бизнесті дамыту және жұмыспен қамту жол картасын жүзеге асырып, фермерлерге көмектесіп келеміз. Мұның бәрі азаматтарымыздың болашағына, лайықты жұмыс және жоғары өмір сапасы тұрғысынан сенімді болуы үшін жасалуда, деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Бес институттық реформаның тағы бір бағыты – есеп беруші мемлекет пен ашық үкімет қалыптастыру аясында қазақстандықтар үшін мемлекеттік органдардың шешімдерін талқылау, қабылдау және орындау барысына қатысу мүмкіндіктері кеңейе түсетінін айтты. Олардың жанында үкіметтік емес ұйымдармен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері белсене қатысатын қоғамдық кеңестер құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сыбайлас жемқорлық пен шенеуніктердің ысырапшылдығына қарсы ең сенімді тосқауыл – азаматтық бақылау. Біз бұл бағыттан таймаймыз. Бірақ бұл да азаматтық қоғам үшін маңызды сәт. Оның қоғамдық кеңестер жұмысына қатысуы бастамашылдық, кемелдік және азаматтар алдындағы жауапкершілік қағидаттарына негізделуі тиіс, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті халыққа мемлекет жүргізіп жатқан түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігін айтты. Мектептегі білім беру саласында, соның ішінде бескүндікке, үштілділікке өту бастамалары үлкен талқылауларға түрткі болды. Егер біз балаларымыз бен бүкіл еліміздің болашағын ойлайтын болсақ, мұндай өзгерістер білім беру сапасын арттыру үшін қажет. Бірақ бәрі де тиянақты қарастырылғаннан кейін қабылдануға тиіс. Мектеп мәселесі әр отбасыға қатысты, сондықтан барлық пікір ескерілуі тиіс, мұнда жөнсіз сынақ жасауға болмайды. Жалпы, бұл ақпараттық жұмыстағы олқылықты көрсетеді. Халыққа реформаның мәні жете түсіндірілмеген, деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев соңғы кездері Қазақстанның жерін шетелдіктерге сату туралы жалған ақпараттың таратылуы салдарынан жер мәселесіне қатысты алаңдаушылық көбейгенін айтты. Мұның шындыққа жанаспайтыны бірнеше рет түсіндірілді. Тағы да айтқым келеді – ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына және компанияларына сату туралы мәселе жоқ, талқыланбайды да. Бұл тақырыптың төңірегіндегі алып-қашты әңгіменің бәрі негізсіз. Біздің мақсат – ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жекеменшігіне жер алу мүмкіндігін беру. Егер олар жерге иелік ететін болса, оны күтіп-баптап, қадірлейтін болады. Жер – ата-бабамыздан мұраға қалған біздің басты байлығымыз. Қазақстанның 14 мың шақырымнан астам мемлекеттік шекарасын ресімдеу үшін мен көрші елдердің басшыларымен 8 жыл бойы келіссөз жүргіздім. Осының бәрі жеріміздің тұтастығын қамтамасыз ету үшін жасалды. Мен азаматтарымыздың осы мәселені көтергеніне қуаныштымын. Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді, деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа функциялық бағыттарды өз мойнына алғанына тоқталды. Қайырымдылық қызмет туралы жаңа Заңда ҚХА-ға меценаттар қоғамдастығының басты үйлестірушісі қызметін атқару бекітіліп берілді. Тарихта бірінші рет қайырымдылық ұйымдарының, меценаттар мен донорлардың республикалық съезі өткізілді. «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жобасы мен Ассамблея жылы аясында 400 мыңнан астам қазақстандыққа қайтарымсыз көмек көрсетілді. Балалар үйлерінің 7800 тәрбиеленушісі мен жетім балалар үшін жалпы құны 5 миллиард теңге болатын білім беруге арналған есепшоттар ашылды, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті бүкіл ел бойынша 1993 қоғамдық келісім кеңесі және 820 аналар кеңесі құрылғанын атап өтті. Олар халықтың нақты мәселелерін шешумен, жергілікті деңгейде және ұжымдарда қақтығыстардың алдын алумен айналысады. Ассамблея қызметінің тағы бір бағыты – даулы мәселелерді сотқа дейінгі тәртіппен шешетін медиаторлар желісін дамыту. Медиация туралы Заң қабылдаған 2011 жылға дейін оған қалай кірісу керектігін ешкім білген жоқ. Ассамблея бастамашылық танытқан соң сең қозғалды. Медиаторлар желісін дамыту соттардың жүктемесін азайтты, құқықтық мәдениет пен қоғамдағы құқықтық сананы күшейтті, деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея жұмысындағы қоғамның барлық әлеуметтік қырын қамтитын өзге де негізгі бағыттарға тоқталды. Мемлекеттік рәміздер туралы Заң күшейтілді, бұл олардың қазақстандық патриотизм атрибуттары ретінде азаматтардың қолдануы аясын кеңейтті. Отбасылық қарым-қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани құндылықтарды нығайту жөніндегі жалпы ұлттық жоспар жаңғыртылды. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ілгерілету жөніндегі жалпыұлттық жоспар жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпқойлар лигасы жобасының мәні зор. Оның аясында Дүниежүзілік банктің атсалысуымен өңірлерде жұмысшы мамандықтары бойынша мамандарды алдын ала даярлаудың 15 ресурстық орталығы құрылды. Білім мен ғылымды дамытудың 2019 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданды, үш тілде білім берудің Жол картасы жүзеге асырылуда. «Ұрпақ плюс» жобасын, жастар саясаты тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру жалғасуда. Туризм мен спортты дамыту тұжырымдамасы бекітілді. БАҚ-ты жаңғырту үдерісі басталды, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы қомақты қаражат жұмсауды талап етпейтін ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті. Оның инновациялылығы, энтузиазмы, жүйелілігі және нақты нәтижеге бағытталғандығы – бұл, сөз жоқ, еліктеуге тұрарлық үлгі. Мен біртектілік пен бірлік жөніндегі жұмыстың алғашқы қорытындыларын бекітемін. Сонымен бірге, босаңсуға және біз қоғамда бірлік пен келісімнің биік деңгейіне жеттік деп санауға да болмайды, ал бұл үдеріс енді өз-өзінен жалғасатын болады, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті сессия қорытындысы бойынша қабылдануы жоспарланып отырған Мәңгілік Ел патриоттық актісінің жалпыұлттық идеяның құжаттамалық пішіні екеніне назар аударды. Бұл – қазақстандықтардың біртектілігі мен бірлігінің ауқымды да бірегей генетикалық бағдарламасы. Акт біздің рухани құндылықтарымыз бен ұмтылыстарымыздың негізгі форматын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге тиіс. Онда экономика мен саясаттың, мораль мен діннің мәселелері, Қазақстанның жаһандық әлемдегі орны жөніндегі көзқарастарымыз бір арнаға тоғыстырылған. Бұл құжатқа қатысты екі жыл бойы қызу қоғамдық жұмыс жүргізілді. Ол Қазақстан халықтары Ассамблеясының барлық буынында, ғылыми ортада, саясаткерлер, кәсіпкерлер, мәдениет қайраткерлері арасында жан-жақты талқыланды. Былтыр Республикалық патриоттар форумында оның жобасы мақұлданды, деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Мәңгілік Ел патриоттық актісінде халқымыз қалыптастырған және өз жан-жүйесінен өткерген басты жалпыұлттық құндылықтар, мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың Қазақстанның тағдыры мен оны дамыту, өркендету жолындағы өзара жауапкершілігі нақтыланғанын айтты. Патриоттық акт қабылдай отырып, біз бүгінгі өмірімізде орны бар және бәріміз үшін қастерлі нәрселер мен болашақ Қазақстанның барлық дәуірінде өмірлік маңызы зор және бағалы болатын дүниелер арасында берік көпір саламыз. Біз жаңа белестерге қарай ілгері басқан қадамымыздың дұрыстығын компаспен тексергендей, Патриоттық акт арқылы анықтайтын боламыз, деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Патриоттық актінің жасампаз идеяларын қоғамда орнықтыру жөніндегі бірқатар шараларды іске асыру қажеттігін атап өтті. Үкімет Ассамблеямен бірлесіп, әрбір қазақстандықтың жүрегіне жол табатын кең ауқымды түсіндіру жұмысын жолға қойғаны жөн. ҚХА Хатшылығы Мәдениет және спорт министрлігімен, Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, Патриоттық акт жөніндегі әдістемелік құралдар дайындауы қажет. Олардың негізінде ұлттық компаниялар, кәсіпорындар, мекемелер мен оқу орындары ұжымдарындағы жұмысты жолға қою керек. Ассамблеяға мониторинг жүргізіп, Қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту тұжырымдамасын жүзеге асыру туралы баяндамалар дайындау міндеті жүктеледі, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Тәуелсіздік, Келісім, Болашағы Біртұтас Ұлт ұғымдарының қазақстандық арманды жүзеге асыратын бір-бірімен өзара байланысты ұғымдар екеніне назар аударды. Өмірден арман туындатып, арманнан шынайы болмысты сомдау керек. Жалпыұлттық арманымызды біз осылай жүзеге асырамыз. Қуатты, лайықты және мәңгілік мемлекет туралы арманымызды. Кең-байтақ, сүйікті және киелі жерімізді көркейту туралы арманымызды. Ұлы Дала елі кеңістігіндегі зәулім аспанмен астасқан шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүретін бақытты және бейбіт халқымыз туралы арманымызды. Мен бүгін Ассамблея сапына оны бұдан жиырма жыл бұрын менімен бірге құрысқан және бастапқы тарихи сессиялары мен шешімдерін әзірлескендердің есейген балалары қосылып жатқанын көріп тұрмын. Бұл – қазақстандықтардың ұрпақ сабақтастығының айқын айғағы, деді Мемлекет басшысы. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев баршаны алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бақыт пен игілік және табыс тіледі. Елбасы, ҚХА Төрағасының баяндамасынан соң алғашқы сөз «Болон және ұтқыр үдерістер» секторының маманы Сергей Петряевқа берілді. Мен сіздің сөзіңізді тыңдап отырып Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» – бұл Қазақстанның бес даму реформасы, ал «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі дүниежүзінің барлық ұлттарының бірлескен жоспары екен ғой деп ойладым. Өйткені, онда да бес нақты реформа туралы айтылған. Осыдан Сіздің манифесіңіз БҰҰ-ның ресми құжаты болып шығып тұр емес пе? Бұл Сіздің ғана емес, барлық Қазақстанның жеңісі ғой, деді шешен. Одан әрі С.Петряев өз басы және өзі туып-өскен орта туралы айтты. Менің туып-өскен отбасым – президенттік бес реформаны іске асырудың айқын үлгісі. Отбасы мүшелерінің арасынан тәрбиешілер, мұғалімдер, теміржолшылар, аспаздар, инженерлер, жөндеушілер, стюардессалар, аудармашылар, банк қызметкерлері шыққан. Ал мен өзім экономика ғылымдарының магистрімін. Біздің отбасымыз Ассамблеяның «Үлкен ел – Үлкен отбасы» атты жобасының нақ өзіндей болғандықтан, маған жақын естіледі. Егер біздің Қазақстанымыздың 18 млн. халқы бір кісідей алға қадам жасаса, бұл Мәңгілік Елге жасалған 18 млн. қадам болады емес пе? «Болашағы Біртұтас Ұлт» атты Сіздің реформаңыз – барлық халқымыздың бірге жұптасқан осындай ісі ғой, деді С.Петряев Президентке қарап. Одан әрі ол «жеті» санының қасиеттері туралы қазақы ұғымдарды еске салып өтті. Соның ішінде «жеті ата», «жеті қазына» және т.б. айта отырып, оларды Елбасының «Мәңгілік Ел» жобасындағы жеті жетістікке қол жеткізу туралы айтқан сөздерімен үйлестірді. Екінші сөз Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Маралтай Ыбыраевқа берілді. Өзінің сөздерін Елбасына арнаған ақын: Сізді бүкіл әлем барша Қазақстан халқының әкесі ретінде таниды. Нұрлы жолмен мәңгілікке бет алған ұлы көшіңіз мәңгілік тоқтамасын деген ниетпен мен өз ойымды жыр жолдарымен сабақтағым келеді, деп төмендегі жыр жолдарын ағытты: Мәңгілік Ел – арманымның асқары. Мәңгілік Ел – бақытымның бастауы. Мәңгілік Ел – тарихымның дастаны. Мәңгілік Ел – Нұрлы жолға бастады. Мәңгілік Ел – менің аппақ мұратым, Болашаққа нұрын шашып тұратын. Мәңгілік Ел – Нұрлы жолы қазақтың, Бар әлемге мойындатар қуатын. Мәңгілік Ел – шежіресі даламның. Мәңгілік Ел – ақ тілеуі анамның. Мәңгілік Ел – мәңгілікке аманат. Мәңгілік Ел – Нұрлы жолы бабамның. Мәңгілік Ел – бейбіт өмір әуені. Мәңгілік Ел – Ел Анамдай әдемі. Мәңгілік Ел – Тәуелсіздік тірегі. Мәңгілік Ел – бүкіл халық тілегі. Осылай деп жырдан шашу шашқан ол «Ардақты Нұраға, аман болыңыз! Мың жасаңыз!» – деп сөзін түйіндеді. Келесі болып жуырда ғана жүзден артық адамның өмірін сақтап қалған «БЕК ЭЙР» АҚ «Fokker-100» әуе кемесінің командирі Дмитрий Родин сөйледі. Ол сөйлеу үшін мінберге көтерілгенде Н.Назарбаев оның батырлығы туралы өз аузынан айтуын сұрады. Елбасына ұшқыш «Ерлік туралы ойлауға еш уақытым болған жоқ, менде тек ұшақтағы 116 адамның өмірін қайтсем сақтаймын деген ой ғана болды», – деді. Нұрсұлтан Әбішұлы оған ризашылығын білдіріп, жасаған ісі нағыз ерлік екенін атап көрсетті. Осыдан кейін ұшқыш өз сөзін жалғастырды. Жұрттың бәрі соңғы уақыттарда мені батыр дейтін болды. Бірақ мен ешқандай батыр емеспін, тек Отан алдындағы өз міндетімді орындадым. «Фоккер» ұшағының алдыңғы екі шассиінің ашылмай қалғандығы ұшқыштың қателігінен емес, ұшақты жасаушылардың жіберген техникалық ақауынан екендігін оны шығарған голландтық авиажасаушылар да мойындады. Осыдан кейін олар арнаулы құжат қабылдап, басқа «Фоккерлердің» осындай ақаудан сақ болуының алдын алды. Бұл әлемдегі миллиондаған адамның өміріне төнуі мүмкін қауіпті сейілтті, деді Д.Родин. Одан әрі шешен Президентке залда жас жауынгерді жанында граната жарылғанда ажалдан өз денесімен жауып аман алып қалған полковник Қайрат Үмбетов отырғанын айтты. Міне, оныкі нағыз батырлық деп санаймын, деді ол. Мен оның ерлігін естігенде өзіме: «Мен Қазақстанға адал болу жауапкершілігін мойныма алдым, сондықтан оның барлық азаматтарын қолымнан келгенінше ажалдан алып қалуға міндеттімін», деп ант бердім. Қайрат Үмбетов нағыз патриот. Сіздің «Мәңгілік Ел» идеяңызды бойларына сіңірген Қазақстанның барлық азаматтары да патриот болулары керек. Менің «Фоккерімде» сол күні 116 адам болса, Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, «Қазақстан» деген әуе лайнерімен 18 млн. адамды қауіпті жағдайлардан аман алып өтіп, жеңістерге жетіп келе жатырсыз. Сондықтан да, біз «Мәңгілік Ел» атты патриоттық актіні бәріміз бірге қолдаймыз, деді ол. Сөзінің соңында Д.Родин Қазақстанның тағы бір патриоты, ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетовті мінберге шақырып, оның да өз ойларын айтуын өтінді. Ғарышкер өзінің сөзінде халықаралық ғарыш стансасының бортындағы адамдар арасындағы қатынас Сіздің бейбітшілік пен келісім туралы қағидаттарыңыздың негізінде іске асырылады. Мәселен, мен ғарышта болған кезде 5 елдің 9 ғарышкері бір отбасындай болып, Сіздің қағидаттарыңызбен жұмыс істемесе, ешқандай жақсы нәтижеге қол жеткізе алмайтын еді. Сондықтан да, Ассамблеяның рухы ғарышқа да жеткен, «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін де біз сондай биікке көтереміз, дей келіп, Елбасына ғарышта болып келген Ассамблеяның туын табыс етті. Мұнда халықаралық «Мир» ғарыш стансасы экипажы мүшелерінің қолдары қойылған, деді ол. Сөзінің соңында А.Айымбетов Президентке қазақстандық ғарыш саласын үнемі қолдап отыратындығы үшін алғысын жеткізді. Қазақстанда қазір үш ғарышкер бармыз, бұл – толыққанды экипаж деген сөз. Біз әлемде 9-шы орын алатын ғарыштық державамыз, деді А.Айымбетов. Сөз кезегі өзіне тигенде «Тіл дарын» жастар клубының төрайымы, қостанайлық Наталья Шпагина қазақ тілінде мүдірмей, жасындай жарқылдап сөйлеп берді. Мен – Тәуелсіздіктің құрдасымын, сондықтан да, біз еліміздің патриоты болып өстік. Ұлы Дала елі – біздің тарихымыз. Ал «Мәңгілік Ел» патриоттық идеясы – біздің стратегиямыз, деді ол. Одан әрі шешен өзінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі екенін, жақында қазақ отбасына келін болып түсуге дайындалып жүргенін жеткізді. 2011 жылы қазақ тілінде таза сөйлейтін өзге ұлт өкілдері жастарының басын құрап, «Тіл дарын» клубын құрыпты. Оны 10 адам болып бастаған екен, қазір мүшелердің саны 150-ге жеткен көрінеді. Сонымен қатар, ол осындай төменнен шыққан бастамалардың арқасында бір жылдың ішінде республикада 44 мыңнан астам өзге этнос өкілдерінің балалары қазақ тілінде таза сөйлейтінін айтты. Бұл жұмыс – Сіз жариялаған 100 қадамның бірі, «Мәңгілік Елдің» бастауы. Мемлекеттік тілді білудің өзі – патриоттық сезімнің көрінісі. Тіл – еліміздің барлық этностарын біріктіретін құрал. Қазақ тілін білгендігімнің арқасында мен бүкіл жан-жүрегіммен өзімнің біртұтас халқымның болашақта біртұтас ұлт боларын ұқтым, деді Н.Шпагина. Сөзінің соңында үш тұғырлы тіл мәселесіне де тоқталып, оны жан-тәнімен қолдайтынын жеткізді. Тілдерді білу – бұл даму, алға басу, жаңа биіктерді бағындыру. Сайып келгенде, бұл – «Мәңгілік Елдің» жолы, деді қазақ тілінен сабақ беретін орыс қызы. Бұл күні донор жүрегі салынған бірінші қазақстандық азамат, «Өмір тынысы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жәнібек Оспанов Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа медицина саласында жүргізген реформасы үшін алғыс білдірді. 2012 жылдың 8 тамызында Қазақстанда алғаш рет жүрек алмастыру операциясы жасалды. Танымал кардиохирург Юрий Пя бастаған елордадағы Ұлттық кардиология ғылыми орталығының қызметкерлері 38 жастағы науқасқа 46 жасар донор әйелдің жүрегін салды. Донордың ұлы Игорь Воротников анасының жүрегін және бүйрегін алуға рұқсат бергеннен кейін дәрігерлер жүректі Жәнібек Оспановқа, ал, бүйректі тағы бір науқасқа салған еді. Мен 2012 жылдың тамыз айында қайтадан жарық дүние есігін ашқандай болдым. Осы орайда, бізге көрсеткен қамқорлығыңыз үшін, Елбасы, Сізге, Астана қаласында тұрғызылған Кардиохирургиялық орталықтағы дәрігерлер қауымына шексіз ризашылығымды білдіремін. Мен 100 пайыз Ассамблея адамымын. Себебі, қазақ болып дүниеге келдім, отаны корей жасады, ал орыс әйелінің жүрегі маған екінші өмір сыйлады. Мұндай шешімді оның балалары Игорь мен Вероника қабылдады. Ендігі уақытта олар менің жақындарым әрі туыстарым, деді Жәнібек Оспанов. Ж.Оспанов сондай-ақ, медицина саласындағы реформалардың арқасында мұндай күрделі операцияларға қолжетімділік арта түскендігіне тоқталды. Сонымен бірге, президенттік «Мәңгілік Ел» идеясы өзгенің басына түскен ауыртпалыққа бейжай қарамайтын жаңа буынның өсуіне септігін тигізеріне сенімді екендігін жеткізді. Соңғы 4 жылда Қазақстанда мұндай 847 ота жасалса, оның 33-і – жүрек алмастыру. Бүгінде мен сияқты біраз адамдар «Өмір тынысы» қоғамдық ұйымының қатарына шоғырландық. Біз толыққанды адамбыз, оқимыз, жұмыс істейміз, бала тәрбиелейміз, спортпен шұғылданамыз. Тіпті, болашақта Дүниежүзілік спорттық трансплант ойындарға да қатысқымыз келеді. Бұл біз сияқты азаматтарға арналған олимпиадалық ойындар. Біздің арманымыз – «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің қабылдану құрметіне орай Қазақстанның көк Туын сондай ойындарда биікке желбірету, деді ол. Жәнібек Оспановтың сөзін тыңдаған Мемлекет басшысы: «Юрий Пя біздің жетекші кардиохирургіміз және кардиоорталығымыз күн өткен сайын танымалдылыққа ие болуда. Елімізге мұндай ота жасату үшін келіп жатқан азаматтар санының арта түсуі осыны аңғартады. Бұл шынымен де керемет емес пе?! Міне, біздің алдымызда донор жүрегі салынған адам тұр. Ол дұрыс айтады. Ол дүниеге екінші рет келді. Осыдан 4 жыл бұрын күрделі ота жасалды, – деді Қазақстан Президенті. Қарағанды қаласындағы «Симкон» ЖШС директоры Олег Мецик Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясының қоғам мен экономиканың дамуындағы еңбек адамының рөлін айқындап берді. Менің кәсібім қазақстандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Ал кез келген кәсіпорынның басты құндылығы – оның жұмысшылары. Бүгінде еліміздегі ірі және шағын кәсіпорындар өздерінің еңбек өнімділіктерін арттырып келеді, деді О.Мецик. Осылай деген ол еліміздегі әрбір азаматтың инновациялық капитал бола алатынын, 2017 жылдан бастап тегін кәсіптік-техникалық білім беру мәселесінің қолға алынуын тілге тиек ете келе, жұмыс күшінің экономиканың басты қозғаушысы екенін атап өтті. Мәселен, 3 жыл ішінде 30 мыңға жуық жұмысшы бригадирлерді даярлықтан өткізуге, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға болады екен. Сол кезде біздің қоғамымыз тиімді жұмыс күші бар қоғамға айналады. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының Мемлекет басшысының бес институттық реформасына қосқан индустриялық үлесі болмақ, деді ол. Бұдан кейінгі кезекте сөз алған Қазақ ұлттық ауыл шаруашылығы университетінің 3-курс студенті Фаризат Хаджиева ата-әжесінің аманатын орындап, қиын кезеңде өзге ұлт өкілдеріне пана болған Н.Назарбаевтың отбасына алғыс айтты. Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Биыл жарияланған Алғыс айту күні қаншама тарихты еске түсіріп, мен сияқты жастардың жүрегіне ой салды. Мен бүгін бұл мінбеге отбасымның аманатын өтеу үшін шығып тұрмын. Жер аудару жылдарында менің атамның отбасын қайырымды, қонақжай қазақ отбасы паналатыпты. Олардың өзі екі бөлмелі саман үйде тұрады екен. Нұрсұлтан Әбішұлы, мен Фаризат Хаджиева Сіздің отбасыңыз, Әбіш атаның отбасы паналатқан Хызыр Хаджиевтің немересі, Хазрет Хаджиевтің шөбересімін, деді ол. Бұл ретте Қазақстан Президенті Фаризаттың атасын еске түсіріп, ақ ниетіне ризашылығын білдірді. Ф.Хаджиева: «Нұрсұлтан Әбішұлы, егер Әбіш атаның қамқорлығы болмаса, мен де бүгін осы сахнада тұрмас едім. Сол адамгершілік, сол кеңпейілдік, сол қамқорлық үшін Сіздің ата-бабаларыңызға, Сіздің отбасыңызға айтар алғысымыз, ақ тілегіміз шексіз», – деді. Осылай дей келе, ол Әбіш атаның бастамасымен өз атасының 2 бөлмелі саман үй тұрғызғанын да айтты. Бұл сол уақытта арнайы жер аударылғандар үшін нағыз салтанатты сарайдан кем болмайтын. Қоныс тойына Әбіш ата бұзау сыйлапты. Дәл сол сыйлық біздің отбасымыздың бақыт пен молшылық нышанына айналған екен. Нұрсұлтан Әбішұлы, болгар халқында барлық мұсылмандар үшін қасиетті жер Мекке мен Медине деген сөз бар. Ал кезінде күштеп жер аударылғандар үшін қасиетті жер – Қазақстан». Мен де Қазақ елінің перзенті ретінде елімді мәңгі етуге өз үлесімді қосамын, деді ол. Бұл күні сөз сөйлегендердің арасында «Мастер фарм» медициналық компаниясының директоры Евгений Хван да болды. Ол бүгінде Қазақстан бизнеске қолдау көрсетуі арқылы жоғары рейтингті иеленіп тұрған елдердің қатарына кіргенін, фармацевтикалық компанияларға да, міне, дәл осындай қолдау көрсетіліп келе жатқанын тілге тиек етті. Біз өз ісімізді нөлден бастадық. Алғашында біздің қатарымызда 3 адам ғана бар еді. Ал қазір біздің санымыз 120-ға жетті. Мәселен, «Бизнестің жол картасы» секілді бағдарламалар мен елде жүргізіліп жатқан басқа да реформалардың, жеңілдік несиелерінің арқасында біз өз аяғымыздан нық тұрып қана қоймай, дамыдық. Біздің компаниямыз – Елбасы, Сіздің өніміңіз. Себебі, біз Сіздің қолдауыңыздың арқасында өсіп, өркендедік. Менің шетелдегі достарым Қазақстан туралы сұрағанда, мен Қазақстанда бизнестің, кәсіпкерліктің өркендеуіне мемлекет тарапынан әрдайым үлкен қолдау болатынын айтсам, олар маған таңданыспен қарайды. Бұдан шығатын қорытынды, егер, сен шынайы жұмыс істегің келсе, онда сен үшін барлық жол ашық. Ал қазіргі таңда дүниежүзіне, әлемнің әр қиырында жатқан елдерге қиындық туғызып жатқан дағдарыстан біз қорықпауымыз керек. Себебі, мұндай экономикалық дағдарыстар бізге жаңаша мүмкіндіктер береді. Яғни, біз өзімізге берілген кез келген мүмкіндікті қолдан жіберіп алмауымыз керек. Жақында Сіз Шымкентте болдыңыз. Ондағы химфарм зауытына арнайы атбасын бұрдыңыз. Сол кезде Сіз бізге табиғи шикізат өнімдеріне қайта оралудың уақыты келгенін айтқан едіңіз. Шынымен де, қазіргі таңда бүкіл әлем бойынша өсімдіктен дайындалатын дәрілік өнімдерге деген тұтынушылар көлемі артып келе жатқаны жасырын емес. Сондықтан, енді 10 жылдың ішінде мұндай дәрілердің үлесі 40 пайыздан 60 пайызға өседі деген болжам бар. Демек, бұл – өсімдік шикізатына деген тұтынушылық деңгейі де өседі деген сөз, деді Е.Хван. Сонымен қатар, ол кейбір компаниялардың түрлі өнімдерді әлемдік нарыққа тасымалдаушы рөлдерінде жүргендігіне тоқтала келе, бұл орайда біз әлемдік нарыққа дәрілік, өсімдік шикізатын тасымалдаушы бола алатынымызды, тіпті, өсімдіктен жасалған дәрілік өнімдерді шығарушы елдердің алдыңғы қатарында бола алатынымызды айтқым келеді. Себебі, ол үшін бізде барлық мүмкіндік бар, деді ол. Жиында сөйлеген сөзінде Е.Хван, сондай-ақ, өзінің Қазақстанда тұрып жатқан корей ұлтының үшінші буыны болып саналатынын, сондықтан, қазақ жері – бұл тек қана өзі өмірге келген, я болмаса, тіршілік кешкен мекен ғана емес, Қазақстан – бұл біздің жанымыз, жүрегіміз, өткен мен келешекті байланыстыратын жер. Сол үшін де, Елбасы, Сізге мың алғысымызды білдіреміз, деген ойын ортаға салды. Мемлекет басшысы табиғи шикізат өнімдерінен дәрі өндіру дүниежүзі бойынша алдыңғы орынға шыққанын атап өтті. Мен осыдан бір ай бұрын Кубаға бардым. Куба – Оңтүстік Америка құрлығындағы дәрі өндіру жағынан дамып кеткен бірден-бір ел. Барлығы сол жерге барып, емделеді. Ондағы барлық дәрілер өсімдіктерден өндіріледі. Сондықтан, сіздердің компанияларыңыздың бұл істі қолға алғаны – дұрыс, деді Елбасы. Сессия барысында Астана қалалық өзбек этномәдени орталығы «Жастар қанатының» төрайымы, кәсіпкер Фарангиз Ахметова мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаудың арқасында өзінің басқаруындағы нан өнімдерін шығаратын кәсіпорынның жұмысы жақсы жолға қойылып отырғанын атап өтті. Мен жас кәсіпкермін. Біздің кәсіпорында түрлі ұлт өкілдерінен құралған 50 адам жұмыс істейді. Барлығымыз қазақ тілінде сөйлесеміз. Қазіргі таңда біз өз өнімдерімізді ондаған елге экспортқа шығарудамыз, деді ол. Сондай-ақ, спикер елімізде жастарға барлық жағдай жасалып отырғанын, бес институттық реформаның тұрақтылық пен орнықты дамуымыздың кепілі екенін айта келіп, Қазақстанның болашағын жарқын ету жолында аянбай еңбек ете беретінін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанда кәсіпкерлікті дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Ал Назарбаев Университеттің профессоры Дуйшонкул Шаматов (Қырғызстан) өз сөзін Қырғыз елінің ыстық сәлемін жеткізуден бастады. Сонымен бірге, ол Қазақстан Президентінің өз еліне жасаған қолдауына алғысын білдірді. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Қырғыз елі Сіздің жасаған көмегіңізді ешқашан ұмытпайды. Сол көмекке жол, мектеп, тұрғын үйлер салынды. Қиын жағдайда Сіздің қол ұшын созуыңыз қырғызстандық талай азаматтардың үмітін жалғады, деді спикер. Бұдан бөлек, Дуйшонкул Шаматов өзінің Назарбаев Университетте қызмет етіп жүргенін үлкен мәртебе санайтынын, осы оқу орнында «Мәңгілік Елдің» құндылықтары қалыптасып жатқанын айта келіп, менің Сізге және Қазақстан халқына құнды аманат тапсырғым келеді. Жақында атам Қадырбек маған бір жазба көрсетті. Ол кісіге әлгі жазбаны ағасы Күзебай Құранов қайтыс болар алдында, яғни 1954 жылы беріпті. Күзебей атаға бұл жазбаны ҚарЛагта жазықсыз сотталған бір адам Қазақ елінің азаматтарына тапсыруды аманаттапты. Ол жазба – белгісіз автор жазған «Қыз Жібек» жырының нұсқасы. Сізге және Қазақ еліне осы қолжазбаны тапсыруға рұқсат етіңіз, деді Дуйшонкул Шаматов. «Еуразиялық диалог» халықаралық қорының төрайымы Айжан Шебанова (Ресей) өз кезегінде Қазақстан Ресейдің сенімді серіктесі екенін, өзі басқарып отырған халықаралық қордың екі ел арасындағы жақсы қарым-қатынастың арқасында жетістіктерге жеткенін атап өтті. Сондай-ақ, ол қазақстандық бірқатар азық-түлік өнімдері Ресейде жоғары бағаланатынын, ресейлік қазақтар ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесіне қатысуға қызығушылық білдіріп отырғанын сөз етті. Айжан Шебанованың айтуынша, Елбасы бастамасымен құрылған Еуразиялық экономикалық одақ екі жаққа да тиімді. Аталған Одақ шеңберінде Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары одан әрі дами бермек. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының магистратурасында оқып жүрген, елімізде 5 жылдан бері тұрып келе жатқан өнертанушы, нигериялық Даниэль Джеймс Данлади-Бвай сессия барысында өзінің қазақ өнеріне деген құрметі жоғары екенін аңғартты. Менің әкем нигериялық, анам – орыс. Қазақта «қара» деген қасиетті ұғым бар. Төбеде көк аспан, төменде қара жер болса, оның үстінде бейбітшілік пен татулықтың қарашаңырағы – Қазақстан!, – деген Даниэль мінбеде тұрып «Екі жиреннің» бір шумағын әуелете айтып берді. Халықаралық «Street Workout» (Стрит Уоркаут) федерациясының президенті Денис Минин жиын кезінде татулықты ту еткен еліміздің жетістіктерін айта келіп, өз ұсынысын ортаға салды. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, мен Украинаданмын. Сіздің студенттік өміріңіздің өлкесі Днепропетровск облысында туып-өстім. Өз елімде болып жатқан оқиғалар жүрегіме ерекше ауыр тиюде. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі – бейбітшілік пен келісімді сақтаудың озық үлгісі. Сіздің тәжірибеңізді спортқа енгізу арқылы Қазақстанның спорттық ассамблеясын құрдық, осылайша бүкіл әлем бойынша біз жастарды біріктіруді көздедік. Нұрсұлтан Назарбаев мырза, Қазақстан халқы Ассамблеясының достық елшісі атағын тағайындауды ұсынамын және мен оның алғашқы елшісі болуға дайынмын, деді Денис Минин. Өз кезегінде Мемлекет басшысы оған: «Қолдаймын, бұл мәселені шештік деп есепте», – деп қысқа әрі нақты жауап берді. Сонымен қатар, Денис Минин спортшыларды Қазақстан секілді белсенді қолдап келе жатқан әлемнің басқа елдерін көрмегендігін ерекше атап өтті. Осы арада көпшілікке аса танымал бола қоймаса да, кейінгі уақытта қарқынды дамып келе жатқан Стрит Уоркаут спорты жөнінде айта кетейік. Ол – белтемір, қырлы бөренелер сынды қарапайым спорт құралдарында өнер көрсететін спорт түрі. Аталған спорт қысқа ғана уақыт аралығында елімізде де кеңінен етек алып, ресми түрде бұқаралық спорт түрі болып танылды. Спорт түріне деген жастардың қызығушылығының арқасында арнайы федерация да құрылды. Бұл спорт түрінің басты ерекшелігі – аса бір шығынды талап етпейді. Кез келген уақытта, кез келген спорт алаңдарында, тіпті, қала орталықтарында, көшелерде, саябақтарда да шұғылдана беруге болады. Бір сөзбен айтқанда, өте қолжетімді спорт түрі. Тағы бір ерекшелігі – тәнді шынықтырып, жанды тынықтырып қана қоймай, қатаң тәртіпке баулиды, рухты шыңдайды, жаңа жетістікке жігерлендіре отырып, биік мақсаттарға жетелейді. Сонымен бірге, ең бастысы – адамның өзін-өзі жетілдіруінде айтарлықтай септігін тигізеді. Сондықтан да, елімізде бұл спорт саламатты өмір сүру салтын қалыптастыру ісінде өзіндік маңызға ие. Бұдан кейін Стрит Уоркауттан әлем чемпионы Дияс Биджиев сөз алып, ол қазіргі таңда спорт түрімен 500 мыңнан астам қазақстандық жастар айналысатынын жеткізді. Сондай-ақ, Д.Биджиев спортпен шұғылданған адам ауырмайтынын, бұл өз кезегінде мемлекетке, отбасыларға үлкен көмек екенін айтты. Бұған қоса, Дияс Биджиев елімізде саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында көптеген маңызды шаралар атқарылғанына, оның оң нәтиже беріп келе жатқанына назар аударды. Батыс Қазақстан облыстық корей этномәдени орталығының төрағасы Максим Пак сөз сөйлеп, елімАзия чемпионаты: Ерлер арасында ел қоржынына екінші алтын түсті
Спорт • Бүгін, 16:00
Түркістан облысының қорғаныс департаменті басшысы тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 15:50
Өскеменге жаңа әкім тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 15:33
Азия Чемпионаты: Абылайхан Жүсіпов қоржынға күміс жүлде салды
Бокс • Бүгін, 15:05
Махмұд Сабырхан ерлер арасындағы алғашқы алтынды еншіледі
Бокс • Бүгін, 14:53
Оқиға • Бүгін, 14:40