«Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады», деп халық тауып айтқан ғой. Әрине, жергілікті әкімдік азық-түліктің бағасын тұрақтандыруда үлкен жұмыстар атқаруда. Жамбыл облысында 33 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұрақтандыру мақсатында 10 әлеуметтік дүңгіршек пен 1 коммуналдық базар ашылған.
Облыс бойынша өткен жылы 345 ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, 1,5 млрд. теңгеге жуық азық-түлік тауарлары өткерілсе, азық-түлік белдеуін құру мақсатында Алматы қаласында 4 рет жәрмеңке өткізіліп, құны 420 млн. теңгені құрайтын 943 тоннадан астам ауылшаруашылық тауарлары өткерілді. Сондай-ақ, Астана қаласында бір ай бойы ауылшаруашылық жәрмеңкелері өткізіліп, жалпы құны 75 млн. теңгені құрайтын 480 тонна өнім Астана тұрғындарына 15-20 пайыз төмен бағамен сатылды.
Қазір еліміз бойынша ең арзан нан – Таразда. Бүгінгі күні әлеуметтік бір бөлке нанның бағасы 50-55 теңге аралығында тұрақталды. Жыл басынан бері «Кәсіпкерлер қамқорлығы» акциясы ұйымдастырылып, әлеуметтік көмекке зәру, қамқорлықты қажет ететін отбасылар мен зейнеткерлерге Тараз қаласындағы 5 азық-түлік дүкені мен 10 әлеуметтік дүңгіршектерге 50 бөлкеден 350 грамдық нан беріліп, тегін таратылуда. Сонымен қатар, былтырғы жылы Тұрақтандыру қорындағы 1000 тонна қант – 175 теңгеден, 45 тонна өсімдік майы 230 теңгеден босатылды.
Әйтсе де, жасыратыны жоқ, Жамбыл облысына солтүстік өңірлерден жеткізілетін ұн бағасының жоғары болуына байланысты бірінші сұрыпты ұн мен одан өндірілетін нан бағалары өсіп отыр. Бұған тағы АҚШ долларымен сатылатын және елімізден экспортталатын бидайдың сырттағы сұранысқа сәйкес бағасы әсер етуде. Сондай-ақ, сүт өнімдері бағаларының жоғарылауына мал шаруашылығындағы маусым аралық кезеңде сүт өндірісінің төмендеуі себеп болуда.
Әйтсе де азық-түлік бағаларының көтерілуіне алыпсатарлардың әрекеті көп әсер етіп жатқанын ашық айту қажет. Осының нәтижесінде өндірушіден кеткен тауарлар дүкендерде 2 есеге дейін жоғары бағада сатылады.
– Оның басты себептері сауда-саттық саласындағы жекелеген кәсіпкерлердің тауарға қосқан үстеме ақысына және сауда орындарын жалға алу құнына байланысты, – дейді Жамбыл облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов. – Тараз қаласындағы «Ауыл береке» базарындағы картоптың көтерме бағасы – 40 теңге, бөлшек саудада килосы 50 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, пияздың көтерме бағасы – 30, бөлшек саудадағы бағасы – 45 теңге. Тіпті, сол картоп пен пияз «Смарт», «Жасмин» секілді үлкен сауда орталықтарында 70-80 теңгеден саудаланып жатыр. Дәл осындай жағдай еттің бағасына да қатысты. Мысалы, шаруалардың тірідей өткізген малдан алынатын еттің килосы 750-850 теңгені құраса, сауда орындарында 1050-1200 теңгені құрайды.
Осыдан кейін өнімді өндірушіден гөрі арадағы делдалдар көп пайда таба ма деген ойға қалатының анық. Яғни, саудада делдалдардың дегені болып тұр. Қалай айтсақ та, жергілікті әкімдік енді өндіруші мен тұтынушының арасын тікелей байланыстыратын жол іздеп, осы бағытта әрекет етсе дұрыс болар еді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы