Үлкен инвестициялардың үлкен мүмкіндігі
Оңтүстік Қазақстан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов Бес институттық реформаны негізге алған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының өңірде жүзеге асырылу барысы жайында брифинг өткізді. Әлемдегі бүгінгі қалыптасқан жағдай басшылардан заманның талабына орай ілкімділікті, қабілеттілікті, жаңа жағдайда табысты жұмыс жасауды қажетсінеді. Яғни, кабинеттегі мауытымен көмкерілген үстел, былғары орындыққа көміліп отырып алып, бұйрық арқылы жұмыс жасаудың заманы өткен. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды жеке-жеке жіліктеді. Бірінші реформа – кәсіби мемлекеттік аппарат құру. Қазіргі уақытта жаңа кадр саясаты кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың ең қажетті алғышарты болып табылады. Бұл бағытта ауқымды іс-шаралар қолға алынды, деді Бейбіт Бәкірұлы. Мәселен, республикамызда алғаш рет облыстың атқарушы органдары үшін Бірыңғай персоналды басқару қызметі құрылды. Сондай-ақ, Әдеп жөніндегі уәкіл тағайындалды. Облысымызда мемлекеттік қызметте сатылап өсу және орналасу меритократия мен жариялылық қағидаттарына сәйкес болуы тұрақты бақылауда. Бос лауазымға конкурстар ашық түрде өткізіліп жатыр. Қазір арнайы сарапшылар тобын жинаудамыз. Жақында олардың кез келген аудан мен қалалардағы конкурстарға бейне-конференция арқылы қатысуын қамтамасыз ететін боламыз. Сонымен қатар, біз «Кадрлардың алтын резервін» қалыптастыруға кірістік. Осы тұрғыда, президенттік «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алған және Мемлекеттік басқару академиясын бітірген белсенді, отансүйгіш жастарды мемлекеттік қызметке тартып жатырмыз. Мысалы, қазірдің өзінде осындай түлектердің қатарынан іріктелген 12 азамат облыстағы басшылық лауазымдарда жұмыс жасауда. Ол азаматтар жаңа идеяларды енгізіп жатыр. Екінші реформа – заңның үстемдігін қамтамасыз етуге байланысты ойын жүйелеген облыс басшысы Елбасымыз Ұлт Жоспарының екінші бағытында халық алдында есеп беретін жергілікті полиция қызметін құруды тапсырды, деді. Осыған орай, облыстың барлық аудан, қалаларында жергілікті полиция қызметі құрылып, оларға 19 басшы тағайындалды. Бүгінде жергілікті полицияның құрамында 2747 қызметкер бар. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 30-қадамына сәйкес жол-көлік, учаскелік және ювеналдық полиция қызметкерлері бейнетіркегіштермен және кеудеге тағатын бейнежетонмен қамтылады. Бұл құқық бұзушылықты азайтып, қоғамдық тәртіпті сақтауға септігін тигізетін болады. Ұлт Жоспарының 32-қадамына сәйкес облысымызда алғаш рет «Қылмыстық құқық бұзу картасы» әзірленіп жатыр. Бұл жүйе қылмыстық әрекетті немесе оқиғаны ашудың заманауи озық тәсілі болып табылады. Индустрияландыру жəне экономикалық өсім, яғни үшінші реформа бойынша көлемді жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, 2015 жылы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі төрт жүз он алты млрд. теңгеге жеткен. Инвестициялық салымдардың басым бөлігі шағын кәсіпорындардың көлемінің 61,2 пайызын құрайды. Сыртқы инвестициялардың көлемі 48,3 млрд. теңгені немесе жалпы инвестиция көлемінің 12 пайызын құрады. Өнеркәсіп саласын дамыту үшін төрт бағыт бойынша жоспар әзірленді. Бірінші. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында тоқыма кластерді қалыптастыру. Бүгінгі таңда өскен шитті мақтаның отыз бес пайызы облыстың тоқыма кәсіпорындарымен өңделуде. Біздің мақсат – 2020 жылға дейін шитті мақтаның 90 пайызын өзіміздің облыстың кәсіпорындарында өңдеуді қамтамасыз ету. Сонымен қатар, шитті мақта көлемін 54 пайызға өсіруді жоспарлап отырмыз, ол 420 мың тоннаны құрайды. Екінші. Облыста фармацевтика кластерін қалыптастыру. Республикада өндіріліп жатқан фармацевтикалық препараттардың жартысына жуығы біздің облысымыздың үлесінде. Бүгінгі таңда, «Химфарм» акционерлік қоғамында 100 млн. АҚШ долларын құрайтын 4 кезеңнен тұратын жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, дәрі-дәрмек өндіретін және медициналық бұйымдар шығаратын 6 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 2 зауыттың (таблеткалар өндірісі және қан жинайтын контейнер өндіру) құрылысы басталды. Ортопедиялық бұйымдар шығаратын зауытты іске қосу жұмыстары аяқталып келеді. Үшінші. Облыстың әр ауданында индустриялық аймақтардың құрылысын жүргізу және дамыту қолға алынып жатыр. Бүгінгі таңда 11 индустриялық аймақ құрылған, оның төртеуі Шымкент қаласында орналасқан. Оның ішінде, алтауы іске қосылып, онда 143 жоба іске асырылып, 10400 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Республикада бірінші болып жұмысын бастаған «Оңтүстік» индустриялық аймағы өзінің тиімділігін дәлелдегенін атап өту қажет. Бүгіндері аймақта 20,4 млрд. теңгенің 39 жобасы іске асырылып, 3,1 мың жұмыс орны ашылды. Соңғы 5 жылда инфрақұрылым тартуға жұмсалған қаржының 67 пайызы бюджетке салық түрінде қайтарылды. Төртінші. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу. Былтыр жалпы өнімнің көлемі 345 млрд. теңгені, өсім 3,5 пайызды құрады. Биыл облысымызда құс етін өңдеу көлемін 4 есеге арттыру мақсатында 3 құс өсіру, яғни «Қазығұрт құс» ЖШС, «Ak Kazyna» ЖШС және «Ордабасы құс» ЖШС кешенін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, 2 ет өңдеу комбинатын іске қосып («Қайыпата» ЖШС және «AGRO KAMF GROUP» ЖШС), ірі және ұсақ мал етін өңдеуді екі жарым есеге арттырамыз. Аталған өндірістерді іске қосу – облыстың ет өнімдерін Ресей, Өзбекстан, Ауғанстан және Иран елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді. Облыс бойынша өндіріс қуаты жылына 130 мың тоннаны құрайтын 40 сүт өңдейтін кәсіпорындар жұмыс істейді. Өткен жылы жүз сексен сегіз мың тоннадан астам сүт өңделіп, сүтті терең өңдеу көлемі 11 пайызға өсті. Түлкібас ауданында өндіріс қуаты жылына 5,4 мың тоннаны құрайтын жеміс пен көкөністерден концентрацияланған және таза шырын шығаратын 4 зауыттың құрылысы жүзеге асырылуда. Аталған міндеттемелерді іске асыру 2020 жылға облыс өнеркәсібіндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесін 70 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді. Аграрлық шаруалардың табыстылығын және бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін, ауыл шаруашылығына қуатты технологияларды және инновациялық әдістерді енгізудеміз. Облыстың ауылшаруашылық көрсеткіштерін арттыратын бірден-бір түрі – жылыжайлар. Жалпы, республика бойынша жылыжайлардың 87 пайызы біздің өңірде орналасқан. Бүгінгі таңда біздің облыс республикамыздың жабық топырақтағы көкөніске сұранысының 65 пайызын қамтамасыз етеді. Нарықтың сұранысын ескере отырып, индустриялық аймаққа ұқсас 136 га ірі жылыжай кешенін құру жобасы іске асырылуда. Аталып өткен шаралардың нәтижелі болуын қамтамасыз ету үшін облысымызға дамыған логистикалық жүйе қажет. Осы мақсатта, Ұлт Жоспарының 65-қадамына сәйкес мультимодальдық көлік дәлізін дамыту шаралары қолға алынды. Яғни, Шымкент қаласында алаңы 112 гектарды құрайтын көліктік-логистикалық орталық құрылысы аяқталуда. Орталықта 7 ірі жоба іске асырылып, 27,6 млрд. теңге жеке инвестициялар тартылды. Онда халықаралық стандарттарға сай «А» класындағы қойма іске қосылған. Бұдан бөлек, Мақтаарал, Сарыағаш, Түлкібас аудандарында және Түркістан қаласында логистикалық орталықтар құрылысы жүргізілуде. Пайдаланылмай жатқан жерлерге қатысты айтар болсақ, Елбасының тапсырмасына сәйкес пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлерді қайта айналымға енгізу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Жүргізілген түгендеу нәтижесінде 315 мың гектар жер анықталды. Оның 63 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды, 56 мыңы аукционға шығарылды, қалған жерлер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Елбасының реформалық бағдарында халықтың әлеуметтік жағдайының жақсарып, әл-ауқатының артуына айрықша назар аударылған. Елдегі әрбір азаматтың жағдайы мемлекет үшін маңызды. Сондықтан да, әлеуметтік көмек мемлекет қызметінің басты бағыты деуге болады. Өткен жылдан бастап «Өрлеу» қанатқақты жобасы бойынша шартты ақшалай көмек түрі қолданысқа енген болатын. Аталған бағдарлама аясында облысқа 600 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, екі жарым мыңнан астам отбасы немесе 15 мыңға жуық адамға әлеуметтік көмек берілетін болады. Төртінші реформа – біртектілік пен бірлік туралы сөз сабақтаған облыс басшысы қайырымдылық аясында өткен жылы және биылғы жаңа мереке – Алғыс айту күнінде 2 мыңнан астам аз қамтылған және әлеуметтік әлжуаз адамдарға 21 млн.-нан астам теңгеге ақшалай және заттай көмек көрсетілгендігін айтты. Сонымен қатар, облыста «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының негізгі бағыттарын түсіндіру жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы құрылып, ол өткен жылы 110 елді мекенде 50 мыңнан астам адамның қатысуымен 120 кездесу өткізді. Бесінші бағыт – есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бойынша жұмыстар екі бағытта жүрізіліп келеді. Ашықтылық бойынша Президент Әкімшілігінің қолдауымен «Ашық әкімдік» жобасы іске асырылуда, деді өңір басшысы. Бұл жобаның шеңберінде мемлекет тарапынан бизнес үдерістерге көрсетілетін қызметке реинжиниринг жүргізіледі. Есептілік бойынша «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға сәйкес 40 мүшеден тұратын облыстық «Қоғамдық кеңес» және 323 мүшесі бар қоғамдық кеңестер аудан, қалаларда құрылған. Қоғамдық кеңестердің мақсаты азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және жергілікті деңгейдегі шешімдерді талқылау кезінде жұртшылық пікірін ескеру болып табылады. Облыста Ұлт Жоспарының орындалуына байланысты толымды жұмыстар атқарылып жатқандығын облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов осылайша баяндап берді.Шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың тіні
Мемлекет басшысы Оңтүстікке келген сапарының бірінде «шағын кәсіпкерлікті Оңтүстіктен үйрену керек» деген болатын. Осы пікір тек шаруа қожалықтарына ғана емес, тиімді жұмыс жасау арқылы табысын еселейтін жеке кәсіпкерлерден де байқалады. Біз тұратын шағын ауданда орыс отбасы шағын дүкен ашқан. Жеті-сегіз жыл бұрын. Отағасының қырғын соғыстан шыққандай шұрық-тесік «Москвичі» бар еді. Ертелі кеш дүкенге тауар тасиды. Екі қызы дүкенші. Өте кішіпейіл. Шаруалары жүрді. Бір күні отағасы ескілеу болса да «Фольксваген» мініпті. Табыс бар-ау деп сүйсіндік. Екі жылдан соң жаңасына ауыстырды. Ескі дүкен жөндеуге жабылып, жаңа маркет болып ашылды. Кеңейді. Қос қыздың жүзі жарқын. Менің Қыдырбек досымның өзі өмірден алған сөзі бар. «Жұмыстан аянбау керек, жалқау болмау керек. Сонда Алла тағалла «мына байғұс көп тыртаңдап кетті-ау деп несібе береді», дейтін. Әзілге сүйей айтса да, шындығы осы. Еңбек – бәрін де жеңбек. Біз мысалға алған шағын дүкеннің атауы «Тимур». Ал, жақында Шымкентте «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев пен өңір басшысы Бейбіт Атамқұловтың қатысумен Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі болып өтті. Жиында сөз алған облыс басшысы аймақтың еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда көшбасшы болып отырғандығын тілге тиек етті. Расында, облыста индустриялық аймақтарда ғана емес, шағын кәсібін ашамын деп тәуекел байлағандарға көмек көп. Бүгінде әр аудан, қалада кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен индустриялық аймақтар бар. Кәсіпкерлік мектебі қолыңнан келетін шаруаға қолдау көрсетіп, бизнес-жобалар төмен пайызбен қаржыландыратын «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы жұмыс жасайды. Биыл осы мақсатқа 10 млрд. теңгеге дейін қаржы бөлініп отыр. Кеңесте Тимур Құлыбаев қазақстандық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және қызығушылығын арттыру бойынша Ұлттық палата кәсіпкерлері арқылы жүзеге асырылған жұмыстар туралы айтты. Мұнан соң, оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Мәселен, ОҚО кәсіпкерлік палатасының өңірлік кеңесінің басшысы Қайнар Абасов 2017 жылдан кейін аяқталатын арнайы экономикалық аймақтардағы ҚҚС және кедендік баждардың жеңілдік мәселесін көтерді. Бұл мәселенің бұған дейін де қаралғанын атап өткен ҰКП төрағасы арнайы экономикалық аймақ қатысушылары инвестициялық жеңілдіктер алуы үшін қолдаулардың баламалы шарасы ретінде арнайы инвестициялық келісімшарт енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, төраға Кәсіпкерлік кодексіне өзгертулер енгізу қажеттігін де атап өтті. Мұнан бөлек, жиында ұлттық компаниялар мен қадағалау органдарының тексерулері, сондай-ақ, әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландыру мен мемлекеттік органдардың сатып алуындағы қазақстандық мазмұнды арттыру мәселелері көтерілді. Жиын соңында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Оңтүстіктегі шағын және орта бизнестің үлкен қарқынмен жұмыс жасап жатқандығына ризашылығын білдірді. Басқа өңірлерде де шағын кәсіп осылай өркендесе көп қиын түйіндердің күрмеуі ағытылар еді дегенді айтты. Қазір кетпеннің сабынан қарауыл қарайтын заман емес. Ұлы Абай айтқандай, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп келетін аталы сөзін Оңтүстіктің еңбекқор халқы адал кәсібімен дәлелдеп келеді. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» деген осы. Бетті дайындаған «Егемен Қазақстанның» Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Бақтияр ТАЙЖАН