«Пай-пай-пай! Киелі неткен жер!» деп Мұқағали Мақатаев жеріне жеткізе сипаттаған бес мың жылдық тарихы бар ай мен күндей баға жетпес ұлы дала елі көздің ағы мен қарасындай, асылымыз, қымбатымыз құт-қуатымыз. Ұлы Дала елін сан-замандар мен дәуірлер бойы ұлы қағандарымыз, айбатты баһадүрлеріміз, айбынды қолбасшыларымыз дана, шамшырақ билеріміз, қара ормандай халқымыз тайлы тұяғымен кеудесімен қорғап, қызыл қанын судай төгіп, ұрпағына аманаттап құдірет сәулетімен бүгінгі күнге жеткізді. Мәңгілік Ел және оның кемелденіп-көркеюі қасиетті кең-байтақ жерімен кіндіктес, тамырлас. Қазақ мемлекеті өркендеуінің керемет төрт-бес шарты бар. Олар: территория, тәуелсіздік, әскер, тіл, даналық, ізгілік қағидаттары. Бұлар біздің қамал қорғанымыз, құбылнамамыз, ұстанымымыз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында Қазақстан Республикасының территориясы заң жүзінде айқындалып, ресімделді. Мұны әлем мойындады. Біз тәуелсіз дербес елміз. Өз қолымыз, өз аузымызға жеткен елміз. «Қара жер адамзатқа болған мекен, қазына толған іші әртүрлі екен», деп ұлы Абай айтқандай, жер астының қисапсыз қазына байлығын, жер үстінің есепсіз сән-салтанатын ел игілігіне, ұрпақтар игілігіне жаратуда мемлекеттің индустриялық-инновациялық күш-қуатын дамыту – ең басты
нысанамыз.
Мәңгілік Ел идеясы Ұлы Дала елін, жерін сақтап, қорғаумен тағдырлас. Бұл ретте біздің Мәңгілік Еліміз мыңжылдықтар мұратында қаперге ұстайды. «Қара жерге халық ие» деп ұлы бабаларымыз шегелеп айтқандай, оның шын мәнісіндегі иесі де, киесі де Ұлы Дала елінің мәңгілік тұрғындары – арда халқымыз. Аталардың көзіндей, анамыздың өзіндей Алла жаратқан жеріміз – халқымыздың ары, намысы, рухы, жаны, қаны десек те жарасады.
Мұның бәрін мен неге айтып отырмын: күні кеше Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында Елбасымыз Н.Назарбаев соңғы кездері Қазақстанның жерін шетелдіктерге сату туралы жалған ақпараттың таратылуы салдарынан жер мәселесіне қатысты алаңдаушылық көбейгенін айтты. Ғалым адам болған соң құлағымыз түрік жүреді, жер шетелдіктерге сатылсын деген заң тәуелсіз еліміз тарихында ешқашан болған емес және болмайды да, ал, инвесторларға, шетелдіктерге уақытша жалға беру бұрыннан бар, тек оның мерзімдері өзгертіліп отырылған. Ал, енді 25 жылдың ішінде менің білуімше бізден жалға жер алған 20 шетелдің заңды және жеке тұлғалары ғана бар екен және жер ауқымы бұрынғы алып кеңшарлар көлемімен таласа алмайды. Сондықтан, қауіп ететін ештеңе жоқ, араңдатушылардың мақсаты басқа. Ал, енді отандастарымыз мүмкіндікті пайдаланып, жерді иелігіне алу керек, күтіп-баптап ұрпақтарына аздырып-тоздырмай тапсыру керек, «аққу құссыз көл жетім, иесі жоқ жер жетім» деген жоқ па еді атамыз қазақ. Ендеше, жердің киесін сезінейік, қадірін білейік, оны нарықтың айналымына түсіріп, пайдасын көрейік, ағайын, дегім келеді.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы,
профессор
АСТАНА