Жамбыл облысында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында үкіметтік емес ұйымдар 13 әлеуметтік жобаны жүзеге асыруды жоспарлауда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов айтты.
– Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын өткізудің тұжырымдамасы қабылданды. Өңірде мерекені өткізу жөніндегі іс-шаралардың жоспары әзірленіп, облыстық деңгейде 380 іс-шара өткізу көзделуде. Тұжырымдамаға сәйкес әр айдың өз ерекшілігі бар. Мысалы, қаңтар айындағы іс-шараларға «Кәсіби және тиімді мемлекет» тақырыбына басымдылықтар берілген, ал, ақпан айы – «Саламатты ұлт. Спорттық Қазақстан», наурыз айы – «Болашағы біртұтас Ел. Ұлы Даланың дәстүрлері», сәуір айы – «Зияткерлік ұлт. Нұрлы болашақ» сияқты тағы да басқа тақырыптар жүргізілді, – дейді Ерқанат Нұрбапаұлы.
Сонымен қатар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстел, зиялы қауым өкілдерінің жастармен кездесулері, жастар акциялары, қайырымдылық акциялары арқылы еліміздің қол жеткізген жетістіктері паш етіледі. Жыл басынан бері Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған облыс әкімдігі басқарма басшыларының жастармен кездесулері сияқты барлығы 96 іс-шара ұйымдастырылып, 14 мыңнан астам адам қамтылды. Сонымен қатар, облыста мемлекеттік әлеуметтік шеңберінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу бойынша үкіметтік емес ұйымдардың 13 әлеуметтік жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда.
– Біртектілік пен бірлікті қамтамасыз ету бағыты бойынша жұмыс «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы аясында іске асырылуда. Ұлт Жоспары 100 нақты қадамның 4-ші реформасы «Біртектілік пен бірлік» Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму концепциясы, қазақстандық бірегейлік дамумен қатар, мәдени саясат концепциясы негізінде жүзеге асады. Әртүрлі әлеуметтік топтарға «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы аясында насихаттау мен Ұлт Жоспары 100 нақты қадамды іске асыру маңыздылығын түсіндіру үшін 11 облыстық ақпараттық топ және аудандарда да осындай топтар жұмыс жасайды. Сонымен бірге, облыстық ҚХА жанынан құрылған ғылыми-сараптамалық топ та араласуда. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсаны бойынша тұрғындармен 200-ден аса кездесу өткізіп, 5000-нан аса адам қатысты. Аталған топ «Мәңгілік Ел» жалпы ұлттық идеясы аясында Мәдениет және спорт министрлігіне («Ел бірлігі» және «Мәдени әлемі жолындағы ғаламтор») атты 2 ауқымды ғылыми жоба ұсынды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүзеге асырылуда – деді бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов.
«Қоғамдық келісім» КММ музейінде Ассамблея тарихына арналған көрме ашылды. Сонымен қатар, облыстық Ассамблея жанындағы журналистер клубы мен «Әулиеата» қазақ мәдени орталығының жастар ғылыми-шығармашылық орталығы белсенді жұмыстар жүргізуде.
Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын алға ілгерілету мақсатында әзірленген жұмысшы мен техникалық мамандықтар беделін арттыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының өңірлік жоспары әзірленіп бекітілді. Олар бойынша үстіміздегі жылы облыстық деңгейде 48 іс-шара ұйымдастырылып, оған 5300-ден астам адам қамтылды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы