30 Сәуір, 2016

«Алтын адам сүйегінің жұқанасы

288 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Данияға зерттеуге жіберілгені дақпырт» Таяу күндері ғана Tengrinews.kz тілшілері Есік қорғанынан табылған Алтын адамның сүйек қалдықтарының үлгілері ғылыми сараптама жасау үшін Дания еліне жіберілгені туралы ақпарат таратқан болатын. Бұл мәлімдеменің өзі ғаламторда қиғаш көзқарастарға түрткі болғандықтан, осы жаңалықтың анық-қанығын толығырақ білу мақсатында «Есік тарихи-мәдени қорық мұражайының» директоры Гүлмира Мұхтароваға хабарласқан едік. Алтын адамның жасы мен жынысы ту­ралы әлі күнге дейін нақты дәйектеме болмағандықтан ғылыми қауымдастықта түрлі пікір туғызып келе жатқаны белгілі. Егер Алматы облысындағы Есік қаласының сол­түстігіндегі Есік өзенінің сол жақ жаға­лауындағы темір дәуірінен сақталған, сақ обасынан табылған алтын киімді адамның жынысын нақты анықтау керек болса, онда неге таңдау Дания сарапшыларына түсті деген сауалға тарих ғылымдарының кандидаты Гүлмира  Мұхтарова бұл ақпарат­тың нақты емес екендігін айтып отыр. Есік тарихи-мәдени қорық мұражайынына директоры аталмыш сайт жазып отырған­дай Данияның мамандары Қазақстанға келіп, зерттеулер жасау үшін Алтын адам сүйектерінің қалдықтары мен ДНК анализдері осы елге алып кеткендігі туралы ақпаратты растаған жоқ. – Шын мәнінде бұл нақты ақпарат емес. Кезінде бір баспасөз мәслихаты Дания мамандары да Алтын адамға сараптама жасауға қызығушылық танытып отырғаны ғана айтылған болатын. Қазір алып-ұшып, асығыс ақпараттар тарататын сайттар оқырман тарту үшін ақиқатқа толық негізделмеген жаңа­лықтар таратуға мәжбүр. Tengrinews.kz тілшісі хабарласқан кезінде, дәл осы мәселеге қатысты асығыстық танытпауын сұраған болатынбыз. Бірақ, олар біз­дің бұл өтінішімізге қарамастан, дабырайған дар­­дай тақырып қойып, жариялап отыр. Ал Алтын адамның жынысы мен жасын, басқа да жағдаяттарын анықтауға өзіміздің ғалымдар тартыла ма, әлде шетелде сараптама жасала ма, бұл әлі толық шешілген жоқ. Бұл мәселе бойынша алдағы 1-1,5 ай көлемінде мәміле жасалынады, – деді «Есік тарихи-мәдени қорық-мұражайының» директоры Г.Мұхтарова. Қазіргі таңда аталған мұражайда 2 мың­нан астам тарихи жәдігер сақтаулы. 1969 жылы  сақ қорғандарынан  «Алтын адам» табылған соң осы өңірге деген архелогтардың қызығушылығы арта түскен. Қазіргі кезде де қорғандарда қазба жұмыстары жүріп тұрады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»