ТАРАЗ. 3 мамыр. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты өнер фестивалі өтті. Аталмыш шараға оқу орнында білім алып жатқан түрлі ұлт өкілдері қатысты. Бұл туралы ТарМПИ Ақпараттық-имидждік қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Фестивальдың мақсаты – ана тіліндегі еркін шығармашылыққа жағдай жасау, жастарды төл мәдениетке, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа деген сүйіспеншілікке баулу, оған құрмет көрсету, мәдени жетістіктерді сақтап, көбейту.
Қатысушылар өз ұлттарының мәдениеті, салт-дәстүрімен таныстырып қана қоймай, вокалдық және би номерлерін ұсынып, өлеңдер оқыды. Сондай-ақ ұлттық тағамдар әзірлеп, дайындау тәсілдерімен таныстырды.
Екі күнге созылған фестиваль аясында 9 ұлт өкілдерінен құралған топ өз өнерін ортаға салды. 6 жанр бойынша көркемдік нөмірлер көрсетілді. Атап айтқанда, хор және вокалды топтар, жеке орындау, хореография, дәстүрлі музыкалық-хореографиялық композиция және қолөнер туындыларының көрмесі.
«Қазақстанның Тәуелсздігінің 25 жылдығын тойлай отырып, Елбасының сара саясатының арқасында дүниеге келген Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан игілікті істерін насихаттау басты міндетіміз. Егемен еліміздің барлық табыстары мен жетістіктері – ұлты мен діни сеніміне қарамастан «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» отырған отандастарымыздың мызғымас достығының нәтижесі. Барлық алға қойған мақсаттарға ел азаматтарының бірлігінің арқасында ғана қол жеткізе аламыз», дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.
Фестиваль соңында «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шыққандар» Алғыс хаттармен марапатталды.
Оралхан Дәуіт.
Дерек, фото: egemen.kz