жерлес жазушыға арнап мұражай ашылды
Қазақ жұртшылығына жазушы, публицист, аудармашы Герольд Бельгерді таныстыру артық болар. Көзі тірісінде үлкен де, кіші де «Гер-аға» атап кеткен қоғам қайраткерінің ана тілімізге қатысты тереңнен қозғаған толғамды ойлары жұртшылықтың қызу үнқатысуларына ұласып, талай рет қоғамдық пікірлер тудырған. Солтүстікқазақстандықтар оны әркез мақтан тұтады. Соның бір айғағы Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде оған арналған мұражайдың бой көтеруі дер едік. Оның ашылу салтанатына облыс басшысы Ерік Сұлтанов қатысып, үш бірдей әдебиеттің дамуына зор үлес қосқан Гер-аға жайлы жүрекжарды лебізін білдірді. Өз сөзінде Герольд Карловичпен Ысқақ Ыбыраев ауылындағы қазақ мектебінде бірге оқығанын, көп тәлім-тәрбие алғанын, Жоғарғы Кеңес депутаты болып жүргенде ынтымақтаса қызмет атқарғанын, музейдің ашылуы биыл кеңінен атап өтілетін облыстың 80 жылдығы қарсаңындағы айшықты мәдени оқиға екенін атап өтті. Абай жырларын Гете тілінде жырлату арқылы ұлтымызды өзгелерге танытуда да өлшеусіз еңбек сіңіргені де тілге тиек етілді.
Колледж директоры Александр Мерктің бастамасымен құрылған мұражайға жүзге жуық құнды экспонат қойылған. Олардың арасында жазушының жеке тұтынған заттары, жары мен қызы табыстаған жәдігерлер ерекше ыстық. Тоғыз тақырыптық бөлімнен тұратын мұражайда шығармашылығы мен өмірі жайлы алуан сыр шертетін ақпараттар да топтастырылған. Әкесі Карл көп жыл ауылдық фельдшер болған. Сурет түсіру ісімен де айналысқан.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы