04 Мамыр, 2016

Солтүстік Қазақстанның тіл жанашырлары Омбыда тәжірибе алмасты (фото)

310 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
04-05-2016 seminar 1ПЕТРОПАВЛ. 4 мамыр. Солтүстік Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы консулдығының қолдауымен «Онлайн режімі арқылы қазақ тілін оқытудың тиімді жолдары» деген тақырыпта семинар өткізді. Шараның басты мақсаты  – осында тұратын қандастарымыздың ұлттық-мәдени автономиясына әдістемелік көмек көрсету. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen тілшісі хабарлады. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған шара Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінде өтті. Оның алдында қазақ тілін оқыту бойынша оқыту-әдістемелік құралдарының көрмесі тамашаланды. Қазақ тілін және салт-дәстүрлерді насихаттайтын бейнероликтер көрсетілді. Семинардың жұмысына Қазақстанның Омбы облысындағы вице-консулы Ұлан Әбдібеков, сауда өкілдігінің уәкілі Сара Мунаева, қазақ ұлттық-мәдени орталығының өкілдері, Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттері, жергілікті жердегі мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері қатысты. Семинар барысында облысымызда және елімізде «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» жүзеге асырылу барысы, қазақ тілін оқытудың тиімді жолдары туралы  кеңінен баяндалды. Қазақ тілін оқыту бойынша жаңа оқулықтар мен бағдарламалар таныстырылды. Екі жүзден астам оқу құралдары табысталды. Қазақ тілі мұғалімдерінің  Петропавл қаласында біліктілікті арттыру курстарынан өту жөніндегі тілектері қанағаттандырылатын болды. Қазақ ұлттық-мәдени орталығы жанынан қазақ тілінің қоғамдық кітапханасын және Омбы қаласы қазақ тілі мұғалімдерінің қауымдастығын құру туралы ой-пікірлер қолдау тапты. Өмір Есқали. Дерек, фото: Солтүстік Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының баспасөз қызметі. 04-05-2016 seminar 2 04-05-2016 seminar 3