Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облысы бойынша хатшылығының қолдауымен, Жезқазған қаласында Аналар кеңесінің көшпелі мәжілісі өткізіліп, отбасынан басталатын тәлім-тәрбиенің өзекті мәселелері талқыланды. Алқалы басқосуға қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы, қайраткер ана Зейнеп Ахметованың арнайы келіп қатысуы игілікті шараның шоқтығын биіктете түсті.
Өз жұмысын қалалық тарихи-археологиялық мұражайда бастаған Аналар кеңесінің мәжілісіне Жезқазғаннан бөлек, Қаражал қаласының, осы төңіректе орналасқан Сәтбаев қаласы мен Ұлытау ауданының Аналар кеңесінен өкілдер келіп қатысты. Жиында, ең алдымен, бүгінгі қоғамдағы ұрпақ тәрбиесі, оның көкейкесті проблемалары сөз болды.
Аналар кеңесінің жиынын Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова құттықтау сөзімен ашты. Одан кейін сөз алған ҚХА мүшесі, «Алтын жүрек» сыйлығының иегері, қаладағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков осынау алқалы жиынға қазақ халқының қаһарман тұлғасы Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының келіні, ұлт тәрбиесінің үлгісіне айналған «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты» сынды кітаптар жазған ұлт анасы Зейнеп апайды арнайы шақырып, ол кісінің қазір мәжіліс төрінде отырғанын хабарлады.
– Егер Атаның келіні болмасам, ол кісінің ғибратты аманатын халыққа жеткізбесем, мені кім білер еді, – деді сөз алған Зейнеп Ахметова. – Ол кісінің намысы, өмірі туған халқына арналған. «Халықпен бірге болыңдар, адаспайсыңдар», – деп отыратын еді үнемі. Әділетті сүйетін, әділетсіздікке төзбейтін. Бақытжан екеумізді де күн сайын қайрап, жігерімізді шыңдап, мықтылыққа бейімдей білді. Естіген әңгімемді құймақұлақ ретінде асүйдегі дәптерге жаза беріппін. Айтып жүргенім де, жазып жүргенім де сол Атаның айтқан аманаты, бабалар сөзі...
Келелі шара сол күні Халықтар достығы мен мәдениет үйіндегі ұлағатты кездесуге ұласты. Жезқазған жұртшылығының Зейнеп Ахметовамен «Аманатқа – адалдық» атты кездесуінде зерделі әңгіме одан әрі өрбіді.
– Мені халықтың өзі тәрбиеледі, – деп сабақтады сөзін Зейнеп апай. – Жарым Бақытжан жас күнінде нағашылары қаракесек елінде тәрбиеленіпті. Мен әуелде сол нағашы апасының қолына келін болып түстім. Атаның өмірлік қосағы қайтыс болған соң, сол кісінің қолына баруымыз керек болды. Студияда істеп жүрген қызметімді тастап, атамның күтімімен айналысуға 25 жылымды арнадым. Атамыз екі жағы бірдей қайралған қанжар сияқты, өте күрделі адам екені белгілі. Олай бұрылсаң да, былай беттесең де кесіп түседі. Ол кісі ашуланғанда үндемей құтылуды үйрендім. «Алдыңда қазулы көр тұрса да шындықты айт», – дейтін. Негізі, келін ененің университетінен өтуі керек. Ал мен Атаның академиясынан өттім ғой деп ойлаймын...
Иә, халқымыздың Бауыржан Момышұлындай біртуар ұлы тұлғасының ұлағатымен өсіп, қазақ келіндерінің эталонына айналған абзал ана келін, ана тұлғалары туралы ой толғады. Келін – бір әулеттің ұрпағын жалғайтын тұлға, ененің өмірін одан әрі жалғастырады, ұрпақ өсіреді. Қазақтың ұлттық қасиетін, бабалар өнегесі мен аманатын Баукең зейінді келініне жеткізсе, ол өз шығармалары мен әңгімелері арқылы өнеге өрісін кеңейтіп, халыққа жеткізіп келеді. «Атадан қалған өнеге жастарға жұғысты болса екен», дейді Зейнеп апай.
Ұлағатты кездесуге ұйытқы болған белгілі меценат Бекзат Алтынбеков Баукең шаңырағының шырақшысы болып отырған аяулы анаға құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Жезқазған қаласы