Суретті түсірген – Елена Петрова
Қос мерейтой – ұлттық театрдың 90 жылдығы мен Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди бірігіп жазған «Абай» операсының 80 жылдығы тұспа-тұс келген маусым көрерменіне нағыз өнер мерекесін сыйлады. Ғасырға аяқ басқан театр ғимаратының алдына қызыл кілем төселіп, кірпияз классикалық өнерге қалтқысыз қызмет еткен ардагерлерді көрермен тік тұрып, қошеметпен қарсы алды. Марапат тек сахна саңлақтарын ғана емес, шымылдық сыртында спектакль әзірлеуге қатысатын костюм цехы, грим маманы, жарық қоюшы сияқты театрдың «көзге көрінбейтін» барлық бөлімінің бұрынғы қызметкерлерін тұтас қамтыды.
КСРО Халық әртісі және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бибігүл Төлегенова, Қазақ КСР Халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Раушан Байсейітова, Қазақстан және Татарстан халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, опера және балеттің өзге де жарқын өкілдері, алматылық зиялы қауым, Қазақстандағы дипломатиялық елшілік қызметкерлері бұл кеште құрметті меймандар қатарынан көрінді.
«Абай атындағы ұлттық театр ғасыр алдындағы жаңа белеске қадам басты. Әне-міне дегенше, алдағы он жылда қара шаңырағымыз алғашқы жүзжылдық ғұмырын түйіндейді. Осымен 90 жылға нүкте қойылатын тарихи күнде ардагерлердің басын қосып, еңбегіне рахмет айтып, лайықты құрмет көрсету бүгінгі өскелең ұрпақтың, өнер ұжымының бірден-бір парызы деп есептеймін. Неге десеңіз, адам еңбегі бірінші кезекте ұжым тарапынан, одан әрі қарай қоғам, мемлекет тарапынан бағаланып тұрғаны маңызды. Бұл әсіресе өнер адамын шабыттандыру үшін аса қажет, сондықтан Абай атындағы театрда жаңа үрдіс – өз қызметкерлерінің еңбегін жыл сайын атап өтетін әдемі дәстүр жалғасын таба береді», деді Абай атындағы ҚазҰОБТ директоры Айнұр Көпбасарова.
Театр ардагерлерін марапаттау салтанатында асылдың тұяғы Раушан Хатиятқызы анасының аса бағалы портреті мен кезінде Күләш Байсейітованың спектакльдерде киген бірнеше бас киімін өнер ордасының мұражайына сыйлады. Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Николай Цивчинский салған сурет бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған және оның өзіне тән ерекше тарихы бар.
Маусымашарда қонақтарға шағын музыкалық тарту жасалып, мерекелі кеш Ахмет Жұбанов-Латиф Хамидидің «Абай» операсын тамашалаумен тәмамдалды. Дәстүрге сай жаңа маусымның екінші күнінде П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балеті көрерменіне жол тартты.
АЛМАТЫ