Мамырдың 11-і күні түнде Ресейде өтіп жатқан хоккейден әлем чемпионаты іріктеу турнирінің кезекті матчында Қазақстан құрамасы Швеция командасымен кездесті. Әлемдегі ең таңдаулы хоккей жасағының бірі болып табылатын «Тре Крунурмен» ойыннан пәлендей оңды нәтиже күте қойған жоқпыз. Сондықтан, біздің жамағаттың одан 3:7 болып ұтылып қалғанына аса қатты таңғала да қоймадық.
Дегенмен, матчтың басы бұған дейін турнирде өткізген үш кездесуінде де табандылығымен, жанкештілігімен, талпынысымен танылған команда бұл жолы да сол беделіне қылау түсірмейтін сияқты болып көрінген. Қазақстан мұзды айдын серілері ойынды жаман бастаған жоқ. Алайда, қарсы қақпаның қарасын қарауылға алуда кібіртіктей берді. Мұның есесіне, қандай жағдайда да өзіне тиімді сәтті қалт жібере қоймайтын қарсыластарымыз ойламаған жерден есеп ашып кетті. Сөйтіп, 13-минутта Микаэль Баллунд талқандаудың ілкі қадамын жасады. Сол-ақ екен, қазақстандықтардың қорғаныс қатары сетінеп сала берді. Арада 3 минут өткенде Линус Класен есепті өсірсе, тағы 1 минуттан соң Адам Ларссон оны 3:0-ге жеткізді. Абырой болғанда, бізден Дастин Бойд кезеңнің соңғы секундтарында бір шайбаның қарымтасын қайтара алды.
Екінші кезеңде шведтер басымдылықтарын тағы екі шайбаға арттырды. Оларды 25 және 29-минуттарда Густав Нюквист түсірді. Ал үшінші кезеңнің бас жағында біздің хоккейшілерге де осылай бір минуттың айналасында қатарынан екі гол салып кетудің орайы келді. Оның біріншісін 47-минутта Владимир Маркелов қарсы қақпаға аттандырса, екіншісін келесі минутта Роман Савченко өз есебіне жазды. Бұдан әрі ойынның соңғы нүктесін қою мүмкіндігін шведтер алды. Оны 55-минутта салған Нюквист хет-трикке қол жеткізді.
Матч барысында Қазақстан құрамасы екі рет айдында ойыншылары көп кезінде өз қақпасына шайба салдырып алды. Мұның өзі команданың қорғаныс шебі кілтипанды екенін көрсетті. Әйткенмен, соған қарамастан, жігіттер бұл жолы да ойын арасында шиеленіс туғызып тұруға қабілетті екендерін байқатып қойды.
Бұрнағы күні сондай-ақ Швейцария Латвияны 5:4, Финляндия Венгрияны 3:0 етіп тізе бүктірді. Бұл күні белорустар словактарды 4:2 етіп ұтып, тағы бір сенсацияны өмірге әкелді. Ал кеше Чехия – Норвегия, АҚШ – Франция, Ресей – Дания, Канада – Германия құрамалары кездесті.
Бүгін қазақстандықтар чехтармен мұз айдынына шығады. Осы күні мұнымен қатар АҚШ – Венгрия, Дания – Латвия, Германия – Беларусь ұшырасады.
Мамырдың 11-і күнгі ойындардың қорытындысы бойынша А тобында Чехия, Швеция (екеуінде де – 8 ұпай), В тобында Финляндия (12) мен Канада (9) көш бастап келеді.
Руслан ИГІЛІК