Сарысудың жері бай. Осынау кең даланың қойнауы қазынаға толы. Содан болар соңғы жылдары осы аймақтан кәсіп ашып, шаруасын дөңгелеткісі келгендердің қатары көбейе түсуде. Соның бірі – «Асыл тұз компаниясы» кәсіпорны ас тұзын өндіру зауытын салуды қолға алды. Бұл іске 422,1 млн. теңге инвестициялық қаржы тартылып, 75 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Кәсіпорын жылына 50,0 мың тонна ас тұзын даярлайтын болады. Дәл қазір зауыттың құрылысы қызу жүріп жатыр.
– Жалпы алғанда, біздің ауданда инвесторлардың жаңадан кәсіпорын ашуына көп мүмкіндіктер бар, – дейді Сарысу ауданының әкімі Бейбіт Жайлыбаев. – Жоғарыда айтылған екі жобамен шектеліп қалмай инвестициялық жобаларды іздестіріп, оны өндіріске енгізу жұмыстары қызу жалғасуда. Осының нәтижесінде аудан аумағындағы тұз кендеріндегі ащы суларды пайдалану негізінде химиялық қоспасы бар құбыр мен үй асханасында қолданатын тазартқыштар шығаруды жоспарлап отырмыз. Жобаның құны 230,0 млн. теңгені құрайды. Сондай-ақ, «Қазақсода» ЖШС жылына 400,0 мың тонна кальций содасын өндіретін зауыт жобасына кірісті. Жобаның жалпы құны 250 млн. АҚШ долларын құрап, 250-300 адамға жұмыс орны ашылады.
Әрине, өндіріске инвестициялық қаржы тарту аудан экономикасын дамыта түсетіні анық. Бизнес дегеннің ауқымы кең ғой. Бұл жобалармен бірге азық-түлікпен қамту, жұмысшыларға арнайы киім тігу, көлік және басқа қызмет түрлері қарқынды дамитыны анық. Өткен жылы Сарысу ауданында негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 16,6 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,4 пайызға артыпты.
Өнім көлемінің ұлғаюына септігін тигізіп, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жетілдіру және қайта жаңғырту мақсатында биыл «Тараз көлік жолы» ЖШС-нің асфальт-бетон зауыты өңірлік индустрияландыру картасына енгізіліп, 250,0 млн. теңге қаржы салынбақ. Бүгінгі күні өндірістік базада құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған, зауыт жұмыс жасауға дайын. 50 адамды жұмыспен қамтамасыз еткелі отырған бұл кәсіпорынға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 37,0 млн. теңгеге электр желісі тартылды. Енді зауыт жылына 600,0 млн. теңгенің өнімін өндіруді жоспарлап отыр.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы