Село мен ауыл шаруашылығы егіз,
олар бірінсіз бірі өмір сүре алмайды.
Бейнелеп айтсақ, мемлекет – алып
бәйтерек, село – оның тамыры.
Тамырсыз бәйтерек қурайды, құлайды.
Жан-Жак Руссо
Ұлы философтың осы ұлағатты сөзін Жер-Анаға қатысты бейнелеп айтсақ, халық – алып бәйтерек, жер – халықтың нәр алатын тамыры. Тамырсыз бәйтеректің қурайтыны да, құлап, сұлап құритыны да шығар күндей шындық. «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларына 2017 жылға дейін тоқтату салды» – деген сүйінші хабарды естігенде «Бәрекелді! Бұл көреген көсемдіктің тағы бір көрінісі болды!» деп қатты қуандым. Жер кодексіне қатысты түсіндіру жұмыстары болмағандықтан халық ұрандатып шыға келді. Жер – қасиетті ұран ғана емес, киелі Құран. Қасиетті кітап сөзін толық ұғып алмай пікір айту – ағаттық. Осы тұста Елбасының 15 резонанстық цитаталарындағы: «Елімізге 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушілері бар. Шаруа және «Фермерлік шаруашылықтар саны 177,5 мыңнан асады, жеке қосалқы шаруашылықтар – 1,5 миллионнан артық. Және олар күні бойы далада, фермада, жайлауда істейді, сендердің жаңалықтарыңды күтіп, теледидар алдында отырмайды», деген сөзі ондыққа дәл тиіп тұр. Президент сөзімен айтсақ, тағы бір үлкен қателік «Ақпараттық жұмыс – бұл брифингте журналистер алдына шығып, қағазға жазылғанды оқып беру ғана емес. Біздің министрлер, тіпті, брифингтерде журналистерден ат-тондарын ала қашады, қарапайым ғана сұрақтарға жауап бермейді. Түсіндіру жұмыстарын басшылық алдында есеп беру үшін ғана өткізілетін әншейін бір «кезекші» шараға айналдырып жіберген».
Соның салдарынан түсініспеушілік пайда болды. Сол қиын түйінді Президент тез тарқатып, Жер кодексіне түзетулерге мораторий жариялады. Халық дер кезінде қабылданған бұл шешімді қуана құптады. Ендігі міндет, Елбасы қадап айтқандай, «Халықпен, бірінші кезекте, жаңа заңды пайдаланатындармен кездесу керек... Біздің әрбір іс-әрекетіміз қарапайым адамға түсінікті болуы тиіс, ол оның барлық арқаулық құндылықтарының өзегіне дейін жетуі керек. Ал бұл Патриоттық актіде көрініс тапқан жеті қарапайым түсінік: Отбасы, Тамақтану, Баспана, Жұмыс, Денсаулық, Білім алу және Отан».
Осы орайда Президенттің «Ақпарат және коммуникациялар министрлігін құру» туралы тапсырмасының дер кезінде қабылданған шешім екенін атап айту әділеттілік болмақ. «Үкімет жанынан бірінші вице-премьер Б.Сағынтаевтың басшылығымен бүкіл мүдделі меморгандардың және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Комиссия құру – жыл соңына дейін Комиссия кең ауқымды талқылау жүргізіп, Жер кодексінің даулы мәселелері бойынша көзқарастар қалыптастыруы және Парламентке нақты ұсыныстар енгізуі тиіс. «Нұр Отан» партиясының Демократиялық күштердің бірлескен коалициясы алаңында барлық партияларды, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ-ты тарта отырып, кең көлемді түсінік жұмыстарын жүргізуі – түсіндіру жұмыстарына Парламенттің қос палатасының депутаттары, Үкімет белсенді атсалысуы тиіс; облыс әкімдері бүкіл өңірлерде дәл осындай түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек» деген стратегиялық шешім алшы түсер асыққа құйған қорғасындай көкейге қона кетті. Президенттің 4 халықтық тапсырмасында тайға басқан таңбадай қадап айтқан: «Үкімет жанынан адамдарға барлық жаңа нормаларды, оларды қалай пайдалану, кімдерге өтініш жасау керектігін түсіндіру үшін біртұтас колл-орталық – «қызу желі» құру – әрбір өңірде осыған ұқсас консультациялық орталықтар ашу; – бірде-бір сауал жауапсыз қалмас үшін білікті жауапты адамдарды бекіту. Үкіметке – жер қатынастарын реттеу саласындағы салалық функцияларды Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру» деген салиқалы, аса салмақты сөзі алда атқарылар жұмыстарды айқындап берген бағдаршам.
Ертеден жеткен есті тәмсіл айтады: Кезінде тату-тәтті тұрған арманы көп бір жанұя байыған шақта жанжалы көп шаңыраққа айналып шыға келіпті. Не болғанын ұға алмаған отағасы ақылы асқан абызға келіп мұңын шағыпты. Сонда ақылман әлгі отағасын терезе алдына алып келеді:
– Қарашы, не көріп тұрсың? – депті.
– Бұлтсыз ашық аспанды көріп тұрмын, – депті.
– Енді мұнда қара, – деп айнаның алдына алып келіпті де, – енді не көріп тұрсың? – депті.
– Өзімді көріп тұрмын, – депті.
– Терезеге қараған өмірді, айнаға қараған өзін ғана көреді, – депті абыз.
Терезенің де, айнаның да тегі – шыны. Айырмашылығы айнаның іші күміспен күптелген. Содан да шығар одан өзіңнен бөтен ештеңені көре алмайсың. Иә, ауылдағы кедейлер мен қаладағы байлардың айырмашылығы осындай. Күміспен күптелген, алтынмен апталған байлар өзін ғана емес, өмірді де көрсе, алтын бесік ауылға қолұшын созып қараса, өзгеге ғана емес, өзіне де пайда емес пе? «Адамның жақсысы өзгелерге пайдасы тигені», депті Мұхаммед Пайғамбар. Қайырымдылықтан асқан қасиет жоқ!
Алтын ауыл, кім бар сені сүймеген,
Өзіңсің ғой өмірді өрге сүйреген.
Басшы менен байдың құны көк тиын,
Ел мен Жерге шапағаты тимеген.
Аяулы ауыл, жүреміз біз сағынып,
Киең менен қасиетіңе табынып.
Ауыл – біздің анамыздай аяулы,
Жаным анам, жалау болған жанымды ұқ!
Жазушымын сөзін айтқан халықтың,
Шежіресін жазып келем тарихтың.
Гүлденсе ауыл гүлденеміз бәріміз,
Алдымыздан туар сонда жарық күн!
Ауылдағы асылдармен бірге менің жүрегім,
Мен жүдесем ауылды ойлап жүдедім.
Аспандағы Ай мен Күндей асылдар,
Мен сендерге саулық, бақыт тіледім.
Жер-Анамен бірге алған тынысың,
Аяулы ауыл киелісің, ұлысың!
Өз ауылын – өз анасын ұмытқан
Мәңгүрттерді киең ұрсың, құрысын!
Адам тақсыз да, бақсыз да, баласыз да, баспанасыз да өмір сүре алады, әйтсе де, Жерсіз өмір сүре алмайды. Жеке адам ғана емес, бүтін халық, бүкіл қоғам, барлық адамзаттың жерсіз күні қараң. Алла тағаланың құдіретімен жаралған, халықтың махаббатынан нәр алған қасиетті қара Жер – тіріде төрің, өлгенде – көрің!
Ойланайық, ағайын! Жер қасиетті ұран ғана емес, киелі Құран!
Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» халықаралық сыйлығының лауреаты
АЛМАТЫ