14 Мамыр, 2016

Тамсандырған Тәж Махал!

1559 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
DSC_3555Санаңды сарсылтып шапақтайтын ләззат-сезім өшу орнына өрши түссе, өңіңде ғана емес, түсіңде де дегбіріңді қашырып, деміктіргендей күйге бөлесе, күйдіртіп күңірентсе, кеміріп тұрып, кенет көңілдендірсе, шаттық елеспен жүрек шаңын қағып, іле арман әлдиін алыстата, қою мұңға малып-малып алса, әне, сенің аңсарыңның – анық асқынғаны, алпыс екі тамырыңда махаббат қаны тасқындады! Бұл – жалпы, жиынтық жаннат ұғымның махаббаты! Өмірді сүюдің мәңгілік махаббаты! Ғашықтық табынуды еселеген махаббат! Тамсанған сайын сылаңдап ұзап, ұстатпайтын махаббат! Сәл шыдаңыз, оның аты – Тәж Махал! Көңілімнің қоңырауы безектеп бебеулегелі қашан: «Көрмей сүйдірген ғажабым, Ойымды мүжіген азабым! Бір сипасам тасыңды, Сағыныш дертін жазамын!..» Махаббатымсың, Тәж Махал! Бетке алдым сені, қабыл ал!.. Сірә, асқақ Алатауымның қар жамыл­ған шыңдарын ұшақ қанатымен сипап кетердей боп, жанаса қалықтағаным осы болар... Бағыт – Дели! Он минөті кем төрт сағатта Үндістан жеріне табанымыз тиді... Осыдан алпыс бір жыл бұрын 58 жасында ұлы Мұхтар Әуезов Мәскеу арқылы Еуропаның біраз мемлекетін адақтап Делиге бірнеше күндер мен түндерді сапырылыстырып, әрең әуелеп жеткен еді-ау! Өмірден өтерінен бір жыл бұрын тағы соққан Тәж Махалға!.. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Тәж Махалды көруге ынтыққан талантты жазушы Тахауи Ахтанов та Делиге шабан өгіздің аяңына ілескендей боп титықтап жетіпті-мыс... Біз ше? Шүкір, тәубе! «Жол ақысы – жүрмек, Турист ақысы – көрмек»,– деп Оңтүстік Азияның Үндістан түбегіндегі алып мемлекетке (әлемде жер көлемінен – жетінші орын, халық санынан – екінші орын. Негізгі діні – индуизм, екінші орында – ислам) өз еліміздің шығысынан батысына жетуге шығындалар уақыттың о жақ, бұ жағында топ ете түстік қой! Айналдым, Тәуелсіздіктің осынау шапағатынан! Аптап ыстық теріні күйдіреді, жалындаған ауа тынысты тарылтады. Не кедергіге қарар шамамыз жоқ, Үндістандағы ең үлкен, 25 мың адамдық Жәми мешітіне зиярат жасау үшін ескі Делидің аумағына бет алып келеміз. Бұл қастерлі мешіт Тәж Махалды салдырған Шах Жаханның соңғы сәулеткерлік қолтаңбасы боп есептеледі. Он төрт жылда салып бітірген. Бұл кешен үш қақпалы, төрт бұрышын мұнаралар асқақтатады, екі минареті байсалдылық пен имандылықты уағыздайтындай. Қызыл тас пен ақ мәрмәрдан бұзаутістендіре өрілген қабырғалары күнмен мың құбылып, жалтырай түсіп, жаныңды жайландырады. Биік басқыштарын аялай басып, қақпа алдына тіреліп, әрі қарай жалаңаяқ тарттық. Жүрер жолдың төсеніші бар екен. Бірақ еркіңді өз қалауың билейді... Ыссы граниттен жалын ұрып тұр. Тұлабой балбырап, құйқа шымырлайтындай. Өзекті өткінші діріл билеп, аңсар сезім тұтана оянады, жүрек тұс тәтті қытықтала түседі. Табанды шоққа қақтатқандай болдық... Бой ысынып, ой тұтанып, рух маздап, имандылық ұйып сәждеге жығылдық... Мешіт кіреберісінің сол жағында темір торшамен қоршалған ұзынша дәлізге кіргенімізде, оның түпкі бұрышындағы құлыпталып тасталған дүңгіршек алдында қару асынған шойынқара күзетші тұр екен. Жылы жымиып сәлемдесті. Бізге қызмет етуге ықыластана ыңғайланды. Қалтасынан кілт шығарып, шылдыратып құлыпты ашқанда, айқара серпілген қақпақшаның арғы жағы үңірейе қарауытып, соның әлдене бір қуысына қол созып шыны қорапшаны алып шықты. Ішіндегісі хазірет Әлидің (р.ғ.) қолымен жазылған Құранның арабша түпнұсқасы екен. Жамырай көріп таңырқасып жатырмыз. Сәлден соң ол аса бір бапты мәнермен сол қуыстан собықша түтікшені көрсетіп, сұқ саусағына қыстыра үлбіретіп ауа қармап тұрды. Өзінің қимылына сиқыршыдай бағындыра арбап түтікше ішіндегі көзге әрең ілігетін бір тал шаштай нәзік қылды нұсқап сөйлеп жатыр. Бақсақ, бұл Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбәрак сақалының бір талы екен! Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тері аяқ киімінің жұрнағын сипалап, табанының ізі бедерленген мәрмәрға ерін тигіздік. Кезінде бұл жәдігерлерді Ақсақ Темір Үндістанды жаулап алған жорығында Самарқаннан әкеліп қалдырыпты-мыс. Рухани тазару талғамның табын еселеп, ішкі қуат-күшті атойлатып, бұла қайратқа кенелтіп, бұғалықталған көгендеулі ойларды бұлқынтып кеп серпіп-серпіп жіберетіндей. Қайда жүрсің сен?!.. 22 миллион тұрғыны бар Делидің бір кішкене пұшпағына іліккенде-ақ көріп-сезгеніңнің бірер мезеті мен сезім ширығысы жұмыр жердегі бүткіл тіршілік тылсымының тамырын тап басып түгендете алар ма екен? Бірақ, бірақ... Бейтаныс елді тану, халық өміріне үңілу– теңіз дәмі тамшысынан білінердің кебіндей боп, біртіндеп санаға сіңіп, ежелгі тұма бастауларының өзегіне шам алып түскендей етіп, кеудені өзгеше нұрға бөлеп, жалпы өмір сырын ашуға деген іңкәрлікті оятатыны қандай ғажап! Мына ғапыл дүние ғажайыптарына тәнті қылғызып, ғұмыр кешудің мәнін ұғындырып, өмірге не үшін келгеніңді сынатып, қисаң да, қимасаң да бұл фәнидің жалғандығына сеніміңді құтайтатыны, әсіресе, сырт елде жүргенде шыншылдық бізімен жүрек сұққылайды екен... Мұнымыз тек тіл безеу емес! Қарашы, мына өмірдің не сиқы бар?! Көше бойында аш-жалаңаштар андағайлап жүр. Қап-қара сүлде баяулаған көлікпен жанталаса жанасып садақа-қайыр сұрап қолын жайғанда, алақаны айдай жарқ етіп, зәре-құтты қашырады. Жанкешті еңбекпен қызылшақа етіне дейін қырналған кәдімгі алақан! Сондай ғаріптің бірінен: «Бұ не тірлік, пендем-ау! Тапқан-таянғаның нәр сызуға жетпейді? Өмірге келгеніңе өкінбейсің бе?» деп сұраған екен. «Жо-жоқ! Мен мына өмірге келгенім үшін бақыттымын! Тіршілік ете алмасам – өзімнен! Өмірдің оған ешқандай кінәсі жоқ! Өзімнен... өзімнен!..»– деп тісін ақсита елжірегенде көмейінен күн көрінгендей болыпты. Әне, көше қыбырлап, жыбырлап жатыр... Марғау сиыры, салпаң құлақ ешкісі, кей тұсында кебежедей мегежіні, сүлесоқ есегі адамдармен мидай араласып кеткен. Тіпті, қыт-қыттаған тауық, әтеші өздерінің табада шыжғырылып, қуырылуын күтіп байыз таппай кернейлетеді. Бір трактордың жүгін ышқына тартып бара жатқан рикшалар. Біреуінде айдай аппақ сұлу келіншек жалғыз отыр. Өрлеу тұста рикша үнді шалы велосипед педалін түрегеп басқанда, қос жауырыны қопарылып түсердей мықшыңдайды. Аппақ сұлу соған мәз болады. Сірә, біреудің сорынан ләззаттанған турист болса керек... Осындай жабайылыққа жақын көріністерден көз алмағандықтан шығар, әлде Джәмна өзені жағасындағы Радж Гхат саябағына – 1948 жылы ұлтының азаттығын аңсаған қаһармандығы үшін қасақана өлтірілген Махатма Гандидің сүйегі өртеліп қойылған қасиетті орынға келе жатқандықтан ба екен, әйтеуір, Үнді еліндегі байлар мен кедейлер өмірінің ақылға сыймайтындай алшақтығы санаға ауыр салмақ сала береді. Міне, гүлзарларға көмкерілген аллея бойымен баяу жүріп, көңіл торықтырып, сезім ширықтырып дегендей, қара мәрмәрден аласа тұғыры көтерілген, үсті көз тұнатын мың сан гүлмен өрілген, оның қақ ортасына шынылы шамның өзегін суыра нәзік лүпілмен жалындап, шалқып жанып тұрған алау-отқа телміре қарадық. Басымыз еріксіз иіле берді. Мұнда дана-өмірдің үзілген күні – әр жұма сайын мемориалдық дәстүрлі іс-шара ұйымдастырылады екен. Мұнда көптеген құжаттық айғақтармен қатар, Махатма Ганди атып өлтірілген қандыауыз тапанша да қойылыпты... Оның ұңғысы төмен қаратылыпты... Құрысын әрі, енді ешкімге кезелмесін дегендей... Әлгіндей аш-жалаңаштарды одан бетер күңіренткен, болашақтың тамырына оқ боратқан қара таңбалы тапанша дауысы шыңырауда жұтылып жатқаны – еңсені тіктейді. Ал «Отаршылардың тәрбиесінен шыққан элита – өз халқының ең басты жауы»,– деген М. Ганди өсиеті жүректерді жаңғыртатындай. Осы ұлы адамға қатысты мынадай шыншыл әңгіме бар екен. Ағылшын отаршыларының ықпалында мүлде кетпес үшін елде өз тауарларын өндіріп киіну мақсатын мықтап қойған Ганди мен Неру тоқыма өрмегіне өздері бас боп отырып, мата шығаруға үлгі көрсетіпті. ... Қонақ үйдің оныншы қабатынан Дели жазықққа шашылған тарыдай боп біртекті, кей тұсы биік ғимараттарымен өркештеніп, жазыла-керіліп көзге шалынады. Дала желкем. Ауасы онша лас та емес секілді. Көкейді кәнігіленген ой кернейді: «Тәж Махалым! Қашан көрінесің көзіме!» Сол-ақ екен, шыдамсыздық желкені керіліп кеткені... Ұлы Мұхаң Тәж Махалды дүние жүзіндегі адам қолымен тұрғызылған жеті ғажайып архитектура ескерткішінің біреуі саналатынын «Индия очерктерінде» (1956 ж.) жазған еді. Бірақ сол тізімнен уақытпен екшеліп бүгінге жеткені тек осы жалғыз Тәж Махал екен! Осыдан байқаңыз құдіретін! Ал 2007 жылғы 7 шілдеде әлемнің жеті кереметі былайшы түзіліпті: Римдегі Колизей (амфитеатр); Ұлы Қытай қорғаны; Перудегі Мачу-Пикчу ( «Кәрі тау» ұғымын береді. ХV ғасыр ортасында салынған қала); Иорданиядағы Петра (ежелгі қала, Идумей (Едома) астанасы); Аградағы (Үндістан) Тәж Махал; Рио-де-Жанейродағы «Күнә өтеуші Христос ескерткіші» (бұл ескерткіш Бразилияның символы) және Юкатандағы (Мексика) Чичен-Ица (ежелгі қала). Тағы бір қызығы – құрметті үміткер ретінде Египеттегі Гиза пирамидалары (Каир маңындағы ежелгі ескерткіштер кешені) аталыпты. ...Ал тыпырламай көрші! Сабаңа қалай ғана сиярсың! Тәж Махал жайлы аңсауды көңілде қайтіп тиярсың?! Тез көрінші көзіме, ынтық етіп зарықтырған Тәж Махал! Делидің оған дейін де көрсететін тамашалары бар екен. Соларды біртіндеп қызықтай бастадық. Шаһардың оңтүстігінде 15 шақырым жерде орналасқан Үндістандағы ең биік тас мұнара Кутуб Минар сәулет өнерінің жақұты боп есептеледі екен. Минаретінің биіктігі 73 метр, түп негізінің диаметрі 15 метр болса, ал ең ұшар басыныкі 2,5 метр ғана. Мұнара бес ярустан тұрады. Оның әрқайсысы оюланған балконмен қиюластырылған. Бірінші үш ярусы қызыл песчаник тастан, ал төртінші және бесіншісі мәрмәр мен жай песчаниктен қаланған. 1803 жылғы жер сілкінісінен (құрылысы 1209 жылы басталып, бірнеше билеушінің жалғастыруымен аяқталған) мұнара күмбезі шытынап түсіп қалғандықтан ағылшындар оны 1829 жылы қайталап жаңғыртқанымен бастапқысындай жымдасып, қабыспай қалыпты. Сол себепті де бірнеше жыл өткен соң қайыра бұзылып, көне қалпына келтірілген. Бұл жерде мінсіз сәулет өнерінің өз сауырынан ретсіз сипатпайтын қағидасын еш мансұқ етуге болмайтынын еске салсақ, несі артық? Жүздеген жылдарға шыдас берген бұл мұнара бүгіндері көзбен алыстан шолғанда білінер-білінбес бүйірлеп қалғандай әсер береді. Шынында, солай екен. Бір жағы бұл іргетасының жылжымалы құйылғанының да әсері екендігіне саяды. Төбеден төнген мұнараның ұшар басына құмарта қарасаң, қалпағың сырғып түсетіндей. Ішкі сырын білмекке де тыйым салынған. Осыдан бірнеше жыл бұрын мектеп оқушыларының экскурсиясы кезінде бірін-бірі жаншып таптаудан қыруар адам көз жұмыпты. Содан бері жабық тұр. Бәрібір осынау мұнараның қасына барып, қабырғасына қол тигізіп, ярустарының мінсіз өрнектелгенін көргенде, талай ісмер шеберлердің мәңгілік те сиқырлы еңбегіне тәнті боласыз. «Бәтір-ау, ертең Тәж Махалдың әзірге сөзбен ұғынып, әсерленген сұлу сымбаты мен ертегідей мүсінін көргенде қайтер екенбіз?!» Еліктіргіш, сұғанақ ойлар осылайша сабыр таптырмай, тызалақтатады. Сұлулық атаулының әлде, көзден қағаберіс тұра тұрғаны абзал ма? Жанардың сұғы қадалмағаны жөн бе? Сырттай мәпелеп, риясыз мәзденгенің құп болар, бәлкім. Жанына барып жанасып, қолыңа ұстап көрсең санаңдағы ол перизат-елес Сұлулықты алтынның буындай ұшырып алмаспысың? Тежелші! Аптықпашы! Кенезең кепкенше, Сұлулықты алыстан ғана білдіртпей, өзіне деген ғашықтығыңды бүркемелеп, сездіртпей, үркіп те үміттеніп, масайрап та мұңайып, күлімдеп те күңіреніп қана ұлы сеніміңді селкеулемей күте тұршы! Өтінем! Ұшырып алма Сұлулықты! Қиялыңа ұясын салып алсын алдымен!.. Делидің ішкі иірім тармақтарының қайсыбірін адақтарсың. Әр тамырын бірер басып жөнеле бересің. Бір-біріне ұқсамайтын тағдырлы, талайлы, таңғажайып көріністер үйіріп ала жөнеледі. Бірі күйіндіреді, бірі сүйіндіреді... Бұл тылсым шаһардың бір өзінде ежелгі ғасырлардың сансыз көмбесі сыр бүгіп жатқандай. Кешегісін бүгінге әкеп сабақтағандай. Сенесіз бе өзі, шеткі аймағынан ортасына қарай тартыла түсіп едік, мүлде басқа әлемге кіріге бастағандай әсерлендік. Байшыкеш көшелердің кейпіне қарап, ондағы рикшасыз қозғалыстардың талғамдылығынан, қымбат маркалы көліктердің жосылуынан-ақ мұндағы тұрмыс-тірліктің мүлде өзгеріп кеткенін байқайсыз. Көз жауын алатын Президент сарайы, Парламент үйі, Орталық секретариат, т.б. билік ғимараттарының мысы басып жүре береді. Осылардың сапынан түзулене тартқан субұрқақтардан алуан ажарлы түр-түске малынған кемпірқосақтай керім айшық толқыны биіктігі қырық екі метрлік Индия тас қақпасына кеп тіреді. Иә, бұл салтанатты арканың тұла тұрпаты қан тулатып жіберетіндей жүрек қақтырады. Оның қып-қызыл қабырғасына бірінші дүниежүзілік соғыста Солтүстік-батыс майданы шабуылында мерт болған Индия армиясының 85 мың жауынгерінің есімі қашалып жазылған. Бұл да болса ерлікке тағзымның өшпес белгісіндей екен. Қасиетті қақпа бейнебір азаттық күресі мен бейбіт өмірдің шекарасын белгілеп, қанды қырғынды еске салып, адамзат баласын соғыссыз ғұмыр кешуге үндеп тұрғандай. Сол себепті де қақпамен бетпе-бет келгендегі ауыр да азапты ойлар одан әрі аттап өткенде иықтан ысырылғандай болып жүрек жеңілдеп, желпініп қалады екенсің. Жалпы, Үнді елінің қай жерін араласаңыз да мына мазасыз тіршіліктің салыстырмалы түрдегі сипаттары ойша сараланып, көзге пердесіз күйінде елес­тей түседі. Ауыр мен жеңіл, зар-нала мен жарасты өмір, тұлдырсыз тұрмыс пен шалқыған байлық, бір түйір нан мен көл-көсір тағамды дастарқан... осындай керағар көріністер қатар көлбеңдейді. Осындай қайшылықты Раджастан штатының астанасы Жайпурға келе жатқанда да молынан байқадық. Бұл қала Делиден 252 шақырымдай жерде. Оған жеткенше, ұзын жолдың бойында елді мекендер үзілмей, жалғасып отырады екен. Біз қала ішіндегіден сәл қарқынды жылдамдықпен жүріп келеміз. Мұнда да ағылған, аптыққан, асыққан көлікті жүргіншілер. Жолдың қос қапталы қайнаған өмір нышандары. Әне, қолмен бидай, күріш орылып жатыр. Бір жерінде үйілген сабан, екінші жерде қауызынан ұшырылған астық күн өтінде өркештенген. Соны қаптайды екен де, шағын трактор қорабына тиейді. Бәрі де қолмен. Көбіне әйелдер мен үлкенді-кішілі балалар титықтап жүр. Бір қапталында құйрықсыз қойлары мен сан алуан түсті ешкілер жер түртеді. Жерді тісімен қауып шаңдатады.Әне бір ұзынтұра әйелдің басына ілмиген екі-үш адам көң толтырылған қорапты қондырып беріп еді, ол іргедегі егістікке қиралаңдап тартты. Жетті де, еңкеймей, тік тұрып қораптағыны қотара салды. Неткен жанкештілік. Өмір үшін күрес! Тіршілікпен тайталас Жеңіске жетіп жатқаны байқалады. Себебі, осындай жанкештілікпен жинаған өнімі экспортқа зор сұраныспен шығарылады екен. Жайпурдағы күндер таңдай қақтырумен өтті десе болады. Шаһардың өзін «Қызғылт қала» немесе «Жеңіс қаласы» деп атайды екен. Жеңіс шеруі талай заманалардан жалғасып, осы күнгі бейбіт өмірге тірелгендей. Оның куәсі соғылған талай қорғандардан байқалады. Соның бірі Амбера қамалы. ХVІ ғасырдың таңдай қақтырарлық сәулет өнеріне жатады ол. Асыл тастар отаны саналатын Жайпур тау-төбеге иықтасып жатыр. Оның айналасы кәдімгі Қытай қорғанына ұқсап, өрлі-ылдилы жерлерді талғамай табандатып тартылған. Ондаған нысандар кешенін аралап жүріп, мұнда кезінде бақуатты өмір болғанына сену қиын-ақ. Бірақ қандай өмір салтанат құрған десеңізші! Тіпті, алтындалған, айналы сарайлар да бар. Күнге табынатын бақша іші сол қалпында сақталған көрінеді. Сұқтанғанда сұлулықтан көздің өзі ұялатындай. Оның саф ауасы, тұрғындарын ләззатқа кенелдірген жеміс-жидекті алаңқайлары, нарттай қызыл-жасылды гүлзарлары, мейір қандырып су ішетін құдығы, сылқымдардың былқылдай басып серуендеген ирелең жолдары «кешеден келдім бүгінге» деп елжірейтіндей... Ой, дүние-ай! Иә, иә, ойша сол күйіндегісінің бәрін көріп тұрмыз! Бәрі болған. Кейін солған... Ал «Қызғылт қала» атануы шаһар тек қызғылт тастан қаланып, тұрғызылған екен. Ондағы ғажап сәулеткерлік нысанның бірі Хава Махал немесе «Желді сарай» аталады екен. Кезінде гарем мекені болған оның балкондарынан әлденеге алаң көңілмен сарсылған, мұңға батып сарғайған бойжеткен сұлулар ажарын айдай етіп көрсетіп, желмен желпініп, ішкі күйік-аңсарын, ыстық сезім-күндестігін тежей алмай, жүрек алқыныс-демінен торсия томпиған кеуделері көрікше көтеріліп-басылып, шеменді шерлері жаспен шайылып, жұмбақ сүзілген жанарларынан үзіліп түсіп кететіні, әне, сол «Желді сарайға» телміріп қалған біздің өзімізге де айна-қатесіз елестейді-ақ!.. Мұндай сиқырлы сезім неге ғана жүректі қытықтай береді? Бәрі Тәж Махалға байланысты екен ғой! Және де ұлы Мұхаңның былай деп тамсандырып қойғаны бар: «Тәж Махалды біз күндіз бір көргенге қанағат қылмай, кешкі астан кейін тағы бардық. Оның өзгеше бір себебі және бар. Аппақ мрамордан салынған Тәж Махалдың үлкен күмбезі түнде жарық ай астында өзгеше көрінеді» деседі». Ал керек болса!.. Енді тағат қайдан болсын! «Қашан көрінесің көзіме, Тәж Махал! Біздерді күтіп жүрсің бе?.. Шын ба? Шын ба?.. Хас сұлуым!» Міне, күллі әлем ынтызарлықпен көз сүзген Тәж Махал орын тепкен Агра қаласына да тақап келеміз. Оған жиырма жеті шақырым жетпей, жолай Фатехпур Сикри қаласына аялдадық. Негізін 1569 жылы ұлы Могол империя­сы билеушілерінің бірі Акбар қалаған қаланың бүгінге жеткен жансыз, тіршіліксіз әсем ғимараттары көз арбап жұтынып тұр. Акбардың 300 әйелінен бір ұл болмаған екен. Тағдыр оған әулие Шейх Салим Чистидің батасынан соң ғана мейірімін төгіп, ұлының есімін Салим қояды. Ол кейіннен Жахангир ныспысымен әлемге ерлігімен танылады. Жахангирден соң таққа Тәж Махалды салған Шах Жахан отырады. Акбар өзіне тағдыр мүсіркеуімен ұл сыйлауға себепші болған әулие Шейх Салим Чистиге осы Фатехпур Сикри қаласын салған екен. Сондағы сәулет өнерінің жақұттарын тамсана аралап көрген соң ортасында ерекшеленіп тұрған әулие қабіріне мінәжәт еттік. Үнді жеріне аяқ басқалы көңілді алаң қылып, елітіп қойған Аграға кешкі сағат жетінің шамасында жеттік. Мұнда да сол қайшылықты тұрмыс реңі байқалады. Бар мен жоқтың базары көшелер бойына еш қоспасыз жайылып тасталғандай. Астамшыл дүниенің пұшпағынан бірі кем дүние тартқылап жатқандай... Қонақ үйдің нөміріне кірген бетте бесінші қабат терезесінен көз салып едім, о, Жасаған, сонадай қыраттау тұстан Тәж Махал жанарымды қарып жіберді! «Тәубе! Шүкір! Сәлем саған, Тәж Махал! Қазақ елінің ыстық махаббатын қабыл ал!..» Кешікпей ымырт үйірілді. Әйнектен Тәж Махалға әлсін-әлі телмірумен түн де қоюланған еді... Ақтангер жазушы Тахауи Ахтановтың осыдан 46 жыл бұрын жазғаны еске түсіп, ұйқымыздың әлдиі болғандай: «Сұлулық сипаты – жеңілдік пен ұшқырлық емес пе. Әнекей, бүкіл дене бітімі бауырынан жараған бедеудей әсем де сидам, аққудың мамығынан соққан ақ сарай аспанға қалқып кетейін деп тұр». «Агра таңы тезірек атса екен!.. Тәж Махал туралы тәтті түс көрсем екен!.. Еркектер-ау, өз Тәж Махалдарың бар ма, осы?! Тек, шындарыңды айтыңдаршы!..» ...Келе жатырмыз Тәж Махалға! «Мәрмәрдан соғылған арман» дейді екен оны! Былайша Тәж Сарайы деген де (Тәж – корона, Махал – Сарай) ұғымы бар. 1593 жылы 6 сәуірде дүниеге келген парсы қызы Арджуманд Бану Бегам есімді Индия императоршасының өшпес бейнесін мәңгілік ұлықтайтын Тәж Махал сәулеті жағынан әлемнің жеті кереметінің санатына енген. Ұлы Могол империясының билеушісі Шах Жаханның сүйікті әйелі Мүмтаз Махал (арабша – өте әсем) он төртінші баласын туған соң ауырып, демі үзілерде еріне үш өсиет айтады: «Балаларыма мейіріммен қара, жақсы өсір; Басқа әйел алма; Маздаған махаббатымыздың өшпес алауындай етіп қабірімнің үстіне Маған арнап әлем таңдай қағатын ескерткіш-сарай саларсың!» Сүйіктісі дүниеден өткен соң денсаулығы сыр беріп, қайғыдан азаптанған Шах Жахан екі жыл бойы ешқайда шықпай, көзінің жасын көлдетіп, тек қана әр жұма сайын ақ киіммен жалаң аяқ күйінде махаббатының қабіріне дұға оқуға барып тұрыпты... Міне, Тәж Махалдың шығыс қақпасының алаңқайымен жүріп келеміз... Айналаға аптығып қарасаң, жер де, аспан да тұтаса түрілген махаббат шымылдығы тәрізді боп көз жанарың сұлулық әлемінен мұнартып, басың жеңіл айналып, жүрегің шаттана дірілдей бастайды. Анадай жердегі бас кірме қақпаның төбесінен 22 шағын күмбезше тізіле қалыпты. Бұл Тәж Махалдың осынша жыл салынғанының (1631-1653 ж.ж.) белгісін аңдатады. Түрік сәулеткері Устад Иса Афандидің жобасы бойынша жиырма мың жұмысшының күшімен тұрғызылған. Ақ мәрмәр, қымбат тастар іргедегі Раджастаннан алынса, басқа қажеттіліктер (алтын, күміс, қара мәрмәр, т.б.) әлемнің әр қиырынан пілмен, өгізбен тасылып әкелініпті. Бас қақпадан өткенімізде маңдайымыз­дан тураланған Тәж Махалдың сонадай жердегі мүсіні айдай жарқырап, бетін жаңа ашқан үлбіреген келінше ақ мәрмәрлі сұлбасын қымсына қылаңдатып қойды. Есіңде ме, жас күнің, ей, пенделер?! Той жырымен әлдиленген, сүйіспеншілік сиқырына сенген! Қазақы ақ отаудың есігінен енген! Сонда алдыңда не тұрушы еді? Пәктіктің самалы ескен Ақ шымылдық! Арлы, абыройлы, айнымас асыл сертті Ақ шымылдық қарсы алмайтын ба еді? Салт-дәстүріміздің даналықпен суарылған сол қасиеті-ай! Қазір ше?!.. Мұңаймашы, мұқалмашы, сен Тәж Махалмен қауышқалы тұрсың ғой... Теңдессіз Махаббаттың жүрек лүпілін өз құлағыңмен естисің қазір... Адымымыз ауырлап, желімделіп қалғандай... Аяғымызды ой тежейді, көз тоқтатады. Мавзолейге жеткенше иран бағынан өткін көріністерді қарпуға үлгермейсің. Жайнаған жұмақтай! 16 саябағы, 53 субұрқағы бар екен. Осы сандар жиынтығы – 1653 жылды бедерлейді. Яғни, Сұлулық сарайының соғылып біткен жылы! Тақай түстік-ау деймін. Мавзолейдің оң қанатындағы мешіт, сол жағындағы қонақ қабылдау үйі сондай бір мейірімділікпен айқарылғандай... ... Арман деген не, жарқыным? Арман деген санаңды билеген аңсарыңа қол жеткізу болса керек! Сенесіз бе, дәл қазір (мүмкін өмір бақи) Тәж Махалдың қасиетті қабырғасын сипалап тұрмыз. Қара мәрмәрдән нәзік өрнекпен түзілген Құран сүрелерін сүйіп те алғанбыз. Орындалған арман деген осы шығар, бәлкім! Тәж Махалдың босағасынан аттадық! Ішіне кірдік! Алтын торлы қоршаудың дәп ортасына қос мұңлықтың қабірі тұғырлы етіп қондырылыпты... Жиектері нарттай қызыл гүлдермен көмкеріліпті. Өлілерге емес, мәңгілік тірі Махаббатқа қойылған гүлдер десек жарасар! Нұрларың пейіштің төрінде шалқысын!.. Бәрі Алланың ісі! Бәрібір екеуі бірге жатыр! Басқаша болуы да мүмкін екен. Император Шах Жахан сүйіктісі Мүмтаз Махалдың өсиетін орындаған соң Джәмна өзенінің арғы бетінен өзіне арнап қара мәрмәрдан дәп Тәж Махалдан аумаған Мавзолей тұрғызбақшы болған. Бірақ үш ағасын өлтіріп таққа отырған император Аурангзеб әкесін үйқамақта ұстап, оның бұл арманын орындатпаған. Үй терезесінен көрінетін сағыныштың Ақ сарайына 9 жыл бойы азалана телмірген әкесі өлген соң, оны шешесінің қасына жерлей салған. Тағдыр-талайы солай! Қос ғашық мәңгілік қатар жатыр! Алла мейірімі түсіп, кіршіксіз, адал, сенімді махаббатпен нұрланған өз мұсылмандарын бірінен-бірін бөлектемеген екен! Айтарым осымен тәмам. Қанша тырыссам да Тәж Махал көркін толық жеткізе алмайтынымды сездім. Өзіңіз барып көргенге не жетсін! Армандай беріңіз. Орындалады... Қоштасардағы жүрек сөзімді қосайын: «Әлемнің тәжіндей боп, Тәж Махал сыланады. Махаббатқа тұтатып от, Мәңгілік тұрады әлі!..» ...Қолымды бұлғап «қош» дегім келді Тәж Махалға! Әсілі, Махаббатпен қоштаспаған жақсы ғой деп, тежеліп қалдым! Қайсар ӘЛІМ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты Астана – Алматы – Дели – Жайпур – Агра