Назерке ЖҰМАБАЙ
Назерке ЖҰМАБАЙ«Egemen Qazaqstan»
85 материал табылды

Театр • 31 Қазан, 2023

Қилы-қилы «Қыз Жібек»

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында тағы бір туындының тұсауы кесілді. Ол – ұлттық классикамыздың қастерлісі «Қыз Жібек»!

Тұлға • 27 Қыркүйек, 2023

Шындық шыңындағы Шерағаң

Шерхан Мұртаза десек, шындық ұғымының да қатар айтылуы қалыпты жағдайға айналып кеткені қашан. Әр туындысы өткірлік қана емес, шынайылығымен де баурап алатын жазушы қаламының қуаты қай кезде де оқырманын бейжай қалдырып көрген емес. Болмысындай шығармалары да мінезді суреткердің әр сөз бен сөйлемінің астарынан мың сан сырды ұғуға, ұқтыруға болады.

Руханият • 26 Қыркүйек, 2023

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ: Қазақ – намыстан жаралған халық

Тарихты жасайтын тұлғалар бар. Қазақ қазақ болғалы киелі топырақтан түлеп ұшқан талай тарланның тарихты таңғажайып бағытқа өзгерткеніне де уақыт-ағзам куә. Ел егемендігі туралы ой қозғалса сөзсіз Тоқтар Әубәкіров есімінің аталуы бүгінде заңдылықтай қабылданады. Өйткені Тоқтар – қазақтың айбыны, ұлтымыздың мақтанышы! Кеше газет редакциясында ұлт ұғымына айналған даңқты тұлғамен тағылымды кездесу болып, тұңғыш ғарышкер туралы жазылған журналист Талғат Сүйінбайдың екінші кітабының таныстырылымы өтті.

Сұхбат • 13 Қыркүйек, 2023

Ғалым АХМЕДЬЯРОВ: Жаңа маусымда ұлттық репертуарымыз артады

Он жылдық белесін табыспен тәмамдаған «Астана Опера» ұжымы күні кеше жаңа маусымының шымылдығын түрді. Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің әйгілі «Абай» операсымен ашылған театрдың жаңа маусымда да жаңалығы мол. Өнер ордасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров театрдың алдағы жоспарын айтты.

Тарих • 29 Тамыз, 2023

Шәмші мен сыған қызы: анығы һәм аңызы

«Қазақ вальсінің патшасы» атанған Шәмші Қалдаяқовтың қай әні де жүректі тербетер сырлы сазымен ғана емес, қызықты тарихымен де тыңдарманын елітіп әкетеді. Әр әнінде әсемдік әдіптеліп, сыршылдық әспеттелетін композитор туындыларының ішінде әсіресе «Сыған серенадасының» орны ерек. Сазы да, сыры да бөлек туынды жарыққа шыққанынан-ақ ән төңірегінде түрлі әңгімелер де қатар ерді.

Сұхбат • 22 Маусым, 2023

Лидия Кәденова: Тағдырым театрға таңылған

Драма, комедия, трагедия. Актриса театр өнерінің аталған осы басты үш жанрын тек сахнада ғана сәтті сомдап қойған жоқ, өмір ұсынған осынау көңілдің түрлі сәттерін пешенесіне бұйыртқан тағдыр-тақтасында да теңдей көрді, қайыспай көтерді. Ол бақытты сәттерінде дандайсып, болмаса жеңілген, қайғырған кездерінде морт сынып кетпеді. Драмаға толы өмірінің әр сәтін аялай һәм бағалай білді. Өзіне бұйырған рөлдерін абыроймен алып шықты. Күні бүгінге дейін сол тұғырынан түспей келеді. Себебі ол өнерде қандай талантты актриса болса, өмірде дәл сондай парасатты, терең адам. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Лидия Кәденованың көңіл пернесін басып көрдік. Сыңғырлаған сұлу үн салиқалы сырларын төге жөнелді.

Сұхбат • 01 Маусым, 2023

Тілектес Мейрамов: Мен өз рөлімді адал орындадым

Жарты ғасыр... Тамырын тереңнен тартатын театр тарихы үшін бәлкім көп те емес шығар. Ал елу жылдан аса ғұмырын сахнаға арнаған саңлақ үшін бұл дегеніңіз бір адамның тұтас өміріне татитын қажырлы еңбек. Төзім мен жігер. Ізденіс пен ілім. Сезім мен сергелдең. Осының барлығын бір басынан өткеріп, киелі сахнаға қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан актер, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов қай кезде де шығармашылық бабын бәсеңсіткен емес. Үнемі үздіксіз ізденіс үстінде. Қашан көрсең өнер үшін өрекпиді, театр үшін толғанады. Себебі актер шын мәнінде театрдың төл баласы. Кейіпкерімізді бұл жолы да қызу қарбалас үстінде жолықтырдық. Актерлік пен ұстаздықты қатар ұштастырған өнер иесі Қазақ ұлттық өнер университетіндегі курсын бітіру емтиханына дайындап жатыр екен. Кезінде өзі де Асқар Тоқпанов, Шолпан Жандарбекова, Әзірбайжан Мәмбетов, Әнуар Молдабеков сынды сахна саңлақтарынан көрген шарапатын өскелең ұрпақ ­бо­йына сіңірсем, театрдың өткені мен бүгіні һәм болашағы арасындағы сабақтастықтың үзілмеуіне дәнекер болсам дейді. Әңгімеміздің әлқиссасын өміріне айналған өнері турасынан тарқатты.

Тарих • 23 Мамыр, 2023

«Дударайды» тудырған қазақ

Ел арасында кеңінен тарағаны соншалық, келе-келе авторы ұмытылып, халық әні атанып кеткен туындылар қазақта өте көп. Соның бірі – «Дударай». Бір қызығы, айтулы әнді күні бүгінге дейін Мәрия Жагорқызы Рекина жазды деп келдік. Ал шындығында солай ма? «Дударайды» Мәрия Жагорқызы жазбаса, басқа кім жазды?..

Абай • 02 Мамыр, 2023

Алғашқы «Абай» қалай туды?

«Қалибектен кейін Абайды талай дарынды актерлеріміз орындап келді, бір­ақ Қалибек – Абай біреу-ақ! Ол – Хан­тәңірінің биік шоқысында оқшау тұр­ған бейне». Бұл – М.Әуезов пен Л.Со­болевтің әй­гі­лі «Абай» траге­дия­сы алғаш сахна­лан­ғаннан кейін басты рөлді сомдаған актер Қалибек Қуа­нышбаевқа ре­жиссер Асқар Тоқ­па­новтың берген бағасы болатын. Әри­не, премьера күнгі тарихи сәт бас­па беттерінде осылай жарқын таспаланғанымен, алайда бұл көр­кемдік биікке көтерілу, Абай шыңынан үн қату актер үшін оңай болған жоқ. Айтулы мақтаудың астарында теңдессіз маңдай тер мен үздіксіз ізденіс те жатқан еді. Олай дейтініміз – Абай бейнесінің ең алғаш қазақ сахнасына шығуы һәм көрермен жүрегіне жол табуы өз алдында, пьеса авторы кірпияз Мұхтар Әуезовтің талап-үдесіне лайықты кейіпкер тудыру Қаллеки – Қалибек Қуанышбаев үшін салмағы зіл батпан жауапкершілік те еді.

Руханият • 17 Ақпан, 2021

Жансебіл тағдырлы режиссер

Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек әңгімесінің желісі бойынша 1991 жылы түсірілген «Жансебіл» фильмін көрмеген, білмейтін көрермен кемде-кем. Сондағы, әсіресе, актер Қасым Жәкібаев сомдаған «Абыралыға баратын кім бар, Абыралыға баратын кім бар?» деп жанұшыра темір жол вокзалында айқайлайтын, қос аяқтан бірдей айырылған дәрменсіз қария бейнесі фильмді көргеннің көз алдынан оңай кетпейді, жүрегі бар жанның жанарын еріксіз жасауратады. «Қасым Жәкібаев «Жансебілді» ашты, «Жансебіл» Қасым Жәкібаевты ашты» деген тіркестің бүгінде қанатты сөзге айналғаны сол себепті де болар. Әйтеуір, бұл киноны Қасым Жәкібаевсыз елестете алмайтынымыз ақиқат. Десек те, «Жансебіл» жайлы өрбіген әңгіме орайында Жәкібаевтың жұлдызын жаққан және бір жанды естен шығаруға хақымыз жоқ. Ол – фильм режиссері Аяған Шәжімбай.