Үстіміздегі жылдың 24-26 қаңтары аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Америка Құрама Штаттарының астанасы Вашингтон қаласында сапармен болып, қос ұлы мұхиттың – Атлант және Тынық мұхиттарының арасында көсіліп жатқан алып державаның бірқатар беделді саясаткерлерімен және білікті де ірі кәсіпкерлерімен маңызды кездесулер өткізді. Астана мен Вашингтон (мұнда қазір қысқы уақыт) арасындағы уақыт айырмашылығы 11 сағат екенін ескерсек, жоспарланған кездесулерді бір мақала ауқымымен қамти алмайтынымыз анық.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ – Вашингтоннан.
Тәуелсіздік! Осы бір жалғыз ауыз сөздің астарында қанша құдірет жатыр десеңізші. Міне, тәуелсіздік алғанына биыл 20 жыл толатын, осы бір тарихи тұрғыдан қарағанда өлшеулі ғана уақыт ішінде Қазақстан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың білікті басшылығымен ғасырларға пара-пар даму және танылу дәуірінен өтті. Сол тәтті де тағылымды тәуелсіздіктің арқасында әлемді аузына қаратқан АҚШ та Қазақстанмен стратегиялық әріптестігін тұрақты түрде дамытып, екі ел арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс қатынастар жылдан-жылға қанатын кеңге жайып барады. Жаһандық өркениет үрдісінен лайықты орнын иеленіп үлгерген тәуелсіз Қазақстанның ашық та салиқалы сыртқы саясатының нәтижесінде, міне, тағы да мұхит асып, жер қиырындағы Америкаға сапарлап келеміз. Жиырма жылдық жігіттік жасқа толған тәуелсіздігіміз болмаса, Елбасының әлем таныған салиқалы саясаты мен биік беделі болмаса, төрткүл дүниені айбатымен ықтыратын АҚШ төрінде қазақстандық журналистер де алшаң басып жүрер ме еді! Тәубе дейсің толғанып.
Тәуелсіздік демекші, Америка Құрама Штаттары Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін 1991 жылы 25 желтоқсанда алғаш болып таныған елдердің бірі. Келесі күні-ақ, яғни 26 желтоқсанда екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнап, бүгінгі таңда кең ауқымдағы өзара терең түсіністікке негізделген Қазақстан және АҚШ мемлекеттерінің стратегиялық әріптестігіне ұласып отыр. Өткен жылдың сәуір айында ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-та арнайы сапармен болып, Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке қатысты. Осы сапар шеңберінде Елбасы АҚШ президенті Барак Обамамен кездесіп, екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту мақсатындағы келісімге қол жеткізді. Сонымен бірге, екі ел басшысы Ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол
қойған болатын. Енді, міне, екі ел арасындағы ынтымақтастық байланысты тереңдету аясында Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрінің АҚШ-қа сапары жалғасып отыр.
Жалпы, соңғы уақытта Қанат Саудабаевтың жыл басында АҚШ-қа арнайы сапар жасауы дәстүрге айналып келеді десе де болғандай. 2009 жылы ол 2-6 ақпан аралығында АҚШ-та жұмыс сапарымен болса, 2010 жылдың 2-5 ақпаны аралығында тағы да ресми сапар жасаған еді. Қанат Бекмырзаұлы бұл сапарының да мақсаты – жыл басында екі ел арасындағы алда тұрған маңызды іс-шараларды анықтап, оларды жүзеге асыру мәселелерін нақты пысықтап, белгілеп алу.
Сапардың алғашқы күні Қанат Саудабаев АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Колин Пауэллмен кездесті. Содан кейін АҚШ-тың белгілі мемлекет қайраткерлері, сұңғыла да беделді саясаткерлері Збигнев Бжезинский және Брент Скоукрофтпен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында АҚШ мемлекетінің қайраткерлері Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға жемісті төрағалығына аса жоғары баға беріп, 11 жыл үзілістен кейін бұл мәртебелі ұйымның саммитін өткізудегі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зор еңбегі мен халықаралық саясат сахнасындағы биік беделін атап көрсетті. Астана Декларациясының қабылдануы Қазақстанның дүние жүзіндегі беделін бұрынғыдан арттырып, бұл елдің әлемдік кеңістіктегі жақтастарының қатарын еселей түсті. Қазақстан енді халықаралық ауқымда келелі мәселелерді шешетін тұғырлы ел ретінде танылды, бұл Қазақ елінің, оның білікті де беделді басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тамаша жеңісі, деді америкалық саясаткерлер бірауыздан.
Қанат Саудабаев екіжақты кездесулер барысында АҚШ мемлекетінің беделді саясаткерлерін еліміздің соңғы уақытта қол жеткізген саяси-экономикалық жетістіктерімен жан-жақты таныстырды. Ол жаһандық қаржы дағдарысының қиындықтарына қарамастан, 2009 жылы еліміз ІЖӨ-нің өсімін 2 пайызға жеткізіп, белгіленген барлық әлеуметтік бағдарламарды сақтап қалғанын, ал 2010 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің өсімі 7,5 пайызды құрағанын атап көрсетті. Ұлттық қор 19 млрд. долларға артып, биылғы жылы 54 млрд. долларды құрап отырғандығын жеткізді. Содан кейін Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қазақстанның сыртқы саясат саласында ұстанып отырған бағыттары мен қол жеткізген табыстарына тоқталды. Тараптар Қазақстан мен АҚШ мемлекеттері арасында орныққан стратегиялық әріптестік қатынастарды тілге тиек етіп, екі ел арасындағы осы игі ынтымақтастық байланысты одан әрі нығайту қажеттігін ерекше атап көрсетті. Кездесуге қатысушылар Қазақстан Республикасының биылғы жылғы Ислам Конференциясы Ұйымы төрағалығының да жемісті болатынына сенім білдіріп, өз кезегінде бұл халықаралық ірі ұйымға Қазақстан төрағалығының әлемдік тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтуға қосылатын игілікті үлес екенін атап айтты.
Америка Құрама Штаттарына сапары барысында Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев осы елдің әлемге әйгілі «Шеврон», «КонокоФиллипс» компанияларының басшыларымен, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен екіжақты кездесулер өткізеді деп күтілуде.