• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2011

Қарашығанақтың экологиялық қырлары

1586 рет
көрсетілді

Қазіргі күні қоршаған ортаны қорғау мә­селесі көптеген елдердегі мемлекеттік сая­сат­тың маңызды бағыттарының бірі болып табылатындығына ешкім күмән келтірмес. Экономиканың әртүрлі секторында жұмыс істейтін кәсіпорындар қоршаған ортаны қорғау ісін қамтамасыз етуге байланысты бірқатар өндірістік қиындықтарға тап келіп жататындығы да анық. Әсіресе, мұндай проблемалар өздерінің қызмет ерекшеліктеріне орай мұнай-газ секторы компанияларының алдында неғұрлым өткір қойылған. Өндірістік қызметті тұрақты даму қағи­даттарына сай жүргізу «Қарашығанақ Пет­ро­лиум Оперейтинг Б.В» (КПО) ком­пания­сының да басты басымдығы болып табы­ла­ды. Соның ішіндегі басты назардағы мәсе­ле­лердің бірі – өндірістің қоршаған ортаға тигізетін әсерін мейлінше төмендету. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін КПО-да Қоршаған ортаны қорғау шараларына қа­тыс­ты арнайы жоспар әзірленген. Ол жоспар ҚР Экология кодексі талаптарына сәйкес жасалынып, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің келісімімен бекітілген. Жоспар ауа бассейнін қорғау, су ресурс­тарын қорғау және тиімді пайдалану, жер ресурстарын қорғау, өсімдіктер және жануарлар әлемін қорғау, өнеркәсіптік қалдық­тар­ды өңдеу мен пайдалану, ең үздік техно­логия­ларды қолдану жүйесін енгізу, ғылы­ми-зерттеу және жобалау-іздестіру жұмыс­та­рымен шұғылдану, радиациялық, биоло­гия­лық және химиялық қауіпсіздік, эколо­гия­лық сауаттандыру және насихаттау секілді 9 негізгі тараудан тұрады. Атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі ша­раларды жүзеге асыру ластаушы заттарды ауаға шығару көлемін едәуір төмендете тү­су­ге мүмкіндік берді. Бұл жөніндегі негізгі шаралар өндірістік нысандардағы құрал­дар­ды жаңғырту барысында және ұңғымаларды тазалау мен зерттеуден өткізген кезі де мұ­най мен конденсатты шлейф арқылы ба­қы­лау сеператорынан өткізу мен оған жасыл горелканы қолдану арқылы жүзеге асты. Осы шара Қарашығанақ кен орнында газды жағып жіберу көлемін едәуір азайтуға мүм­кіндік берді. 2010 жылы осының нәтиже­сін­де ілеспе және табиғи газды пайдаға асыру көрсеткіші 99,7 пайызды құрады. КПО-да Қарашығанақ кен орнындағы атмос­фералық ауаның жағдайын үздіксіз ба­қылау жүйесі енгізілген. Осы үшін 12 авто­маттандырылған тұрақты станса орнатылып, екі жылжымалы экологиялық зертхана іске қосылған. Олар экологиялық мониторингті үздіксіз жүргізеді. Сонымен қоса компания мәліметтер мен деректерді жинауды, орта­лық­тандырып сақтауды, өңдеуді және олар­ды көрсетуді қамтамасыз ететін ГАЖ (гео­графиялық-ақпараттық жүйе) жобасын жү­зе­­ге асырды. Бұл жүйе қолданбалы міндеттерді (мәліметтерді жинау, түгендеу, талдау, ба­ғалау және соған байланысты болжамдар жа­сау) шешу және қоршаған орта мен өн­ді­ріс­тік үдерістерді басқару үшін жұмыс істейді. КПО өзінің өндірістік қызметін жүзеге асыр­ған кезде пайдаланылған суды тазар­тып, қайтадан қолдану арқылы су ресурс­та­рын үнемдеуге және оларды тиімді пайда­лану­ға барынша мән береді. Тазартылған сулар бұрғылау қоспаларын әзірлеу, шаңды басу және өсімдіктерді суаруға жұмсалады. Осындай әдіс арқылы су ресурстарын үнем­деу көрсеткіші соңғы үш жылда 120 мың текше метрді құрады. Сонымен қатар КПО Қарашығанақ кен ор­нын және оған таяу орналасқан елді ме­кен­дерді көгалдандыру жобасын жүзеге асы­руда. Мұның өзі ауаны тазартуға, шаңмен арала­сып соғатын желді азайтуға, топырақ эро­зиясының алдын алуға ықпал етуде. 2005-2010 жылдар аралығында 310 гектар алаңға 600 мыңнан астам ағаштар мен талдар отыр­ғызылды. Бұл жоба ағаштарды отырғызумен қатар оларды күтуге алу, суару, тыңайт­қыш­пен қоректендіру жұмыстарын қоса қамтиды. Қалдық шығарудың көлемін төмендету және олардың қоршаған ортаға әсерін азайту шараларын жүзеге асыру аясында компания өндірістік және коммуналдық қалдық­тарды өңдеп, қайта пайдалану жөніндегі қа­зіргі заманғы кешенді орнатты. Қазіргі күні қалдықтарды термодесорбциялайтын қон­дыр­ғы, бұрғылау қоспаларын және бұрғылау қалдықтарын тазалайтын қондырғы пайда­ла­нуға берілді. Мұның өзі КПО-ға бұрғы­лауды мұнай негізіндегі қоспаларды пайдалана отырып жүргізу мүмкіндігін берді. Бұл тәсілдің артықшылығы бұрғылау қалдық­та­рын азайтуға, технологикалық үдеріс кезінде пайдаланылған мұнайды 98 пайызға қай­та қайтаруға мүмкіндік береді. КПО қоршаған ортаға тигізетін әсерді мейлінше азайта және табиғи ресурстарды тиімді пайдалана отырып өзінің эколо­гия­лық қызметін тұрақты түрде жетілдіріп от­ыруға ұмтылыс танытып келеді. 2008 жылы компанияда халықаралық стандарттың ИСО 14001 талаптарына сәйкес сертификациялық аудиті сәтті жүргізілді. Компания экологиялық сауаттылық мәсе­ле­сіне де үлкен көңіл бөледі. КПО қызмет­керлерінің және мердігерлік ұйымдардың қызметкерлерінің экологиялық сауатты­лы­ғын арттыру мақсатында әр жыл сайын компьютерлендірілген экологиялық оқулар тұ­рақты түрде өткізіліп келеді. Осы оқулар кезінде кен орындарын әзірлеу мен игеру барысында қандай шараларды жүзеге асыру қажеттігі, болуы мүмкін тәуекелдердің алдын алу шаралары тиянақталады. Мұның сыртында Консультативтік кеңес аясында кен орнына жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарымен кездесулер тұ­рақты түрде өтіп, оларда тұрғындарды тол­ғандыратын мәселелер талқыланып, соған сәйкес шаралар қабылданып отырады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.