Иранмен келіссөз жүргізу қиын
Ыстамбұл қаласында Иранның ядролық бағдарламасы бойынша өткізілген келіссөз нәтижесіз аяқталды. Оған әлемдік «алтылық», яғни БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүше елдер: АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция және оған қоса Германия, сондай-ақ Иран Ислам Республикасының делегациялары қатысқан болатын. Бұл келіссөздің нәтижесіз аяқталатынын күні бұрын аңғаруға болғандай еді. Соған қарамай, оны өткізудің де қисыны болды. Бір жағы кейін келіссөзге шақырғанда келмедіңдер деген сөз айтпас үшін, сонан соң осы мәселенің оң шешілуіне септігі тиеді-ау деген нәрсенің бәріне де көңіл бөлген жөн еді. Нәтижесіз аяқталады дегенде, Иран жағы оның нәтижелі болғанын мүлде қаламайтынын көптен бері көрсетіп келе жатыр. Бұл келіссөз оларға кезекті сөз жарыстыру үшін, қалайда өздерінің ядролық бағдарламасының шын мәнін жасыру үшін ғана керек екенін ұғу әсте де қиын емес. «Алтылық» пен Иран арасында келіссөз өткен жылдың аяғында да жүргізілген. Оның нәтижесі келесі келіссөзді Женевада емес, Ыстамбұл қаласында өткізу болды. Біреулер соның өзін белгілі дәрежеде тіл табысу деп көрсетті. Шын мәнінде қаланы өзгертуде тұрған ешнәрсе жоқ еді. Ыстамбұлдағы келіссөзде «алтылық» жағының делегациясын Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон басқарды. Және ол келіссөздің сәтсіз аяқталғаны жөніндегі мәлімдемесінде оған жауапты деп Иран жағын айыптады. Оның айтуынша, Иран жағы негізсіз талаптар қойған. Біріншіден, олар Иран Республикасына қатысты БҰҰ санкцияларын жоюды талап етсе, екіншіден, Иранның ядролық бағдарламасын одан әрі жалғастыра беруі жөнінде келісімге қол қоюды ұсынған. Әрине, мұндай талапты «алтылық» жағы қабыл алмайтынын Иран жағы жақсы біледі және оларға керегі де сол еді. Сондай-ақ Теһран «алтылықтың» қандай ұсыныс жасайтынын да білді және оған өздері ешқашанда көнбейтін еді. Иранның ядролық зерттеулерін МАГАТЭ-нің бақылауы – «алтылық» тарапынан басты талап. Теһран мұны бұрын да қабылдамаған, алдағы уақытта да қабылдамайды. Жалпы, Иранның ядролық бағдарламасы сөз болғанда, «алтылық» Иранның төмен байытылған уранын 20 пайыздық байытылған уранға айырбастауды ұсынады. Бұл Иранның ядролық қару жасауына мүмкіндік бермес еді. Содан да олар бұл мәселені тіпті талқылаудан да бас тартты. Жалпы, Иран соңғы кезде өзінің ядролық бағдарламасына байланысты біршама белсенділік танытып жүр. Соның бірі – өзінің ядролық нысандарына біраз елдердің дипломаттарын, біраз халықаралық ұйымдардың өкілдерін шақырды. МАГАТЭ-ге мүше 120 елдің тек жетеуінің ғана дипломаттары Теһранның «шарасына» қатысты. Еуроодақ ол нысандарға істің жайын білетін МАГАТЭ мамандарын шақыруға кеңес берді. Тіпті Ресей де осындай пікірде екенін мәлімдеді. Келіссөз де, дипломаттарды ядролық нысандарға шақыру да Теһранның өздерінің шын ниеттерін бүркемелеу әрекеттері екенін жұрт жақсы біледі. Содан да оған оншалықты мән бермеді.
•
28 Қаңтар, 2011
Дүбірге толы дүние
406 рет
көрсетілді