• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2011

Өзгерген өмір, түзелген тұрмыс

665 рет
көрсетілді

Әкім есеп берді. Ел не деді?

Ойыл – бірыңғай мал өсірумен айналысатын аудан. Өндірісті орындардан, темір жолдан шалғай жатқан өңір халқының барлық тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малға тәуелді. Соған қарамастан, ауданда соңғы жылдары өмір оңғарылып, тұрмыс түзеліп келеді.Бұл аудан әкімі Мұхтар Жұмағазиевтің халық алдында берген есебінен айқын аңғарылды. Аудан басшысы елді мекендерден және аудан орталығынан жи­нал­ған тұрғындар алдында аудан­ның 2010 жылғы әлеуметтік-эко­номи­калық даму қорытынды­лары және 2011 жылғы міндеттер тура­лы баян­дады. Бір жыл ішінде ат­қа­рыл­ған істерді саралай келе, Мұх­тар Сабырұлы жүзеге асқан ша­руа­­ларды үтір-нүктесін қал­дыр­май тізбелемей-ақ, алдағы күн­дердің еншісіндегі жұмыстарды таратып берді. Оның айтуынша, ауданның 2010 жылға әлеуметтік-экономика­лық даму көрсеткіші оның ал­дындағы жылдан ана­ғұлым жо­ға­ры болған. Аудан бюд­жетінің кіріс жоспары 100,8 па­йызға орын­дал­ған. Облыстық бюджеттен бө­лін­­ген 716 516,8 млн. теңге мақсат­ты трансферттер 98,7 пайыз, ал об­лыстық бюджеттен бөлінген субвенция 100 пайыз игерілген. Ауданда мал саны өсіп келеді.Соған сәйкес өткен жылмен са­лыстырғанда, ет өндіру, 90,0 тон­наға, сүт 40,0 тоннаға артқан.Төрт елді мекенде мал сою цехы ашылған, біреуінің құрылысы аяқ­­талуға таяу. Қысқа түсетін қол­­дағы малға қажетті 120 750 тонна пішен­нің орнына 145 466 тонна шөп дайындалыпты. Жеммен қам­тама­сыз етілу 125,0 па­йызды құра­ған. Мал тұқымын асылдан­ды­ру қолға алынып, жүйелі жүр­гізіл­ген. Ауданда шағын және орта кә­сіп­керлікті дамытуға да көңіл бө­лін­ді. Бұл салада 2861 адам жұ­мыс­пен қамтылып, бюджетке заң­ды тұлғалардан 4 538,1 мың теңге, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожа­лық­тарынан 6 345,3 мың тең­ге түскен. 35 кәсіпкерлік субъек­тіге 18,0 млн. теңге шағын несие берілген. Аудан басшысы өзге де оң өз­геріс­тер туралы жан-жақты баян етті. Шыны керек, шығып сөйлеу­шілер бұған дейін Қобда, Қарға­л­ы аудандарын басқарған Мұхтар Жұмағазиевтің атына біраз марапат сөздер айтты, аудан көлемінде соңғы кезде атқарылған игі істерді соның есімімен байланыс­тырды. Біз есепті кездесуге келгендерді сөзге тартқанбыз. Біздің: «Аудан әкімінің есепті кезеңде атқарған жұмыстарына көңіліңіз тола ма? Қызметін қалай бағалай­сыз?» деген сауалымызға олар төмендегіше жауап берді. Мұхит КЕРЕЕВ, Сарбие ауы­лы­ның тұрғыны, еңбек ардагері: – Ең шеткері жатқан біздің ауылдың өзінде тұрмыс түзеліп келеді. 50 орындық балабақша ашылды. Су жүйесі іске қосылды. Фельдшерлік-акушкерлік пункт жұмыс істеп тұр. Ауылда 3,5 мың ірі қара, 15 мың қой, 600 жылқы бар. Әр үйдің ауласынан 15-20 ірі қара, 70-80 қой өреді. Ал отарлап қой, табындап ірі қара өсіріп отыр­ғандар да бар. Мұхтар Жұ­ма­­ғазиев ауданды басқарған аз­ған­тай уақытта өнегелі ісімен тұр­ғын­дардың ықыласына бөлен­ді, көп жұмыстарды атқаруға ұйыт­қы болды. Өзіндік ұстанымымен ха­лық­тың көңілінен шыға білді.Адам­дардың өтініш-тілегіне ұда­йы назар аударып отырды. Біз ұзынқұлақтан бұл азаматты басқа жұмысқа ауысады деп естідік, мүм­кін болса бастаған шаруа­ларын тиянақтағанын қалаймыз. Зоя БОЗШИНА, аудандық мәслихаттың депутаты: – Осы кісі аудан тізгінін ұстағалы ауданда біраз жұмыстар атқарылды. Әлі де көп шаруа тындыратынына сенім бар. Біздің Қараой ауылында биыл балалар бақшасы ашылатынын, су құ­быры тартылатынын естіп қуа­нып жатырмыз. Мұхтар Сабыр­ұлы халықтың мұң-мұқтажына ұдайы құлақ түріп жүреді. Есепті кездесуде сөйлеген азаматтар да әкім жұмысына оң баға беріп жатыр, мен оған толықтай қосыламын. Қуаныш ҚЫСТАУБАЕВ, «Мирас» шаруа қожалығының басшысы: – Аудан әкімі атқарылған істерді тізбелемей, ертеңгі күні атқарылатын шаруаларды атап өтті. Бұрынғы әкімдер істеген ісін тізбелеп, бәрін бір өзі тындыр­ған­дай әсерде қалдыратын. Бұл жолы олай болмады. Қайта шешуі қиын мәселелерді қаузай әңгімелеп, ер­теңгі тындырылатын шаруалар­ға тоқталды. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қо­лай­лы жағдай туғызылуда. Әкім­нің осын­дай көзқарасының арқа­сында ша­ғын кәсіпкерліктің керегесі ке­ңей­ді. Аудан әкімінің есептік кездесуіне қатысқан облыстық қаржы бас­қармасының бастығы Сағат Еңсе­ген­ұлы бұл ауданда биылғы жылы да бірталай іргелі істердің атқары­латындығын тілге тиек етті. Елдің ертеңіне жұмыс істейтін жобаларға мұрындық болып жүр­ген аудан әкімі халықтың ыс­тық ілтипатын сезінді. Олар Мұхтар Жұмағазиев­тің жұмысына жақсы баға берді. P.S. Материал дайындалып жатқанда Ойыл ауданының әкімі болған Мұхтар Жұмағазиевтің облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы­ның бастығы болып тағайындалғаны туралы хабар алдық. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.

Аудан бауырын жазып келеді

Облыс орталығынан шалғайда жатқан Амангелді ауданы –Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы нарық қиыншылығына алды­мен ұрынып, оны нардай көтерген аудандардың бірі. Негізінен ауыл шаруа­шылығымен айналысатын аудан соңғы кездері тығырықтан шығып қана қоймай, бауырын жазып келеді. Амангелді ауданының әкімі Са­быржан Ахметов – ауыл шаруа­шылығын ұйымдастыруда тәжіри­бесі молыққан, ысылған басшылар­дың бірі. Аудан қуатты көштің соңы­нан ерді. Әкімнің аудан тұр­ғын­дарының алдындағы есебінде соңғы жылдары эконо­ми­каның, ха­лық­тың әлеуметтік тұрмысының бұрнағы кездермен салыстырғанда серпілгені, адамдар бойындағы ма­сыл­дықтың сілкінісі байқалады. Бұл мысалсыз емес. Облыс­тың солтүстік аудандарына қара­ғанда, жері шөлейтті болып келетін Амангелдіде бұрындары егін алқабы өте аз болатын. Әсіресе, тұрымтай тұ­сында болған 90-шы жылдары егіндік тым қусырылып кеткен еді. Амангелділіктер оны жыл сайын бірте-бірте көбейтіп келеді. Өткен жылы 75 мың гек­тар­ға жеткізген еді. Үстіміздегі жылы 80 мың гек­тарға дән себуді жоспарлап отыр. Амангелді ауданы Торғайдың кең байтақ даласында жатыр. Бұл енді малға қолайлы екені бесенеден белгілі. Соңғы жылдары аудан бас­шылығы мен ауыл шаруа­шылығы тауарларын өндірушілер шаруашы­лықтың осы саласын­да­ғы иннова­ция­ға көңіл қойып, мо­йын бұрды. Амангелді ауданы жыл­­­қысыз емес еді. Бірақ мал тұқымын асыл­дан­дырмай және одан алына­тын өнім­ді ұқсатпай қазекемнің төл малы да пайда көрсетпейді екен. Осындай түйіннен кейін «Meat Land» ЖШС ауданда жылқы шаруашылығын дамыту жұмыс­тарын бастады. Өткен жылы бұл іске 185 миллион теңге жұмсалды. Алғашқы 90 бас асыл тұқымды биелер сатып алын­ды. Қазір мал сою, ет ыстау цехын салу жұ­мыстары жүргізілуде. Үр­пек ауылдық округіндегі «Нарбай» шаруа қожалығы базасында да мал сою пункті ашылды. Өткен жылы ауданда 62 миллион 990 мың теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген екен. Айтпақшы, бұл алдыңғы 2009 жылдан 5 миллион теңгеге жуық артық. Осын­дай табысқа кәсіпкерлік қызмет сала­сының қосқан үлесі өз алды­на. Аудан бойынша 626 шағын биз­нес құрылымдары жұмыс істейді. Тұр­ғындарды жұмыспен қам­туда да шағын және орта биз­нестің орны бөлек. Өткен жылы бизнес кәсіп­орындары 1872 амангелділікті жұ­мысқа тартты. Жыл ішінде олар 823 миллион теңгенің өнімін өн­діріп, қызметін көрсетті. Шалғай ауылдарда дамып отыр­ған шағын бизнестің бюджет қор­жынына са­лып отырғаны да жаман емес, өт­кен жылы олар 30 мил­лион теңге­ден артық салық төлеген. Ауылдағыларды шаршататын шар­асыздықтың бірі – жұмыссыз­дық. Сондықтан өткен жылы ау­дан­­дағы атқарушы билік көп істі жұ­мыспен қамту және қоң­то­ғай отыр­ған ағайынның жағ­дайын жақ­сар­ту­ға бағыттады. Осы орайда 540 адам тұрақты және уақытша жұ­мыс­тарға орналастырылды, 196 жаңа жұмыс орны ашылды. Ақылы қоғамдық және әлеуметтік уақыт­ша жұмыс­тарға 350-ден аса адам тартылды. Жастар кеткен ауыл аққан жұлдыздардай картадан да өшеді. Ал жас маман келген ауылдың бо­ла­шақ көкжиегі көрінеді. Амангелділіктер ертеңгі күнге сеніммен қарайды. Жыл сайын «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандар келіп жатыр. Жағ­дайы жасалса олар тұрақтап қала­ды. Бұл орайда өткен жылдың үле­сі де жаман емес. Ауданға келіп жұмысқа орналасқан 33 адамға 3,5 миллионнан артық теңге жәрдем­ақы төленсе, 5 жас маманға тұрғын үй алу үшін несие берілді. Алыс ауылдың жолына қарап, оның әлеуметтік деңгейін де тануға болады. Амангелді ау­да­нына барған кісінің көңілін жол түсіре қоймас. Өткен жылы ғана аудан ішіндегі тас жолдарды күтіп ұстауға 41 миллион теңге жұмсалды. Мұндай шаралар үздіксіз жалғасады. Өткен жыл облыстың басқа өңірлері сияқты бағаның қымбат­тауымен де амангелділіктердің есін­­де қалды. Алайда негізгі азық-түлік пен күнделікті қолданылатын тауарлардың бағасы уақтылы жү­зеге асырылған шаралар нәтиже­сін­де облыстық орта деңгейден ас­қан жоқ. Ауыл шаруашылығы тауарларымен тұрғындарды қамта­масыз ету үшін апта сайын аудан орталығында жәрмеңке өткізілді. Серпінді істер алдағы жылы да жалғасын табады. Бұл орайда тұрғындар әкімге қойған сұрақ­тарына көңілдерге үміт пен сенім ұялатқан жауаптар алды. Ауданнан қалаға көшу тұрақтады. Ал бұл – жылдың басты көрсеткіші­нің бірі. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы.     

Сауалы мен жауабы

Тұрғынбек Исмайылов: Біздің Құмкешу ауылында ауыз су мәселесі қашан шешімін табады? Аудан әкімі: Биыл Құмкешу ауылына ауыз суды тұщытатын қондырғы орнатылады. Ол 74 миллион 138 мың теңгеге түспек. Әйгерім Ахметова: Жас мамандар мен мұғалімдерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жайы биыл қалай болмақ? Аудан әкімі: Өткен екі жылда екі тұрғын үй бергенбіз, биыл 16 пәтерлік үшінші жалдық тұрғын үй дайын болады. Жұбаныш Бірманов: Үштоғай ауылына мектеп керек. Аудан әкімі: Иә, ауылға 60 орындық орталау мектебін салу ойда бар. Оны 2012 жылдың бюджетіне енгізу үшін биыл оның құжаттарын дайындаймыз.

Алдағы міндеттер айқындалды

Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты жыл сайын барлық деңгейдегі әкімдер ел алдында есеп беріп келеді. Халық та осы сәтті асыға күтетіндей. Өйткені, қордаланған әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқататынын, алдағы жылғы аймақтағы жұмыссыздықтан бастап, тұрғын үй мәселесі, жол, көше жөндеу, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы сан сұраққа жауап берілетінін біледі. Облыстағы іргелі аудандар қатарынан саналған Талғар ауданы әкімінің есебі кеше өтті. Біз аудан әкімі Талғат ӨМІРӘЛИЕВКЕ жолығып, есепті кезең аралығында атқарылған жұмыс пен алдағы жоспарлар, жұртшылық пікірі жайлы ой өрбітуін өтінген едік. – Талғат Әбенұлы, әкімдерге қойылатын бүгінгі талап және халықтың әлеуметтік, тұрмыс­тық жағдайын жақсар­ту мәсе­лесінің шешілуіне тоқталсаңыз. – Иә, әкімдерге жүктелген жауапкершілік салмақты. Бү­гінгі көзі ашық, көкірегі ояу жандар жиын­ға дайындықпен келгені бай­қал­ды. Негізінен Ел­ба­сы алға қойған міндеттерді бұлжытпай орындау, ха­лық­тың әлеу­меттік-тұрмыстық жағ­­дайын көтеру, шағын және орта кәсіп­керлікті қолдау, білім беру мен денсаулық сақтау, ауыл шаруа­­шы­лығы, өнеркәсіп, тағы басқа сала­лар­ды дамыту бойынша айтарлық­тай жұмыс атқарылды. Жалпы, кездесулерде бір жылдағы жетістік пен әлі де орайын келтіретін мәсе­лелердің аражігі айқындалды. – Жалпы, инфрақұрылым­ды дамыту жөніндегі жұмыс­тарға тоқталсаңыз. – Әлемдік қаржы дағдарысы­ның инфрақұрылымды дамытуға ықпал еткені белгілі. Десек те бұл аудандағы жағдайға көп әсері тимеді. Нәтижесінде Талғар ау­дан­­дық топтық су жүйесін салуға 530,4 млн. теңге қаржы бөлініп, бұл жұ­мысты «НАЗ» серіктестігі жүргізу­де. Тұздыбастау ауылын­дағы «Арман» және «Белағаш» шағын аудандарын сумен қамту үшін 134 млн. 337 мың теңге бөлі­ніп, 7,5 шақырымдық су құ­быры тартыл­ды, 2 скважина іске қосы­лып, тұр­ғындар қажетін шешті. – Жоспарлы міндеттерді іске асыру үшін инвестиция тарту мәселесі де көтерілуде. Оңтүстік астанаға жақын орналасқан­дықтан, ауданда оның шешімін табуы жайын тарқатсаңыз. – Қай саланың да бүгінгі жедел қарқынмен дамуы инвестиция тар­ту­дың тиімділігіне, яғни қаржы­ға тәуелді екені рас. Ау­данға өткен жылы 39 575,6 млн. теңге инвестиция тартылды. Осы­ның барысында көптеген өндіріс орындары іске қосылды. Жаңа жұ­мыс орындары ашылды. Жал­пы аумағы 89,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайда­лану­ға берілгенін де айтқан жөн. Ағым­дағы жылы да инвесторлармен келіссөз жүргізі­луде. – Бүгінде бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеу қажеттігі баса айтылуда. Әрине, ол білім беру шаңырақтарының бүгінгі жа­йы­на байланысты десек, бұл жөніндегі пікіріңіз қандай? – Келісемін. Елбасы Жол­дауын­да әкімдерге осы мәселеге бай­ланысты нақты тапсырма берілді. Жас ұрпақ тәрбиесі мен біліміне облыс әкімі де аса мән беріп келеді. 2010 жылы кіші Байсерке ауылын­ағы №40 бас­тауыш, Талғар қала­сын­дағы №49, Дәулет ауылындағы №11, Қызыл-Қайрат ауылындағы №9, Панфилов ауылындағы №17 орта мектептерге күрделі жөндеу жұ­мыстары толық жүргізіліп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылды. Сондай-ақ, Тұздыбастау ауы­лын­­дағы №31, Талғар қаласындағы № 3 орта мектептердің электр желісі мен су жүйесін жөндеу жұмыс­тары қ­алыпқа келтірілді. Бесқайнар ауы­лында «Арыстан» әскери мек­тебінің құрылысы аяқталып, биыл­ғы жыл­дың қаңтарында пайда­лануға беріліп, 80 бала оқуға қа­был­данды. Кеңдала ауы­лын­­да 240 орын­дық мек­тептің жо­ба­­лық-сметалық құжат­тары жасалды. Ақтас ауылында – 180, Тұз­дыбастау ауылында 900 орындық мектептердің жобалық-сметалық құжаттары дайын. Бұ­йырт­­са, ал­дағы жылы бұл мәселе де оң шешімін табады. «Балапан» бағдар­ламасымен Тал­ғар қаласында 320 орындық балабақша салу да биылғы жылдың еншісінде. – Ел алдында есеп беру ба­рысында айтылған тұрғындар тілегі мен өтініштерін қарау, қана­ғат­тандыру жайы туралы не дейсіз? – Тұрғындар айтқан ұсыныс-тілек­терді орындау бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Өткен жылғы есеп беру жиын­дарында тұрғындар тарапы­нан 162 ұсыныс, талап-тілек түс­ті. Бұлар­дың көпші­лігі әлеуметтік мазмұн­дағы мәселе­лер еді. Сон­дық­тан олардың көпші­лігіне қол­ма-қол жауап беріліп, 57-сі бақы­лауға алын­ған болатын. Солар­дың 32-сі шешілді, қалғандары орын­­далу үстінде. Алдағы уақытта да жұртшылықтың талап-тілегін толық орындау және олардың сұра­н­ысын барынша қанағаттандыру жөніндегі шаралар жалғаса береді. Ол үшін қолда бар мүмкіндіктерді жұмыл­дыра­тын боламыз. Әңгімелескен  Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.