«Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы
Экологиялық төлемдер тиімді жұмсалуы тиіс
Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің 2010-2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сәйкес өткен жылы салада атқарылған істер мен шаралар табиғаттың ластану деңгейін төмендетуге, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталыпты. Бұл жөнінде Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов жыл қорытындысы шығарылған алқа мәжілісінде жариялады. Оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысып, жиын соңында министрлік алдына қойылатын 2011 жылдың мақсатты индикаторлар мен көрсеткіштердің орындалуына міндеттейтін меморандумға қол қойды. Алқа мәжілісінде министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті, Нұра-Сарысу экология департаментінің бастығы Ардақ Райымбеков өз баяндамасында “Арселор Миттал Теміртау” кәсіпорнының 2008 жылдан бері қоршаған ортаға техногендік әсерді азайту талаптарын орындамай отырғандығын жеткізді. Оның айтуынша, компания 2009 жылға жоспарланған қаржының жеткіліксіз бөлінуіне байланысты экологиялық заңнамаларда бекітілген талаптарды орындамай келген. Ал 2009 жылға жоспарланған қаржының 19 пайызын ғана игерген. Соның салдарынан эмиссиялық нормативті бірнеше есеге арттырып жіберген. Сол үшін “Арселор Миттал Теміртау” компаниясына өткен жылы жүргізілген инспекциялық тексеріс барысында 7 млн. теңге көлемінде төлем төлеу міндеттелді, деді ол. Компанияда қазіргі таңда да осы жағдай орын алуда. 2010 жылы бір шара ғана толығымен орындалған. Қолдағы бар мәліметтер бойынша, 2010 жылы 10 млрд. теңге жұмсау жоспарланса, “Арселор Миттал Теміртау” соның 3 млрд. теңгесін ғана игерген. Компания бүгінгі күні тек облыста емес, республика көлеміндегі ірі табиғат пайдаланушы кәсіпорын болғандықтан, олардың тарапынан табиғатты қорғау шараларын орындау барысы Үкімет деңгейінде қарастырылды, – деді А.Райымбеков. Оның айтуынша, компания басшылығы осы жылдар бойы орындамаған міндеттемелерін 2011-2012 жылдары толығымен атқаруға кепілдеме берген көрінеді. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов 2010 жылы министрліктің стратегиялық жоспар бойынша жұмыс атқарғандығын баяндап өтті. Атап айтқанда, қоршаған орта сапасын тұрақтандыру және жақсарту, сондай-ақ гидрометерологиялық және экологиялық мониторингті жетілдіру сияқты бағыттар бойынша жұмыс атқарылған. Министрдің айтуынша, өткен жылы рұқсат етілген қалдықтар көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға төмендеген. 2010 жылы ластаушы заттар төгінділерінің рұқсат етілген көлемі 2,8 млн.тоннаны құраған. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 1,75 пайызға төмен. Ал қалдықтарды кәдеге жарату 21 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ ірі табиғат пайдаланушылардың жұмысына бақылау күшейтіліпті. Экологиялық заңнама талаптарын сақтау бойынша 10 мыңнан аса тексеріс жүргізіліп, 8 мыңнан астам заң бұзушылық анықталған. Жалпы сомасы 5845,079 млн.теңгеге 8361 әкімшілік айыппұл салынған. “Қарашығанақ Петролиум Б.В” компаниясын тексеру нәтижесі бойынша қоршаған ортаға қалдықтарды ерікті түрде және қалыптан тыс көлемде шығарғаны үшін залалды өтеуге жалпы сомасы 1,9 млрд.теңге айыппұл салынды. Бұл шаралар шығарындылардың рұқсат етілген көлемінің қысқаруына ықпал еткен. Мұнай секторындағы кәсіпорындардың табиғи және ілеспе газды пайдаға жарату бағдарламаларын іске асыру есебінен қоршаған ортаға эмиссия төмендетілді. Еліміздің мұнайлы өңірлері Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында қалдықты пайдаға жарату бойынша оң нәтижеге қол жеткізілген. Экологиялық апаттардың алдын алу мақсатында Каспий теңізінің мемлекеттік өңірлік мониторинг жүйесін құру мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ жабылған ұңғымалардың жағдайына “жойылғаннан кейінгі” ұзақ мерзімді мониторинг жүргізіп отыру қарастырылады. Каспий теңізі қайраңы мен шектес аймақтардың ластанғанын ескерту бойынша іс-шаралар жүзеге асырылды. Қабылданған “Жасыл даму” бағдарламасымен Каспий теңізі суға бату аймақтарындағы мұнай ұңғымалары мен қоймаларын жою, “Геоақпараттық жүйе – Каспий теңізі” ақпараттық жүйесін құрып, оны ендіру мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институтын ашу көзделуде. Проблема да жоқ емес. Елімізде өндіріс және тұтыну қалдықтарының жағдайы әлі күнге дейін күрделі. Осы орайда 2011 жылы қалдықтармен жұмыс жасау мәселесін реттейтін заң жобаларын әзірлеу жоспарлануда. Былтырғы жылы қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемдер көлемі 63,6 млрд. теңгені құраған. Атап айтсақ, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемдер 48,6 млрд. теңгені көрсетсе, айыппұлдар, талаптар, санкциялар, өндірулер 15,0 млрд. теңге болды. 2010 жылғы табиғат қорғау іс-шараларын қаржыландыру жоспары 25,5 млрд. теңгені құрады. Іс жүзінде 21,9 млрд. теңгеге табиғат қорғау іс-шаралары қаржыландырылды. Киото хаттамасын іске асыру шеңберінде Монреаль хаттамасымен реттелмейтін көздерден антропогендік шығарындыларды және барлық парниктік газдар абсорбциясын бағалау үшін ұлттық жүйе қалыптастырылды. Сонымен қатар, шығарындылар қысқартуларын айналымға енгізуді, сақтауды, алуды, табыстауды, сатып алуды, жоюды және айналымнан шығаруды нақты есепке алумен қамтамасыз ету үшін ұлттық тізілім құрылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі тапсырысы бойынша министрлікке қарасты “Қазгидромет” себу, ылғалмен қамдану мерзімдерінің және дәнді дақылдар түсімділігінің болжамын қоса алғанда, 140 ұйымды әртүрлі ақпараттық-болжам өнімдерімен қамтамасыз етеді. Атмосфералық ауаның, жер үсті суларының, жердің және топырақтың сапасына экологиялық бақылаулар мен радиациялық мониторинг жүргізіледі. Бұл мониторингтер Каспий теңізінде, Арал теңізінде, Балқаш көлінде, Ақтау теңіз порты арнайы экономикалық аймағында, Нұра өзенінде, Щучье-Бурабай курорттық аймағында, Қазақстанның трансшекаралық өзендерінде жүргізіледі. Оның нәтижесі бойынша жер үсті суларының төтенше жоғары ластануының 7 жағдайы және жоғары ластануының 218 жағдайы тіркелген. Н.Әшімов министрлікте алдағы жылы шешімін табуы қажет кезек күттірмейтін мәселелерді атап көрсетті. Атап айтқанда, “Жасыл даму” салалық бағдарламасын іске асыру үшін мұнай секторы кәсіпорындарының табиғи және ілеспе газды пайдаға жарату бағдарламаларын іске асыру есебінен шығарындыларды қысқартып, экологиялық таза өндірісті жолға қою қажеттігі туындап отырғандығын жеткізді. Үстіміздегі жылы су объектілеріне төгінділер жөнінде “Айналмалы сумен қамсыздандыру туралы” заң жобасын әзірлеп, енгізуіміз керек. Яғни, қауіптіліктің екінші класына жататын барлық кәсіпорындарға пайдаланған суларын өзен- көлдерге төгуге тыйым салынуы тиіс. Бұл – “Су туралы” еуропалық директиваға сәйкес заңнама, деді Қоршаған ортаны қорғау министрі. Сала алдағы жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жандандырмақ, сонымен қатар орындаушылық тәртіпті күшейту басты назарда болмақ. Кәрім Мәсімов Қоршаған ортаны қорғау министрінің өткен жылы атқарған жұмыстарына оң баға берді. Сондай-ақ мұнымен тоқталып қалмай, экологиялық мәселелерді шешуде алға даму керектігін жеткізді. Премьер-Министр бір де бір кәсіпорын құрылысының, тіпті мемлекеттік бағдарлама шеңберінде болса да, сәйкесінше экологиялық сараптамасыз салынуға тиіс еместігін қадап айтты. Кәрім Мәсімов бұл тапсырманы орындауда үздік жаһандық тәжірибені ескеру керектігін атап көрсетті. Оның айтуынша, қазіргі таңда Бүкіләлемдік банк және ЕҚДБ-ны қоса алғанда ешқандай қаржылық институт экологиялық сараптамасыз несие бермейді. Ал ескі кәсіпорындарға келетін болсақ, оларды жаңартуға байланысты, шығарындылар мен қалдықтар жөнінде мінсіз жоспар болуы керек, деді ол. Үкімет басшысы экологиялық төлемдерді белгіленген мақсаты бойынша жұмсау жөнінде тапсырма берді. Мәселе – экологиялық төлемдердің жергілікті бюджетке бөлінетіндігінде. Жергілікті бюджетке қалдырсақ, бұл төлемдердің мақсатты түрде экологиялық мәселені шешуге жұмсалуын заңды түрде бекітуіміз керек. Жасырып қайтеміз, жергілікті атқару органдары бұл қаржыны экологияны жақсартуға емес, басқа мәселелерді шешуге жұмсайтыны өтірік емес, деді К.Мәсімов. Немесе орталықтандырып, сол бойынша экологияға бөлініп отырады. Дұрысын заңмен нақты бекітіп, басын ашып алу керек. Бұл мәселені шешуге бір ай уақыт беремін, деп сөзін түйді Үкімет басшысы. Венера ТҮГЕЛБАЙ.Алып фабрика қайтадан іске қосылды
Кешегі кеңес заманында Семейдің даңқын арттырған ет-консерві, мәуіті-шұға, құрастырмалы темір-бетон комбинаттары, цемент, арматура зауыттары, «Болшевичка» тігін бірлестігі, аяқ киім фабрикасы секілді ірі кәсіпорындар көп болды. Жүн өңдеу фабрикасы да соның бірі ғана емес, бірегейі болатын. Тегінде мал, оның ішінде негізінен қой шаруашылығымен айналысатын Семей өңірінде жоғарыда аталған ет-консерві комбинаты мен жүн өңдеу фабрикасы үшін қажетті шикізат жетіп артылатын. Бүгінгі әңгімемізге орай мұның соңғысына келетін болсақ, бұл өңір жүн дайындап, өңдеу ісімен қазан төңкерісіне дейін-ақ түбегейлі түрде айналыса бастаған. Сол шақтың өзінде тең-тең қой-ешкі жүндері даладан қалаға ағылып келіп жататын. Сол қисапсыз байлық түйелі керуен, өзен қатынасы арқылы шетелдерге толассыз жөнелтілумен болды. Бірақ, өңделіп, жуылмаған, кір шайыры айырылмаған жүн тым арзан бағаға сатылатын. Сондықтан да өз заманының кәсіпкерлері ХІХ ғасырдың ортасынан ауа қолдағы байлықты бұлдап өткізу жолдарын қарастыра бастаған. Солайша Семейде алғашқы жүн жуу кәсіпорындары құрыла бастайды. Кейіннен ағайынды Ботов деген саудагерлер жүнді жуумен бірге, оны сұрыптау ісіне көңіл аударып, өз шаруаларының маңызын арттыра түседі. Дей тұрғанмен, Семей өңірінде жүн өңдеу ісінің өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ортасынан мықтап қолға алынғаны шындық. Мұның өзі 1935 жылдың жазында Семейде жүнді ыстық сумен жуу кәсіпорнының ашылуына түрткі болады. Содан кейінгі жерде бұл кәсіпорын алпыс жылға жуық уақыт дүрілдеп тұрды. Тоқсаныншы жылдардың ортасында Семейге келген бір сапарында Елбасымыз аталған кәсіпорын тынысымен танысуға уақыт таба білді. Сонда Мемлекет басшысы тарапынан қойлы өңірге мұндай кәсіпорынның қажеттілігі атап айтылған. Соған орай талпыныс та жасала бастаған. Өкінішке қарай, жақсы бастамалар аяғына дейін жеткізілмей орта жолда қалып жатты. Соның салдарынан бір бүйірден әлемдік дағдарыс келіп киліккенде фабрика жұмысы тоқырап тұрып қалған. Абырой болғанда, жуырда, нақтылап айтсақ, қаңтар айының екінші онкүндігінің ортасында фабрикаға қайта жан бітіп, іске қосылды. Шындығында ел тәуелсіздігінің жиырма жылдық мерекесі қарсаңында бұрынғы алып кәсіпорындардың қайтадан іске қосылуы үлкен қуаныш. Ел экономикасын одан әрі сауықтыру мақсатындағы тәуелсіздік талаптарының бірі де осы емес пе! Фабрика басшысы, «Казруно» АҚ-ның басқарма төрағасы Ертіс Омаров осындағы аң терісі-мех техникумын бітірген. Яғни, осы саланың маманы. Және өз мамандығымен Таскескен, Аякөз аудандарында жұмыс істеген. Ал одан кейінгі жерде «Бай-Ертіс» компаниясының директоры ретінде Моңғолияның Баянөлгей аймағында үш жыл еңбек етіп, осындай жүн өңдеу фабрикасын қатарға қосып келіпті. Тақыр жерден бой көтерген кәсіпорынды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен де өзі. Қайтадан аяғынан тұра бастаған фабриканың негізгі акционері де өзі. Ал жалпы акцияның 49 пайызы Қазақстанның инвестициялық қорына тиесілі болғанмен олардан әзірге көмек жоқ. Соған қарамастан бұлар кәсіпорынның осыған дейінгі су мен жарыққа қарызын жауып үлгеріпті. Соңғы екі-үш жылда жалақы үшін жиналып қалған қарыз мөлшері 22 миллион теңгені құраса, содан енді екі-ақ миллион қарыз қалыпты. Сондай жедел шаралар нәтижесінде кәсіпорын өткен жылдың соңында сот шешімімен банкрот болудан аман қалыпты. Фабрика іске қосылғаннан бергі жерде мұнда жүн жуатын екі мәшине үш ауысымда үздіксіз жұмыс істеп тұр, дейді Ертіс мырза. Әзірге жұмысшы саны тоқсан адам көрінеді. Және соның басым бөлігі бұрынғы кадрлар. Бұл бұрынғы кадрлардың өз кәсіпорындарының болашағына сенімдері зор деген сөз. Басқарма төрағасы бұдан кейін өздерінің биязы жүнмен бірге, қылшық жүнді де қабылдап, өңдеумен айналысатындықтарын айтқан. Ал бүгінде қылшық жүнді өңдеумен ТМД көлемінде ешбір ел айналысып отырған жоқ. Сол себептен де біздегі бұл бағалы шикізат ештеңеге жарамай қап-қабымен өртеліп жатыр. Қолдағы барды ұқсата алмаушылық деген осы. Болмаса түбіт сол қылшық жүн құрамында ғана бар. Тағы бір цех киіз шығаруға лайықталып жасалып жатқанын білдік. Ал оған да сұраныс көп. Өйткені, киіз қазақы үй мен төсеніш ретінде ғана емес, Төтенше жағдайлар министрлігіне де қат тауар көрінеді. Ол өрт сөндіру ісіне де пайдаланылады екен. Сондықтан киізге Ресейден де сұраныс бар екендігін білдік. Рас, қылшық жүнді өңдейтін мәшине әбден тозған. Сондықтан оны тездетіп жаңаламаса болмайды. Сонсоң мұнда қой жүніндегі шайырды айыратын құрал-жабдық та жуық арада орнатылмақ. Шайыр қой жүнінің екі түрінде де бар. Ал одан алынатын ланолин әйелдердің әтірін жасауға таптырмайтын шикізат болып табылады. Бұл шикізат болашақта Қытай мен Кореяға валютамен сатылатын болады. Енді бір ай көлемінде кәсіпорын құрамындағы бұрынғы тоқыма фабрикасы да қайтадан іске қосылмақ. Оның да құрал-жабдығы әзір, тек жөндеуден өткізу керек дейді Ерекең. Сол кезде мұнда да 80 адам жұмыс істейтін болады. Ал кәсіпорын әбден күшіне енген кезде мұндағы жалпы жұмысшы саны 400-500 адамға жетпек. Әзірге ең төменгі жалақы 30 мың теңге көлемінде болса, мамандардың жалақысы 70-80 мың теңге мөлшерінде екен. Шикізат жағы жеткілікті ме, деген біздің сұрағымызға фабрика басшысының жауабы әзір болып шықты. Абай, Ақсуат, Аякөз аудандарында қылшық жүн қазірдің өзінде жеткілікті мөлшерде дайын тұр дейді ол. Оның біз килосын 15 теңгеден алудамыз. Ал біраздан соң бұл бағаны 20 теңгеге көтереміз. Тасымалда да кідіріс болмайды деп ойлаймыз. Өйткені, бүгінде әр ауылдың өз коммерсанты бар. Олармен де жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сөз соңында ол өздерінің оңды істеріне зор қолдау білдірген облыс, қала әкімдеріне алғыс айтуды да ұмытпаған. Енді сол сенімнен шығу керек дейді бұл. Сол себептен бұдан 75 жыл бұрын салынған ескірген құрылыстың бәрі жаңаланып, негізгі ғимарат жаңадан салынбақ. Фабрика жұмысшыларына қамқорлық одан әрі өз жалғасын таппақ. Айталық, кәсіпорын өткен жылы бес адамның зейнетақы қорына қарызын төлеп беріп, олардың дұрыстап зейнетақы алуларына қамқорлық танытыпты. Соның төртеуі қайтадан іске қосылған өз кәсіпорындарында еңбек етіп жатқан көрінеді. Бұл еңбек ардагерлерін біз жас жұмысшылардың тәрбиешілері ретінде құрмет тұтамыз, дейді Ертіс Еділбекұлы. Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдық дүбірлі мерекесі қарсаңында қайтадан іске қосылған кәсіпорын тынысы міне, осындай! Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.Дәнекерлеу ісіне – дәйекті көзқарас
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Франция Президенті Н.Саркозидің өткен жылғы Париждегі кездесуінен соң TOTAL E&P мұнай компаниясының бас директоры Ив-Луи Даррикаррер келешекте Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті негізінде дәнекерлеу өндірісі мамандарының оқып, халықаралық сертификат алуына мүмкіндік беретін Қазақстан дәнекерлеу институтын ашу жоспары жайында баяндаған болатын. Мұның алдында, атап айтқанда, 2009 жылғы 4 желтоқсанда өткен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 22-ші отырысында Елбасы Қазақстанда TOTAL мұнай ком-паниясымен бірлесе отырып, ұлттық дәнекерлеу институтын ашу туралы тапсырма берген болатын. Металды дәнекерлеу – бұл өнеркәсіптік индустрияның барлық саласында дерлік кездесетін бірегей жұмыс үдерісі. Қазіргі кездегі дәнекерлеу технологиялары жер бетінде, судың астында және ғарышта бірнеше микроннан екі метрге дейінгі қалыңдықта небір түрлі металлдар мен басқа да материалдарды біріктіруге мүмкіндік береді. Үш дәнекерлеу технологиясы медицина тәжірибесінде, соның ішінде көз микрохирургиясында қолданылады. Мұнай және газ өндіру, таукен және металлургия салалары қарқынды дами түсуіне байланысты құрылысқа қажетті металл құрылғыларын өндіру, мұнай-газ кешеніне арналған өткізгіш құбырлар мен резервуарлар (мұнай қоймалары) құрылыстарын салу, мәшине жасау өркендеуде. Осы жағымды құбылыстар технологиялық үдерістерді, бақылау әдістерін қолдануда және жұмысшы кадрлар мен білікті мамандар даярлауда халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, қазіргі заманғы ғылыми негізделген тәсілдерді пайдалануды талап етеді. Мұнай-газ кешенінің нысандарын салуда дәнекерлеу жұмыстары үлкен көлемде орындалады. Металлургиялық және тау-кен өндірісі кәсіпорындарында жабдықтардың бөлшектерін жөндеу жұмыстары еріту және дәнекерлеу арқылы жүргізіледі, жылу электрстансаларында монтаждау жұмыстары мен жөндеу жұмыстары толығымен дәнекерлеу арқылы атқарылады. Өнеркәсіптік және азаматтық нысандардың бірде- бірі дәнекерлеу жұмысынсыз салынбайды. Мәшине құрастыруда көптеген жылдар бойы автоматты және роботтандырылған дәнекерлеу әдісі қолданылады. Осыған байланысты Мемлекет басшысының аталған тапсырмасын орындау үшін жұмыс тобы құрылып, оның құрамына TOTAL компаниясының, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің және Мұнай және газ министрлігінің өкілдері енді. Олар еліміздің алдыңғы қатарлы үш техникалық жоғары оқу орнында – Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҒТУ, ҚарМТУ, Атырау мұнай және газ институты, сондай-ақ Ақтау, Атырау қалаларындағы дәнекерлеушілерге арналған оқу орталықтарында, Астана қаласының локомотив, Қарағанды металл құрастыру зауытында, ERSAI Қазақстан-Италия фирмасының өндірістік базасында болып, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне таңдау жасады. Бұл кездейсоқ таңдау емес еді. Университет ректоры Арстан Ғазалиевтің бастамашылығымен теңдесі жоқ оқу-материалдық базасы құрылып, мықты кадрлық күш жинақталды. «Дәнекерлеу және құю өндірісі» кафедрасы ашылды, ол АҚШ, Швеция, Италия, Финляндия, Ресей және Украинада өндірілген соңғы үлгідегі дәнекерлеу және мультимедиялық оқу жабдықтарымен жабдықталған. Бұл оқу орны 1965 жылдан бастап, «Дәнекерлеу өндірісінің жабдықтары мен технологиясы» мамандығы бойынша инженерлер даярлап келеді, ал 2004 жылдан бастап «Мәшине құрастыру» бірлескен мамандығының шеңберінде «Дәнекерлеу өндірісінің жабдықтары мен технологиясы» траекториясы бойынша бакалаврлар мен магистрлер білімін тереңдетеді. Осы жылдар ішінде мәшине құрастыру зауыттарында, әртүрлі өнеркәсіптік нысандар құрылысында, барлық металл құрастыру зауыттарында, магистральды өткізгіш құбырлар құрылысында жұмыс істеп жүрген 2500 дәнекерлеуші мамандарды оқытып шығарды. Мысалы, университет түлектері «ERSAI» ЖШС, «Мұнайқұрылыссервис» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «Монтаж арнайы құрылысы» ЖШС, «ИМСТАЛЬКОН» АҚ, «Локомотив-құрастыру зауыты» АҚ сынды ірі компанияларда, сонымен қатар, Қазақстанның, Ресей мен алыс шетелдердің көптеген энергетикалық және металлургиялық кәсіпорындарында жұмыс істейді. 40 жылдай бұрын электр доғасы және электр шлагы дәнекері мен ерітіндісі, плазмалы еріту, модульденген тоқпен дәнекерлеу, дәнекерлік жапсарлауды магниттік бақылау бойынша дәнекерлеу үдерістерінің түбегейлі зерттеулері жүргізілген болатын және кәсіпорындар үшін шаруашылық келісім негізіндегі жұмыстар көптеп орындалды. Дәнекерлеу технологиясында ғалымдардың 30-дан астам өнертапқыштық ұсынысы патенттелді және 300-ге жуық мақала жарияланды. Дәнекерлеу және қалыпты бақылау бойынша 13 республикалық конференция өткізілді. Украина ҰҒА Е.О.Патон атындағы электрмен дәнекерлеу институты, Н.Э.Бауман атындағы ММТУ және Губкин атындағы ММХИ сияқты ірі зерттеу орталықтарымен ғылыми байланыстар орнатылған. Бұл орталықтарда әр жылдары ҚарМТУ дәнекерлеу кафедрасының меңгерушілері Т.Г.Шигаев, В.А.Данилов, И.А.Бартенев, доценттер В.И.Боченин мен Ч.А.Сағыновтар өздерінің диссертациялық еңбектерін жүзеге асырды. Аталмыш жобаны дамыту мақсатында бірнеше кездесулер өткізілді, оның ішінде 2010 жылдың маусым айында Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Дәненовпен Париж қаласында, Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жан-Шарл Бертонемен Астана қаласында кездесулер болып өтті. ҚарМТУ-ге Францияның Дәнекерлеу институтының өкілдері, халықаралық директор Паскаль Руссель, кеңесші Мишель Руссо және коммерциялық директор Бруно Каршердің, бас сарапшы Патрик Лантиньенің жетекшілік етуімен TOTAL компаниясының делегациясы келді. Олардың 2010 жылдың тамыз-қыркүйек айлары ішінде ҚарМТУ дәнекерлеу кафедрасының меңгерушісі И.А.Бартеневпен бірлесе отырып жүргізген белсенді жұмысының нәтижесінде Дәнекерлеу институтының тұжырымдамасы, жұмыс бағдарламасы дайындалды, бизнес-жоспар құрастырылды. Дәнекерлеу өндірісі мен ғылымын дамытудың әлемдік тәжірибесін, өнеркәсіп саласында дамыған елдердің кадрлар дайындау мен дәнекерлеудің мамандандырылған институттары қызметінің тәжірибесін ескере отырып, Қазақстан Дәнекерлеу институты төмендегідей жұмыс түрлерін басшылыққа алмақшы: – қазақстандық индустрия мүддесіндегі жұмыстар мен зерттеулер; – барлық деңгейдегі және біліктіліктегі дәнекерлеу құрамын кәсіптік оқыту және аттестациялау; –қазіргі заманғы дәнекерлеу жабдықтарын, технологиялары мен материалдарын енгізу бойынша инженерлік-техникалық жұмыстар мен қызметтер; – дәнекерлеу конструкцияларын қалыпты бақылау және барлау; – есептеулер, жобалаулар, сараптама және кеңестер. Қазақстан Дәнекерлеу институтының құрылымы дәнекерлеу өндірісінің мамандарын даярлау және біліктілігін арттыру бойынша мамандандырылған ғылыми және оқу базасы бар жетекші институттан және жоғары дәрежелі дәнекерлеушілер мен дәнекерлеу нұсқаушыларын даярлаудың оқу немесе тренингтік орталықтары түріндегі филиалдарынан тұратын болады. Оның үстіне Қазақстанның дәнекерлеу институты болашақта елімізді Халықаралық дәнекерлеу институтында ресми түрде бейнелеп, отандық барлық ұйымдар мен осы саланың өкілдерін біріктіретін болады. Халықаралық дәнекерлеу институтының бағдарламалары бойынша кадрлар даярлау және қайта даярлауды (халықаралық дәнекерлеуші-инженер, халықаралық дәнекерлеуші-техник және халықаралық дәнекерлеуші) жүзеге асыратын болады деп жоспарлануда. Дәнекерлеу институтын ашу жөніндегі жұмыстарға Білім және ғылым министрлігі баса көңіл бөліп отыр. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.«Біртұтас әуе» жүйесі
25 қаңтарда Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов «Локхид Мартин» корпорациясының өкілдерімен кездесті. Мәжілістің басты мақсаты – еліміздің әуе кеңістігінде «біртұтас әуе» құру жобасын жүзеге асыру барысын талқылау. 2004 жылы «Локхид Мартин» корпорациясы «Казаэронавигация» РМК үшін Астана қаласында әуежай қызметін бақылаудың диспетчерлік орталығын құру бойынша тендерді жеңіп алған болатын. 2005 жылғы мамырда бұл жүйе ресми пайдалануға берілді. Нәтижесінде Қазақстан әуе кеңістігінің 45 пайызы Астана қаласындағы Skyline технологиясының негізінде диспетчерлік басқару орталығынан бақыланып келеді. Орталықты пайдалануға бермес бұрын «Казаэронавигация» РМК қажетті техникалық мамандар мен авиадиспетчерлерді алдын-ала дайындады. Бұл технологияны енгізудің келесі сатысы Ақтөбе қаласындағы әуе қозғалысын басқару орталығын жабдықтау болды. Ал өткен жылы «Локхид Мартин» корпорациясы мен «Казаэронавигация» РМК арасында Skyline жүйесін Алматы қаласындағы жаңа диспетчерлік орталықта және 12 аэродромдық аймақтарда орнату туралы келісімге қол қойылды. Аталған келісімнің шарттарына сәйкес, Астана және Ақтөбе қалаларындағы диспетчерлік орталықтарда технологиялық базаны ауыстыру және жаңалау қарастырылған. Осы келісімнің жүзеге асырылуы ТМД және Орталық Азия аймағында тұңғыш рет «біртұтас әуе» атты әуе қозғалысын ұйымдастырудың ұлттық жүйесін құрудың соңғы кезеңі болып табылады. Айнаш ЕСАЛИ Алматы.«Парасат» өндірісті өркендетпек
Облыс орталығында «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің тұсаукесері болып өтті. Шараға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев, Парламент Мәжілісінің вице-спикері Владимир Бобров пен Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаевтар қатысты. Қазіргі күні қай салада болмасын бәсекеге қабілеттілікті көтеру үшін ескі өндірісті жаңғыртып, үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізер сәт келді. Бұл үшін не істеу керек? Ғылымның өндіріске, өмірдің барлық саласына қадам басуы қажет екен. Облыс орталығына келген ұлттық ғылыми-технологиялық холдинг ғалымдары осылай дейді. Жекешелендірілу жылдары ғылыммен байланыс үзіліп қалды десе де болады. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру үшін Елбасы еліміздің экономиканысын өркендету үшін үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруды тапсырғаны белгілі. Ал, инновация дегеніңіз ғылымсыз аяқ баспайды. Сондықтан өндірісті өңірге атбасын бұрған «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі отандық ғылымның жетістіктерін еліміздегі өндірістерге белсенді түрде енгізуді қолдайды. Холдингтің басқарма төрағасы Нұралы Бектұрғановтың айтуынша, 12 институттан тұратын холдинг осыдан бір жарым жыл бұрын құрылыпты. Холдинг ғалымдары экономиканың әр саласы бойынша қолданысқа енгізуге тұрарлық ғылыми табыстарға қол жеткізген де көрінеді. Мәселен, география институты өндірісті өңірге 6 инновациялық жоба ұсынуда. Олардың ішінде экономикалық, экологиялық, табиғи қазбаларды пайдалану бойынша өңірдің мүмкіндіктеріне сай атқарылатын жұмыстар да бар. Холдинг өкілдері энергетика, фармацевтика, жылу өндірісі, электронды білім беру секілді түрлі салаларына назар аударды. Бұл күндері Қарағандының фармацевтика кәсіпорны біздің облыстағы «Ромат» дәрі-дәрмек компаниясымен бірге дәрілер шығаруды жоспарлауда. Облыс әкімінің айтуынша, бұл жақсы мүмкіндікті жеке үйлері бар тұрғындары қолдануда. Екіншіден, елімізге жыл сайын шетелдерден 1 млрд. долларға дәрі-дәрмектер әкелінеді. Елбасы өткен жылғы Жолдауында 2014 жылға дейін дәрі-дәрмекке деген сұраныстың 50 пайызын отандық өндіріс өтеуі керек деген талап қойды. Бұл сала да ғылыми жаңалық күтеді. Облыс орталығындағы алюминий зауыты глинозем өндірісінде ғалымдар жобалары арқылы көптеген жобаларды жүзеге асыра алады екен. Мысалы, өткен жылы өңірде индустрияландыру картасы бойынша техникалық қайта жарақтандыруға қатысты 17 жоба іске қосылды. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.Жер – асыраушымыз
Бірақ, салғырттық салдарынан ол тозып барады
Қазақстан жоғары маркалы автокөлік шығарса да, ұшақ құрастырса да дүниежүзілік рынокта “Мерседестер” мен “Боингтер” тұрғанда өз бұйымын қымбат бағаға бұлдай алмайды. Жеңіл өнеркісіп саласында да тыраштанып жатырмыз. Сонау бір жылдары Шымкентте вице-министрлер, өңкей жас жігіттер жиналып келелі жиын өткізген. Жартысынан көбі шетелдердің кеуде қатарлы оқу орындарын тәмамдаған, әлемдік сауданың парқын білетін, бірақ бәрі қазақ бола тұра орысша сөйлейтін жігіттер мақта кластеріне байланысты жеңіл өнеркәсіпті өркендетуге байланысты ойларын айтты. Матаны алтын жіппен әдіптесең де бұрын рынокта ешкімге танылмаған Қазақстанның мақтасынан тіккен кастюм-шалбарды сырт елдің тұтынушылары жапа-тармағай сатып алмайды. Сонда бір жас вице-министр “тауарымызды өткізу үшін әлемге әйгілі фирманың брендін сатып алайық” деген. Сол отырыс көбік сөз болып қалды. Себебі көп қой. Шымкентте “Эластик” деген фирма бар. Баяғы атақты “Восходтың” мұрагері. Шетелден қондырғылар әкеліп, шұлық тоқыған. Қоймаларында тау-тау болып үйіліп жатыр. Өйткені, Қытайдан әкелінген, тоқылуы жақсы, бағасы “Эластиктің” өнімінің жарты құнындай ғана шұлықтар өтімді болып тұр. Ел әрине, соңғысына қолын созады. Нарық заңы ешкімге тәуелді емес. Бұл Қазақстан өнеркәсіп саласында ештеңе өңдірмесін дегендік емес, бәсекеге қабілетті болудың жолдарын іздестіруде шалыс басуға болмайтындығын байқатады. Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Табысты жұмыс жасап жатқан өнеркәсіптеріміз көп. Алайда, Қазақстанның болашақта дүние жүзінің алпауыт елдерімен таласқа түсе алатындай жағдайы – ауыл шаруашылығында. Ауыл шаруашылығы дегеніңіз ең бірінші кезекте – жер. Суармалы және егістік, жайылымдық. Ғалымдар Қазақстанда бүгінде 19 миллионға жуық ұсақ мал бар дейді. Ал, көрші Ресейде, 150 млн. халқы бар алпауыт мемлекеттің ұсақ малы 20 млн. төңірегінде ғана. Жыл сайын басы Бразилиядан тартып дүние жүзінен ет сатып алып отырған Ресей түбінде көрші Қазақстанға күні түспейді демеуге болмайды. Қазір дүние жүзінде азық-түлік тапшылығы қатты байқалуда. Осы ретте Қазақстанның астығы алтынмен бағаланады. Оңтүстікпен құдайы көрші, кейде тоң-теріс мінез танытып қоятын Өзбекстанның өзі Орталық Қазақстанның ұнынсыз нанын тандырға жаба алмайды. Әр жағындағы мемлекеттерді осы санатқа қоса беріңіз. Яғни, Қазақстанның әлемдік рыноктағы орнын айқындайтын түбінде осы ауыл шаруашылығы болады. Бірақ, осыншама байлықты тарту етіп отырған Жер-Ананың қадіріне жете алып жүрміз бе?! Оңтүстікте Мақтарал деген аудан бар. Кезінде құба шөл болған жер Кеңес өкіметі кезінде игеріліп Мырзашөл атанған. Үш жүз мыңдай халық тұратын осы Мақтаралда жердің құны ат басындай алтынмен тең. Жазды күнгі аптаптарда 50 градус ыстыққа дейін баратын уақыттар болады. Ел жаппай мақта өсіреді. Баға жақсы болған жылдары ауызы майланып қалады. Ливерпуль мақта биржасы бағаны төмен ұрғанда жүдеп-жадайды. Сонда да мақта егу – ата кәсібі. Ұсақ шаруалар 1-5 гектар аралығында жерді пышақ үстінен бөліп алғандықтан осы азғантай жерде ауыспалы егістік деген болмайды. Жоңышқа – топырақ құрамына азот, фосфор сіңіреді. Құнарлығын көтереді. Мұны диқан білмейді емес. Бірер жыл азғана жеріне жоңышқа егер болса түк пайда таппай қаламын, отбасымды асырай алмаймын деп қорқады. Салыстырмалы түрде алсақ, 2000 жылдан бері жоңышқаның мөлшері арада оншақты жыл өткенде 75 пайызға дейін кеміген. Соның салдары жердің құнарсыздануына, сорлануына әкеліп жатыр. Егістік жерлер игерілмеуде. Мақтаралға барсаңыз көше бойындағы жерлердің өзіне мақта егілгенін байқайсыз. Монодақыл болғандықтан мұның түбі Мырзашөлді түк татырмас шөлге айналдырмай ма деген қорқыныш та ұялайды көңілге. Мұның бір жолы – ұсақ шаруаларды ірілендіру. Сонда ғана ауыспалы егістікке жол ашылады. Бірақ, біреуге қарағаннан ауызы күйіп қалған ұсақ диқандар мұндай тәуекелге бара алмай отыр. Біз осындай мәселелермен Оңтүстік Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Созақбай Әбдіқұловқа жолығып едік. Созақбай Исаұлы облыс бойынша жалпы егістік жер көлемі 931 мың гектар құрайтындығын айтады. Оның ішінде суармалысы 434 мың гектар. 931 мың гектар жердің пайдаланбай жатқан егістік жер көлемі 189 мың 464 гектар екен. Осының 86 мың 179 гектары суармалы жер. Басқарма бастығы суармалы егістік жерлердің пайдаланылмау себептерін былайша тарқатып берді. Жердің тұздануы мен батпақтануынан 15 мың 417 гектар пайдаланылмай жатса, су жетіспеушілігінен 20 мың 694 гектар, су жүйелерінің істен шығуынан 30 мың 730 гектар, басқа да себептермен іске жарамай жатқан суармалы жер көлемі 19 мың 338 гектар екен. Егістік жерлерін ең көп пайдаланбай жатқан аудандар мен қалалардың пайыздық мөлшерін де айтып берді. Дәтке қуат ететініміз, мемлекеттік “Жол картасы” бойынша суармалы және егістік жерлердің біраз мөлшері қалыпқа келтіріліп жатыр. Жердің құнарсыздануына қарсы облыстық әкімдікте жанды жұмыстар жүргізілуде. Бұл орайда облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов төмендегідей жәйттерді хабарлаған. Облыстың Мақтарал ауданында кейінгі жылдары агроқұрылымдардың ұсақтығына байланысты ауыспалы егістік сақталмай, жердің құнарлылығы төмендеп, мақта дақылының түсіміне де теріс әсерін тигізді. Мақта дақылының үлес салмағы барлық егіс көлемінің 69%, ал жоңышқалық 4% ғана құрады. Оған қосымша жердің сорлануы байқалып, тік дренажды ұңғымалардың үзіліссіз жұмыс істеуі бұзылды. Соңғы жылдары мақта монодақылға айналып, жердің құнарлылығы төмендеп, түрлі аурулар мен зиянкестер молайды. Соның салдарынан, өнімділік жылдан-жылға төмендеуде. Аталған жағдайларды ескере отырып, Оңтүстік Қазақстан облысының 2009-2011 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының бірінші кезектегі іс-шаралар жоспары қабылданып, егін алқаптарының тиімді кұрылымын қамтамасыз ету, ауыспалы егіс айналымын енгізу және өңірлік мамандандыру мақсатында ауыл шаруашылығының егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Ғылыми-зерттеу институттардың ұсыныстары бойынша барлық егіс көлемінің 25-30%-ы жонышқалық, 50%-ы мақта болуы тиіс. Оңтүстік Қазақстан облысының 2009-2011 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарында облыста мақта дақылының егіс көлемі 2010 жылы 123,3 мың га, 2011 жылға 111,0 мың га егу межеленген. «Жол картасы» бойынша 44,3 мың га жер айналымға косылуына байланысты 2011 жылы мақта 135,5 мың гектарға егіледі. Егіс кұрылымын әртараптандыру мақсатында, мақтаның егіс көлемін қысқартып, оның орнына көкөніс, бақша, картоп, жоңышқа, дәндік жүгері дақылдарын егу ұсынылуда. Мақта саласында жаңа технологияларды, оның ішінде биоконтейнер мақта зиянкестерімен биологиялық күрес әдісін, тамшылатып суару тәсілдерін ендіру жұмыстары қолға алынуда. Мақта зиянкестерімен биологиялық әдіспен күрес жүргізу үшін Мақтарал ауданында 13 биолаборатория жұмыс жасауда. Сонымен қатар, Мақтарал ауданында биоматериалдар дайындайтын биофабрика салу көзделуде. Қазіргі уақытта «Жаңа ауыл» ауыл әкімдігінде орналаскан ғимаратқа техникалық-экономикалық негіздеме жасау жұмыстарының жолдары карастырылуда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары аудандағы 18994 агроқұрылымдарды ірілендіру жұмыстарының жоспарланғанын айтады. Сонымен қатар облыста тік дренаждарды, қашыртқыларды мемлекеттік меншікке алу, коллектор-қашыртқылар және тік дренаждардың жұмысын реттеуді ұйымдастыру жұмыстары қолға алынып жатыр. Біз негізінен бір ауданға ғана қатысты проблемаларды сөз еттік. Елбасымыз оңтүстікке келгенде мұндағы экономиканың негізгі тіні шағын және орта кәсіпкерлік екендігін айтқан. Яғни, диқан мен шаруаға қатысы әбден бар. Қазақстанның әлемдік рынокқа негізінен ауылшаруашылық өнімдерімен кіретіндігін әліміз жеткенше айтқан болдық. Ол Жер-Ананың несібесіне байланысты. Сондықтан, жерді құнарсыздандыруға жол беруге болмайды. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.«Нұрқадамға» жігер берген жүздесу
Әр жылдың өзіндік жүгі, артар жауапкершілігі болады. Тәуелсіздік табалдырығын аттаған кез кім-кімге де ыстық. Содан бері 19 жыл сырғып өтіпті. Тәуелсіздік алғалы қиындық пен табыс, қуаныш қатар жүрді. Талай жетістіктерге қол жетті. Қоғам дамуында оң өзгерістер өркен жайды. Ауыл шаруашылығындағы реформаға орай шаруа қожалықтарын құру басталды. Сол сәтте Елбасының тың бастамасын қолдағандардың бірі – Қоңысбек Толыбаев. Ол Кербұлақ ауданы Шоқан ауылынан «Нұрқадам» шаруа қожалығын құрды. Жеке шаруашылық құру туралы заң қабылданғанда алдымен оның пайдасын елеп, екшеді. Есептеді. Мүмкіндікті пайдаланса, әжептәуір кіріс түсетінін білген соң, бел шешіп, шаруаға кіріскен. Шоқан ауылының іргесіндегі қора-жайға ұжымшардан бір отар қой алып, жеке шығады. Көмектесетін ауылдастары да табылып, банктен 100 мың рубль несие алып, 600 бас қой, мал қорасын, бірнеше жүк көліктерін сатып алады. Бір жылдағы пайдамен қарызын жабады. Бірте-бірте еңбегі еселенеді. Шаруа қож