• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2011

Іргесі берік әріптестік дәйегі

575 рет
көрсетілді

Бұдан бұрын газетімізде хабарлағанымыздай, қаңтардың 23-26-сы күндері аралығында еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сырт­қы істер министрі Қанат Саудабаевтың АҚШ-қа сапары бо­лып өтті. Үш күндік сапар барысында Қанат Саудабаев Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен және бірқатар америкалық беделді саясаткерлермен, елдің ірі бизнес қауымдастығының, қоғамдық ұйымдарының өкілдерімен кездесіп, Қазақстан – Америка стратегиялық әріптестік бай­ла­ныстарын одан әрі нығайтудың тиімді бағыттарын талқылады.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ – Вашингтоннан.

Америкалықтар үшін жеке азаматтық пен жеке құқық басты құндылық болып саналады. Тәу­ел­сіздігіміздің 20 жылдығы ая­сын­да Қазақстан осы бір эко­но­микасы да, демократиясы да дамыған ұлы державамен өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделген стратегиялық әріптестік қатынастар қалыптастыра білді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы да ашық саясатын то­лық түсініп, еліміздегі эконо­ми­ка­лық және саяси тұрақтылықты бағалай білген АҚШ Қазақ­станды Орталық Азиядағы өзінің басты стратегиялық әріптесі ретінде танып, екі мемлекет үшін де өзара тиімді ынтымақтастық байланыстарды барынша нығай­туда көрегендік  көрсетіп келеді. Оған еліміздің тәуелсіздік алған жылдары ішінде экономикамызға АҚШ тарапынан 35 миллиард долларға жуық тікелей инвестиция құйылғаны айшықты дәлел бола алады. Еліміздің Мемлекеттік хат­шы­сы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың АҚШ-қа жасалған үш күндік сапары ба­ры­сында болған барлық маңызды кездесулерде тараптар Қазақстан – Америка стратегиялық әріптестігі ая­сын­дағы саяси, экономикалық са­лалардағы және қауіпсіздікті қам­тамасыз ету деңгейіндегі өзара әрекеттестіктің берік іргетасына негізделген осындай тиімді қа­рым-қатынастарды одан әрі жан-жақты дамыту қажет екендігі ерекше атап көрсетілді. Мәселен, АҚШ Энергетика министрлігінің жанындағы АҚШ-тың ядролық болашағы жөніндегі комиссия­ның жетекшісі Брент Скоукрофт екі ел арасындағы экономикалық байланыстарда қол жеткізілген же­тістіктерге жоғары қанағат­тан­ғандық сезімін жеткізе келіп, ядролық қаруды таратпау режі­мі­нің бүгінгі жағдайы мен бола­ша­ғына, сондай-ақ әлемдегі ядро­лық энергетиканың даму мәселе­ле­ріне тоқталды. Ол Қазақ­стан­ның МАГАТЭ бақылауымен ядролық отынның халықаралық банкін өз аумағына орналастыру жөніндегі шешіміне аса жоғары баға беріп, бұл өз кезегінде жа­һандық ядролық энергетиканың қауіпсіз және бейбіт дамуының маңызды факторы екенін атап көрсетті. Вашингтондағы сапарының екін­ші күні Қанат Саудабаев Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен кездесіп, екіжақты келіс­сөз жүргізді. Екі мемлекет ара­сын­дағы ынтымақтастық байла­ныстардың қарқынды даму үрді­сіне қанағаттанғандық сезімдерін білдіре келіп, қос  мемлекеттің сырт­қы саясат ведомствосы бас­шылары 2010 жылғы сәуірде Вашингтонда өткен  Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі жаһандық саммит аясында президенттер Нұр­сұл­тан Назарбаев пен Барак Обама арасында болған кездесуде қол жеткізілген келісімдерді дер кезінде іс жүзіне асырудың ма­ңыз­дылығын ерекше атады. Осы­ған байланысты Қанат Саудабаев пен Хиллари Клинтон «екі мем­ле­кеттің стратегиялық әріп­тес­тік­ті нығайтуға және тереңдетуге деген мүделіліктерін» тағы да ашық мәлімдеді. Екі­жақты пікір алысу ба­рысында АҚШ-тың Мем­лекет­тік хатшысы әлемдік режімдегі яд­ро­лық қа­русыздану және ай­мақ­тық қауіп­сіз­дікті қам­тамасыз ету­дегі  Қа­зақстанның көш­бас­шылығын айта келіп, Ауғанстанды әлеу­мет­тік-эконо­ми­калық қал­пы­на келтіру мақса­тында дүние­жү­зілік қо­ғамдастық жасап жат­қан шараларға Қа­зақстанның нақты тәжірибе жүзінде көр­се­тіп отырған қыз­ме­тіне ризашылығын жет­кізді. Тараптар эко­но­ми­ка саласындағы бай­ла­ныстарға тоқтала келіп, Қазақстанның БСҰ-ға мүше болып кіру мәсе­лесінде екі мемлекет арасындағы келіссөз­дерде қол жеткізілген тиімді нәтижелерді атап көрсетті. Астана қаласында «Назарбаев Уни­вер­ситетінің» ашы­луына байла­ныс­ты екі мемлекет арасындағы ғы­лыми-техно­ло­гиялық байла­ныс­тарды одан әрі ықпалды түр­де жандандыру қа­жеттігін айта келіп, осы мәсе­леге байланысты іс жүзіне асы­ры­латын нақты шараларды АҚШ Мемлекеттік департаменті өкілі­нің Қазақстан­ға жасайтын ар­найы сапарында белгілеуге келісті. Х.Клинтон Қа­зақстан Үкіметі­нің әлемдік адам саудасымен күрес бағытында ат­қа­рып жатқан жұмысына жоғары баға бере келіп, АҚШ Әкімшілігі тарапынан бұл мәселеде екі­жақ­ты әріптес­тікті белсенді жүр­гізуге барынша қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Кездесу соңында Қанат Саудабаев Мемлекет басшысының АҚШ Президенті Барак Обаманы Қазақстанға ресми сапармен келуі жөніндегі шақыруын тағы да нақтылады. Осыдан кейін Қанат Саудабаев  Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің Жарлығына сәйкес екіжақты байланыстарды және екі мемлекет арасындағы достықты нығайтуға қосқан аса зор үлесі үшін марапатталған Хиллари Клинтонға І дәрежелі «Достық» орденін салтанатты жағдайда табыс етті. Сонымен бірге,  Қанат Саудабаев Қазақстан Республикасының алдағы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығына сәйкес осы ұйымдағы АҚШ Прези­денті­нің арнаулы өкілі Рашид Хуссайнді қабылдап, «Ислам әлемі – Батыс» үнқатысуының келелі мә­селелерін талқылады. Сол күні Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі  «КонокоФилипс» және «Хэлибертон» компания­лары­ның басшылары Джеймс Малво мен Дэвид Лезарды қа­был­дап, экономикалық байланыс­тар жан-жақты тілге тиек етілген кездесулер өткізді. Сондай-ақ, Қанат Саудабаев АҚШ-тың «ақыл орталығы» өкілдерінің және Қазақстан-Америка іскерлері ассоциациясының мүшелері алдында сөз сөйледі.