Каирде телефон байланысы нашарлады
Кеше көтерілістен көз ашпай тұрған Египеттің астанасы – Каир қаласында телефон байланысы нашарлады. Кейбір дереккөздеріне қарағанда, бұл жағдайды үкімет әдейі туындатып отырған секілді.
Дегенмен, соған қарамастан, «Мұсылман ағайындар» қозғалысы жаңа шеруге шығатындарын мәлімдеуде. Олар хабар таратуда Facebook халықаралық әлеуметтік байланыс жүйесі мен Twitter ықшам блогының қызметін пайдаланды. Кеше түнде бірқатар египеттік сайттарды ашу мүмкіндігі пайда болғанына қарамастан, барлық пошта серверлері жабық болып шықты.
Люксембург азаматтығын қабылдауда
Бельгияның оңтүстігінде Люксембургпен шектесетін өңірлерде тұрып жатқан жүздеген бельгиялық Люксембург азаматтығын қабылдауда. Осыған қарағанда, олар өз елдерінің болашағынан қауіптенетін секілді.
Қазіргі күні Бельгияда экономикалық жағдайдың нашарлап, осының негізінде саяси шиеленістің күшейе түскендігі белгілі. Елдің көптеген тұрғындары осыған байланысты өз алаңдаушылықтарын ашық білдіріп отыр. Ал Бельгия мен Люксембургтің ортасында қос азаматтық туралы келісім жасалған. Қазіргі күні Бельгияда ХІХ ғасырда осы елге келген люксембургтіктердің ұрпақтары көптеп тұрып жатыр.
Күйеу баласы да жазықты болғаны ма?
Тунис үкіметі биліктен тайдырылған президент Зин әл-Әбидин бен Әлидің Канадада тұратын күйеу баласы Бельхассан Трабельсиді тұтқындауды осы елдің үкіметінен талап етуде көрінеді.
Канада үкіметі бұл талапқа әлі жауап бере қойған жоқ. Алайда Канадада тұратын Тунистің бұрынғы президентінің туыстарына берілген елде тұру жөніндегі рұқсаттың күшін жойғандығы мәлім болды. Қаңтардың ортасында елде пайда болған жаппай наразылықтың ықпалымен мемлекеттік төңкерістің жүзеге асып, президент Зин әл-Әбидин бен Әлидің Сауд Арабиясына қашқандығы белгілі. Ал мұнда әлі үкімет жасақталмай отыр.
Экономика өссе, алтын құны төмендейді
Америка мен Еуропадағы қаржы көрсеткіштерінің нығаюына байланысты және АҚШ экономикасында дамудың байқалуына орай осы аптада алтын бағасының одан әрі төмендей түскендігі көрініс берді. Бірқатар сарапшылар өткен жылдың қазаны мен желтоқсаны аралығында АҚШ экономикасының өсімі 3,5 пайызды құрайды деп мәлімдеді.
Дағдарыс кезінде алтын бағасының едәуір өскендігі белгілі. Мәселен, 2010 жылы әлемде оның бағасы 30 пайызға көтерілді. Оған халықтың халықаралық валюталарға, соның ішінде, әсіресе, долларға деген сенімінің төмендегендігі әсер етті. Осыған байланысты адамдар алтын сатып алуды күшейтті. Енді дағдарыстың еңсеріліп, әлемде экономиканың тұрақтана бастауына байланысты алтын бағасы төмендеп келе жатқан сияқты.
Соңғы кезде Microsoft табысы орасан
2010 жылдың қазаны мен желтоқсаны аралығында Microsoft корпорациясы 19,95 миллиард доллардың кірісін кіргізген. Соның ішінде компания 6,6 миллиард доллардың таза пайдасын қаратқан. Ал жыл ішіндегі оның табысы бұрынғы кезеңмен салыстырғанда, 5 пайызға көтеріліп отыр екен.
Кейбір сарапшылардың мәлімдеуі бойынша, Microsoft корпорациясы рыноктағы негізгі бәсекелестерінің бірі болып табылатын Apple-ге қарағанда, жақсы жұмыс істеген. Таза пайда қарату жағынан одан 600 миллион долларға асып түскен. Ал 2010 жылдың шілдесі мен қыркүйегі аралығында Microsoft 16,2 миллиард доллардың кірісін алып, өз тарихында рекордтық көрсеткішке қол жеткізген көрінеді.
Давос форумына қатысушылар қаупі
Давос қаласында өтіп жатқан бүкіләлемдік экономикалық форумға қатысушылар әлемдік экономиканы дағдарыстың екінші толқыны шарпиды деген қауіптерін білдіруде. Олар бұл жағдайды Қытай экономикасындағы қаржының үлкен бөлігі қор нарықтарына ауып, банктердің кәсіпорындарға берілетін несиені азайта түскендігімен байланыстырып отыр.
Қазіргі күні дағдарыс кезінде өз тұрақтылығын сақтай алған Қытай экономикасына халықаралық инвесторлар қаржыны көптеп құя бастады. Осыны пайдаланған қор рыногының ойыншылары аталған жағдайдан мол пайда тауып қалуға ұмтылыс танытып отыр. Ол, түптеп келгенде, жаңа қаржы дағдарысын туындатуы мүмкін екен. Алайда Давосқа келген Қытай халық банкінің өкілі Ли Даокуй бүкіләлемдік форумға қатысушыларды Қытай басшылығының мұндай жағдайға жол бермейтіндігіне сендіріп бағуда.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Корея Халықтық-Демократиялық Республикасы басшысының Макао қаласында (Қытай) тұратын үлкен ұлы Ким Чен Нам жапонның «Токио симбун» газетіне берген сұхбатында Солтүстік Корея мен АҚШ арасындағы кикілжің бәсеңсімесе, Солтүстік Кореяның ядролық қарудан еш уақытта бас тартпайтындығын мәлімдеген.
*АҚШ әкімшілігінің ресми өкілі Роберт Гиббс Египет президенті Хосни Мүбәрактың АҚШ-тың сенімді әріптесі саналатындығына қарамастан, Вашингтонның Египетте болып жатқан үкіметке қарсы шерулерге қатысты ешбір әрекет жасамайтындығын атап көрсеткен.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.