Қазақстан Парламентіне – 15 жыл
Ежелден әрбір халық бірлікте тұруды қалаған. Елбасымыз өз сөзінде келтірген «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген халық даналығы бар емес пе? Адамдар бастапқыда қауымдасып тірлік кешкен. Аңға бірге шығып, қолға түскен азықтарын да тең бөліскен. Өз араларында билік айтатын, әділдік жүргізетін көсемдері болды. Яғни, олар да өздері қабылдаған, ата-бабаларынан мұра болған белгілі бір қағидалармен өмір сүрді. Біздің дамуымыздың бірінші және екінші мыңжылдықтарында мемлекеттер құрыла бастады. Алайда, халықтардың дамуы әр түрлі болғаны анық. Еуропаның көптеген мемлекеттері мен Азияның Қытай, Жапония сияқты елдері ерте бастан-ақ жеке мемлекеттіктің негізін қалады.
Ертерек ел болған халықтар конституциясын, заңдарын қабылдап, өздерінің жерін, шекарасын бекітіп алды. Өзге мемлекеттің қол астында болған халықтардың да өзіндік өмір сүру дағдысы, салт-дәстүрі, заңдық қағидалары болды. Атап айтқанда, қазақ халқының хандары мақұл көрген, билері қабылдаған заңдары бар екені белгілі. Ел тарихында «Жеті жарғы» болғанын жақсы білеміз. Тәуке хан қазақ тарихында ұлы реформатор ретінде қалды. Ол – бүкіл қазақ даласының аумақтық тұтастығы мен бірлігін сақтап, бір орталықтан басқарылатын көшпелі қазақ мемлекетінің классикалық үлгісін жасаған тарихи тұлға.
1938 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі бірінші рет шақырылды. Бірақ ол да, одан кейінгі республикамыздың Жоғарғы Кеңесі шақырылымдары да одақтық Жоғарғы Кеңестің шешімдерін қайталап отырды. Депутаттар заң шығару жұмысымен тұрақты айналысқан жоқ.
ХХ ғасыр бұрын бодандықта болып келген халықтардың еркіндікке қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекеттердің дүниеге келуімен де ерекшеленеді. Қазақстан тәуелсіз ел атанғаннан кейін ғана өз заңдарын шығаруға мүмкіндік алды. Алғашқы кездері қоғам мен мемлекет үшін маңызды заңдар қабылданды. 1995 жылдары бірқатар заңдар Елбасының заң күші бар Жарлығымен бекітіліп, өмірге жолдама алды.
Президент тәуелсіз еліміздің заң саласын жетілдіру үшін тұрақты жұмыс істейтін кәсіби Парламент керек екенін айтып жүрді. Бұрынғы жүйеден бас тартып, жаңаша елге қызмет атқаратын жоғары заң органын құру 1995 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституциямыздың арқасында мүмкін болды. Парламенттің алғашқы шақырылымына депутаттар сайлауы өтті. 1996 жылғы 30 қаңтар күні Қазақстан тарихында қос палаталы кәсіби Парламент өмірге келді. Парламент сессиясын ашқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз Қазақстанның шынайы өркениетті парламентаризмінің мөлдір бастауында тұрмыз», – деді. Елбасы Парламент болмаған кезде елімізде өте күрделі, қалыптан тыс жағдай қалыптасқанын тілге тиек етті.
Мемлекет басшысы депутаттарға арнап көптеген ойларын ортаға салды. «Шынайы парламентаризм халықтың әр түрлі топтарының мүддесі, әр алуан пікірлер тоғысқан, еркін шығармашылық ахуал үстемдік еткен жерде туады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы халық қалаулыларын қоғамымыз бен мемлекетіміз үшін өмірлік маңызы бар, Қазақстанның көп ұлтты халқының прогресті гүлдену жолымен ойдағыдай ілгерілеуін қамтамасыз ететін заңдарды қабылдауға аса мұқият әрі мақсаткерлікпен жұмылуға шақырды. Сонда ғана депутаттардың әрдайым сайлаушылардың қолдауы мен мақұлдауына ие болатынын айтты. Елбасы депутаттарға сайлаушылардың сенімі мен үмітін ақтайтын, барша халқымыздың игілігіне бағытталған, Қазақстанның демократия және прогресс жолымен сенімді түрде алға жылжуына қызмет ететін үйлесімді, жемісті әрі ырғақты жұмыс тілейтінін жеткізген. Бұл пікірлері қазір де маңыздылығын жойған жоқ және алдағы шақырылым депутаттары үшін де жол сілтейтін бағыт болатыны анық.
Сондай-ақ Парламент қос палата – Мәжіліс пен Сенаттан тұрады. Кейде бір палатаны жоғарғы, екіншісін төменгі Палата деп айтып жатады. Бұл пікірдің дұрыс еместігін 1996 жылы 30 қаңтар күні ел Президенті ашық айтқан болатын. «Қай палата мәртебесі жағынан жоғары, қайсысы төмен деген әңгімеге жол беруге болмайды. Палаталар өздерінің құқықтары жөнінен бірдей»,– деді Н.Назарбаев.
1996 жылы 28 маусым күні бірінші шақырылымның бірінші сессиясы аяқталғанда сөз сөйлеген Елбасы Н.Назарбаев: «Парламент кәсіби және жеткілікті түрде құзырлы заң шығарушы орган ретінде республикалық және аймақтық мүдделерді үйлестіруді қамтамасыз етуге, жеткілікті дәрежеде сапалы заң жобаларын жасау жұмысына қабілетті екенін көрсетті», – деп заң шығару органының алғашқы қадамына жоғары баға берген болатын.
Сол жылдары заң жобаларын талқылау барысында кейбір министрлердің Парламентке келіп, заң жобасы жөнінде түсіндірме беруден қашқақтап жүргенінен хабардар болған Елбасы бұл мәселеге жеке тоқталды. Үкімет мүшелерінің Парламентке дереу келуі керек екенін айта келіп: «Барлық қалыпты мемлекеттерде министрдің Парламентке келуі кәдуілгі, құрметті іс деп саналады. Қазақстан Парламентінің шын мәнінде құрметті орган болуын жақтайтынымды әрқашан айтып жүрмін, ал оның екі палатасы іс жүзінде сондай орган болып отыр. Осындай бола беруі үшін мен бәрін істегім келеді», – деген.
Қазақстан парламентаризмінің қалыптасуы мен дамуында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі айрықша. Президент өзінің игі бастамаларын, уақыт өте келе нақты тарихи оқиғаларға айналған ұсыныстарын көп жағдайда Парламент мінберінен айтып келеді. Саясат пен экономиканы және әлеуметтік саланы реформалау жөніндегі идеяларын, астананы көшіру бастамасын, жыл сайынғы халыққа арнайтын Жолдауларын Парламентте жария етіп келе жатқаны мәлім.
2004 жылғы 29 желтоқсан. Бұл – қазақ Парламенті үшін есте қалған тарихи күн. Алматыдан Сарыарқаға қоныс аударған елордада жоғарғы заң шығарушы органның екі палатасы да бастапқы жеті жыл бойы бейімделген бір ғана ғимаратты пайдаланды. Елбасының бастамасымен Есілдің сол жағалауынан Мәжіліс пен Сенаттың жеке-жеке ғимараттары бой көтерді. Екі палатаның арасын жалғастырып тұрған Бірлескен отырыс залы салынды. Парламенттің жаңа құрамы мен Аппарат қызметкерлері жайлы да сәнді ғимараттарға орналасты.
29 желтоқсан күні Мәжілістің ғимаратын ашуға келген Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Мәжіліс Есілдің сол жағалауына алғашқы болып қадам жасады. Мұның өзі кездейсоқтық емес. Өйткені заң шығару бастамасы алдымен Мәжілісте іске асырылады. Заңның өзі сіздерді алға қояды, – деді депутаттарға. – «Саясаттың мәдениетін орнататын да осы ғимарат болады... Осы ғимараттың ішінде қанша пікірталас, қанша сөз жарысы болғанына қарамастан, сіздер еліміздің игілігі үшін ауызбірлік таныта аласыздар деп сенемін».
2005 жылы 1 қыркүйек күні үшінші шақырылымның екінші сессиясын ашып тұрып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгінгі күн белесінен пайымдасақ, елімізде бұрын кәсіби парламентаризмнің тәжірибесі болған емес. Біз қоғамдық мүдделердің үйлесімін іздестіріп, табуға ұмтылдық, мемлекеттік құрылымдағы тежемелік пен тепе-теңдік жүйесін түздік. Қолға алынған либералдық реформаларды ойдағыдай іске асыруға мүмкіндік берген заңнамалық негіздің де берік қаланғаны нақ осы кезең», – деп кәсіби Парламенттің іргесі қаланған кезден бергі іске асқан жұмыстарды саралай келіп, заң шығару органының нәтижелі қызметін жоғары бағалады.
2007 жылы мамырда ел Конституциясына енгізілген өзгерістер Парламент пен саяси партиялардың, азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыра түсті, ұлтаралық келісімді нығайтуға барынша ықпал етті. Қыркүйек айында тәуелсіз Қазақ-станның тарихында тұңғыш рет теңдестірілген негізде Парламент сайлауы өткізілді. Сайлауда «Нұр Отан» партиясы айқын басымдық-пен жеңіске жетті. Сонымен қатар, жаңа конституциялық өзгерістердің нәтижесінде Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутат сайланды. Олар өз ұлттары ғана емес, Қазақстандағы барша этностардың өкілі болып табылады.
2007 жылы 2 қыркүйекте төртінші шақырылымның бірінші сессиясы өз жұмысын бастады. Парламенттің жаңа құрамының алдында сессияны ашып, сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформалардан кейін Парламенттің бірінші сайланған депутаттары ретінде атқарушы билікпен арадағы өзара іс-әрекеттің жаңа дәстүрлерін қалыптастыратынына сенетінін мәлім етті. Депутаттарға арнаған сөзінде: «Алда қыруар жұмыстар күтіп тұр. Сіздерде табысқа қол жеткізудің заңды тетіктері баршылық. Сіздердің білім мен біліктеріңіз, өмірлік тәжірибелеріңіз елімізді қарышты алға бастырып, реформалық үрдістерді одан әрі тереңдете беруге қалтқысыз қызмет ететініне кәміл сенемін», – деді Елбасымыз. Бүгінгі таңда Парламенттің осы құрамы халықтың көңілінен, Елбасының сенімінен шығып келеді. Оған дәлел әлемдік қаржы дағдарысының ықпалын әлсірету үшін жедел қабылданған заңдар, құқықтық реформаларды жүзеге асыратын толықтырулар дер едім.
Өз қызметін жоспарлы түрде жүргізіп келе жатқан «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы көптеген жұмыстар атқарды. Ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайту, ел бірлігін сақтау мақсатындағы шаралардың өтуіне белсенді түрде атсалысты. 113 жұмыс тобына белсенді қатысты, ал 9 жұмыс тобына жетекшілік жасап, заң жобасының сапалы қабылдануына үлес қосты. Заң жобаларын талқылау барысында «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері тарапынан ұсынылған 36 нақты түзету мен өзгеріс қабылданды. Жеке қабылдауларда берілген өтініштер мен сайлаушылардан түскен шағымдарға байланысты мемлекеттік органдарға 199 хат жіберілді және мәселелердің шешілуіне ықпал етті. 60-қа жуық депутаттық сауал жолдады.
Аталған топ мүшелері Алматы қаласында және еліміздің 12 облысында болып, тұрғындармен кездесулер өткізді. Нақты айтқанда, 200-ге жуық кездесулер өтіп, 176 азаматты жеке өтініштері бойынша қабылдады. Ассамблеядан сайланған депутаттар Мемлекет басшысының саясатын, Жолдауда айтқан басты бағыттарын халыққа түсіндіруге үлес қосты.
2009 жылы 26 қазан күні Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тағдырдың жазуымен, тарихтың талқысымен қазақ жерін паналаған түрлі этнос өкілдерімен бірге ортақ Отанымызды көркейту жолында аянбай тер төгудеміз. Олар біздің қиын кезеңде, сын сағатта көрсеткен қамқорлығымызға риясыз алғыс айтады», – деді. Осы ойды сабақтай келе: «Дәуір алмасып, заман өзгерді. Қазір байырғы қазақ жерінде жаңа азаматтық қоғам қалыптасуда. ХХІ ғасырда қазақтар мемлекет құраушы ұлт ретінде жаңа белеске көтеріліп, Қазақстан халқының берік өзегіне, сенімді діңгегіне айналуда. Қазақ халқы өзіне жүктелген аса маңызды жауапкершілікті сезіне отырып, бұл тарихи миссияны абыроймен атқарып шығады деп сенемін», – деді Н. Назарбаев.
2010 жылы қыркүйекте төртінші шақырылымның төртінші сессиясының ашылуында Елбасы заңдарды қабылдауда Парламент кәсіби шеберлігін танытып, жоғары заң шығарушы орган ретінде еліміздің өсіп-өркендеуі жолында пәрменді жұмыс жасап келе жатқанын атап өтті. «Мызғымас мемлекеттігіміздің бас бағдарына айналған Ата Заң аясында көптеген заңдар қабылдануда. Осы сайланымның депутаттары үш сессияның ішінде 340-тан аса заң қабылдағаны мұның жарқын айғағы болып табылады. Бұл заңдардың басым көпшілігі қоғамның саяси және әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруге арналған», – дей келіп: «Парламенттің алдағы уақытта да абырой биігінен көрініп, ел үмітін ақтай беретініне кәміл сенемін», – деді.
Бүгінгі таңда Қазақстан Парламенті өз заңдарын халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруде. Осы орайда халықаралық келісімдерді бекітуді қажет ететін көптеген заңдар қабылданды. Парламент жаһандық экологиялық мәселелерге қатысты келісімдерді негіздейтін заңдардың бірқатарын бекітті.
Биыл қаңтар айында Қазақстанның кәсіби Парламентінің өмірге келгеніне 15 жыл толды. Алда әлі асулар бар.
Людмила ХОЧИЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.