
АТЫРАУ. 31 мамыр. Атырау қалалық мамандандырылған әкімшілік соты рұқсат етілмеген діни кітаптарды сатушыға 74 235 теңге айыппұл салды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Іс-құжаттарынан анықталғандай, құқық бұзушы Атырау қаласындағы «Подарки» дүкенінің басшысы бола тұра, жергілікті атқару органына тіркелмей, діни кітаптарды және діни бағыттағы заттарды сатуға арналған арнайы рұқсат беретін құжатынсыз 4 (төрт) дана діни кітаптарды сатқан. Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңдылықтарды бұзғандығы үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабының 1-бөлігіндегі 3-тармақшасымен әкімшілік жауапкершілікке тартылған», – дейді облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев.
Сот рұқсат етілмеген діни кітаптарды сатқан құқық бұзушыны кінәлі деп таныды. Оған әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 819-бабының 2-бөліміне сай, әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасын отыз пайызға қысқартып, 74 235 теңге айыппұл салу жазасын тағайындады. Сонымен бірге, құқық бұзушының қызметі 3 ай мерзімге тоқтатылды.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек: Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Фото: altaynews.kz.