Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды
Қала әкімі Бауыржан Байбек қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Үлкен шараға қатысқандардың арасында қоғам қайраткерлері, қалалық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық ұйымдардың белсенділері, сонымен қатар, қуғын-сүргін жылдары қаза тапқандардың ағайын-туғандары болды.
«Қуғын-сүргін және ашаршылық жылдары елімізде қаншама қайраткер мен зиялы жан жазықсыз жаланың құрбанына айналды. Ғалым-зерттеушілеріміздің мәліметтеріне сүйенер болсақ, тек 1921 мен 1954 жылдар аралығында ғана елімізде 25 мыңнан астам адам себеп-салдарсыз атылып кеткен. Қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары ұзақ жылдар «халық жауының» баласы деген ауыр атақты арқалап жүрді. Зұлмат жылдары Қазақстан өз халқының 48 пайызын жоғалтты. Сонымен қатар, бұл оқиғалар еліміздің демографиялық өсуіне, жаңғыруына орны толмас зор нұқсан келтірді», – деді Б.Байбек.
Қала басшысы кезінде «қызыл нәубеттің» құрбандарына арналып қойылған бұл құлпытастың орнына Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында зәулім ескерткіш орнату туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы барын айтты. Қазір болашақ зәулім ескерткіштің жоба-сызбасына байқау жарияланыпты.
Ұлы Отан соғысының ардагері, 90 жастағы Әбділда Мұхаметжан жиналған қауымға қуғын-сүргін жылдары өз әкесінен қалай айырылғанын айтып берді. «Менің әкем, атам және атамның туған інісі 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан. Атамның бірнеше інісі мен өзін Боралдай маңында дарға асып, қалғандарын түрмеге жапқан. 1937 жылы 26 желтоқсан күні үйге әскери киім киген үш адамның келгені әлі есімде. Мен қонақ бөлмедегі шудан оянып кеттім. Олардың түрлері өте суық, ызбарлы еді. Сол түні қатты қорықтым. Олар сол жолы менің әкемді өздерімен бірге алып кетті. Содан соң әкемді қайтып көрмедім...», – деді жанары жасқа шыланған ақсақал.
Еске алуға жиналған көпшілік бір заманда халықтың басына түскен «қызыл нәубеттің» құрбандарына бағыштап Құран оқыды, «зұлмат қайталанбасын!» деп беттерін сипады.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ