Ақтауда биыл екінші рет «Ралли Қазақстан-2016» автожарысы басталды. Айтулы жарысқа Қазақстанмен бірге Ресейдің, Украинаның және Литваның автошабандоздары қатысуда. Бес кезеңнен тұратын ралли-рейд жарысы барысында экипаж мүшелері жол талғамайтын көліктерімен Ақтау қаласы мен Кендірлі шығанағы арасындағы ойлы-қырлы жерлерді, тау-қыраттар мен құмды жағалауларды басып өтуі тиіс. Осы табиғи кедергілері бар 2 мың шақырым жолды алты күннің ішінде жүріп өту межеленген.
Халықаралық автомобиль федерациясының өкілдері келесі жылы ралли-рейд байқауының Әлем кубогын да Қазақстанда өткізулері мүмкін.
– «Біздің таңдауымыз Қазақстанға тектен-текке түскен жоқ. Елдің табиғи жағдайы мен ландшафтың әр алуандығы әлемдік деңгейдегі автоспорт жарыстарын өткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан келесі жылы әлемдік деңгейдегі ралли-рейд ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Ол, әрине, биылғы байқаудың қалай өтетініне тікелей байланысты», – дейді халықаралық автомобиль федерациясының өкілі Ронан Морган.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы