Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай деректі көрме ұйымдастырды.
Талайлы тағдыр, тас тағдыр. Мұң, шер, нала. Тек бір ғана адамға, тек бір отбасына, тек бір елді мекенге ғана қатысты емес, тұтас кеңістікті өрт жалынына орап, пұшайман етіп, тағдырларына нәлет айтқызған зұлмат жылдар кейінде қалды дегенмен, оның салған жарасының табы жандарын сыздатқанда жанарларына жас үйіріліп, көмейлеріне тас тығылып, жүздері қуаратын мұңлықтар тарихы мұң сорғалаған суреттер мен құжаттар арқылы беріліп, қуғын-сүргінде нақақтан төгілген жастың өтеуіндей, зар заманға лағнет айтып жатқандай көрінеді.
Жиегіне жетемін деп көзіңді қанша қадасаң да буалдырланған сағымы бұлттай ойнап, бұлаңдаған сары дала кеудесіне салмағын бақсаң жаншып тастардай мұң-шерді де, қуаныш пен қайғыны да жасыра біледі. Қайыспайды да, еш ауырлығын сездірмейді де. Қазақ даласы сол бір жылдарда нақақтан төгілген мөлдір де ащы жас тамшыларымен суарылып, арыстай ұлдарын құрбанға шалып, өзі де өксіп, еріксіз жер аударылып, жапа шегіп, суыққа тоңған торғайдай бүрсеңдеп пана іздегендердің мекеніне айналып, түнере түсіп, тоғышар өкімет топырлатып салып тастаған түрмелердің ішінде айтылған зарлы тағдырлардың сырына құлақ түретін.
Осы жолы көрмеге келушілер назарын өзіне аударатын экспонаттар Ұлттық мұрағат, Ішкі істер министрлігінің Ақпараттық-сараптамалық орталығы және Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің қорларынан алынған «өте құпия» грифінде болған бірегей мұрағат құжаттарының түпнұсқалары болуымен ерекшеленді.
Халқымыздың асыл перзенттері, белгілі саяси және қоғам қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Санжар Асфендияров, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ораз Жандосов, Темірбек Жүргенов, Әбілқайыр Досов, Жұмат Шанин, Шахан Мусин, Әбубәкір Алдияров, Жұмағали Тілеулин, Тұрлыхан Хасенов, Алдажар Хасенов, Мұхтизар Титақов сынды азаматтардың жеке құжаттары мен тергеу материалдары көрменің мән-маңызын аша түскен. Әр құжаттың сыртындағы тағдыр, жетім-жесірдің көз жасы, қорлау мен азаптау сынды ауыртпалыққа қоса, халқымыздың сүттің бетіне шыққан қаймақтай ең асыл перзенттерін қалай қиды зәбірге, қалай ғана қолдары қалтырамай атты екен деген сауалдар өзекті өртейді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 1997 жылғы Жарлығы бойынша 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленгені мәлім. Осы жылдар ішінде қуғын-сүргіннің кісәпір кейпі айқындалып, қаншама тарихи құжат айналымға енді. Бірақ солардың әрбірін көрген сайын дір етпейтін жүрек жоқ. Өйткені, елімізде 103 мың адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңы атылған екен.
Елімізге тоталитаризмнің мыңдаған құрбаны депортацияланып, 800 мың неміс, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері (чешендер, ингуштар, балқарлар, лезгиндер және т.б.), 102 мың поляк, 43 мың грек (1942-1949 жылдар аралығы), қырым татарлары, 19 мың корей отбасылары күштеп қоныс аударылыпты.
Көрме құжаттарының бір парасы осы депортацияланған понтиялық гректер, литвалардың, эстондардың, латыштардың, ирандардың, қытайлардың жеке құжаттары; франциялық, испаниялық, жапониялық, австриялық, венгриялық әскери тұтқындардың құжаттары; ақтар қозғалысының басшылары мен қатысушыларының мұрағаттық құжаттары, сонымен қатар, қуғын-сүргінге ұшыраған христиан митрополиттері, епископтар мен дін қызметшілерінің тергеу құжаттарын құрайды. Сөйлеген құжаттар сталиндік зұлмат саясат салдарынан адам тағдыры ойыншық болған жантүршігерлік оқиғалардың қаншалықты ауқымды болғанын бағамдауға мүмкіндік береді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»